Бас мидағы қан айналым

Бас ми қан айналысы

Қазіргі уақытта бас ми тамырларының аурулары үлкен маңызға ие. Бұл тұрғындар арасындағы қарт және егде жастағы адамдардың жоғарылауымен, сонымен қатар экономикасы дамыған елдердегі урбанизация факторларының кері әсер етуімен байланысты. Ми қан тамырлары зақымдануының клиникалық белгілерін түсіну үшін мидың қанмен қамтамасыз етілу ерекшеліктерін білудің маңызы зор. Ми қан айналысы екі артериялық жүйе: ішкі ұйқы және омыртқа артерияларымен қамтамасыз етіледі.

Бас – ми қан айналысы екі артериялық жүйе: ішкі ұйқы (aa. Carotis internes) және омыртқа артериясымен (a.vertebralis) қамтамасыз етіледі. Ішкі ұйқы артериясы – жалпы ұйқы артериясының тармағы, ол сол жақта – тікелей аортадан (қолқадан), ал оң жақта – оң бұғана асты артериясынан шығады. Аталмыш артерия бас сүйек қуысына үлкен шүйде тесігі арқылы кіріп, одан түрік ершігінің және көру нервтері қиылысының екі жағынан шығады. Ішкі ұйқы артериясының тікелей жалғасы – орталық ми артериясы мидың төбе, маңдай және самай бөліктерінің арасында сильвиев қыртысы бойымен жүреді. Ішкі ұйқы артериясы ми астында алға қарай тік бұрыш жасап, алдыңғы ми артериясына ұласады. Екі алдыңғы ми артериясы алдыңғы біріктіруші артерия (a.communicans anterior) арқылы анастомоз жасайды. Екі артериялық жүйенің (каротидтік пен вертебралдық) байланысы виллизиев артериялық шеңбері арқылы  іске асады. Виллизиев шеңбері: негізгі артерия, артқы ми артериясы, артқы біріктіруші, ішкі ұйқы, алдыңғы ми, алдыңғы біріктіруші артериядан пайда болады. Виллизиев шеңберлерінің тармақтары ми ішіне кірмей, оның сыртына жайылады да, тік бұрыш жасап шығатын көптеген жіңішке бұтақшаларға біртіндеп бөлінеді. Олар үлкен жарты шарлар сыртында қан ағымының біркелкі таралуын қамтамасыз етіп, ми қыртысын қан тамырлармен қамтуға қолайлы жағдай жасайды.

Алдыңғы ми артериясы бассейнінде қан айналысының бұзылуы.

Алдыңғы ми артериясы маңдай және төбе бөліктерінің іш жағынан алдыңғы және артқы орталық қатпарлардың үстіңгі бөліктерін, сүйелді денені, иіс сезу даңғылын және иіс сезу миын, құйрықты ядроның басы мен сыртқы бөлігін, ішкі капсуланың алдыңғы санын қанмен қамтамасыз етіледі. Ми қыртысы  тармақтары жарты шарлардың сыртынан төмен түсе орталық ми артериясымен анастомоз жасайды. Сөйтіп, алдыңғы және артқы орталық қатпарлардың ортаңғы бөлігі қанмен екі бассейн арқылы қамтамасыз етіледі.

Алдыңғы ми артериясында қан айналысының бұзылу симптомдары:

  • Патологиялық ошаққа қарама – қарсы жақта әркелкі гемипарез бен гемигипестезия және аяқтар жағында парез басымырақ болып, қол парездері тез жойылып кетуі;
  • Бет бұлшық еттері мен тілдің орталықтан парезге ұшырауы;
  • Сүйелді дененің зақымдануынан сол жақтан апраксия болуы;
  • Тепе – теңдігі бұзылуынан патологиялық ошаққа қарама – қарсы жақта гемиатаксияның болуы;
  • Парацентральдік бөліктің жұмсарып кетуіне байланысты зәр тоқтамауы;
  • Психиканың өзгеруі;
  • Бозғылт шардың зақымдануынан бұлшық еттердің ширығып қатаюы;
  • Иіс сезудің бұзылуы;

Ортаңғы ми артериясы бассейнінде қан айналысының бұзылуы

Ортаңғы ми артериясы үлкен жарты шарлардың сыртқы бетінің көптеген бөлігіне орналасқан ми қыртысы мен қыртыс асты ақ заттарын қанмен қамтамасыз етеді. Оның ми табанында ішкі капсуланың тізесі мен артқы санының алдыңғы 2/3 бөлігі құйрықты және вентикулярлық ядролардың жартысын, көру төмпешігін, Грациоле шоғырын, самай бөлігіндегі Вернике орталығын қанмен жабдықтайтын терең орналасқан тармақтары бар.

Алдыңғы ми артериясының айырмашылығы – ортаңғы ми артериясы ми қыртысын ғана емес, ақ заттың бірталай бөлігін, оның ішінде алдыңғы ми артериясының бассейніндегі ми қыртысы астыңдағы орталық бөліктің жоғарғы жағын да қанмен қамтамасыз етеді. Сондықтан ортаңғы ми артериясының тереңдегі орталық тармағының бітелуінен бетті де, қолдарды да, аяқтарды да қамтитын біркелкі гемиплегия, ал орталық алды тармағының бұзылуынан бет пен қолда айқынырақ білінетін бұлшық еттердің әр деңгейдегі гемипарезі пайда болады.

Ортаңғы ми артериясы бассейнінде қан  айналысының бұзылу симптомдары:

  1. Патологиялық ошаққа қарама – қарсы жақта гемиплегияның болуы
  2. Патологиялық ошаққа контралатералды гемигипестезия немесе гемианестезия;
  3. Патологиялық ошаққа қарай бастың бұрылуы мен жүз аударылуы;
  4. Маңдай бөлігіндегі Брок орталығының зақымдануынан моторлық афазияның пайда болуы;
  5. Самай бөлігіндегі Вернике орталығы зақымдануына байланысты сенсорлық афазия немесе сөйлеу қабілетінің мүлде бұзылуы;
  6. Төбе бөлігінің сол жақ төменгі полюсі зақымдануынан екі жақты апраксияның болуы;
  7. Төбе бөлігінің жоғарғы зақымдануынан астереогноз, анозогнозия, дене үлгісінің бұзылуы;
  8. Самай бөлігіндегі Грациоле шоғырының зақымдануынан контралатералдық гемианопсия;
  9. Алдыңғы түкті артерия бітелуінен гемиплегия, гемианестезия, гемианопсия, таламустық ауырсыну, қол – аяғы ісінуімен қатар, өрескел вазомоторлық бұзылымдар түріндегі клиникалық синдромның пайда болуы;

бас ми қанайналымы

Артқы ми артериясы бассейнінде қан айналысының бұзылуы

Артқы ми артериясы  ми қыртысы мен шүйде бөлігіндегі субкортикалдық ( қыртыс астындағы) ақ затты, төбе бөлігінің арт жағын, самай бөлігінің төменгі және артқы жақтарын қанмен қамтамасыз етеді. Артқы ми артериясы негізгі артериядан       (a. basillaris) шығатын тұсында көру төмпешігінің артқы бөлімдерін, гипоталамусты, сүйелді денені, құйрықты ядроны, жартылай Грациоле шоғырын, Льюис денесін қанмен қамтамасыз ететін бірнеше терең тармақшаларға бөлінеді. Артқы ми артериясы сонымен қатар төрт төмпешік пен ми аяқшаларына қан келтіруге қатысады. Артқы ми артериясы бассейнінде қан айналысының бұзылуының белгілері:

  • Сол жақ шүйде бөлігінің сырты зақымдануына байланысты көру агнозиясы;
  • Патологиялық ошаққа қарама – қарсы жақта көру агнозиясы
  • Төбе, самай және сол жақ шүйде бөліктерінің көршілес аймақтарының зақымдануынан амнестикалық афазия;
  • Хореатетоз;
  • Орталық ми зақымдауына байланысты альтернативтік синдромдар;

Көру трактыларының артқы бөлімдері зақымдануына байланысты патологиялық ошаққа қарама – қарсы жақта толық, жартылай гомонизмдік гемианопсияның болуы және көз торының көрмейтін бөлігінен көз қарашығы реакциясының білінбеуі.

ОМЫРТҚА АРТЕРИЯСЫ

Бұғана асты артериясынан  басталып,мойын омыртқасы көлденең өсіндінің каналына кіреді де , бірінші омыртқа деңгейінде  одан шығады. Соңынан үлкен шүйде тесігі арқылы бас сүйек қуысына кіріп, сопақша ми астына орналасады.Сопақша ми мен варолиев көпірі аралығында негізгі артерияның  жалпы бағанасымен қосылады.

Әрбір омыртқа артериясынан екі тармақ шығып, төмен қарай жұлынға бағытталады.Олар бірігіп алдыңғы жұлын артериясын құрайды. Сонымен сопақша ми астында “Захарченконың артериялық шеңберінің ромбысы” қалыптасады; оның жоғарғы бұрышы негізгі артерияның, ал төменгісі алдыңғы жұлын артериясының басталған тұсы.

Омыртқа артерия бассейінде қан айналыс бұзылысы

Омыртқа артериясы сопақша миды, мишықтың артқы төменгі жақтарын және жұлынның жоғарғы сегменттерін қамтамасыз етеді.

Омыртқа артерия бассейінде қан айналым бұзылысының симтомдары:

  1. Патологиялық ошаққа қарама қарсы жақта гемиплегия мен гемигипестездің болуы
  2. Патологиялық ошақ жағындағы беттегі үстірт сезімнің бұзылысы және бас сүйек ми нервтерінің бульбар тобының зақымдану белгілері
  3. Захарченко Валленбергтің альтернациялық синдромның даму мүмкіндігі
  4. Статика мен тепе теңдік бұзылысы.

Артқы төменгі мишық артериясы –  сопақша мидың жоғарғы бүйір бөлімдерін (жіп тәрізді дене, вестибулярлық ядролар, жұлын көру төмпешігі жолының бағаны) және мишықтың  арт жағындағы төменгі бөлігін қанмен жабдықтайды. Аталмыш артерия зақымдалғанда Захарченко Валленгберг синдром байқалады. Патологиялық ошақ жақта  бетте үстірт сезімнің бұзылысы, жұмсақ таңдай мен дабыл шектерінің әлсіреуі, көздегі симпатикалық нервтің бұзылысына байланысты Горнер синдромы пайда болады.

Базиллярлық артерия бассейнінде қан айналысының бұзылуы.

Базиллярлық артерия варолиев көпірі мен мишықты қанмен қамтамасыз етеді. Мишық қан айналысы үш жұпты мишық артериялары арқылы іске асады, оның екеуі – негізгі (базиллярлық) артерияның (жоғарғы және алдыңғы төмен), ал біреуі (артқы төмен) – омыртқа артериясының тармақтары. Базиллярлық артерия бітелуінің белгілері:

  • Қол мен аяқтың салдануы;
  • Бір немесе екі жақтан сезімділіктің бұзылуы;
  • Бет, тіл, көз қозғалтқыш, көру бас сүйек ми нервтерінің қосарлана зақымдануынан көбінесе альтерниялық ми бағандық синдромдардың пайда болуы;
  • Бұлшық ет тонусының өзгеруі;

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Балалардағы бас ми жарақат ерекшелігі
  2. 12 жұп бассүйек ми нервтері
  3. Бассүйек ми жарақаты
  4. Бүйірлік амиотрофиялық склероз
  5. Аяқтағы қанайналым бұзылысы

 

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!