Мақала
Бұйрықтар

№ ҚР ДСМ-276/2020 бұйрық (15.12.2020): толық мәтін және скачать

Жаңартылған

Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-276/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 желтоқсанда № 21804 болып тіркелді.

Бұйрық нөмірі
ҚР ДСМ-276/2020
Қабылданған күні
15.12.2020
Актіні өзгерту күні
21.04.2025
Мәртебесі
Жаңартылған

Дереккөз: «Әділет» АҚЖ ресми мәтіні. Мәтін алынған күн: 2026-10-20.

Бұйрықтың мәтіні

Құжаттың мазмұны
  1. Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы
  2. 1-тарау. Жалпы ережелер
  3. 2-тарау. Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу тәртібі
  4. Ғылыми сараптау туралы есеп
  5. Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімі

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 9-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

Ескерту. Преамбула жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.04.2025 № 39 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химилық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.

2. "Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химилық, биологиялық заттардың тіркелімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 мамырдағы № 406 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 1 маусымдағы № 11522 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 22 шілдеде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министріА. Цой

"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасы

Индустрия және инфрақұрылымдық

даму министрлігі

"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасы

Ұлттық экономика министрлігі

"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасы

Экология, геология және

табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-276/2020 Бұйрыққа қосымша

Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.04.2025 № 39 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған, өндіруге, пайдалануға, импорттауға және экспорттауға жол берілмейтін әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттар туралы мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурсы;

2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.

2-тарау. Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу тәртібі

3. Тізілімді жүргізу деп:

1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымы, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға ұсынған ақпаратты енгізу;

2) материалдарды қарау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның тізілімге енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы шешімді қабылдауы;

3) әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттар туралы мәліметтер өзгерген кезде тізілімді жаңарту;

4) тізілімді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастыру түсініледі.

4. Тізілімді жүргізуді қамтамасыз ету үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымы, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мынадай жұмыс жүргізеді:

1) Қазақстан Республикасының аумағында айналымдағы әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттар туралы ақпаратты жинау және талдау;

2) әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттарға, адамның денсаулығы мен оның тіршілік ету ортасы үшін олардың уыттылығы және қауіптілігіне қатысты мәселелер бойынша ақпараттық және талдамалық материалдар дайындау;

3) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау өнімдері мен объектілерін зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелерінің негізінде адам денсаулығының жай-күйі мен тіршілік ету ортасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығының өзгеру себептері мен жағдайлары арасындағы себеп-салдарлы байланыстарды талдау және анықтау.

5. Тізілімді жасау үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мынадай құжаттарды мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде ұсынады:

1) анықталған химиялық және биологиялық заттар туралы ақпарат;

2) "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есеп құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы № ҚР ДСМ-84 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24082 болып тіркелген) сәйкес бекітілген нысан бойынша ресімделген химиялық және биологиялық заттарды санитариялық-эпидемиологиялық сараптау нәтижелері;

3) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша химиялық және биологиялық заттарды ғылыми сараптау нәтижелері.

Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.04.2025 № 39 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

6. Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган он жұмыс күні ішінде әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттарды тізілімге енгізу туралы немесе тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

7. Тізілімге енгізуден бас тарту үшін ұсынылған материалдарда көрсетілген мәліметтердің дұрыс болмауы және (немесе) толық болмауы негіз болып табылады.

8. Әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттарды тізілімге енгізу туралы шешім халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган басшысының немесе оны алмастыратын адамның бұйрығы нысанында ресімделеді.

9. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның шешімімен келіспеген жағдайда ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа жүгінуіне болады.

10. Тізілімді жүргізуді осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асырады.

11. Тізілім халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның интернет-ресурсында тоқсан сайын жариялануға жатады.

Қазақстан Республикасында
қолдануға тыйым салынған
әлеуетті қауіпті химиялық,
биологиялық заттардың тізілімін
жүргізу қағидаларына
1-қосымша
нысан

Ғылыми сараптау туралы есеп

р/с №Ғылыми сараптау туралы есептің құрылымдық элементтерінің атауы
1Титулдық парақ
2Орындаушылар тізімі
3Реферат
4Мазмұны
5Терминдер мен анықтамалар
6Қысқартулар мен белгілеулер тізбесі
7Кіріспе
8Ғылыми сараптау туралы есептің негізгі бөлігі
9Қорытынды
10Пайдаланылған көздер тізімі
11Қосымшалар
Қазақстан Республикасында
қолдануға тыйым салынған
әлеуетті қауіпті химиялық,
биологиялық заттардың тізілімін
жүргізу қағидаларына
2-қосымша
нысан

Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімі

Р/с №Әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттың атауыЕнгізу күніӨндірушісіХалықтың денсаулығы үшін қауіпті зиянды қасиеттері туралы мәліметтерСанитариялық-эпидемиологиялық сараптау және ғылыми сараптау күні мен нөмірі
123456
1.
2.
…

Іздеу атаулары: №ҚР ДСМ-276/2020 бұйрық, ҚР ДСМ-276/2020-бұйрық, приказ ҚР ДСМ-276/2020, екі жүз жетпіс алтыншы бұйрық, ҚР ДСМ-276/2020 бұйрық скачать.

Маңызды

Материал ақпараттық мақсатта берілген. Диагноз бен емді дәрігер анықтайды.

Біз саған жазып
бере аламыз!

Реферат немесе медициналық тақырыптағы материал керек пе? Тақырыбыңды WhatsApp-қа жібер.