Оқу-тәрбиелік мақсаттары:
- Студентерге бригада медицина ротасы командирінің құқықтары мен міндеттері туралы білім беру.
- Студентер тақырыпты оқу барысында жалпы әскери жарғылар талаптарын практикада қолдануды және әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау бойынша, оларда орналасу бойынша Жарғылар талаптарын білулері керек.
Сабақтың әдісі: практикалық сабақ
Уақыт: 2 сағат (100 мин)
Өткізілетін орны: оқу аудиториясы
Оқу құралдарымен жабдықтары
1.Қазахстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының тәртіптік және ішкі жарғысы. 05.07.2007 ж. № 364
Сабақ өту тәртібі мен оқу сұрақтары және уақыт есебі
№ п/п | Оқу сұрақтары | Оқытушының іс-әрекеті | Оқушылардың іс-әрекеті
| Уақыт (мин) |
1. | Кіріспе бөлімі Жеке құрамды тексеремін. Практикалық сабақтың тақырыбы мен өту жоспарын студенттерге жеткіземін. Оқу сұрақтарын және байандаушылардың, оқу сұрақтарын талқылау тәртібін айтып өтімін. | 5 мин. | ||
2. | Негізгі бөлім: 1. Медицина ротасы командирінің міндеттері мен оның ішкі тәртіпті ұстау, оқу- тәжірибе сабақтарын жүргізу, кезекшілікті,күн тәртібін орындауды, қару-жарақ,техниканың және мүлікті байқау, тексерудегі ұйымдастыру жұмыстары.
2. Медицина ротасы командирінің бағыныстыларына көтермелеулерді қолдану жөніндегі құқықтары. Көтермелеулерді қолдану тәртібі. Тәртіптік жауапкершілік. Медицина ротасы командирінің бағыныстыларына жазалар қолдану құқығы. Жауапкершілікке тарту тәртібі. Көтермелеулерді және жазаларды есепке алу.
3. Әскери қызметшілерді орналастыру және олардың денсаулығын сақтау. | Оқушыларды сұрақтарды қою арқылы бағалаймын. Түрлі жағдайлардағы іс-әрекетері туралы сұрақ қойып бағалаймын.
| Оқушылар жарғылардан сұрақтарды оқып жауап береді.
| 90 30
40
20 |
3. | Қорытынды | Тақырыптың атауын, оқу сұрақтарын қайталап өтемін. Бағаларды айтамын. Өзіндік дайындыққа тапсырма беремін. | Сұрақтарын береді. Өзіндік дайындығына берелгін сұрақтарды жазып алады. | 5мин |
Кіріспе
Командир (бастық) қару-жарақты, әскери, басқа техниканы және басқа да материалдық құралдарды ақаусыз және сақтаулы жай-күйде ұстауға, техникалық, материалдық, медициналық, қаржылық, әлеуметтік-құқықтық және тұрмыстық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға;
қару-жарақты, әскери және басқа техниканы есепке алуды және сақталуын ұйымдастыруға, материалдық құралдарды алуды, сақтауды және есепке алуды, оларды жеткізуді және бағыныстыларға беруді уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға;
әскери мүліктің жоғалуын, жетіспеуін, бүлінуін және ұрлануын болдырмауға, кінәлі адамдарды жауапқа тартуға;
жеке құрамға тиісті ақшалай және басқа да жабдықталым түрлерін толық жеткізуді қамтамасыз етуге;
әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды қабылдауға, жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді жетілдіруге міндетті.
Негізігі бөлім:
- Бірінші сұрақты талқылауға кірісемін.
«Медицина ротасы командирінің міндеттері мен оның ішкі тәртіпті ұстау, оқу- тәжірибе сабақтарын жүргізу, кезекшілікті,күн тәртібін орындауды, қару-жарақ,техниканың және мүлікті байқау, тексерудегі ұйымдастыру жұмыстары.»
Бригаданың медицина қызметінің бастығы
- Бригаданың медицина қызметінің бастығы бригада командиріне бағынады және медицина қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.
Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:
жаппай қырып-жою қаруынан қорғау жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ бригада орналасқан ауданда орналасқан ықтимал қауіпті объектілерде апаттар болған жағдайдағы іс-шараларды әзірлеуге;
медициналық қызметке жүктелген емдеу-алдын алу және індетке қарсы іс-шараларды жүргізуге;
жоспарлы медициналық бақылау жүргізуге және жеке құрамның оқу-жауынгерлік қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлардың жай-күйін жақсарту, өмір сүру ортасы, әскери еңбегі мен тұрмысы жағдайларын сақтау, орналасудың, тамақтанудың, сумен жабдықтаудың, монша-кір жуу қызметін көрсетудің іс-жүзіндегі жағдайларын гигиеналық бағалау кезінде санитарлық ережелер мен нормаларды сақтау жөнінде жазбаша нұсқамаларды зерделеуге және беруге;
жеке құрамды медициналық тексеруді ұйымдастыруға, амбулаториялық қабылдауға қатысуға, медициналық пункттегі және емдеу мекемелеріне жіберілген сырқаттарды қарауға;
бригаданың медициналық пунктіне және басқа да емдеу мекемелеріне орналастырылған сырқаттардың жай-күйін білуге және олардың емделуін бақылауға, сондай-ақ оларға жиі барып тұруға;
жеке құрамды жауынгерлік жағдайда, оқу-жаттығуларда, сабақтарда, сондай-ақ спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға;
жеке құрамның дене дайындығына медициналық бақылауды жүзеге асыруға және дене дайындығы мен спорт бастығымен бірлесіп жеке құрамның денсаулығын нығайту және дене бітімін дамыту жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге;
жеке құрамның әскери-медициналық даярлығын ұйымдастыруға;
бригада командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарымен өзара іс-қимыл жасауда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасында гигиеналық білімді және салауатты өмір салтын насихаттауды жүзеге асыруға;
тамақтану режимін әзірлеуге және азық-түліктерді тарату мәзірін жасауға қатысуға;
жеке құрамды тамақтандырудың сапасына және судың дұрыс сапалылығына жүйелі медициналық бақылауды жүзеге асыруға; бөлімге әкелінетін тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын тиісті құжаттардың болуын тексеруге;
созылмалы аурулары бар адамдарға ұдайы медициналық бақылауды, олардың денсаулығын нығайту жөніндегі нұсқамаларды жүргізуге, бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне хабарлауға және олардың орындалуын бақылауға;
бригада командиріне емдәмдік және қосымша тамақтануды қажет ететін мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне медициналық қорытындылар ұсынуға;
бригада бөлімдері (бөлімшелері) командирлерімен және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен, психологымен бірлесіп, алкогольге, уыттылыққа, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға бейімдерді анықтауға, оларды емдеу жөнінде шаралар қабылдауға;
бригада, асханалар, тұрғын үй-жайлар мен шаруашылық қызметтер үй-жайлары орналасқан ауданның санитарлық жай-күйін бақылауға;
жеке құрамның моншада жуынуына, іш киімі мен төсек-орнын уақтылы ауыстыруына бақылауды жүзеге асыруға;
жеке құрамның сырқаттануын талдауға, сырқаттануының алдын алу және санитарлық жай-күйін жақсарту жөніндегі ұсыныстармен талдау деректерін бригада командиріне және үлкен медицина бастығына ай сайын баяндауға;
дәрі-дәрмектерді улы және есірткі заттарынан, психотроптық заттар мен прекурсорлардан жеке есепке алуды және сақтауды ұйымдастыруға, медициналық мүлік пен техниканы арналуы бойынша емес пайдалануға жол бермеуге;
бригаданың әскери қызметшілерін диспансерлеуді ұйымдастыруға және оны өткізуге жеке өзі қатысуға, әскери қызметшілерге сырқаты бойынша әскери қызмет міндеттерін орындаудан уақытша босату туралы анықтамалар беруге (11-қосымша);
объектілерді салуға және күрделі жөндеуге алдын алу санитарлық қадағалауды жүргізуге қатысуға;
бағынысты медициналық қызметкердің біліктілігін ұдайы арттыруға;
медициналық қызмет түрлеріне лицензиялар мен басқа да рұқсаттар алуды ұйымдастыруға;
Қазақстан Республикасы дәрігері антының талаптары мен дәрігерлік құпияны мүлтіксіз сақтауға;
індеттік және санитарлық-гигиеналық жағдайларда көрінуі мүмкін жіті уланулар, инфекциялық және басқа да аурулар туралы және жарақаттану салдарынан әскери қызметшілерді госпитальға жатқызудың әрбір жағдайы туралы бригада командиріне баянатпен баяндауға міндетті.
Рота (4-дәрежелі кеме) командирі
- Рота (батарея, авиациялық буын, жеке взвод) бұдан әрі – рота, командирі бейбіт және соғыс уақытында: ротаның (кеменің) жауынгерлік әзірлігі; жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйі; ротадағы (кемедегі) жарғылық ішкі тәртіпті ұстау; рота (кеме) қару-жарағын, әскери, басқа техникасын және басқа да мүлкінің сақталуы мен жай-күйі; роталық (кемелік) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы; ротадағы (кемедегі) шаруашылықты жүргізу үшін жауап береді.
Рота (4-дәрежелі кеме) командирі батальон (кемелер дивизионы) командиріне бағынады және ротаның (кеменің) барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.
- Рота (4-дәрежелі кеме) командирі:
ротада (кемеде) жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруға, бір аптаға сабақтар кестесін жеке өзі жасауға, рота (кеме) офицерлерімен және сержанттарымен (старшиналарымен), сондай-ақ рота (кеме) бөлімшелерімен сабақтар өткізуге;
ротаның (кеменің) әрбір әскери қызметшісінің әскери атағын, тегін, қызмет мерзімін, атқаратын лауазымы мен мамандығын, отбасы жағдайын, іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, олармен құқықтық, әскери тәрбие жөніндегі жеке жұмысты ұдайы жүргізуге;
ротаның (кеменің) материалдық бөлігін, қару-жарағы, әскери және басқа техникасын пайдалану, қызмет көрсету, сақтау, жөндеу ережелерін білуге; кемінде аптасына бір рет олардың бар болуын, жай-күйі мен есепке алынуын жеке өзі тексеруге (кеме командирі кемінде айына екі рет кеме байқауын, оның қару-жарағын, оқ-дәрілері мен техникалық құралдарын тексеруді және күн сайын кемені қарап шығуды жүргізуге), қарау (тексеру) нәтижелерін қару-жарақты, әскери, басқа техника мен оқ-дәрілерді тексеру кітабына енгізуге (12-қосымша);
жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ротаны (кемені) шебер басқаруға;
ротаның (кеменің) сарбаздарының (матростарының), сержанттары (старшиналары) мен офицерлерінің білімі мен практикалық дағдыларын тексеруге;
жеке құрамды дұрыс орналастыруды ұйымдастыруға, ротада (кемеде) ішкі жарғылық тәртіпті ұстауға, әскери тәртіпті сақтауға;
рота үшін бөлінген барлық үй-жайларды ұстауға бақылауды жүзеге асыруға, ротаға бекітіліп берілген аумақ учаскесін тазалықта ұстауды (кемеде – тұрғын және қызметтік үй-жайларды қарауға, кеме корпусының ақаусыз жай-күйін бақылауды жүзеге асыруға), ротада (кемеде) өртке қарсы іс-шараларды жүргізуді бақылауды жүзеге асыруға;
ротадан (кемеден) тағайындалатын тәуліктік (кемелік) наряд жеке құрамының даярлығын ұйымдастыруға және олардың қызмет атқаруын тексеруге;
қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған бөлмелерді ашу кезінде жеке өзі қатысуға, күн сайын күзет дабылдамасы құралдарының ақаусыздығын тексеруді бақылауға;
ротада (кемеде) ұйқыдан тұрғызуға және кешкі тексерулерге кезең-кезеңмен қатысуға;
ротаның (кеменің) жеке құрамының есебін жүргізуге, әрқашанда оның штат, тізім, шығыс бойынша санын және түрін, ротаға тіркелген қару-жарақтың, әскери, басқа техниканың, оқ-дәрілердің, жанармай және басқа да материалдық құралдарының болуы мен жай-күйін нақты білуге;
келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ әскери оқу орындарына түсу үшін кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыруға;
сарбаздар (матростар) мен сержанттарды (старшиналарды) кезекті әскери атақтар беруге ұсынуға, лайықтыларды бос қызмет лауазымдарына орналастыру үшін ұсынуға;
команда бойынша оған бағыныстылардан келіп түскен өтініштер мен ұсынымдарды, егер осы мәселелерді шешу аға командирлерге (бастықтарға) байланысты болған жағдайларда ұсынуға;
ротаның (кеменің) әскери қызметшілерін тиісті жабдықталыммен уақтылы қамтамасыз етуге, өз бағыныстыларының тұрмысы туралы қамқорлық көрсетуге және олардың мұқтаждықтарын жете түсінуге, олардың жеке гигиенаны сақтауын бақылауға;
оған бағынысты әскери қызметшілердің сыртқы пішініне және жинақылығына, олардың әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін орындауына, жабдықтарды, киім-кешек пен аяқ киімді шақтап пішуге бақылауды жүзеге асыруға;
жеке құрамның сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар және қару-жарақпен, әскери, басқа техникамен жұмыс жүргізу, қызмет жануарларымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауын қамтамасыз етуге;
ротаның қару-жарағын, әскери, басқа техникасын, казармалық қорын, мүкәммалын, киім-кешек, техникалық мүлкін және басқа да материалдық құралдарын уақтылы алуды, дұрыс пайдалануды, сақтауды, техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді ұйымдастыруға;
әрбір оқу-жаттығуға немесе сабақтарға шығар алдында ротаның (кеменің) қару-жарағының, әскери және басқа да материалдық құралдарының даярлығын, сондай-ақ оқу-жаттығулардан немесе сабақтардан қайтқан кезде олардың болуын тексеруге;
оқ атулар жүргізілгеннен кейін гильзаларды, ыдыстарды (сауыттарды), жұмсалмаған зымырандар мен оқ-дәрілерді бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймасына уақтылы тапсыруды ұйымдастыруға; батальон командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына зымырандарды жіберудің іске аспағандығы, сондай-ақ оқ-дәрілердің ақаулығы туралы баяндауға;
ротаның қару-жарағының, әскери және басқа техникасының апаттарының, авариялары мен бұзылуларының, оқиғаларының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауға (кеме командирі одан басқа, кеменің төзімділігі мен оның жүзуінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге);
айына бір рет рота (кеме) жеке құрамының, қару-жарағының, әскери, басқа техникасының, оқ-дәрілерінің, жанармай және басқа да материалдық құралдарының есепке алу деректерін бригаданың есепке алу деректерімен салыстырып тексеруге;
роталық (кемелік) шаруашылыққа басшылық жасауға;
машиналар жұмысының есебін (моторесурстар шығысын) жүргізуді және формулярларды (паспорттарды), техникалық және жол құжаттарын дұрыс жүргізуді бақылауға;
апта сайын жауынгерлік даярлықтың, әскери тәртіп пен ішкі тәртіптің қорытындысын шығаруға;
белгіленген есепке алу мен есептілікті жүргізуге міндетті.
- Екінші оқу сұрағын жариялаймын-40 мин.
«Медицина ротасы командирінің бағыныстыларына көтермелеулерді қолдану жөніндегі құқықтары. Көтермелеулерді қолдану тәртібі. Тәртіптік жауапкершілік. Медицина ротасы командирінің бағыныстыларына жазалар қолдану құқығы. Жауапкершілікке тарту тәртібі. Көтермелеулерді және жазаларды есепке алу.»
Медицина ротасы командирінің бағыныстыларына көтермелеулерді қолдану жөніндегі құқықтары.
Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне көтермелеулер қолдану жөніндегі құқықтары
- Взвод командирінің (топ командирінің), рота (4-дәрежелі кеме) командирінің, батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің:
1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс жариялауға;
3) әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге:
взвод командирі (топ командирі) – бір сейілдеме; рота (4-дәрежелі кеме) командирі – екі сейілдемеге дейін;
батальон (3-дәрежелі кеме) командирі – үш сейілдемеге дейін босатуға рұқсат етуге құқығы бар.
Бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге көтермелеулер қолдану жөніндегі құқықтары
- Взвод командирінің (топ командирінің), рота (4-дәрежелі кеме) командирінің және батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің:
1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс жариялауға құқығы бар.
Көтермелеулерді қолдану тәртібі
- Командирлер (бастықтар) көтермелеулерді жекелеген әскери қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің, әскери бөлімнің (кеменің) барлық жеке құрамына қатысты қолдануы мүмкін.
Көтермелеу түрін айқындаған кезде әскери қызметшінің сіңірген еңбегінің немесе ерекшелігінің сипаты, сондай-ақ оның әскери қызметке деген бұрынғы көзқарасы назарға алынады.
Әскери қызметшінің дәл сондай ерекшелігі үшін тек бір көтермелеу жариялана алады.
- Тәртіптік жазасы бар әскери қызметші бұрын қолданылған жазасын алып тастаумен көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау құқығы жазаны қолданған командирге (бастыққа), сондай-ақ жоғары тұрған тікелей бастыққа тиесілі болады.
Көтермелеу түрінде бір уақытта тек бір тәртіптік жазаны алып тастау мүмкін болады, бұл ретте көтермелеудің осы түрімен көтермелеулердің басқа түрлері қолданылмайды.
Командирдің (бастықтың) тәртіптік жазаны өзінің тәрбиелік рөлін атқарса, әскери қызметші жаңа теріс қылық жасамаса және өз тәртібін әскери борышын адал орындаумен түзесе, оны алты ай өткенге дейін алып тастауға құқығы бар.
- Көтермелеу – алғыс жариялау – жекелеген әскери қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің, әскери бөлімнің барлық жеке құрамына қатысты қолданылады.
- Көтермелеу – әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге босату – мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қатысты қолданылады және әскери қызметшінің мүдделерін ескере отырып, әскери бөлімнің командирі (бастық) белгілеген күндерде жүргізіледі.
- Көтермелеу – грамотамен, бағалы сыйлықпен наградтау – барлық әскери қызметшілерге қатысты қолданылады. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, бұдан басқа, ақшалай сыйлықақымен де наградталуы мүмкін. Грамотамен, бағалы сыйлықпен немесе ақшалай сыйлықақымен наградтау алғыс жариялаумен бір уақытта қолданылуы мүмкін, бұл ретте грамотамен жекелеген әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамы наградталады.
- Көтермелеу – әскери қызметшінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындауы туралы және алған көтермелеулері туралы хабарлау – мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады, бұл ретте әскери қызметшінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы мақтау қағазы жіберіледі.
- Көтермелеу – «ефрейтор» («аға матрос») әскери атағын беру, әскери атағын мерзімінен бұрын беру, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір сатыға жоғары кезекті әскери атақ беру – мемлекетті қорғау, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқару немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жоғары моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиет танытқан, жауынгерлік даярлықта және әскери тәртіпті нығайтуда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге қатысты қолданылады.
- Көтермелеу – әскери қызметшіні әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке суретімен наградтау – мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады.
Осы көтермелеу қолданылатын әрбір әскери қызметшіге әрқайсысының сыртқы жағында – кімге және не үшін тапсырылғаны туралы мәтін жазылған екі фотосурет (әскери қызметшілер салтанатты нысанда қарумен суретке түседі) тапсырылады. Фотосуреттің сыртқы жағындағы мәтін командирдің (бастықтың) қолымен және әскери бөлімнің елтаңбалы мөрімен расталады.
- Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісімен жауынгерлік даярлықта (оқуда), қызметтік-жауынгерлік әрекетке жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібі бар әскери қызметшілер наградталады.
- 10 тәулікке дейін қысқа мерзімді демалыс беру – жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштері бар мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қызметтегі ынта-жігері мен ерекшелігі үшін қолданылуы мүмкін.
Бөлімшелер (экипаждар, есептоптар) командирлері, взводтар командирлерінің орынбасарлары, роталар (командалар) старшиналары лауазымдарын атқарып отырған мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қысқа мерзімді демалыс жауынгерлік даярлықта, үлгілі әскери тәртіпте және өздеріне бағынысты жеке құрамды тәрбиелеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген кезде беріледі.
Көтермелеу тәртібінде қысқа мерзімді демалыс жарияланғаннан күннен бастап бір ай мерзімінен кешіктірілмей және көтермелеу жарияланған әскери бөлімде берілуі тиіс.
- Көтермелеу – әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына енгізу мыналарға қатысты:
1) жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштерге қол жеткізген, қызмет өткеру кезінде мүлтіксіз тәртіптілік пен жоғары саналылық танытқан соңғы оқу кезеңіндегі мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне – оларды запасқа шығару алдында, ал әскери (арнаулы) оқу орындары мен оқу бөлімдерінің курсанттарына (оқушыларына, тыңдаушыларына) – оқу аяқталғаннан кейін;
2) Қарулы Күштердегі мүлтіксіз қызметі үшін, сондай-ақ әскери борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге – олардың әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімі ішінде қолданылады.
Көрсетілген көтермелеуді жариялаған кезде әскери қызметшіге әскери бөлімнің (мекеменің) Құрмет кітабына әскери қызметшінің тегін енгізу туралы әскери бөлім (кеме) командирінің қолы қойылған мақтау грамотасы тапсырылады, одан басқа мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына хабарланады.
- Көтермелеу сап алдында немесе әскери қызметшілер жиналысында жарияланады.
Көтермелеулер туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі.
Көтермелеулер туралы бұйрықты жариялаумен бір уақытта әскери қызметшілерге грамоталар, бағалы сыйлықтар немесе ақшалай сыйлықақылар, әскери қызметшілердің әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке фотосуреті, Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісі тапсырылады, сондай-ақ туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы жіберілетін хабарламаның мәтіні оқылады
Медицина ротасы командирінің бағыныстыларына жазалар қолдану құқығы.
Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қолданылатын жазалар
- Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) теріс қылықтар жасағаны үшін жазалардың мынадай түрлері қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылатын жазалар
- Рота (4-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты офицерлерге мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс.
Жауапкершілікке тарту тәртібі
- Теріс қылық жасаған әскери қызметшіге осы Жарғыда айқындалған, әскери қызметшінің әскери атағына және кінәліні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдайтын командирдің (бастықтың) тәртіптік құқықтарына сәйкес келетін жазалар ғана қолданылуы мүмкін.
- Әскери қызметшілердің топпен жасаған теріс қылық жасау кезінде жазалар әрбір кінәліге оның жауапкершілік шараларына байланысты жеке қолданылады.
- Мас күйде болатын әскери қызметшіге жаза қолдану, сондай-ақ одан қандай да бір түсінік алу ол айыққанға дейін кейінге қалдырылады.
- Дәл сол теріс қылығы үшін бірнеше жаза қолдануға немесе бір жазаны басқасымен байланыстыруға, тікелей кінәлілерді жазалаудың орнына бөлімшенің барлық жеке құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.
- Жаза қолдану теріс қылық жасаған әскери қызметшіні оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жаза қолданылған міндеттерді атқарудан босатпайды.
- Егер командир (бастық) бағынысындағы жасаған теріс қылықтың ауырлығын ескере отырып, оған берілген тәртіптік құқықтарды жеткіліксіз деп санаса, ол аға командирдің (бастықтың) билігімен кінәліге жаза қолдану туралы өтініш жасайды.
- Аға командирдің (бастықтың) кіші командир (бастық) қолданған тәртіптік жазаны қатаңдық себебі бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы оған берілген билікті асыра пайдаланбаса, құқығы жоқ.
- Егер аға командир (бастық) осы жазаның жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келмейтінін тапса, онда кіші командирдің (бастықтың) қолданған тәртіптік жазасын алып тастауға және неғұрлым қатаң жаза қолдануға құқығы бар.
Жаза заңсыз қолданылған жағдайда ол аға командирдің (бастықтың) билігімен алынып тасталуы мүмкін. Өзіне берілген тәртіптік құқықтарды асыра пайдаланған, сондай-ақ заңсыз жаза қолданған командир (бастық) ол үшін тәртіптік немесе өзге де жауаптылықта болады.
- Әскери қызметшіге жаза қолдану оны заңмен көзделген жауапкершіліктің басқа да түрлерінен босатпайды.
- Әскери қызметшілерге қолданылатын жазалар олар жасаған теріс қылықтың ауырлығына және олардың кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуі тиіс.
Егер кінәлі бірқатар теріс қылық жасаған немесе әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті топпен бұзуға қатысқан болса, егер теріс қылық жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызметті өткеру уақытында және қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе алкогольдік немесе өзге де мастық күйде жасалған болса, жазаның қатаңдығы арттырылады.
- Тәуліктік наряд құрамына кіретін (жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет өткеретін) әскери қызметшіге қызмет өткеру уақытында оның жасаған теріс қылықтары үшін жаза қолдану нарядтан (жауынгерлік кезекшіліктен, жауынгерлік қызметтен) ауысқаннан немесе оны басқа әскери қызметшімен ауыстырғаннан кейін жүргізіледі.
- Әскери қызметшіге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын кемсітуге, оған дене және моральдық қасірет келтіруге және оған қатысты дөрекілік көрсетуге жол берілмейді.
Көтермелеулерді және жазаларды есепке алу
- Тікелей бастықтар көтермеулер және жазалар туралы команда бойынша баяндауға тиіс:
1) мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне – роталар командирлеріне және оларға теңестірілгендерге күн сайын;
2) офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге (жоғары офицерлерден басқа) – әскери бөлімдер командирлеріне апта сайын;
3) әскери бөлімдердің командирлеріне – жоғары тұрған әскери басқару органына ай сайын.
- Жаза берілген полктердің, бригадалардың (1-дәрежелі кемелердің) командирлеріне, өңірлік қолбасшылық әскерлері, әскер тектері қолбасшыларының, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарларына, сондай-ақ жоғары офицерлерге қатысты жаза берген командир (бастық) үш жұмыс күні ішінде команда бойынша жоғары тұрған әскери басқару органына жазбаша баяндайды.
- Көтермелеулер мен жазаларды, сондай-ақ теріс қылықтарды есепке алу барлық бөлімшелер мен әскери бөлімдерде жүргізіледі. Есепке алудың жалпы жай-күйіне әскери бөлімнің штаб бастығы жауап береді.
Көтермелеулер, теріс қылықтар мен жазалар туралы жеткізілімдер жоғары тұрған әскери басқару органына ай, тоқсан, жартыжылдық және жыл үшін жазбаша ұсынылады.
Осы Жарғымен көзделген барлық көтермелеулер мен жазалар, оның ішінде командир (бастық) бөлімшенің (команданың), әскери бөлімнің барлық жеке құрамына жариялаған көтермелеулері үш жұмыс күнінен кешіктірмей қызметтік карточкаға енгізіледі.
Әскери қызметшіден жазаны алған кезде қызметтік карточкада «Жазалар» бөлімінің тиісті бағанында жазаны қашан және кімнің алғаны туралы белгі жасалады және бұйрықтың нөмірі көрсетіледі.
- Егер әскери қызметшіге қолданылған жаза көтермелеу тәртібінде алынбаса, алты ай өткеннен кейін «Жазалар» бөлімінің тиісті бағанында мерзімінің өтуі бойынша жазаның алынғаны туралы белгі жасалады.
- Қызметтік карточкалар:
1) ротада – офицерлерден басқа рота әскери қызметшілеріне;
2) батальон штабында – офицерлерден басқа батальон басқармасының әскери қызметшілеріне;
3) әскери бөлімнің штабында – бөлімнің офицерлеріне және әскери бөлім басқармасының сарбаздар (матростар) мен сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілеріне;
4) 1 және 2-дәрежелі кемелерде:
матростар мен старшиналарға – жауынгерлік бөлімдерде, қызметтер мен жеке командаларда;
офицерлерге – кеме командирінің көмекшісімен;
5) 3-дәрежелі кемеде – кеме командирінің көмекшісімен кеменің барлық жеке құрамына;
6) 4-дәрежелі кемеде – кеме дивизиондарының басқармасында барлық жеке құрамға жүргізіледі.
Әскери бөлімдер командирлерінің, сондай-ақ жоғары офицерлердің қызметтік карточкалары жоғары тұрған әскери басқару органында жүргізіледі.
- Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің қызметтік карточкаларындағы әрбір жазбаны рота (тиісті бөлімше) командирі растауға тиіс.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қызметтік карточкалардағы әрбір жазбаны әскери бөлімнің штаб бастығы (кеме командирінің көмекшісі, 4-дәрежелі кеме командирі), ал әскери бөлімдер командирлері мен жоғары офицерлерде – жоғары тұрған әскери басқару органының штаб бастығы растайды.
- Жеке батальондар, полктер, бригадалар, кемелер командирлері және оларға теңестірілгендер тәртіптік практиканы (көтермелеулер мен қолданылған жазаларды) қолданудың дұрыстығын тексеру мақсатында қызметтік карточкаларды кезең-кезеңімен қарайды. Әрбір әскери қызметші кемінде алты айда бір рет, сондай-ақ жаңа қызмет орнына ауысқан кезде өзінің қызметтік карточкасымен жеке қолын қойғызып таныстырылуы тиіс.
- Кемінде тоқсанына бір рет штаб бастығы комиссиялық тәртіппен әскери бөлім әскери қызметшілерінің қызметтік карточкаларын акт жасай отырып тексереді. Әскери қызметшіге алғашқы офицерлік атақ, сондай-ақ аға офицердің немесе жоғары офицердің алғашқы атағын берген кезде оған жаңа қызметтік карточка басталады. Жаңа қызметтік карточкаға әскери қызметшіге бұрын қолданылған жазалар енгізілмейді, ал, жазаны алып тастау туралы көтермелеулерден басқа, көтермелеулер ғана енгізіледі.
Бұрынғы қызметтік карточка жойылады.
- Үшінші сұрақты жариялаймын-20 мин№
«Әскери қызметшілерді орналастыру және олардың денсаулығын сақтау»
- Әскери қызметшілерді орналастыру
- Әскери бөлімдер әскери қалашықтарда орналастырылады.
Әскери қалашық деп бір жер телімінде орналасқан және әскери бөлімдерді пәтерлерге орналастыру үшін, сондай-ақ Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, азаматтық персоналын орналастыру үшін айқындалған, арнайы мақсатта салынған ғимараттар мен құрылыстардың кешені түсіндіріледі.
Әскери қалашықтар жабық, оқшауланған және ашық болып бөлінеді.
Жабық әскери қалашықтарға өткізу жүйесі белгіленген әскери қалашықтар жатады.
Елді мекендерден тыс орналасқан әскери қалашықтар оқшауланған болып табылады.
Оқшауланған және жабық әскери қалашықтарға жатпайтын әскери қалашықтар ашық деп аталады.
Қарулы Күштердің жабық және оқшауланған әскери қалашықтарының тізбелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Әскери қалашықтардың барлық жылжымайтын мүлкі:
тұрғын үй қорынан (казармалар, тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер);
қызметтік қордан (штабтар ғимараттары, асханалар, бос уақытты мәдени өткізу орталықтары, клубтар, парк үй-жайлары, сақтау орындары және басқалар);
коммуналдық құрылыстардан (су және кәріздік сору станциялары, электр станциялары, трансформаторлық шағын станциялар, қазандық қондырғылары, сумен жабдықтаудың, кәріздің, жылу-газбен жабдықтаудың, электрмен жабдықтаудың ішкі және сыртқы желілері және басқалар);
жер телімдерінен құралады.
Қарулы Күштерде бейбіт және соғыс уақытында пайдаланылатын қызметтік-тұрғын үй қоры, коммуналдық ғимараттар мен жер телімдері мемлекеттік меншік болып табылады. Олар міндетті есепке алынуға, дұрыс пайдалануға және ұқыпты ұсталуға тиіс.
- Қарулы Күштерді орналастыру және тұрақты іс-қимылы үшін берілген жер телімдері олардың иелігінде және пайдалануында болады.
- Қарулы Күштерге қорғаныс мұқтажы үшін ғимараттар, құрылыстар, объектілер мен басқа да мүлік беріледі, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен оларды кері қайтарып алу жүргізілуі мүмкін.
- Бөлімнің барлық үй-жайлары мен аумағын бөлімшелер арасында әскери бөлім командирі бөледі.
- Кемелердегі матростар мен старшиналардан басқа, мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері казармаларда орналастырылады.
- Әрбір ротаны орналастыру үшін мынадай үй-жайлар көзделуі тиіс:
жеке құрам үшін ұйықтайтын үй-жай;
ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесі;
психологиялық жеңілдеу бөлмесі;
рота кеңсесі;
қару сақтауға арналған бөлме;
қару тазалауға арналған бөлме (орын);
спорт сабақтарына арналған бөлме (орын);
тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі;
рота мүлкі мен әскери қызметшілердің жеке заттарын сақтауға арналған қойма;
киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлме;
жуынатын бөлме;
аяқ киім тазалауға арналған бөлме (орын);
душ;
дәретхана.
Әрбір батальон орналасқан жерде батальон командиріне, оның орынбасарларына, батальон штабына, офицерлер мен сержанттардың сабақтарға дайындалуына (әдістемелік даярлығына), кеңестер өткізуге және офицерлер мен сержанттар демалуына арналған бөлмелер бөлінеді.
Әскери бөлімде сабақ өткізу үшін қажетті сыныптар жабдықталады. Әрбір бөлімде жауынгерлік даңқ (тарих) бөлмесі жабдықталады және әскери бөлімнің (кеменің) құрмет кітабы мен құрметті келушілер кітабы жүргізіледі.
- 177. Әскери қызметшілер (мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттарынан басқа) мен олардың отбасы мүшелері тұрғын үй-жайларға (пәтерлерге) орналастырылады, ал тұрғын үй-жаймен (пәтермен) қамтамасыз етілгенге дейін оларға міндетті түрде уақытша тұру үшін қызметтік тұрғын үйлерге теңестірілген тұрғын үйлер, қызметтік тұрғын үйлер немесе жатақханаларда тұрғын үй-жайлар беріледі. Отбасылы әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс орналасады.
Бұл ретте әскери бөлім орналасқан жерде тұратын әскери қызметші әйелдер үшін жеке жатақханалар (ұйықтайтын үй-жайлар), сабақтарға дайындалуға, кеңестер өткізуге және демалуға арналған бөлмелер, душ және дәретханалар, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету мен жуынуға арналған бөлмелер жабдықталады.
Рота сержантының (рота старшинасының) лауазымын атқаратын келісімшарт бойынша әскери қызметшілер (отбасылы емес немесе отбасы бар) әскери бөлім орналасқан жерге жақын жерде орналастырылады.
- Әскери оқу орындарының бірінші және екінші курстарының курсанттары казармаларда мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін белгіленген тәртіппен орналастырылады. Кейінгі курстардың курсанттары жатақханаларға орналаса алады, отбасы барларға отбасылық жатақхана беріледі. Әскери оқу орнының бастығы отбасылық жатақханалар жоқ кезде үшінші және кейінгі курстардың отбасылы курсанттарына әскери оқу орны орналасқан жерден тыс тұруға рұқсат ете алады. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерудегі курсанттардың және әскери оқу орнына түскенге дейін мерзімді әскери қызметтен өткен адамдардың бірінші оқу жылынан бастап казармадан тыс тұруға құқығы бар.
Әскери оқу орындарының офицерлер қатарынан тыңдаушылары қызметтік тұрғын жайлармен қамтамасыз етіледі.
- Кімге болса да, казармалар мен жатақханалардың ұйықтайтын үй-жайларын қоспағанда, әскери бөлімдердің ғимараттары мен құрылыстарында тұруға тыйым салынады.
- Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін ұйықтайтын үй-жайларға орналастыру бір адамға кем дегенде он екі текше метр ауа көлемі есебінен жүргізіледі.
Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер ротаның штаттық-лауазымдық тізіміне сәйкес жүйелілікпен орналастырылады және олардың әрқайсысының жанында немесе бірге қосылған екеуінің жанында кереует жанына қойылатын тумбочкаларға, табуреттерге (орындықтарға) орын қалатындай, ал кереуеттер қатарының арасында жеке құрамды сапқа тұрғызуға қажетті бос орын қалатындай етіп орналастырылады; кереуеттер түзулігін сақтаумен сыртқы қабырғалардан елу сантиметрдей алыс орналастырылуы керек. Кереуеттер бірдей (стандартты) болуы тиіс.
Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер бір немесе екі қабатты болып орналастырылуы мүмкін.
Әскери қызметші әйелдер кереуеттері бір ярусты болып орналастырылған үй-жайларда орналастырылады.
- Олар жасаған ерліктері үшін немесе құрметті сарбаздар (матростар) ретінде рота (кеме) тізіміне мәңгі енгізілген әскери қызметшілер үшін ұйықтайтын үй-жайда көрнекті жерде ұдайы үлгілі жағдайда ұсталатын кереует қойылады. Кереуеттің тұсына батырдың рамкадағы портреті және оның ерлігінің сипаттамасы ілінеді.
- Кереует жанындағы тумбочкада жуынатын және ұстара аспаптары, қол орамалдары, жаға астарлары, киім мен аяқ киім тазалауға арналған керек-жарақтары, жеке пайдаланатын басқа да ұсақ-түйек заттары, сондай-ақ кітаптары, жалпыәскери жарғылар, фотоальбомдары, дәптерлері мен басқа да жазу құралдары сақталады.
Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің фотоаппараттарды, аудио, бейне, радиоэлектронды техниканы, ұялы телефондарын сақтау және пайдалану тәртібі мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі заңнама талаптарымен айқындалады.
- Казармада орналасқан әскери қызметшінің төсек-орны көрпеден, екі жаймадан, тысы бар жастықтан, матрацтан, матрац астына төселетін көрпеден тұрады. Төсектер бірдей жиналуы және күні бойы тәртіпте ұсталуы тиіс. Төсекке киім-кешекпен (демалу кезінде рота бойынша кезекшіден басқа) және аяқ киіммен жатуға тыйым салынады. Одан басқа әрбір әскери қызметші кереует жанына төселетін кілемшемен, бір жұп тапочкалармен, сондай-ақ бет пен аяқ сүртетін орамалдармен жабдықталады.
- Ротада он бес-жиырма адамға бір шүмек (душ себезгісі) есебінен душ бөлмесі жабдықталады, бір шүмекке бес-жеті адамнан қол жуғыштар және кемінде екі ағынды сулы аяқ ванналары орнатылады, сондай-ақ әскери қызметшілердің киім-кешегін жууға арналған орын жабдықталады.
Дәретханалар унитазы (бөшкесі) бар кабиналармен және он-он екі адамға бір зәрағармен жабдықталады. Дәретханада әрбір кабинада урналар мен дәретхана қағазы болуы тиіс. Дәретханалар таза күйде ұсталуы, күн сайын залалсыздандырылуы, жақсы желдетілуі және жарық болуы тиіс.Шеберханалар, парктер, наубайханалар, нан зауыттары, асханалар мен қазандықтар жанында, одан басқа жылы душ жабдықтаулы тиіс, ал қол жуғыштар жанында сабын мен орамал болуы тиіс.
Жылытылатын үй-жайларда су құбыры болмаған кезде су құятын қол жуғыштар орнатылады, оларда су тәулік бойы болуы тиіс. Қол жуғыштарға таза су құяр алдында қалған суы төгіледі, қол жуғыштар тазартылады, кір су шығарылады және осыған арнайы бөлінген орынға төгіледі.
Киім-кешек пен аяқ киімді тазалау үшін жеке арнайы жабдықталған үй-жайлар немесе орындар бөлінеді. Ұйықтайтын үй-жайда аяқ киім тазалауға тыйым салынады.
Шылым шегуге арнайы бөлінген және өртке қарсы және санитарлық-гигиеналық жағынан жабдықталған орындарда рұқсат етіледі.
Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайту
- Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайту, дене бітімін дамыту – оларды өзінің әскери борышын орындауға даярлаудың маңызды да ажырамас бөлігі. Командирдің (бастықтың) бағыныстылардың денсаулығы туралы қамқорлығы оның әскери бөлімнің (бөлімшенің) ұдайы жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
- Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға:
командирлердің (бастықтардың) қызметі мен тұрмыс жағдайларын сауықтыру жөніндегі іс-шараларды жүргізуімен;
оларды жүйелі шынықтырумен, дене дайындығымен және спортпен жиі шұғылдануымен;
санитарлық-гигиеналық, індетке қарсы және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүзеге асырумен қол жеткізіледі.
Әскери қызметшілердің қызмет және тұрмыс жағдайларын сауықтыру
- Әскери қызметшілердің күнделікті қызметі жалпыәскери жарғылардың және басқа да басшылық құжаттардың олардың қызметі мен тұрмысы жағдайларын сауықтыру туралы талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте орындалатын міндеттердің ерекшелігі, әскери бөлім орналасқан аудандағы климаттық жағдай, экологиялық жағдай, материалдық қамтамасыз ету және казармалық-тұрғын үй қорының жай-күйі ескеріледі.
- Командирлердің (бастықтардың) әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысы жағдайларын сауықтыру жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары:
қажетті қауіпсіздік талаптарын белгілеу және әскери қызметшілерге уақтылы жеткізу, олардың орындалуын қамтамасыз ету;
санитарлық нормалар мен ережелерді, жалпыәскери жарғылардың әскери қызметшілерді орналастыру, олардың тамақтануын ұйымдастыру, сумен жабдықтау, жылумен және материалдық, тұрмыстық қамтамасыз етудің барлық түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын қатаң орындау;
күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін нақты орындауды ұйымдастыру;
әскери қызметшілерге тиісті жабдықталым нормаларын уақтылы және толық жеткізу;
әскери қызметшілердің денсаулығына зиянды факторлардың әсерлерін жою немесе белгіленген шектерге дейін төмендету, әскери бөлім (бөлімше) орналасқан аудандағы санитарлық-эпидемиялық және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу болып табылады.
Әскери қызметшілердің шынығуы, дене дайындығымен және спортпен айналысуы
- Әскери қызметшілердің шынығуы, дене дайындығымен және спортпен айналысуы олардың ағзасының қоршаған ортаның физикалық факторларының әр түрлі күрт өзгеруіне, әскери қызмет ерекшеліктерімен және жауынгерлік міндеттерді орындаумен байланысты жағдайларға төзімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
- Әскери қызметшілерді шынықтыру жөніндегі іс-шараларды олардың командирлері (бастықтары) медицина қызметі бастығының және дене дайындығы мен спорт бастығының, сондай-ақ командир (бастық) тағайындаған басқа да адамдардың жүйелі бақылау жасауымен жүргізіледі. Осы шараларды жоспарлау кезінде әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы, олардың жасы және жергілікті жердің климаттық жағдайы ескеріледі. Жылдың суық уақытында әскери қызметшілердің тоңуы мен үсуінің алдын алу жөніндегі іс-шараларға, ыстық уақытта – ағзаның қызуының, күнге күю мен ыстық өтудің алдын алу жөніндегі іс-шараларға ерекше назар аударылады.
- Әскери қызметшілерді шынықтыру су, күн және ауа факторларын дене дайындығы және спорт сабақтарымен үйлесімділікте кешенді пайдалану жолымен жүйелі және үздіксіз жүргізілуі тиіс.
Әскери қызметшілерді шынықтырудың негізгі тәсілдері:
күн сайын таза ауада таңертеңгі дене жаттығуын орындау;
белуарына дейін суық сумен жуыну немесе аздап салқын душ қабылдау;
күн сайын ұйқыға жатар алдында аяқты суық сумен жуу;
қысқы кезеңде шаңғы жаттығулары мен сабақтарын өткізу;
кейбір жұмыстарды жеңіл киіммен орындау;
жазғы уақытта сабақтар мен спорттық іс-шараларды жеңіл киіммен өткізу, күн ванналарын қабылдау және сабақтан және жұмыстан бос уақытында, демалыс күндері ашық су тоғандарында шомылу және душ қабылдау болып табылады.
- Ағзаның әр түрлі жүктеме түрлеріне төзімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар дене дайындығы бойынша сабақтар уақытында, таңертеңгі дене жаттығуларында, оқу-жаттығу жауынгерлік қызмет процесінде, әскери қызметшілермен спорттық жұмыстар уақытында, сондай-ақ әскери қызметшілердің Қарулы Күштердің түрі мен әскер тегіне тиістілігін, жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жаттығудың әр түрлі тәсілдерін пайдаланумен өз бетінше жаттығулар және дене жүктемесін мөлшерлеу барысында жүргізіледі.
Қорытынды;
Өзіндік дайындық сұрақтары:
- Үй-жайларды ұстау және жылыту.
- Монша-кір жуу қызметін мерзімді әскери қызметшілергі көрсету тәртібі.