"Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді жүргізу) қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-253/2020 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі № 123 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 30 қыркүйекте № 40042 болып тіркелді
- Бұйрық нөмірі
- 123
- Қабылданған күні
- 29.09.2026
- Актіні өзгерту күні
- Көрсетілмеген
- Мәртебесі
- Жаңа
Дереккөз: «Әділет» АҚЖ ресми мәтіні. Мәтін алынған күн: 2026-10-20.
Бұйрықтың мәтіні
Құжаттың мазмұны
- Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде (кәсіптік тіркелімді) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандарды есепке алу қағидалары
- 1-тарау. Жалпы ережелер
- 2-тарау. Білім алушыларды есепке алу тәртібі
- 3-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды есепке алу тәртібі
- 4-тарау. Кәсіптік тіркелім мәліметтерін пайдалану
- 5-тарау. Қорытынды ережелер
- Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін (кәсіптік тіркелімді) қалыптастыру, сүйемелдеу, жүйелік-техникалық қызмет көрсету және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары
- 1-тарау. Жалпы ережелер
- 2-тарау. Кәсіптік тіркелімді қалыптастыру тәртібі
- 3-тарау. Кәсіптік тіркелімді сүйемелдеу тәртібі
- 4-тарау. Жүйелік техникалық қызмет көрсету, интеграция және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету
БҰЙЫРАМЫН :
1. "Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды есепке алу (кәсіптік тіркелімді) қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-253/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21773 тіркелді ) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесін (кәсіптік тіркелімді) қалыптастыру, сүйемелдеу, оған жүйелік-техникалық қызмет көрсету және киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ онда денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде (кәсіптік тіркелімді) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандарды есепке алу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесін (кәсіптік тіркелімді) қалыптастыру, сүйемелдеу, оған жүйелік-техникалық қызмет көрсету және киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді) қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес 2-қосымшамен толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген шаралардың іске асырылуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі | А. Альназарова |
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2026 жылғы 29 қыркүйектегі № 123 бұйрығына 1-қосымша | |
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-253/2020 бұйрығына 1-қосымша |
Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде (кәсіптік тіркелімді) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандарды есепке алу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде (кәсіптік тіркелімді) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандарды есепке алу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 266-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтаудың кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесінде (кәсіптік тіркелімде) (бұдан әрі – Кәсіптік тіркелім) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандарды есепке алу тәртібін айқындайды.
2. Кәсіптік тіркелім – денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандар, олардың қызметін бағалау, біліктілігі, кәсіптік жауапкершілігі, еңбекақы деңгейі, үздіксіз кәсіптік дамыту бағдарламаларына қатысуы туралы мәліметтерді, кадрлардың көші-қоны мен кетуі туралы мәліметтерді, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасына сәйкес бекітілген штат кестесін қамтитын цифрлық платформа.
3. Кәсіптік тіркелімде есепке алуды жүргізудің мақсаты денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарына қажеттілікті жоспарлау, болжау, талдау және басқару үшін осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген мәліметтердің толықтығын, дұрыстығын және өзектілігін қамтамасыз ету болып табылады.
4. Кәсіптік тіркелімде:
1) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары, білім беру бағдарламалары, мамандықтар және білім беру деңгейлері бойынша білім алушыларды есепке алу;
2) білім алушылардың білім алу траекториясы мен оқу нәтижелерін есепке алу;
3) білім алушылардың мәртебесіндегі өзгерістерді, оның ішінде оқуға қабылдауды, ауыстыруды, қайта қалпына келтіруді, академиялық демалысты, оқудан шығаруды және оқуды аяқтауды есепке алу;
4) оқытуды қаржыландыру көздерін, тапсырыс беруші өңірді, білім беру бағдарламасын ескере отырып, түлектерді бөлу, олардың жұмысқа орналасуы және жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындауы туралы мәліметтерді есепке алу;
5) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды, олардың біліктілігін, қызметін бағалауды, кәсіптік жауапкершілігін және үздіксіз кәсіптік дамуын денсаулық сақтау субъектілері мен әкімшілік-аумақтық бірліктері көрсетіле отырып есепке алу;
6) еңбек қызметін, еңбекақы деңгейін, кадрлардың көші-қоны мен кадрлардың кетуін есепке алу;
7) бекітілген штат кестелері мен кадрларға қажеттілікті есепке алу;
8) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылар мен мамандар туралы кадрларды даярлауды және денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын болжау мен стратегиялық жоспарлау үшін талдамалық ақпарат қалыптастыру жүзеге асырылады.
2-тарау. Білім алушыларды есепке алу тәртібі
5. Білім алушыларды есепке алуды денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары уәкілетті жұмыскерлердің мәліметтерді енгізуі және цифрлық жүйелердің интеграциялық өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырады.
6. "Денсаулық сақтау кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-245/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21779 тіркелді) бекітілген Денсаулық сақтау кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші туралы ереженің негізінде әрекет ететін денсаулық сақтау кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші (бұдан әрі – Ұлттық үйлестіруші) есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін ай сайын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) білім алушыларды есепке алу және олардың қозғалысы туралы ақпарат ұсынады.
7. Ұлттық үйлестіруші уәкілетті органға тоқсан сайын кадрларды даярлау және оларға қажеттілікті болжау туралы талдамалық ақпаратты, сондай-ақ осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген Ережеде белгіленген функциялар шегінде оның сұрау салуы бойынша ақпарат ұсынады.
8. Кәсіптік тіркелімде денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының меншік нысанына және оқытуды қаржыландыру көзіне қарамастан, денсаулық сақтау саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын адамдар есепке алынуға жатады.
9. Оқу жылының басында жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы құрылымдық бөлімшесінің қызметкері Кәсіптік тіркелімге білім алушы туралы мынадай мәліметтерді қамтитын деректерді енгізеді:
1) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болған кезде), туған күні және туған жері, жынысы, азаматтығы, шетелдік азаматтың келген елі, байланыс деректері, тұрғылықты жері. Жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда, шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам жеке басты куәландыратын құжаттың деректері бойынша есепке алына отырып, жазбаның бірегей сәйкестендіргіші беріледі;
2) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының атауы, оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі, білім беру деңгейі, білім беру бағдарламасының атауы мен коды, мамандығы, факультеті, курсы, оқу тобы, оқыту нысаны мен тілі, білім беру бағдарламасы шеңберінде оқытылатын пәндер тізбесі;
3) оқытуды қаржыландыру көзі, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы, тапсырыс беруші өңірі көрсетіле отырып, жергілікті атқарушы органның қаражаты, ақылы оқыту; қаржыландыру көзінің өзгеруі туралы мәліметтер, тағайындалған стипендия мөлшері және берілген білім беру квотасы туралы мәліметтер;
4) білім алушының мәртебесі, оқуға қабылданған, академиялық демалыс берілген және академиялық демалыстан шыққан, ауыстырылған, қайта қабылданған, оқудан шығарылған және оқуын аяқтаған күндері мен негіздері; ауыстырылған жағдайда – денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы және білім беру бағдарламасы туралы мәліметтер.
5) алдыңғы білім деңгейі туралы мәліметтер: білім беру ұйымының атауы және БСН, білім беру бағдарламасының деңгейі мен атауы, мамандығы (даярлау бағыты), оқу кезеңі, оқуды аяқтаған күні, білім туралы құжат туралы мәліметтер, білім туралы құжаттың орташа балы (GPA);
6) білім беру қызметінің нәтижелері туралы мәліметтер: ағымдағы және аралық бақылау нәтижелері, өздік жұмыстың нәтижелері, бақылау жұмыстарының нәтижелері, емтихандардың нәтижелері, мемлекеттік емтиханның нәтижелері, білім алушының орташа балы (GPA), қорытынды аттестация нәтижелері туралы мәліметтер, оқуды аяқтау қорытындысы бойынша берілген білім туралы құжат туралы мәліметтер, "Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31672 тіркелді) бекітілген медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес қалыптастырылатын, денсаулық сақтау саласындағы білім алушының меңгерген практикалық дағдылары, манипуляциялары мен емшаралары туралы мәліметтер;
7) білім алу траекториясы, оның ішінде интернатурада, резидентурада, магистратурада және докторантурада оқу кезеңі мен мамандығы, сондай-ақ қосымша білім алу туралы мәліметтер;
8) I немесе II топтағы мүгедектігінің болуы туралы мәліметтер – болған жағдайда;
9) тәлімгер туралы мәліметтер, соның ішінде тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), мамандығы және жұмыс орны;
10) білім алушының ғылыми, кәсіби және қоғамдық қызметке қатысуы туралы мәліметтер, соның ішінде ғылыми конференцияларға, өзге де ғылыми және білім беру іс-шараларына, білім беру ұйымының қоғамдық өміріне қатысуы, сондай-ақ әскери кафедрадан өтуі;
11) түлекті бөлу және жұмысқа орналастыру, сондай-ақ міндетті жұмыспен өтеуден өтуі туралы мәліметтер, оның ішінде жұмысқа орналасқан күні, медициналық ұйымның атауы және орналасқан жері, атқаратын лауазымы, мамандығы, жұмысқа орналасқан өңірі, жұмыс кезеңі, міндетті жұмыспен өтеуден өтуі туралы мәліметтер, іс жүзінде өтелген міндетті жұмыспен өтеу мерзімі туралы мәліметтер.
12) оқуды аяқтағаннан кейін міндетті жұмыспен өтеуден өту туралы мәліметтер, оның ішінде: жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттеменің болуы немесе болмауы, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттеменің туындау негізі, міндетті жұмыспен өтеу мерзімі, міндетті жұмыспен өтеудің басталған және аяқталған күні, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттеме туындаған мемлекеттік білім беру тапсырысы, квота немесе өзге де негіздер туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында осындай негіздер көзделген жағдайда, жұмыспен өтеуден босатудың, оны тоқтатудың немесе кейінге қалдырудың құжатпен расталған негіздері қамтылады. Бұл ретте тиісті негізді растау үшін талап етілмейтін мәліметтер енгізілмейді.
10. Білім алушылардың деректерін енгізу, тіркеу және есепке алу денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының білім алушыларды есепке алуды жүргізуге жауапты мамандары жүзеге асырады және (немесе) цифрлық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
11. Білім алушылар туралы бастапқы мәліметтер оқу жылы басталған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізіледі. Деректер мәртебесінің өзгеруі туралы мәліметтер тиісті өзгеріс туындаған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей Кәсіптік тіркелімде жаңартылады.
12. Білім беру ұйымының бірінші басшысы білім алушылар туралы мәліметтердің Кәсіптік тіркелімге енгізілуінің дұрыстығын, толықтығын және уақтылылығын қамтамасыз етеді.
3-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды есепке алу тәртібі
13. Медициналық және фармацевтикалық жұмыскерлерді есепке алуды олармен еңбек қатынастарында тұрған денсаулық сақтау субъектілері жүзеге асырады. Жеке медициналық практикамен немесе фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар өздері туралы мәліметтерді дербес енгізеді және жаңартады. Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өз құзыреті шегінде тиісті аумақтағы есепке алуды жүргізуге мониторингті жүзеге асырады.
14. Ұлттық үйлестіруші есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін ай сайын уәкілетті органға денсаулық сақтау саласындағы мамандарды есепке алу, олардың көші-қоны және кадрлардың кетуі туралы ақпарат ұсынады.
15. Ұлттық үйлестіруші уәкілетті органға тоқсан сайын кадр ресурстары және біліктілікті растау мерзімдері бойынша болжамды-талдамалық ақпаратты, сондай-ақ осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген Ережеде белгіленген функциялар шегінде оның сұрау салуы бойынша ақпарат ұсынады.
16. Медициналық ұйымның персоналды басқару қызметінің маманы жұмысқа қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау ұйымына денсаулық сақтау жүйесінің жұмыскері туралы мәліметтерді деректер базасына, оның ішінде цифрлық жүйелердің деректерін интеграциялау жолымен енгізеді. Олар мыналарды қамтиды:
1) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болған кезде), жынысы, ол күні мен жері, азаматтығы, жеке басты куәландыратын құжаттың деректері, тұрғылықты жері және тіркелген жері, отбасылық жағдайы, байланыс ақпараты, жүргізуші куәлігінің бар екендігі, әлеуметтік мәртебесі (II, III топтағы мүгедек, көп балалы, кемтар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Еңбек ардагерлері);
2) білім деңгейі, білім беру ұйымы және білім беру ұйымының орналасқан жері, мамандығы, біліктілігі және оқуды аяқтаған күні, білім туралы құжаттардың деректемелері, интернатурадан, резидентурадан, магистратурадан, докторантурадан және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің өзге де нысандарынан өту туралы мәліметтер;
3) қосымша және формальды емес білімі туралы деректер: біліктілікті арттыру және сертификаттау курстарының қорытындылары; формальды емес білім беру деректері (халықаралық конференциялар (республикалық, халықаралық маңызы бар) жұмыстарына қатысуы), мастер-класстар, семинарлар, тренингтер, мамандық бейіні бойынша тағылымдамалар, вебинар, онлайн курс, қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып өткізілетін өзге де оқыту іс-шаралары, съезд, конгресс жұмыстарына қатысуы. Мамандығы мен мамандандырылуы, қосымша білімі туралы куәлігі (біліктілігін жоғарлату және сертификаттау курстары), құжаттың берілген мерзімі, оқудың басталу және аяқталу мерзімі, біліктілігін жоғарлату курсының атауы, оқудың ұзақтығы, кредиттер/сағаттар саны, қаржыландыру көзі, егер шетелдік ұйым және шетелдік оқытушылар болса, онда құжаттардың сканерленген нұсқасы толтырылады және қоса беріледі. Білім беру бағдарламаларының каталогымен интеграцияланған қайта даярлануы туралы деректер, құжат, аяқтаған мерзімі.
4) кәсіби қызметі туралы деректер: бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген жұмыс орны (медициналық қызмет көрсететін ұйым); медициналық ұйымдағы лауазымы; еңбек өтілі және мамандығы бойынша жұмыс өтілі, жұмыспен қамту түрі (негізгі жұмыс орны, қоса атқарушылық), жұмыс режимі (толық/толық емес жұмыспен қамтылу), жұмысқа қабылданыу және (немесе) жұмыстан босатылуы туралы бұйрықтың нөмірі мен күні және мерзімі көрсетілген жұмысқа орналасуы, ауысуы, лауазымдарды қоса атқаруы және еңбек қатынастарын тоқтатуы туралы мәліметтер, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру мәртебесі.
Еңбек қызметі мамандығы көрсетілген әрбір лауазымдағы жұмыс өтілі, демалысқа шығуы (жыл сайынғы еңбек демалысы, оқу демалысы, жүктілігі және босануы бойынша/декреттік демалысы), еңбекке уақытша жарамсыздық парағында болуы, зейнетке шығуы, жұмыстан шығуы Кәсіптік тіркелімде толтырылады. Кадрлық құжат айналымы жөніндегі барлық процестер - өтініштерді, қызметтік жазбаларды іске қосу, келісу және бекіту және демалыс (жыл сайынғы еңбек демалысы және әлеуметтік демалыс), зейнеткерлікке шығу, жұмыстан шығару жөніндегі бұйрықтарды бекіту Кәсіптік тіркелімде және (немесе) цифрлық жүйелерді интеграциялау жолымен жүргізіледі. Медициналық ұйымның штат кестесі Кәсіптік тіркелімде медициналық ұйымның бірінші басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен бекітіледі;
5) денсаулық сақтау саласындағы маманның біліктілік санаты немесе біліктілік деңгейі, берілген күні мен қолданылу мерзімі, рұқсат беру құжаттары және кәсіби қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын өзге де құжаттар көрсетілген сертификаттары туралы деректер (бар болса). Маман сертификатының мәртебесі туралы мәліметтер, оның ішінде қолданыстағы, қолданылу мерзімі өткен, қолданылуы тоқтатыла тұрған, тоқтатылған немесе өзге де мәртебесі туралы мәліметтер, маман сертификаты мәртебесінің өзгеру негіздері туралы мәліметтер, оның ішінде осындай өзгеріске негіз болып табылатын күні және тиісті құжат немесе цифрлық жүйенің мәліметтері;
6) маман сертификатын алу және сертификаттау курстары бойынша мамандану шеңберіндегі білімін бағалаудан өткен күнін, бағалау нәтижесі мен балды қоса алғанда білім мен дағдыларды бағалау туралы мәліметтер. Білім мен дағдыны, құзыреттілікті бағалау нәтижелері туралы деректер, сондай-ақ жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерінің білімі мен дағдыларын тақырыптық бағалау (бағалаудан өту күні, балы көрсетіле отырып (өтті/өтпеді) нәтижесі). Медицина қызметкерінің "Денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 46 бұйрығымен бекітілген денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарға сәйкес еңбек функциялары мен дағдыларының тізбесі бойынша, "Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-305/2020 бұйрығында көрсетілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21856 тіркелді) қызметтік міндеттері туралы деректер толтырылады және көрсетіледі;
7) аттестаттаудан өту туралы мәліметтер: негіздемесі, күні, аттестаттауды өткізген ұйым, лауазымы, нәтижесі және растайтын құжаттың деректемелері;
8) ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметі туралы мәліметтер: ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, педагогикалық лауазымы, жұмыс кезеңі, жарияланымның түрі, атауы, жарияланған жері және жылы көрсетіле отырып, ғылыми жарияланымдары;
9) әскери міндеттер мен әскери қызметке қатыстылығы туралы деректер: (әскери билеттің нөмірі, әскери билеттің берілген күні, есепке алу тобы, есепке алу санаты, әскери есепке алудан шығару күні, әскери атағы, әскери-есепке алу мамандығы, әскери міндеттілер қай уақытқа дейін) және ұрыс қимылдарына, табиғат апаттарын, апаттарды жоюға қатысуы (ұрыс қимылдарына қатысуы туралы жазбалар, табиғат апаттарын жоюға қатысқаны туралы мемлекеттік органның бұйрығы);
10) кәсіби жетістіктері, мемлекеттік және ведомстволық наградалары (марапаттары) мен тәртіптік жазалары туралы деректер;
11) жалақысы, көтермелеулер мен жазалары туралы деректер:
медицина қызметкерінің жалақысы, жұмыстың кеңейтілген көлемі үшін немесе міндеттерді жүктегені үшін қосымша ақысы, еңбек жағдайлары үшін қосымша ақысы, жан басына шаққандағы нормативтің құрамдас бөлігін ынталандыратын сыйлықақысы. Жалақы туралы ақпарат қарауға шектеулі қолжетімділікпен сақталуға және уәкілетті орган мен ұлттық үйлестірушіге ғана қолжетімді болуға тиіс;
12) кәсіптік қызметіне байланысты көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары : түрі, құқықтық негізі, күні, кезеңі және бар болса берілетін сомасы;
13) бейімделуден және тәлімгерліктен өткені туралы деректер: аты-жөні, әкесінің аты (ол болған жағдайда), білім алушының мамандығы мен жұмыс орны, тәлімгерлік үшін төлем нысаны;
14) сараптамалық қызметі туралы деректер: медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасын сараптауға қатысуы, Тәуелсіз сараптама комиссиясының қызметіне қатысуы, сараптама нәтижесімен сараптамалық қорытындылар жүктелген әртүрлі мониторингтік комиссияларға қатысуы;
15) отандық және (немесе) шетелдік кәсіптік қауымдастықтар мен кәсіподақтарға, байқау кеңесіне және (немесе) директорлар кеңесіне қатысуы туралы деректер;
16) тиісті құжат болған жағдайда расталған деңгейі көрсетіле отырып шет тілдерін меңгеруі туралы мәліметтер.
Кәсіптік тіркелімге денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері лауазымдарының номенклатурасына сәйкес денсаулық сақтау субъектісінің бекітілген штат кестесі де енгізіледі, онда штаттық және нақты орналасқан бірліктердің саны, бос лауазымдар және бекітілген күні көрсетіледі. Енгізілген штат кестесінің электрондық көшірмесі немесе штат кестесі туралы мәліметтер бірінші басшының не оны бекітуге уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Өзгерістер олар бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізіледі.
17. Медициналық кадрлар туралы деректерді енгізу, тіркеу және есепке алу медициналық ұйымдардың персоналды басқару қызметің мамандары жүзеге асырады.
18. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар туралы мәліметтер маман ұсынған құжаттар, медициналық ұйымдар енгізген мәліметтер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және өзге де цифрлық жүйелермен интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы келіп түсетін мәліметтер негізінде қалыптастырылады және жаңартылады.
19. Маман сертификаты туралы мәліметтер оны беру, қолданылу мерзімі және мәртебесі туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық жүйелермен интеграциялау арқылы қалыптастырылады және жаңартылады. Интеграция болмаған жағдайда мәліметтер растайтын құжаттар негізінде олар алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктермей енгізіледі. Кәсіптік тіркелім сертификаттың қолданылу мерзімін және оның мәртебесінің деректер көзі болып табылатын цифрлық жүйенің мәліметтеріне сәйкестігін автоматты түрде тексереді.
20. Маман сертификаты туралы мәліметтердің сәйкессіздігі, оның ішінде оның қолданылу мерзімінің өтуі, тиісті кәсіби қызметті жүзеге асыру құқығын растаудың болмауы немесе деректер көзі - цифрлық жүйемен деректердің алшақтығын анықтаған жағдайда, ақпарат Кәсіптік тіркелімде бекітіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган қолданады.
21. Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерінің деректері өзгерген және (немесе) толықтырылған жағдайда медициналық ұйымның персоналды басқару қызметінің маманы тиісті негіздер туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде деректер базасына мәліметтер мен өзгерістерді енгізеді. Мәліметтерді жаңарту мемлекеттік цифрлық жүйелермен, білім беру ұйымдарының, медициналық ұйымдардың цифрлық жүйелерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де жүйелермен, дереккөздермен интеграциялау арқылы келіп түсетін деректер негізінде жүзеге асырылады.
22. Кадрларды басқару қызметінің басшысы және денсаулық сақтау субъектісінің бірінші басшысы жұмыскерлер туралы мәліметтердің толықтығын, дұрыстығын және уақтылы енгізілуін және жаңартуын қамтамасыз етеді.
23. Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өздерінің аумақтық құзыреті және берілген қол жеткізу құқықтары шегінде есепке алудың толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз етеді.
4-тарау. Кәсіптік тіркелім мәліметтерін пайдалану
24. Кәсіптік тіркелім деректерін пайдалану мынадай мақсаттарда жүзеге асырылады:
1) денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын жоспарлау, болжау және мониторингтеу;
2) кадрларды даярлау және білім алушының ЖСН, контингент саны, оқыту тілі, мамандығы, оқыту курстары, оқыту нысандары (бюджеттік, шарттық), оқудан шығарылған, бітірушілер, жұмысқа орналасу, оқу орнының атауы мен БСН бойынша есептерді қалыптастыру бойынша деректерді талдау, аккредиттеу туралы ақпарат, осы оқу орнының білім беру қызметіне лицензиясының болуы, оқытушы-профессорлар құрамын, оқытушылардың штаттық немесе штаттан тыс мәртебесін, дәрежесін, санатын (санатсыз, модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер) көрсете отырып, осы оқу орнының материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен штат санын, оқытылатын пәнді көрсете отырып, оқытушылардың тегі бойынша тізімі;
3) статистикалық, талдамалық және басқарушылық есептілікті дайындау;
4) медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және орналастыру;
5) медициналық білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу және міндетті жұмыспен өтеу бойынша талдау жүргізу;
6) медициналық кадрларды даярлау көлемдері мен бағыттарының өңірлердің кадр қажеттілігіне сәйкестігін талдау;
7) түлектердің міндетті жұмыспен өтеуден бойынша міндеттемелердің орындалуына талдау жүргізу;
8) уәкілетті органның құзыреті шегінде Кәсіптік тіркелімде қамтылған мәліметтерді ұсынудың сәйкессіздігі, толық еместігі, дұрыс еместігі немесе уақтылы ұсынылмауын анықтау;
9) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру және жетілдіру;
10) маманды және денсаулық сақтау субъектісінің жауапты жұмыскерін маман сертификатының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын хабардар ету; сертификат туралы мәліметтер көрсетілген мерзімнен кейін енгізілген жағдайда, хабарлама мәліметтер енгізілген кезде қалыптастырылады.
11) заңнаманы бұзуды болдырмау мақсатында мерзімі өткен сертификат кезінде денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлерінің есептік жазбасын бұғаттау;
12) кадр құрамына байланысты құжаттарды жүргізу;
13) ғылыми зерттеулер жүргізу.
5-тарау. Қорытынды ережелер
25. Кәсіптік тіркелімде қамтылған мәліметтер қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады және Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес қорғалуы тиіс.
26. Кәсіптік тіркелімде қамтылған мәліметтерге қолжетімділік пайдаланушыларға олардың өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және қолжетімділік құқықтарының аражігін ажыратуы ескеріле отырып беріледі.
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2026 жылғы 29 қыркүйектегі № 123 Бұйрығына 2-қосымша | |
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-253/2020 бұйрығына 2-қосымша |
Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін (кәсіптік тіркелімді) қалыптастыру, сүйемелдеу, жүйелік-техникалық қызмет көрсету және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін (кәсіптік тіркелімді) қалыптастыру, сүйемелдеу, жүйелік-техникалық қызмет көрсету және киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 266-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін (кәсіптік тіркелімді) (бұдан әрі – Кәсіптік тіркелім) қалыптастыру, сүйемелдеу, жүйелік-техникалық қызмет көрсету және киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Денсаулық сақтау кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші (бұдан әрі – Ұлттық үйлестіруші) – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын және "Денсаулық сақтаудың кадр ресурстары бойынша ұлттық үйлестіруші туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-245/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21779 тіркелді) бекітілген Денсаулық сақтау кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші туралы ереженің негізінде қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) дербес деректер – дербес деректер субъектісі туралы бір немесе бірнеше дербес деректер сәйкестендіргішімен толықтырылған мәліметтер немесе мәліметтер жиынтығы;
3) киберқауіпсіздік – цифрлық объектілердің құпиялылығының, тұтастығының немесе қолжетімділігінің бұзылуынан қорғалу жай-күйі;
4) цифрлық объект – цифрлық технологиялар арқылы жасалған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамалары бар және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану немесе билік ету өкілеттіктерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның оқшауланған элементі;
5) цифрлық денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 16 тамыздағы № 665 "Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті ұйымды айқындау туралы" қаулысымен айқындалған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
3. Кәсіптік тіркелімге қолжетімділік:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның, Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының және Ұлттық үйлестірушінің қызметкерлеріне – олардың функциялары, қызмет аумағы және қажетті мәліметтер құрамы шегінде;
2) есепке алуды жүргізуге жауапты денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының және денсаулық сақтау субъектілерінің жұмыскерлеріне – тиісті ұйым және өзі есепке алуды жүргізетін адамдар туралы мәліметтерге;
3) жеке медициналық практикамен немесе фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғаларға – өздері туралы, ал жұмыскерлері болған жағдайда – олармен еңбек қатынастарында тұрған адамдар туралы мәліметтерге;
4) білім алушылар мен мамандарға – өздері туралы мәліметтермен танысу және анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарламалар жіберу үшін;
5) уәкілетті ұйымның жұмыскерлеріне – техникалық әкімшілендіру, сүйемелдеу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде, олардың әрекеттері тіркеле отырып беріледі.
Заңды тұлғаға қолжетімділік берген кезде оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі, жеке тұлғаға – жеке сәйкестендіру нөмірі пайдаланылады. Шетелдік азаматтың немесе азаматтығы жоқ адамның жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда, оны сәйкестендіру жеке басты куәландыратын құжат бойынша жүзеге асырылады. Еңбек қатынастарының болуы өздігінен жұмыскерге ұйымның барлық мәліметтеріне қолжетімділік берілмейді.
2-тарау. Кәсіптік тіркелімді қалыптастыру тәртібі
4. Кәсіптік тіркелімде қамтылған мәліметтер мемлекеттік және мемлекеттік емес цифрлық жүйелермен интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы келіп түсетін деректердің, сондай-ақ осы Қағидаларда көзделген жағдайларда денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының, денсаулық сақтау субъектісінің, астананың облыстардың және республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті пайдаланушылары енгізген деректердің негізінде қалыптастырылады.
5. Кәсіптік тіркелімде қамтылған мәліметтерге қолжетімділік пайдаланушыларға олардың өкілеттіктері шегінде, қолжетімділік құқықтарын және мәліметтердің дұрыстығы, толықтығы, уақтылы енгізілуі мен өзектендірілуі үшін жауапкершілікті ажыратуды ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беріледі.
Кәсіптік тіркелімде қамтылған мәліметтер қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады және Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес қорғалуға жатады.
6. Уәкілетті ұйым Кәсіптік тіркелім деректерін енгізу мен жаңартуды үйлестіруді жүзеге асырады, мәліметтерді енгізу және жаңартудың техникалық мүмкіндігін, пайдаланушылардың есепке алу жазбаларын әкімшілендіруді, интеграциялық өзара іс-қимылды және пайдаланушыларға техникалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Ұлттық үйлестіруші деректерді есепке алудың әдістемелік сүйемелдеуін жүзеге асырады.
7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары және медициналық ұйымдары және денсаулық сақтау субъектілері мыналарды іске асырады:
1) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары және медициналық ұйымдар бойынша мәліметтерді Кәсіптік тіркелімге жіберу, пайдаланушыларының есепке алу жазбаларын құру және жаңарту;
2) ұйымдық-құқықтық нысаны, меншік нысаны, атауы, заңды (нақты) мекенжайы өзгерген кезде денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының және медициналық ұйымның Кәсіптік тіркеліміне бастапқы деректерді редакциялау;
3) енгізілген мәліметтердің растайтын құжаттарға сәйкестігін тексеру және анықталған сәйкессіздіктерді жою.
8. Кәсіптік тіркелімдегі деректерді жинауды, толтыруды және жаңартуды денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының және денсаулық сақтау субъектілерінің бірінші басшыларының бұйрығымен айқындалатын жауапты жұмыскерлер олар туындаған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады. Кәсіптік тіркелімді толтыруға және жаңартуға жауапты тұлғалар есепті жылдың 10 қаңтарына дейін ұйымдардың бірінші басшыларының шешімімен жыл сайын айқындалады.
9. Денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының және астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларының, денсаулық сақтау субъектілерінің және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының басшылары өз құзыреті және қолжетімділік құқықтары шегінде тиісті аумақта мәліметтердің толық әрі уақтылы қалыптастырылуын және жаңартылуын қамтамасыз етеді.
10. Кәсіптік тіркелімде деректерді енгізу және жаңарту кезінде өзгерту күні және өзгертуді жүзеге асырған пайдаланушы туралы мәліметтерді сақтай отырып, тарихи деректердің сақталуы қамтамасыз етіледі.
11 Кәсіптік тіркелім деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында форматты-логикалық бақылау, жекелеген мәліметтердің өзара байланысы мен сәйкестігін автоматтандырылған тексеру, сондай-ақ деректердегі сәйкессіздіктерді, қайталануларды және өзге де ауытқуларды анықтау жүзеге асырылады.
3-тарау. Кәсіптік тіркелімді сүйемелдеу тәртібі
12. Кәсіптік тіркелімді сүйемелдеуді уәкілетті ұйым Кодекстің 59-1-бабында көзделген функциялар шегінде "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген бірыңғай талаптарды (бұдан әрі – Бірыңғай талаптар) сақтай отырып жүзеге асырады. Цифрлық объектілерді қорғауға қойылатын талаптар "Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылады.
13. Уәкілетті ұйым:
1) цифрлық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді, бағдарламалық қателерді жояды және техникалық қолдауды қамтамасыз етеді;
2) Кәсіптік тіркелімге сүйемелдеу және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
3) Кәсіптік тіркелімге сүйемелдеу және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру үшін цифрлық инфрақұрылым объектілерінің басқа адамдарын тартады;
4) Қазақстан Республикасының "Киберқауіпсіздік туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды;
5) Кәсіптік тіркелімге орналастырылған мемлекеттік цифрлық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етеді;
6) интеграциялау кезінде "Цифрлық үкімет" цифрландыру объектілерін Кәсіптік тіркелімге қосуды жүзеге асырады;
7) Кәсіптік тіркелімге жұмыс істеу мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді.
14. Осы Қағидалармен Ұлттық үйлестірушіге техникалық әкімшілендіру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жүктелмейді:
1) Кәсіптік тіркелімдегі көрсеткіштерді қосу және өзгерту;
2) деректердің дұрыстығын (верификациясын) тексеру алгоритмдерін құру;
3) формальды-логикалық бақылау әдістемесін әзірлеу және жаңарту;
4) деректердегі статистикалық және логикалық ауытқуларды анықтау;
5) Кәсіптік тіркеліммен жұмыс істеу бойынша нұсқаулық материалдар мен оқыту бейнероликтерін дайындау;
6) деректер нысандарын қалыптастыру және модификациялау;
7) деректер нысандарын жүктеу алгоритмдерін құру;
8) "Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрығымен бекітілген нысандар бойынша әкімшілік деректерді қалыптастыруды және жүктеуді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21879 тіркелді);
9) Кәсіптік тіркеліммен жұмыс істеу бойынша пайдаланушыларға консультациялық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
10) пайдаланушыларға Кәсіптік тіркеліммен жұмыс істеу бойынша оқыту жүргізу.
15. Уәкілетті ұйым Кәсіптік тіркелімде мынадай ақпаратты орналастырады:
1) алдағы техникалық не профилактикалық жұмыстар туралы хабарламалар кемінде 1 (бір) жұмыс күні ішінде;
2) Кәсіптік тіркеліммен жұмыс істеудің әртүрлі мәселелері бойынша пайдаланушыларға арналған хабарламалар;
3) мәтіндік және бейне форматтарындағы нұсқаулар, жиі қойылатын сұрақтар және оларға жауаптар;
4) уәкілетті ұйымның байланыс ақпараты.
16. Уәкілетті ұйым Кәсіптік тіркелімде жоспарлы техникалық немесе профилактикалық жұмыстардың жүргізілетіні туралы хабарламаны олар басталғанға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын, қолжетімділікті шектеу кезеңі көрсетіле отырып орналастырады. Авариялық тоқтатылған жағдайда, хабарлама оны орналастырудың техникалық мүмкіндігі қалпына келтірілгеннен кейін орналастырылады. Кәсіптік тіркелімде сондай-ақ нұсқаулықтар, жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар және техникалық қолдау қызметінің байланыс деректері орналастырылады.
4-тарау. Жүйелік техникалық қызмет көрсету, интеграция және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету
17. Кәсіптік тіркелімде жүйелік-техникалық қызмет көрсету шеңберінде уәкілетті ұйым мыналарды қамтамасыз етеді:
1) техникалық не профилактикалық жұмыстарды жүргізуге қажетті уақытты қоспағанда, мереке және демалыс күндерін қоса алғанда, Кәсіптік тіркелімге тәулік бойы режимде техникалық қызмет көрсету;
2) Кәсіптік тіркелімнің серверлік және телекоммуникациялық жабдықтарының жұмыс істеуін диагностикалау және мониторингтеу;
3) Министрліктің жабдықтарында Кәсіптік тіркелімнің деректерін сақтау және Министрліктің жабдықтары істен шыққан кезде Кәсіптік тіркелімнің деректерін қалпына келтіру;
4) Министрліктің жабдықтарында Кәсіптік тіркелімнің ақпаратын қорғау және резервтік көшіру;
5) әкімшілендіру ету, бағдарламалық қамтылым мен бастапқы бағдарламалық кодтың ақауларын түзету, өзгерту және жою, жаңғырту жүргізбей және цифрлық жүйенің тұтастығы сақталған жағдайда техникалық ақауларды жедел жою;
6) форматты-логикалық бақылау элементтерінің Кәсіптік тіркеліміне модификациялау және бағдарламалық енгізу;
7) серверлік және телекоммуникациялық жабдыққа, еркін бағдарламалық қамтылым, дерекқорды басқару жүйесіне, операциялық жүйелерге жедел қызмет көрсету;
8) деректер алмасу үшін цифрлық жүйелермен интеграциялау, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес цифрландыру объектілерімен өзара іс-қимыл жасау;
9) Кәсіптік тіркелімнің киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізуге дайындау және анықталған ескертулерді жою бойынша жұмыстарды ұйымдастыру.
18. Уәкілетті ұйым кері байланыс арқылы Кәсіптік тіркелімде ақпаратты іздеу және орналастыру бойынша техникалық мәселелер бойынша өтініштерді қабылдайды.
19. Кәсіптік тіркелімді басқа цифрлық жүйелермен интеграциялау "Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 1 шілдедегі №368/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 39199 тіркелді) белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
20. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде уәкілетті ұйым "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысын басшылыққа алады.
21. Уәкілетті ұйым Кәсіптік тіркелімнің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды ұйымдастыруға жауапты жұмыскерді тағайындайды, оның міндеттері мен техникалық қолдау қызметімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
Іздеу атаулары: №123 бұйрық, 123-бұйрық, приказ 123, жүз жиырма үшінші бұйрық, 123 бұйрық скачать.