Халықаралық биофармацевтикалық «АстраЗенека» компаниясы созылмалы бүйрек ауруын (СБА), созылмалы жүрек жеткіліксіздігін және екінші типті қант диабетін емдеуге арналған инновациялық препараттың жергілікті өндірісін бастады. Өндіріс отандық серіктес «Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ базасында іске қосылды және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндіріс үлесін 50%-ға дейін арттыру жөніндегі ұлттық бағыт аясында жүзеге асырылуда. «АстраЗенека» компаниясының инвестиция көлемі 5 млн долларды құрады.
«Біз «АстраЗенека» компаниясының Қазақстанда инновациялық препараттар өндірісін локализациялау жөніндегі бастамасын жоғары бағалаймыз. Компания жобасы саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, заманауи және тиімді дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған денсаулық сақтау және өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын көрсетеді. Екінші типті қант диабетінің, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және созылмалы бүйрек ауруы сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған төл препарат өндірісінің іске қосылуы табысты локализациялаудың жарқын үлгісі болып табылады. Бұл – пациенттерді қажетті терапиямен тұрақты негізде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мұндай жобалардың іске асырылуы саланың одан әрі дамуына және мемлекет пен бизнестің әріптестігін нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Созылмалы бүйрек ауруын емдеуге арналған препараттың жергілікті өндірісін іске қосу – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайтудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын, яғни 2 млн-ға жуық адам СБА-мен бетпе-бет кездеседі және гемодиализге түсу қаупі бар2. Бүгінгі таңда бұл ауру еңбекке қабілеттілікті жоғалту мен пациенттердің өмір сүру сапасын төмендетудің кең таралған себептерінің бірі болып табылады. Алайда, ерте диагностика және заманауи терапия аурудың өршуін бәсеңдетуге мүмкіндік береді.
«Бүгін біз тек денсаулық сақтау саласында ғана емес, сонымен қатар инновациялық дәрі-дәрмектер өндірісі бағытында да ресурстардың біріктіріліп, кәсіби көшбасшылық платформасының қалыптасуына куә болып отырмыз. Қазіргі таңда елде алмастыру терапиясын қажет ететін 15 мың науқас бар. Пациенттер арасында жастар көп, ал терминалдық сатыдағы пациенттердің 35-40%-ы жасанды бүйрек аппаратына түседі. Көбінесе бұл артериялық гипертензия және қант диабеті бар пациенттер. Кең ауқымды зерттеулерден өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеген, жергілікті өндірілген препаратты қолдану мүмкіндігі пайда болды. Бұл – біз үшін және біздің пациенттер үшін маңызды қадам», – деді профессор, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының бас штаттан тыс нефрологы Салтанат Туғанбекова.
«Осы кластағы препараттар 2018 жылдан бастап амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне енгізіліп, оларды пациенттерге тегін беруге мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда амбулаторлық ем қабылдайтын пациенттеріміздің төрттен бірі оларды қолданады. Қазақстанда осы топтағы үш препарат тіркелген, және молекулалардың бірі енді ел ішінде өндіріледі. Бұл емдеу қолжетімділігін кеңейту үшін маңызды перспективаларды ашады. Дәрігер ретінде мен бұл өндірістің дамуына үлкен үміт артамын. Ол қант диабетінің асқынуларымен күресуге үлес қосып, бізге тиімді емдеу үшін қосымша мүмкіндіктер беретініне сенімдімін», – деп түйіндеді медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының бас штаттан тыс эндокринологы Лаура Даниярова.
Қазақстанда контракттық өндірісті дамыту туралы шешім 2020–2025 жылдарға арналған фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың қабылдануы аясында қабылданды. Бұл жоба Қазақстан, Ұлыбритания және Швеция арасындағы инвестициялық әріптестіктің жарқын үлгісіне айналды.
«АстраЗенека» дәрілік препараттарының келісімшарттық өндірісі Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылуда. Бұл бастама «АстраЗенека» мен Қазақстан үкіметінің жемісті ынтымақтастығы арқасында мүмкін болды. 2020 жылдан бастап біз қарқынды диалог пен жоспарлауды жүргізіп келеміз, бұл бүгін бізге өңірдегі денсаулық сақтауды жақсарту жолында маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді. Біз өндірісті локализациялау, ғылыми прогресс үшін мүмкіндіктер жасау және Қазақстан экономикасының негізгі ғылымды қажет ететін секторларының бірі ретінде фармацевтикалық саланы дамыту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Алдағы жылдары біз онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттардың келісімшарттық өндірісін іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді «АстраЗенека» компаниясының Қазақстандағы бас директоры Мария Шипулева.
«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» компаниясы жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне қызмет етіп келеді. Біз сапалы дәрі-дәрмектер өндіреміз, заманауи технологияларға инвестиция саламыз және жергілікті кадрлардың дамуын қолдаймыз. «АстраЗенека» локализациялау жобасы берік халықаралық әріптестіктің пациенттерге нақты пайда әкелетінінің тамаша үлгісі болып табылады. «АстраЗенека» инновациялық препараттарын Қазақстанда локализациялау халықтың оларға қолжетімділігін кеңейтеді және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтады. Бұл бастама сонымен қатар Президент Тоқаевтың фармацевтика саласында 50% жергілікті өндіріске жету жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді, және біз осы мақсатқа жетуге қосқан үлесімізді мақтан тұтамыз», – деп атап өтті «Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» атқарушы директоры Ерен Ейги.
Денсаулық сақтау министрлігінің «АстраЗенека» компаниясымен локализациялау бойынша ынтымақтастығы 2021 жылы Астанада өткен Ұлыбритания мен Қазақстанның 8-ші үкіметаралық комиссиясы аясында меморандумға қол қоюдан басталды және инвестициялық штабтың бақылауындағы басым жобалар қатарына енді.
«АстраЗенека» компаниясы туралы
«АстраЗенека» – онкология, кардиология, нефрология және зат алмасу бұзылыстары, респираторлық және аутоиммунды, сондай-ақ сирек кездесетін аурулар сияқты терапиялық салаларда рецепт бойынша берілетін препараттарды зерттеуге, әзірлеуге және нарыққа шығаруға бағытталған халықаралық инновациялық биофармацевтикалық компания. Кембриджде (Ұлыбритания) орналасқан «АстраЗенека» компаниясы 100-ден астам елде ұсынылған, және оның инновациялық препараттарын әлем бойынша миллиондаған пациенттер қолданады.