Ойылу
Ойықтар (пролежни)- тері мен тері астындағы тіндердің ұзақ уақыт бойы жаншылудан болатын асептикалық өлеттенуі (некрозы). Ойықтар ауыр егде тартқан, ұзақ уақыт бойы шалқасынан жатқан науқастарда пайда болады. Ойықтардың жиі пайда болатын жерлері – сегізкөз, шүйде, жауырындар, шынтақтар, өкшелер. Осы аталған жерлерде сүйек теріге жақын орналасқан, сондықтан тері мен тері астындағы шел қабаттары қаттырақ жаншылады.
Ойықтар дамуында 3 сатыдан өтеді:
- Ишемия сатысы: тіндер бозарады, сезімталдықтың бұзылуы байқалады.
- Беткі өлеттену сатысы: ісіну пайда болады, ортасында қоңыр немесе қара түсті өлеттену ошағы түзіледі.
- Іріңді еру сатысы: инфекция қосылады, қабыну процестері өрши түседі, іріңді бөлінді пайда болады, процесс тереңге ендеп сүйек пен бұлшық еттерді зақымдайды.
Алдын алу шаралары мынадай:
- ерте тұрғызу;
- қүрғақ таза төсек;
- резинадан жасалған дөңгелектер;
- массаж;
- антисептиктермен өңдеу.
Емдеу: жоғарыда көрсетілген алдын алуға бағытталған шараларды мұқият сақтау керек. Жергілікті ем дерттің сатысына байланысты.
- Ишемия сатысында терідегі қан тамырларын кеңейтіп қан айналысын жақсарту үшін теріні камфора спиртімен өңдейді.
- Беткей өлеттену сатысында зақымданған жерді калий перманганатының 5%-тік ерітіндісімен, бриллиант жасылының спирттік ерітіндісімен өңдейді. Ол өлеттенген тінді қатырып, инфекцияға тосқауыл болатын қабық түзілуіне ықпал етеді.
- Іріңді еру сатысында – емдеу іріңді жараны емдеу принциптері бойынша жүргізіледі.