Референс-орталық қызметінің, референс-орталыққа мәртебе беру немесе оны кері қайтарып алу қағидаларын айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі № 120 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 30 қыркүйекте № 40023 болып тіркелді
- Бұйрық нөмірі
- 120
- Қабылданған күні
- 29.09.2026
- Актіні өзгерту күні
- Көрсетілмеген
- Мәртебесі
- Жаңа
Дереккөз: «Әділет» АҚЖ ресми мәтіні. Мәтін алынған күн: 2026-10-20.
Бұйрықтың мәтіні
Құжаттың мазмұны
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 130-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Референс-орталық қызметінің, референс-орталыққа мәртебе беру немесе оны кері қайтарып алу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі | А. Альназарова |
| Қазақстан Республикасы | |
| Денсаулық сақтау министрі | |
| 2026 жылғы 29 қыркүйектегі | |
| № 120 Бұйрықпен | |
| бекітілген |
Референс-орталық қызметінің, референс-орталық мәртебесін беру немесе кері қайтарып алу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Референс-орталық қызметінің, референс-орталық мәртебесін беру немесе кері қайтарып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 130-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның референс-орталық қызметінің референс-орталық мәртебесін беру немесе кері қайтарып алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым – денсаулық сақтау саласында ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті, сондай-ақ медициналық, фармацевтикалық және (немесе) білім беру қызметін жүзеге асыратын ұлттық орталық, ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
3) жоғары технологиялық медициналық көмек – тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген инновациялық және (немесе) бірегей диагностикалау және емдеу әдістерін, сондай-ақ медициналық ғылым мен ғылым мен техниканың сабақтас салаларындағы жетістіктер негізінде әзірленген технологияларды қолдануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін, мамандандырылған медициналық көмектің құрамына кіретін медициналық көмек;
4) мамандандырылған медициналық көмек – арнайы диагностикалау, емдеу, медициналық оңалту әдістерін, оның ішінде қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер құралдарын пайдалана отырып қолдануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек;
5) медициналық ұйым – негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы;
6) референс-орталық – мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету кезінде, сондай-ақ патологоанатомиялық диагностикалау кезінде үйлестіруді, ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты, сапаны және қауіпсіздікті сырттай бағалау жүйесін ендіруді үйлестіретін, қамтамасыз ететін мемлекеттік медициналық ұйымдардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі медициналық ұйымдардың уәкілетті орган айқындайтын құрылымдық бөлімшесі;
7) үшінші деңгей - жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде бірінші және екінші деңгейлердегі мамандардың жолдамасы бойынша медициналық көмек көрсету деңгейі.
2-тарау. Референс-орталық қызметінің тәртібі
3. Референс-орталық қызметінің негізгі қағидаттары:
1) заңдылық;
2) медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) дәлелділік және клиникалық тиімділік;
4) медициналық ұйымдардың олардың аумақтық орналасуына қарамастан Референс-орталықтың консультациялық және әдістемелік көмегіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.
4. Референс-орталықтың негізгі міндеттері:
1) уәкілетті орган бекіткен медициналық көмекті ұйымдастырудың бейінді стандарттары (бұдан әрі - медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандарттары) шеңберінде мониторинг жүргізу және әдіснамалық қолдау көрсету арқылы медициналық ұйымдардың мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмекті көрсетудің бірыңғай стандарттарын қолдануын қамтамасыз ету;
2) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандарттары шеңберінде ауруларды диагностикалаудың дәлдігі мен сенімділігін арттыру және диагностикалық, оның ішінде патологиялық-анатомиялық бағыт бойынша диагностикалық қателерді төмендету болып табылады.
5. Референс-орталық қызметін:
1) Кодекске, осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне;
2) медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырады.
6. Референс-орталық мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) медициналық ұйымдармен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс жүргізеді;
2) медициналық көмектің сапасын, соның ішінде диагностикалық зерттеулер нәтижелерін бағалауды жүргізеді;
3) клиникалық хаттамаларды, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандарттарын және әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуге қатысады;
4) бейінді қызмет көрсеткіштеріне талдау жүргізеді;
5) мамандардың біліктілігін арттыруды жүргізеді;
6) медициналық көмек сапасының халықаралық стандарттарын енгізуді қамтамасыз етеді;
7) тиісті бейін бойынша медициналық ұйымдарда жасанды интеллект технологиялары мен телемедицина желісін қоса алғанда, цифрлық шешімдерді енгізуге және дамытуға қатысады;
8) медициналық көмектің сапасын және ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметті бағалау үшін қажетті ақпаратты жинауды, талдауды және қорытындылауды жүзеге асырады;
9) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандарттарына сәйкес Референс-орталықтардың қызметі туралы ережелерде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7. Референс-орталықтың құрылымы мен штат саны Референс-орталық құрған ұйымның басшысымен бекітіледі.
8. Референс-орталықтың қызметіне басшылықты Референс-орталықтың басшысы жүзеге асырады.
9. Референс-орталықтың басшысы:
1) Референс-орталықтың қызметін ұйымдастырады;
2) жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуын қамтамасыз етеді;
3) медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді;
4) есептілікті дайындауды қамтамасыз етеді.
10. Референс-орталық медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі бола отырып, медициналық ұйымның басшысы бекітетін жылдық жоспарға сәйкес өз қызметін жүзеге асырады.
11. Референс-орталық жанынан бейінді мамандардың, ғылыми қызметкерлердің және өзге де сарапшылардың қатысуымен сараптамалық кеңес құрылуы мүмкін.
12. Референс-орталық денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен, медициналық ұйымдармен, ғылыми және білім беру ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
13. Ұйымдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеу, бейінді қызмет көрсеткіштеріне мониторинг жүргізу, телемедицина желісін пайдалана отырып консультациялар өткізу, диагностикалау мен емдеуде қиындықтар туындаған жағдайларды қарау, мамандарды оқыту арқылы жүзеге асырылады.
14. Референс-орталық өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында:
1) медициналық ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
2) сарапшылар мен мамандарды тартуға;
3) бейінді қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
4) нормативтік және әдістемелік құжаттарды әзірлеуге қатысуға құқылы.
15. Референс-орталық қызметін қаржыландыру:
1) бюджет қаражаты;
2) денсаулық сақтау субъектілерінің қаражаты;
3) Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
16. Аурулар (қызметтер) бейіндері бойынша референс-орталықтар қызметінің ерекшеліктері медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандарттарына сәйкес олардың Ережелерінде көзделген.
3-тарау. Референс-орталық мәртебесін беру және кері қайтарып алу тәртібі
17. Референс-орталық мәртебесін беру уәкілетті органмен Референс-орталық мәртебесін беру рәсіміне қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде жариялағаннан кейін үш жылда бір рет бірінші тоқсанда жүзеге асырылады. Хабарландыру уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында бірінші тоқсанның екінші айының бірінші онкүндігінен кешіктірілмей орналастырылады.
Референс-орталық мәртебесі мамандандырылған, оның ішінде үшінші деңгейден төмен емес жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін мемлекеттік медициналық ұйымдар немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі медициналық ұйымдар арасында аурулар (қызметтер) бейіні бойынша (бұдан әрі – Референс-орталық бейіні) беріледі.
18. Референс-орталық мәртебесін беру туралы шешімді уәкілетті орган медициналық ұйым ұсынған құжаттардың өлшемшарттарға сәйкестігін бағалау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарау нәтижелері негізінде қабылдайды.
19. Комиссия құрамы уәкілетті органның шешімімен бекітіледі және уәкілетті органның, ведомстволық медициналық қызметтері бар мемлекеттік органдардың өкілдерінен, сондай-ақ бейінді мамандардан құрылады. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды және кемінде тоғыз адамды құрайды.
20. Комиссияны оның бірінші отырысында Комиссия мүшелері сайлайтын төраға басқарады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын төрағаның орынбасары атқарады. Төрағаның орынбасарын Комиссия төрағасы Комиссияның бірінші отырысында тағайындайды. Комиссия қызметін тиімді ұйымдастыру мақсатында хатшы тағайындалады. Комиссия хатшысы медициналық көмекті ұйымдастыруға жауапты уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі қызметкерлері қатарынан айқындалады. Комиссия хатшысының Комиссия шешімдерін қабылдау кезінде дауыс беру құқығы жоқ.
21. Комиссия өз қызметін отырыс нысанында (күндізгі форматта немесе бейнеконференцбайланыс режимінде) жүзеге асырады. Комиссия отырысы оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып есептеледі. Комиссия шешімі хаттама түрінде ресімделеді және оған қатысып отырған мүшелердің көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық еткен адамның дауысы қабылданған шешім деп есептеледі. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы Комиссия төрағасы мен мүшелері қол қоятын хаттаманы ресімдейді.
22. Референс-орталық мәртебесін беру тәртібі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) уәкілетті органның осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген мерзімде өтініштер мен құжаттарды қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыруды орналастыруды;
2) медициналық ұйымдардың хабарландыру орналастырылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 24-тармағында көзделген өтініш пен құжаттар топтамасын ұсыну;
3) Комиссияның осы Қағидалардың 24-тармағында көзделген өтініш пен құжаттар топтамасын оларды ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қарау;
4) Комиссияның аурулар (қызметтер) бейіні бойынша Референс-орталыққа мәртебе беру немесе бермеу туралы ұсыным шығару;
5) уәкілетті органның Комиссия ұсынымдары негізінде Референс-орталық мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдау;
6) Референс-орталық мәртебесін беру туралы шешімнен үзінді көшірме немесе бас тарту себептері көрсетілген жазбаша хабарлама беру. Үзінді көшірме нақты медициналық ұйымға қатысты шешімдегі мәліметтерден ғана тұрады.
23. Референс-орталық мәртебесі медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда беріледі:
1) уәкілетті орган берген ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты мәртебесінің болуы;
2) Референс-орталықтың қызмет бағыттарына сәйкес медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейіндік стандартында көзделген кадрлық және техникалық жарақтандырылуының болуы;
3) ұлттық аккредиттеудің жоғары санатының болуы;
4) мамандандырылған, оның ішінде үшінші деңгейден төмен емес жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету.
24. Референс-орталық мәртебесін алу үшін медициналық ұйым уәкілетті органға:
1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті;
2) "Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымға мәртебе беру және оны қайта қарау қағидаларын, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің нәтижелілігіне бағалауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-316/2020 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21894 тіркелді) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым мәртебесін беру туралы уәкілетті органның шешімі;
3) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандартында көзделген Референс-орталықтың бейініне сәйкес кадрлық құрамы туралы мәліметтер;
4) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандартында көзделген Референс-орталық бейініне сәйкес материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы мәліметтерді;
5) ұлттық аккредиттеудің жоғары санатының болуын растайтын құжаттарды;
6) халықаралық аккредиттеуі бар екенін растайтын құжаттар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардан жоғары талаптарға сәйкес келетін кадрлық құрам және материалдық-техникалық жарақтандыру туралы мәліметтер ұсынады (ол болған кезде).
25. Референс-орталықты таңдау кезінде осы Қағидалардың 24-тармағының 6) тармақшасында көзделген құжаттарды ұсынған медициналық ұйымдардың құрылымдық бөлімшелеріне басымдық беріледі.
26. Құжаттар ұсынылған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде Комиссия хатшысы осы Қағидалардың 24-тармағында ұсынылған құжаттардың толықтығын және осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтініштің нысанға сәйкестігін тексереді. Медициналық ұйым құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) өтініш бекітілген нысанға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган құжаттар топтамасын қайтарады. Медициналық ұйым құжаттар топтамасы қайтарылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде анықталған сәйкессіздіктерді жояды және құжаттар топтамасын уәкілетті органға қайта жолдайды.
27. Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындысы бойынша Комиссия аурулар (қызметтер) бейіні бойынша Референс-орталық мәртебесін беру немесе бермеу туралы ұсыным шығарады.
28. Медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі осы Қағидалардың 23-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 73 және 74-баптарына сәйкес тыңдау өткізеді. Уәкілетті орган Комиссияның ұсынымы негізінде мынадай жағдайларда Референс-орталық мәртебесін беруден:
1) құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған;
2) белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмеген;
3) анық емес мәліметтер ұсынылған жағдайларда бас тартады.
29. Әрбір ауру (қызмет) бейіні бойынша Референс-орталыққа мәртебе тек қана бір медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне беріледі.
30. Уәкілетті орган:
1) Референс-орталыққа мәртебе береді және Референс-орталық ретінде айқындалған медициналық ұйымдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің тізбесін еркін нысанда жүргізеді;
2) Референс-орталық қызметіне жыл сайынғы бағалау жүргізеді;
3) Референс-орталық мәртебесін кері қайтарып алады.
31. Референс-орталық мәртебесін кері қайтару үшін мыналар негіз болып табылады:
1) бағалау нәтижелері бойынша анықталған осы Қағидаларда көзделген өлшемшарттарға сәйкес келмеуі;
2) уәкілетті орган белгілеген мерзімде қызметті жыл сайынғы бағалау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктердің белгіленген мерзімде жойылмауы;
3) медициналық ұйымның немесе құрылымдық бөлімшенің қызметін тоқтатуы (қайта ұйымдастырылуы, таратылуы);
4) медициналық ұйымның Референс-орталық мәртебесінен бас тарту туралы жазбаша өтініші.
32. Референс-орталық қызметін бағалау орындалатын міндеттердің сапасын растау мақсатында жыл сайын уәкілетті органмен жүзеге асырылады және мынадай жолдармен жүргізіледі:
1) қажетті ақпартты талап ету;
2) есептерді тыңдау және талқылау;
3) Референс-орталыққа бару;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да тәсілдермен.
33. Референс-орталықтың қызметін бағалау оның қызметінің тиімділігін, ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметін және сапаны сыртқы бағалау нәтижелерін талдауды қамтиды.
34. Референс-орталық қызметі тиімділігінің негізгі көрсеткіштеріне:
1) тиісті бейіндегі медициналық ұйымдардың диагностикалық қателерін төмендету;
2) медициналық көмек көрсету сапасын талдау кезінде анықталатын, медициналық ұйымдарда диагноз қоюдағы негізсіз алшақтықтар санын төмендету;
3) тиісті бейін бойынша референс-орталықтар жүргізетін бағалаумен қамтылған медициналық ұйымдар үлесін ұлғайту;
4) жүргізілген консультациялар санын, оның ішінде телемедицина желісін пайдалана отырып ұлғайту;
5) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың бейінді стандарттарын және клиникалық хаттамалардың талаптарын сақтайтын медициналық ұйымдар үлесінің ұлғаюы жатады.
35. Бағалау нәтижелері бойынша уәкілетті орган:
1) сапаны одан әрі жақсарту бойынша ұсынымдар көрсетілген, Референс-орталық қызметінің алға қойылған міндеттер мен жүзеге асырылатын функцияларға сәйкестігін растайды;
2) анықталған сәйкессіздіктер ақылға қонымды мерзімде жойылмаған жағдайда Референс-орталық мәртебесін кері қайтарып алады. Бұл ретте ақылға қонымды сәйкессіздіктер анықталған күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімді құрайды.
36. Референс-орталық мәртебесін кері қайтарып алу туралы шешім қабылданған жағдайда, уәкілетті орган осы Қағидаларда көзделген тәртіппен мәртебе беру бойынша іс-шараларды жүргізеді.
37. Уәкілетті органның Референс-орталық мәртебесін беруден бас тарту немесе Референс-орталық мәртебесін кері қайтарып алу туралы шешімімен келіспеген жағдайда, медициналық ұйым қабылданған шешімді алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күніне дейінгі мерзімде уәкілетті органның аппелляциялық комиссиясына шағым беруге құқылы.
38. Уәкілетті органның шешіміне шағым уәкілетті органға жазбаша және (немесе) электрондық нысанда беріледі. Шағымды қарауды уәкілетті органның бұйрығымен құрылатын апелляциялық комиссия жүзеге асырады. Апелляциялық комиссияның құрамы уәкілетті орган өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады. Апелляциялық комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) адамды құрайды. Апелляциялық комиссия мүшелерінің қатарынан төраға мен хатшысы сайланады. Апелляциялық комиссияның құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі. Апелляциялық комиссияның жұмысын уәкілетті органның жауапты құрылымдық бөлімшесі ұйымдастырады.
39. Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) уәкілетті органға медициналық ұйымның Референс-орталық мәртебесін беруден бас тартуға немесе Референс-орталық мәртебесін кері қайтарып алуға қатысты шағымын қанағаттандыруды ұсыну;
2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту.
Апелляциялық комиссия шағымды уәкілетті органда тіркелген күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды. Апелляциялық комиссияның шешімі дауыстардың қарапайым көпшілік санымен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссия отырысының хаттамасына отырыс өткізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей комиссияның төрағасы мен хатшысы қол қояды. Апелляциялық комиссияның шешімі медициналық ұйымның назарына белгіленген тәртіппен жеткізіледі.
Апелляциялық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, оған ӘРПК-де көзделген тәртіппен шағым жасалады.
| Референс-орталық қызметінің, референс-орталық мәртебесін беру немесе кері қайтарып алу қағидаларына қосымша | |
| Нысан | |
| Кімге: _________________________ (орталық мемлекеттік атқарушы орган басшысының лауазымы, тегі, аты, _________________________ әкесінің аты (ол болған жағдайда)) Кімнен: _________________________ (медициналық ұйым басшысының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)) Деректемелер: _________________________ (заңды мекенжайы, байланыс телефоны) |
Өтініш
__________________________________________________________________________ (мемлекеттік медициналық ұйымның немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі ұйымның атауы) жанындағы Референс-орталықтың міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін _________________________________________________________________________ (ауру/қызмет/бейіні атауы) жөніндегі Референс-орталық мәртебесін беруді сұраймын Ұйым өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), лауазымы және байланыс деректері ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі: 1. _____________________________________________________________ 2. _____________________________________________________________ 3. _____________________________________________________________ 4. _____________________________________________________________ _______________________________________________________________ (қолы) (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) Күні: "___" _______________ 20__ жыл
Іздеу атаулары: №120 бұйрық, 120-бұйрық, приказ 120, жүз жиырмасыншы бұйрық, 120 бұйрық скачать.