Дезинсекция

Дезинсекция

Дезинсекция деп – инфекциялы ауруларды тарататын және адамға зиянкестік тигізетін буынаяқтыларды жою. Кең мағынада дезинсекция – адам, тұрғын үй мен табиғат аймақтарында буынаяқтыларды жоюға бағытталған шаралар. «Des» – теріс, қарсы, «insectum» – жәндік мағынаны білдіреді.

Буынаяқтыларды түбегейлі жою мүмкін болмағандықтан соңғы жылдары дезинсекцияның мақсаты – зиянды жәндіктердің санын санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіз деңгейге дейін жою болып табылады.

Жәндіктер орман және ауылшаруашылығына кері әсерін тигізеді, тағамдар, жиһаз бен үй құрылысының ағаш бөлшектеріне зиян келтіреді, бүлдіреді, жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдайды.

Дезинсекция медициналық, ветеринарлық және ауылшаруашылық шараларына бөлінеді. Тәжірибеде буынаяқтыларды жою үшін түрлі әдістер мен тәсілдер қолданылады, олардың тиімділігі жәндіктердің биологиялық, экологиялық, фенологиялық ерекшеліктерімен байланысты.

Буынаяқтылардың құрылысын, тіршілігін және экологиясын энтомология ғылымы зерттейді. Медициналық арахноэнтомология – медициналық маңызы бар буынаяқтылар типінің биологиясы, даму кезеңдері, құрылысы, экологиясы туралы ғылым.

Медициналық дезинсекция трансмиссивті ифекциялардың, яғни буынаяқтылар арқылы таралатын жұқпалы аурулар эпидемиологиясымен тығыз байланысты. Жұқпалы ауруларды таратушы жәндіктерді зерттеу, олармен күресу шараларын, жою әдістерін СЭҚБ энтомолог мамандары ұйымдастырады.

Дезинсекция шаралары арнайы (маса, бит, бүрге, кене) және арнайы емес механикалық таратушыларға бағытталады (шыбын, шіркей, таракан, құмырсқа).

Дезинсекция шаралары 2 топқа бөлінеді:

  1. Алдын алу дезинсекциясы.
  2. Жоятын дезинсекция.

Алдын алу дезинсекцияның мақсаты: жәндіктердің тіршілік етуіне, көбеюіне жол бермеу, тұрғын үйлерде таралуын, адамға зиян келтіруін алдын алу. Мұнда жеке бас гигиенасын сақтау мен тұрғын үйлердің санитарлық жағдайын сақтаудың маңызы өте зор. Мысалы, таракандарға қарсы бөлмені уақтылы жинау, қоқыстардан, тамақ қалдықтарынан үнемі тазалау, тағамдарды жабық түрде сақтау. Маса мен шіркейлерге қарсы агротехникалық жұмыстар жүргізу, мелиорация жасау, батпақты жерлерді жою, өзен мен арықтарды тазалау.(суреттерді қара ?)

 Жою дезинсекцияда қолданатын әдістер:

  1. Механикалық әдіс.
  2. Физикалық әдіс.
  3. Химиялық әдіс.
  4. Биологиялық әдіс.

Механикалық әдісте тазалау, қағу, ұстау қолданады. Мысалы, шыбындарды ұстау үшін шыбын ұстағыш, шыбын ұрғыш, жабысқақ қағаз пайдаланылады.

Физикалық әдісте жоғары және төмен температура қолданылады. Мысалы: бүрге басқан қажетсіз заттарды өртеу немесе бит басқан заттарды ыстық сумен жуу, қайнату. Дезинфекция камераларында ыстық ауа мен бу кеңінен қолданылады.

Химиялық әдісте түрлі химиялық қосындылар қолданылады: жоятын, үркітетін (репеленттер), иіс немесе дәммен тартатын (атраканттар), стерилизациялайтын және өсіп-өнуін тоқтататын заттар – регуляторлар қолданылады.

Жәндіктерді жоютын заттарды инсектицидтер деп атайды, кенелерді жоятын заттар – акарицидтер, жәндіктердің жұмыртқаларына қарсы заттар –овоцидтер, дернәсілдеріне қарсы заттар – ларвицидтер деп аталады.

Жәндіктерге қарсы қолданатын химиялық заттар жәндіктерді толығымен, тиімді жоятын, бірақ адамға және үй жануарларына зиянсыз болуы керек. Барлық қолданатын заттар у болғандықтан оларды пайдаланғанда сақтық шараларын қарастыру қажет, тағамдарды, өсімдіктерді, жайылым жерлерді, ашық су қоймаларын ластамайтын болуы керек. Инсектицидтердің тиімділігі қолданатын препараттың улылығынан, мөлшерінен, қолдану уақытынан, ауаның температурасынан, залалсызданатын жердің санитарлық жағдайынан байланысты.

Инсектицидтер жәндіктердің денесіне түрлі жолдармен түседі – сыртқы қабат, тыныс алу, ас қорыту жүйесі арқылы.

Денеге түсу жолына қарай инсектицидтер 3 топқа бөлінеді:

  1. Контактты инсектицидтер.
  2. Ішек инсектицидтері.
  3. Фумиганттар.

Контактты инсектицидтер жәндіктердің сыртқы қабаттары арқылы денесіне түседі. Контактты инсектицидтер қолданатын заттың химиялық құрылысына қарай хлорорганикалық, фосфорорганикалық, карбаматтар, пиретроидтар және өсімдік заттары болып бөлінеді.

Хлорорганикалық заттарға гексахлоран, ГХЦГ, линдан, ДДТ жатады, олар қоршаған ортада ұзақ уақыт сақталады, адамның, малдардың денесінде, өсімдіктер мен топырақта жиналып, бірнеше жылға дейін кері әсерін тигізеді.

Гексахлоран – кристалл түрдегі ақ түсті зат, органикалық ерітінділерде жақсы ериді, α, γ, β изомерлері бар. Иісі өткір жағымсыз, ұзақ сақталады. Гексахлоран 15 % эмульсия, 6-12 % дуст, 3 % инсектицидтік сабын түрінде шығарылады.

Фосфорорганикалық инсектицидтер қоршаған ортада ұзақ сақталмайды, жиналмайды, өте тиімді, сондықтан тәжірибеде кеңінен қолданылады: хлорофос, ДДВФ, карбофос, трихлорметафос-3, дифос, метилнитрофос, сульфидофос.

Өсімдіктерден жасалған инсектицидтерді бит, бүрге, таракандарға қарсы бұрыннан қолданып келеді. Пиретрум – көп жылдық түймедақ гүлдерін кептіріп жасалады, шыбын, маса, кене, бит, бүргеге қарсы қолданылады. Пиретрумды уайт-спиртте немесе керосинде тұндырып 0,06 % флицид түрінде қолданады. Синтетикалық пиретроидтар жәндіктердің нерв жүйесін салға әкеліп соқтырады, аса улы емес, қазіргі кезде неопинапин, неопин, неопинат кеңінен қолданылады.

Керосин – тұнық сұйықтық, оның түсі тазалау сапасына байланысты өзгереді. Тазаланған керосин суда ерімейтін, ақшыл тұнық сұйықтық, улы заттарды еріту үшін қолданады немесе су қоймаларындағы масаның жұмыртқасы мен дернәсілдеріне қарсы қолданылады. Хлорланған керосинді алу үшін 1 литр керосинге 50 гр хлор әгін қосып 6-7 сағат тұндырады, кейін сүзіп алып қолданады.

Ішек инсектицидтері жәндіктердің ішегіне түскенде ғана әсер етеді, сондықтан жалап-кеміретін жәндіктерге қарсы (шыбын, таракан) және су қоймаларына шашу, себу үшін қолданылады. Бор қышқылы – ақ түсті кристалды ұнтақ, суда жақсы ериді, таракан, биттерге қарсы қолданылады. Таракандарға қарсы боракстан наннан улы жем дайындайды: 3 шәй қасық бор қышқылын 1 стакан суға ерітіп нан батырып қояды. Бас биттеріне қарсы 5% бор майын қолданады. Бура түссіз кристалл, тек ыстық суда ериді, таракандарға қарсы қолданылады. Еліктіргіш дайындау үшін бураны табада қыздырып 1:1 қатынаста ұнмен немесе шекермен араластырады.

Натрий фториді ақ түсті ұнтақ, таракан мен құмырсқаларға қарсы қолданылады 50-80 % приманка түрінде, жәндіктер 5-6 күннен кейін өледі. Бутадион – ақ түсті, әщі дәмді синтетикалық дәрілік препарат. Бутадион 0,05 немесе 0,15 гр таблетка және ұнтақ түрінде шығарылады. Бутадионды ішкенде 14 тәулік ішінде адамның қанында сақталады, қан соратын бит, маса, кене, бүргелерге улы болады. Бөртпе сүзегі ошағында биттерге қарсы қолданылады.

Фумиганттар – газ және бу түрінде болады, жәндіктердің тыныс алу жүйесі арқылы түсіп әсер етеді. Фумиганттарға гексахлоран, ДДВФ, дихлорэтан, метилхлорид, нафталин, күкірт ангидриді, метилбромид жатады.

Дихлорэтан – хлороформ иісті, түссіз сұйықтық, тағам өнімдерін, астықты газдау үшін жәндіктерге қарсы қолданылады.

Этилен оксиді – ұшатын сұйықтық, жарылыс беруі мүмкін, камералық дезинсекция, дезинфекция үшін қолданылады, өте тиімді.

дезинсекция қазақша
Мамандардың дезинсекция жасау кезіндегі көрінісі

Дезинсекциялық заттардың қолданатын түрлері

Дезинсекциялық заттар – бұл бір немесе бірнеше химиялық заттан құралған, қолайлы, қажетті түріне келтірілген заттар. Қолданатын заттың түрі, құрамы, дайындау әдісі заттың физикалық және химиялық қасиетін өзгертіп оның тиімділігіне әсер етеді. Дезинсекциялық заттың бір заты негізгі әсер етуші, басқалары қосымша әсер беруші болады, яғни негізгі заттың әсерін күшейтеді немесе қажетті, тиісті түрі береді.

Инсектицидтің түрін таңдағанда жәндіктің биологиялық ерекшелігін, даму кезеңін және денесіне түсу жолын ескеру қажет. Инсектицидтер ерітінді, ұнтақ, дуст, суспензия, гранула, эмульсия, аэрозоль, сабын, паста, май түрінде шығарылады.

Инсектицидтік ерітінділерді дайындау үшін суда ерімейтін ерітінділерді органикалық еріткіштерде ерітеді.

Дуст – инсектицидтен және қосымша заттан құралған қосынды. Қосылатын зат негізгі заттың көлемін көбейту үшін, көп көлемдегі жерге себу үшін қажет. Дусттың құрамында инсектицид 10-20% болады, қалғаны қосымша заттар. Дусттар ұзақ уақыт сақтағанда бұзылмайтын, ылғалданбайтын, түйіршіктенбейтін, жақсы себілетін болуы керек. Дуст ұзақ уақыт сақталуы үшін су сіңірмейтін инсектицидтер немесе қосымша заттар қосылады.

Суспензия – дуст немесе ұнтақты суда еріту арқылы дайындалады. Суспензия дайындауға арналған заттар ұзақ сақталатын, суда жақсы еритін болуы қажет. Суспензия дайындау кезінде инсектицидтің техникалық құжатына сәйкес өлшеп алады, шелекке салып ағаш қалақшамен біркелкі ерітінді пайда болғанға дейін араластырады, кейіннен қажетті мөлшерде су құйылады.

Гранула –дустқа ұқсас, бірақ көлемі ірілеу 0,1-0,5 мм. Гранула топырақ, тағам мен астықтағы зиянды жәндіктерді жою үшін қолданылады, ұзақ уақыт бойы әсер етеді, үнемді.

Эмульсия – ерітілетін зат пен еріткіш сұйықтық түрендегі жүйе. Бір ерітіндіні екінші ерітіндімен араластыру және тұрақты болуы үшін эмульгатор қосу арқылы дайындалады. Эмульгатор ретінде желатин, каучук, сабын, смола және синтетикалық белсенді заттар қолданылады. Бірнеше эмульгатор қосылуы мүмкін. Эмульсия 2 түрде шығарылады, бірінші тобы қою сұйықтық немесе паста, екінші тобы минералды майлар қосу арқылы дайындалады. Ерітінді дайындау үшін эмульсияны сумен араластырады.

Паста – құрамында 25% кем емес ұнтақ түріндегі химиялық зат қосылған қою май. Өндірісте шығарылатын паста тұрақты емес, суықта сақталғанда бұзылады. Жұмыс ерітіндісін дайындау үшін паста су қосу арқылы ерітіледі.

Сабындар – физикалық, химиялық қасиеті бойынша жақсы ериді және улы заттарды жақсы ұстайды. Өндірісте құрамына ДДТ, ГХЦГ қосылған сабындар шығарылады. Мұндай сабындар кір сабынға ұқсайды, бірақ арнайы иісі болады. Сабынды ерітінді дайындау үшін уайтспирит, скипидар, вазелин қолданылады.

Аэрозольдер – инсектицид қосылған зат (49-сурет). Аэрозольдер арнайы генератор арқылы, жанатын заттарды өртеу, шашка немесе қағаз өртеу арқылы, немесе арнайы баллон арқылы қолданылады. Инсектицидті түтін алу үшін қағаз, картон, шүберекке ұнтақ сеуіп өртейді не шашка, таблетка қолданылады. Аэрозольді инсектицидтік қағаз дайындау үшін фильтрлі қағазға 5-7% селитра ерітіндісін және инсектицид құйып кейіннен кептіреді. Қолдану кезінде қағаз тез жанбайтын, ұзақ уақыт түтеп тұратын болуы керек. Түтіндеу арқылы ұшатын жәндіктер, жерге түскенде жорғалайтын жәндіктер жойылады.

Термиялық аэрозоль ретінде өндірісте шығарылған шашкалар қолданылады. Шашка металл немесе картоннан жасалған цилиндр, оның ішіне инсектицид салынады, қақпақпен жабылады. Шашка кеуірт секілді жағылады, жанғаннан кейін инсектицид босайды, түтін, бу және газ болып шығарылады. Шашка жағылғаннан кейін адам бөлмеден шығып, есікті тығыз жабуы қажет. Түтін 1-1,5 минут шығады.

Репелленттер – жәндіктерді шошытатын заттар, маса, кене, бүрге, шіркейлерге қарсы орманда, далада қолданылады. Репелленттерді теріге май, крем, лосьон түрінде жағады немесе киімге, қорғайтын торға, перде, есік, терезеге аэрозоль, эмульсия түрінде қолданады. Денеге жаққан репеллент жәндіктерден 1,5-6 сағатқа дейін қорғайды. Киімді өңдеу үшін үлкен ыдысқа ерітінді дайындап киімді 15-30 минутқа батырып қояды.

Биологиялық әдісте жәндіктердің табиғи жауларын қолданады. Мысалы, масаларға қарсы маса жейтін қаздар қолданылады.

Сонымен қатар бірнеше тәсілдер қолданады:

  1. Шошытатын немесе тартымды заттар (аттраканттар)
  2. Рентген және γ-сәулелерімен стерилденген, ұрықтары жойылған аталық жәндіктер.
  3. Химиялық әдістерді қолданып жыныстық стерилдеу.
  4. Патогенді микроорганизмдермен жұқтырып, ұрпақтан ұрпаққа тарату.
  5. Жәндіктердің генетикалық құрылысын бұзу.

Аттраканттар – тартымды заттар, тағаммен, иіспен немесе жыныстық ферменттермен жәндіктердің сезу мүшесіне әсер етеді. Маса, шіркейлер жануарлардан шығатын иіспен табады. Бөлме ішінде аттраканттарды қолдану арқылы маса, таракандарды жоюға болады.

Жәндіктерді ионды сәулелермен, рентген және γ-сәулелерімен өңдеу арқылы аталық түрін жыныстық залалсыздау әдісі қолданылады. Сәулелендіру әсерінен аталықтардың хромосомдарында, гендерінде физикалық және химиялық өзгерістер пайда болады, табиғатта жәндіктердің бұл түрі бірте-бірте жойылады.

Жәндіктердің өсуін қадағалайтын заттар және гормондардың синтетикалық түрі қоршаған ортаға қауіпсіз, қолдануы оңай және тиімді.

Дезинсекцияның сапасын өңдеу жасалғаннан 3-10 тәуліктен кейін және айына 1 рет тексереді. Дезинсекция сапасын бағалау үшін 2 әдіс қолданады:

  1. Визуалдық тексеру – жәндіктердің мекендейтін жерін тексеру немесе тұрғындардан, қызметкерлерден сұрау арқылы анықтау.
  2. Өлген жәндіктерді зерттеу немесе жабысқақ қағаз қойып аулау арқылы.

Егер жабысқақ қағазға 1-2 бит түссе – аз, бірен-саран; 3-10 бит түссе – көп, 10 көп бит болса өте көп деп бағаланады. (сурет 10,11,12. )

Дезинсекция бақылауы үшін тест-обьектілер қолданылады:

  1. Арнайы микробтардың культурасы сіңген қағаздар, оларды мешоктарға салып, 15-20 нүкте орнына киімге саламыз. Уақыт біткен соң, тест-обектіні алып, ет –пептанды бульонға егіп, термостатқа салып қоямыз. 1 күн өткен соң, егер пробиркада өсу білінбесе, бактериоцидтік эффект өте жақсы әсер етті деп айта аламыз.
  2. Дезинсекция үшін тест-инсект дайындаймыз. Мысалы биттер және оның жұмыртқасын мешоктарға алып, киімнің арасына қоямыз. Уақыт біткен соң, мешокты алып, 21 күн бойы бақылау жүргіземіз, олардың өлгенін анықтаймыз.

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!