Нәрестелердегі рефлекстер

Жұлынның автоматикалық қимылдарының бейнелістері

Ескерту!!! Төмендегі материалда біз орыстың рефлекс сөзін бейнеліс деп жаздық. Бірақ сіздер оның орнына рефлекс сөзін қойып әдеттегі түрде қолдана аласыз.

Қорғану бейнелісі (рефлексі) – баланы етпетінен жатқызғанда басын жанына бұрып алады, 2-3 айға дейін сақталады.

Еңбектеу бейнелісі (еңбектеу феномені, Бауэр бейнелісі) – баланы етпетінен жатқызады. (басы мен іші бір сызықтың бойында болуы керек) Табанына алақан тигізіп басқанда бала алға ұмтылып, қолдарымен қимылдай бастайды, 4 айға дейін сақталады.

Ұстау бейнелісі – саусақтарды баланың алақанына салып, басқанда ұстау қимылы пайда болады .Кейде осылай баланы жерден көтеріп алуға болады. Бұл бейнелісті табанда да анықтауға (ІІ-III башпайлардың түбінен басса башпайлары табанына қарай иіледі) болады. 2-4 айларда жойылып кетеді.

Галант бейнелісі немесе рефлексі – қырынан жатқан баланың омыртқа маңы сызығы бойымен, мойнынан құйрығына қарай үлкен және сұқ саусақтармен сызып жүргізгенде, тітіркену капталына қарай доға тәрізденіп майысады. 4 айында жойылады.

Жұлын мен мидың қалып сақтау бейнелістері – лабиринтті тонус бейнелісі: бала шалқасынан жатқанда мойын, арқа, қол-аяғының бүгу бұлшық еттерінің тонусы артады. Жұлын мен мидың қалып сақтау бейнелістері дені сау балаларда 2 айға дейін сақталады.

Ассиметриялық мойындық тонус бейнелісі (Магнус – Клейн бейнелісі) – басын бір жағына бұрғанда (жағын иықтың бойында ұстау керек), беті бұрылған жағындағы аяқ-қолдары жазылып, қарсы жақтағылары бүгіледі. Жаңа туылған балаларда бұл бейнеліс ұдайы анықтала бермейді. Көбіне қолдарының қатынасы байқалады.

Симметриялық мойын тонус бейнелісі – жаңа туылған баланың басын игенде аяқ-қолының, әсіресе қолдарының, бүгілгені байқалады. Басын кейін жазғанда аяқ- қолдарының жазғыш бұлшық еттерінің тонусы артады.

2 айдан бастап баланың басын ұстау, кейіннен отыру, жүру мүмкіндігін анықтайтын орталық мидан келетін дененің қалпын ұстау бейнелістері пайда бола бастайды.

нәрестелердің рефлексі (бейналіс)
Нәрестелердегі рефлекстерді анықтау көрінісі

Бастан мойынға қалыптастыратын бейнелістер 2 айдан, етпетінен жатқанда басын ұстап тұра алатын күннен бастап, пайда бола бастайды. Осы кезеңнен бастап мойындық тізбекті симметриялық мойын қалыптастыру бейнелісі дами бастайды. Бұл бейнелістің әсерінен мойын, тұлға, 5 айдан бастап аяқ жазғыштарының тонусының қалыптасуы отырғанда, тұрғанда және жүргеңде баланың тұлғасын ұстап тұруға мүмкіндік жасайды.

Бабинский бейнелісі – баланың табанының сыртқы жиегімен өкшеден бармақтарға қарап сызып тітіркендіргенде үлкен башпайы жазылады да, басқа саусақтары желпуіш тәрізденіп бүгіледі. 1 жасқа дейін сақталады.

Тіреу бейнелісі — баланы 2 қолтығының астынан және сұқ саусақтармен басын арқа жағынан ұстап көтеріп, табанын жерге тигізгенде аяқтарын бүгіп, жинап алады (I- сатысы). Екінші сатысында табанымен жер басып, денесін түзеп, аяғын тікеп, жерге тірейді. 1-1,5айға дейін физиологиялық болып есептелінеді.

Автоматты жүру бейнелісі – баланы тіреу бейнелісі пайда болатындай етіп ұстап, жайлап алдына қарай еңкейткенде аяқтарын кезек көтеріп, жүріс қимылдарын жасайды. Жаңа туылған дені сау балаларда 1-1,5 ай бойы сақталады.

Жазғыштардың (бұлшықеттердің) қиылыспа бейнелісі – бір аяғын жайлап, тізесінен басып жазып табанына жай ғана түйреуіш тығып алса, екінші аяғы өзінен өзі жазылып, сәл ғана ортаға қарай тартылады.

Тартып қалу бейнелісі– табанның терісіне ине шаншып алса саны, балтыры және аяғының басы бір уақытта бүгіледі.

Перес бейнелісі н/е рефлексі- етпетінен жатқан баланың сегізкөздігінен бастап мойнына қарай омыртқаның жоталы өсіндісінің бойымен саусақпен жүргізгенде денесі иіліп, аяқ- қолдары бүгіліп, басы жоғары көтеріледі. Зәрі мен нәжісі жүріп, дауысы шығады. Бұл бейнелісті анықтағанда сәби ауырсынады, сондықтан оны анықтауды ең соңына қалтыру керек.

Моро бейнелісі н/е рефлексі- әр түрлі әдістермен анықталады: аяғы мен денесінің төменгі жағын тез жоғары көтеру, бала жатқан жерді басынан 15-20 см қашықтықта ұру, баланы қолға алып жылдам төмен түсіріп қайтадан бұрынғы орнына әкелу. Бұндай әсерлерге жауап ретінде бала әуелі екі қолын екі жаққа жайып (І-сатысы) жібереді . Содан соң тез қайтадан орнына әкеліп, құшақтау тәрізді қимыл жасайды. (ІІ-сатысы). Бұл бейнеліс 4 айға дейін сақталады.

Керинг бейнелісі – шалқасынан жатқан баланың бір аяғын ұршық және тізе буындарында бүгеді. Содан соң тізе буынында қозғалтпай ұсгап тұрып, екінші қолымен өкшесінен ұстап, жайлап балтырын тікейтіп, жазуға бағышталған қимыл жасағанда, толық жазылмайды. Бұл бейнеліс 4 айға дейін сақталады.

  1. Ландаудың жоғарғы бейнелісі – етпетімен жатқызған бала, екі қолымен тіреп басын, кеудесін жоғары көтереді. Бұл бейнеліс 3-ші айдың аяғында, 4-ші айдың басында пайда бола бастайды.
  2. Ландаудың төменгі бейнелісі – етпетінен жатқан бала аяғын жазып жоғары көтереді.Бұл бейнеліс 5-6 айдан бастап қалыптасады.

Мойындық және тұлғалық жәй қалыптастыру бейнелістері – басын бұрған жаққа тұлғасы да бұрылады. Мойындық және тұлғалық тізбектік қалыптастыру бейнелістері 6-7 айда қалыптасады.

Тұлғадан тұлғаға ауысатын тізбекті қалыптастыру бейнелісі – баланың иығы бұрылған жаққа тұлғасы және аяқтары бұрылады. Жамбас бөлігінің бұрылуы тұлғасының және иығының сол жаққа бұрылуына мәжбүр етеді.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!