Балалардағы гипотрофия
ГИПОТРОФИЯ– физикалық және нервті-психикалық дамудың тежелуімен, зат алмасудың бұзылуымен және иммунитеттің төмендеуімен ситаптталатын ерте жастағы балалардың ауруы.
Жалпы мәліметтер: Гипотрофияның дәрежесі болу керек салмақпен фактілі түрдегі салмақтың айырмасының болу керек салмаққа қатынасының 100 көбейтілген мөлшерімен анықталады және процентпен көрсетіледі:
Салмақ жетіспеушілігі (%) = (болу керек салмақ- фактілі салмақ) х 100
Болу керек салмақ
Болу керек салмақты туғандағы салмағын және ай сайын қосу керек салмағын ескере отырып анықтайды. Ай сайынғы қосу керек мөлшерді ескере отырып бой ұзындығының жетіспеушілігін де анықтайды.
Әр түрлі себептерден болатын гипотрофияның жиілігі ерте жастағы балаларда 10-11 % дейін жетеді. Соңғы жылдары ерте жастағы балалардағы созылмалы тамақтану бұзылыстарының құрылымы өзгерген. Оның ішінде алиментарлық гипотрофияның 2-3 дәрежесімен ауыратын балалар саны азайып отыр. Пренатальды гипотрофия және әр түрлі аурулар барысында дамитын гипотрофия басым болуда.
Этиологиясы және патогенезі. Туа біткен пренатальды гипотрофияның себебі әр түрлі болуы мүмкін: бұл жүкті әйелдің әр түрлі аурулары (токсикоз, жүрек-қан тамыр және зәр шығару жүйесінің аурулары, жиі аборттар, кәсіптік зияндылықтар, нашар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар және т.б.) . Постнатальды гипотрофияға әр түрлі аурулар әкелуі мүмкін.
Бейімдеуші факторлар. Бұл ерте жастағы балалардың ас-қорыту жүйесіндегі және зат алмасудағы анатомо-физиологиялық ерекшеліктері. Көп жағдайда гипотрофия баланың өмірінің алғашқы жарты жылында дамиды. Жоғарыда аталған этиологиялық факторлар соңында баладағы ашығуға әкеліп, гипотрофияның тікелей себебі болып келеді. Ас қортыу процесі тағамның түсуінен, ыдырауынан, сіңірілуі мен жинақталуынан, шығуынан тұрады. Осы кезеңдердің біреуінің бұзылуы гипотрофияға әкеледі. Бұл кезде алмасудың барлық түрі өзгеріп, ол клиникалық түрде гипо-, авитаминозға, сусыздануға, организмнің иммунобиологиялық қасиеттерінің кенет төмендеуіне, дене қызуының тұрақсыздығына әкеледі.
Гипотрофияның жіктелуі
Этиологиялық формасы | Ауырлық дәрежесі | Кезеңі |
1.Біріншілік (жеке нозологиялық форма): а) алиментарлы б) күту және тәрбиелеу ақаулары 2.Екіншілік а) инфекциялық аурулар, әсіресе асқазан-ішек трактісінің аурулары; б) туа біткен аурулар; в) зат алмасудың тұқым қуалайтын аурулары; г) Жүкті әйелдің аурулары – туа біткен гипотрофия (невропатиялық, нейроэндокринді, нейродистрофиялық); д) эндокринді және неврологиялық аурулар; | Жеңіл (10-20%) Орташа (21-30%) Ауыр (31% және одан жоғары) | Бастапқы Үдемелеу Тұрақтану |
Жастық аспектілері: негізінде алиментарлық факторлар мен күту ақаулары жататын гипотрофия баланың өмірінің алғашқы жылында, әсіресе алғашқы алты айда дамиды. Екіншілік гипотрофияның дамуы екінші-үшінші жылдары да мүмкін, бірақ көбінесе (90% жағдайда) бірінші жылы байқалады.
Жанұялық аспекті: Біріншілік гипотрофия әдетте әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмен жанұяларда (жеткілікті және ұтымды тамақтанбау, күтім мен тәрбиелеудің нашар болуы, анасының зиянды әдеттері) дамиды.
Диагностикалық белгілері:
Тірек белгілері:
– жеткіліксіз, кейде тоқтап қалғанға дейін болатын, дене салмағын қосудың тежелуі, одан ары бой өсуінің тежелуі;
- дененің барлық жерінде, әсіресе ішінде тері асты май қабатының жұқаруы немесе жоқ болуы;
- тіндердің тургорының төмендеуі, бұлшықет көлемі мен тонусының төмендеуі;
- психомоторлық дамуда артта қалу, одан ары меңгерген дағдыларды жоғалту;
- ауыр өтуінде сусызданудың айқын болуы, дене қызуының тұрақсыздығы, гипо- немесе авитаминоз;
Факультативті белгілері:
- тежелу немесе жоғары қозғыштық;
- тері жабындылары мен шырышты қабаттардың бозаруы;
- жүрек тондарының тұйықталуы, систолалық шудың пайда болуы;
- бауырдың аздап ұлғаюы;
- метеоризм, нәжістің тұрақсыз болуы (іш қатулармен бірге, іш өту);
Тексерудің лабораториялық және инструментальдық әдістері:
- қанның жалпы анализі (анемия белгілері);
- зәрдің жалпы анализі (зәрдің тығыздығының жоғары болуы және эпителий экскрециясының жоғары болуы мүмкін);
- копрограмма (шырыш, лейкоциттер, нейтральды май, кейде бұлшықет талшықтары);
- бақылау өлшеулері (тамақтандырғанға дейін және одан соң);
Қосымша тексеру әдістері:
- қанның биохимиялық тексеруі (жалпы белок және оның фракциялары, Са, Р, натрий, калий, холестерин, сілтілі фосфатаза, трансаминазалар, амилаза);
- зәрді ацетонға тексеру;
- ЭКГ;
Тексеру кезеңдері
Дәрігер бөлмесінде:
Анамнез:
- жанұя мүшелері туралы мәліметтер, психоэмоциональды факторлар, материальдық-тұрмыстық жағдайлары;
- баланы күту сапасы, тамақтануды ұйымдастыруы және медициналық тексеруді ұйымдастыру;
- жүктіліктің өтуі, жүктілік кезінде басынан өткерген аурулары;
- анамнезінде уақытынан бұрын босану, аборт жасау жағдайларының болуы;
- босану анамнезі және Апгар межесі бойынша көрсеткіші (Апгар межесі баланың босану кезінде алған жарақатары туралы мәлімет береді. Сол кезде болған неврологиялық бұзылыстар баланың одан ары тамақтану қабілетін бұзуы мүмкін);
- баланың жатыр ішінде дамуындағы қолайсыз факторлар туралы мәлімет пренатальды гипотрофия себебін анықтайды (жүкті әйелдің темекі шегуі, арақ ішуі, есірткі қолдануы, жүктілік кезіндегі аурулары);
- баланың нервті-психикалық дамуын бағалау;
- баланың басынан өткерген аурулары, олардың өту ерекшелігі мен ұзақтығы;
- басқа да симптомдар мен синдромдар;
Объективті қарау:
- бой ұзындығы мен дене салмағын, сонымен қатар бас аумағы мен кеуде аумағын өлшеу;
- тері асты-май қатпарларының қалыңдығын анықтау, ол гипотрофия дәрежесін анықтауға көмектеседі;
- баланы жалпы қарау (жай қарап өткеннің өзінде баладағы күтім ақауларын, гигиеналық тәртіптің сақталу-сақталмауын, туа біткен ақауларды, тәрбиелеу ақауларын көруге болады);
Емханада:
- қан мен зәрдің жалпы анализі;
- капрограмма;
- зәрді ацетонға тексеру;
- ЭКГ;
Ауруханада:
- дене салмағы мен бой ұзындығын күнделікті тексеру;
- қанның биохимиялық тексеруі;
Біріншілік гипотрофия кезінде тексерулерді осымен аяқтауға болады, ал екіншілік гипотрофия кезінде (асқазан-ішек трактісінің аурулары, муковисцидоз, тұқым қуалайтын алмасу аурулары, неврологиялық және басқа да аурулар) маманданған стационарларда толық тексеру жүргізілуі керек.
Клиникалық өтуінің варианттары
Гипотрофияның клиникасы ауырлық дәрежесіне, пайда болу уақытына, сонымен қатар оған әкелген негізгі ауруға байланысты ерекшеленеді.
Гипотрофияның 1 дәрежесі кезінде тері асты май қабатының іште және санда жұқаруы байқалады. Баланың салмақ қосу кестесі бірқалыпты болады. Баланың бойы, психомоторлық дамуы жастық көрсеткіштерге сай, көңіл-күйі өзгермеген болады.
Гипотрофияның 2 дәрежесі кезінде салмақ қосу кестесі жалпайған, тіндердің тургоры төмендеген, тері асты май қабаты сандардың ішкі бетінде біршама жұқарып, тері қатпары салбырап тұрады. Баланың тәбеті мен тамаққа толеранттылығы төмендеген, психомоторлық дамуда артта қалады, терморегуляция қызметі бұзылған (қоршаған ортаға байланысты тез қызады және тезсалқындап қалады).
Гипотрофияның 3 дәрежесі кезінде тері асты –май қабаты жоқ, ісіктер болуы мүмкін, бала тежелген, психомоторлық дамуда артта қалған, бұрын меңгерген дағдыларды жоғалтқан. Дене қызуын реттеу қызметі бұзылған, қоршаған ортаға байланысты. Иммунитеттің біршама төмендеуіне байланысты жиі инфекция ошақтары анықталады (отит, пневмония).
Гипотрофияның өтуі көбінесе оның пайда болу уақытына байланысты болады. Нейродистрофиялық гипотрофияға дене салмағының бірталай артта қалуы (50%) мен тұрақты анорексия тән. Нейроэндокринді гипотрофия кезінде балалар бойы аласа болып, гипотрофия, нанизм, псевдогидроцефалия, микроторакоцефалия белгілерімен және әр түрлі эндокринді бұзылыстармен туады. Пренатальды гипотрофияның ауыр түрі энцефалопатиялық гипотрофия – дене салмағының біршама жетіспеушілігімен, анорексиямен, психомоторлық дамуда біршама артта қалумен сипатталады, мұның барлығы орталық нерв жүйесінің органикалық зақымдалуын көрсетеді.
Этиологиясы басқа екіншілік гипотрофиялар кезінде (жедел инфекциялық аурулардан басқа) клиникалық белгілері негізгі аурудың үдеуіне байланысты біртіндеп дамиды.
Ауырлық дәрежесін бағалау: Біріншілік гипотрофия кезінде баланың жағдайының ауырлығының белгілері болып оның жүдеуі, әр түрлі іріңді-инфекциялық асқынулардың болуы табылады, ал екіншілік гипотрофия кезінде тек қана гипотрофия дәрежесі емес, сонымен қатар негізгі аурудың сипаты да ескеріледі.
Асқынулар: жиі суық тиіп ауру, іріңді-септикалық аурулар, екіншілік иммундық жетіспеушілік жағдайларының дамуы.
Аурудың ұзақтығы. Дер кезінде емдеу шаралары жүргізілетін болса біріншілік гипотрофиямен балалар 2-3 аптада салмақ қоса бастайды, көңіл-күйлері жақсарады, қоршаған ортаға қызығушылықтарын білдіреді. Екіншілік гипотрофия кезінде барлығы негізгі аурудың сипатына байланысты.
Болжам гипотрофияға әкелген себептер мен оны жою мүмкіншіліктеріне байланысты. Біріншілік гипотрофияның 3 дәрежесі кезінде болжам үнемі қауіпті, летальдылық 30 % дейін болады.
Диагнозды қою үлгісі:
Екіншілік пренатальды гипотрофия, 3 дәрежелі, нейродистрофиялық форма, үдемелі кезеңі.
Біріншілік гипотрофия 1 дәрежелі, алиментарлық этиологиялы, бастапқы кезең.
Емдеу әрекеті
Ауруханаға дейінгі кезең
Үй жағдайында тамақтандыру, күту, тәрбиелеу ақауларынан болған гипотрофияның 1 дәрежесімен балалар емделеді. Емдеу шараларына кіреді:
- балаға оның физикалық және нервті-психикалық дамуын ескере отырып дұрыс күн тәртібін ұйымдастыру;
- дұрыс тамақтануды ұйымдастыру; ол емдеудің алғашқы үш күнінде сапасы бойынша барынша үйлестірілген болу керек, салмағына сай жүргізіледі. Егер бала бейімделмеген сүт қоспаларымен жасанды тамақтанатын болса бейімделген сүт қоспаларын қолдану, немесе донорлық ана сүтін қолданған одан да жақсы алғашқы үш күнде. Рационында белок жетіспейтін болса белокты энпит, ірімшік, айран берген жөн. Рационның майлы компонентін қаймақпен, майлы энпитпен толықтырған жөн. Көмірсулардың жетіспеушілігі кезінде қантты сироп, жеміс-жидек тағамдары беріледі. Тамақтануды әр 7-10 күн сайын қайта есептеу керек, соның нәтижелеріне байланысты коррекция жүргізіледі.
- Дәрілік заттардан пепсинмен бірге тұз қышқылын тағайындайды 1 % -ерітіндісін 1 шай қасықтан 3 рет күніне тамақтан 30 минут бұрын, панкреатин 0,15г х 3 рет күніне 2 апта бойы. Тәбетінің төмен болуы кезінде панзинорм 1/3 дражеден х 3 рет тамақ ішу кезінде. Екі апта бойы витаминдердің жиынтығы беріледі;
- Массаж және гимнастика;
Емдеу шараларының нәтижелілігінің белгілері
- салмақ қосу кестесі сау балалардан ерекшеленбеуі керек, ал салмақ қосу қарқыны гипотрофия жағдайынан шыққанға дейін сау балаларға қарағанда жоғары болуы керек. Дене салмағын көп қосу ішек синдромының қосылуымен қауіпті, сондықтан дене салмағын қосу сау балалардікіндей және оған оның жетіспейтін мөлшерін қосқандай болу керек. Мысалы: екі айдағы баланың дене салмағының жетіспеушілігі 15% болсын. Бала 2 айдан 3 айға дейін 800 грамм қосты, яғни күнделікті салмақ қосуы 800:30 = 27-30 грамм. Осыдан барып, бұл балаға оптимальды салмақ қосу 35 гр (30г+15% 30граммнан). Бір айда бұл бала 1050грамм (35 х 30) салмақ қосуы керек, сау балалардағы 800 грамм орнына. Осылайша емдеу шаралары дұрыс болған жағдайда ол жасына сай салмақты 1,5 айда жинайды. Егер балада күнделікті салмақ қосу көрсетілген цифлардан ауытқитын болса диетаны қайта қарастырып, соған сәйкес түзетулер енгізілуі керек;
- баланың тамаққа деген, қоршаған ортаға қызығушылығы артып, көңіл-күйі жақсарады;
- капрологиялық тексеру нәтижелері;
Алдын алу
Постнатальды кезеңде гипотрофияның алдын алу табиғи тамақтандыруды уағыздаудан, гипогалактия жағдайларын ерте анықтап, емдеуден, омыраумен емізетін ана, сонымен бірге баланың да ұтымды тамақтануын қадағалаудан, күн тәртібі мен күтуді дұрыс ұйымдастырудан, мешел мен анемияның алдын алудан тұрады.
Диспансерлік бақылау
Педиатр 2 аптада 1 рет, көрсеткіштер бойынша одан да жиірек қарайды. Ал арнайы мамандар тек көрсеткіштер бойынша қарайды. Диспансерлік бақылау барысында келесі жағдайларға аса назар аударылады: тәбеті; нәжісі; тамақтану бұзылыстарына әкелген себептер; бой-салмақ көрсеткіштері; эмоциональдық тонусы; тері жабындылары мен шырышты қабаттардың түсі мен эластикалығы; тіндердің тургоры; тері асты май қабатының айқындылығы; сүйек-бұлшықет және нерв жүйесінің жағдайы;
Қосымша тексеру әдістері: антропометрия; қан мен зәрдің жалпы анализі; нәжісті құрт жұмыртқалары мен қарапайымдыларға тексеру;
Негізгі сауықтыру жолдары: тамақтанудың бұзылуына әкелген себептерді жою; ұтымды тамақтандыру; тамақтануды есептеу, қажет болса коррекция жүргізе отырып; витамино- және ферментотерапия; массаж, гимнастика; ультракүлгін сәулелермен емдеу; таза ауа, күту, тәрбиелеу;
Диспансерлік бақылауды нәтижелілігінің белгілері: жақсы эмоциональдық тонус, қалыпты бой-салмақ көрсеткіштері, терінің түсі қызғылт, эластикалығы жақсы, тіндердің тургоры қалыпты, гемоглобин көрсеткіштері қалыпты.
Жазған: Еркебулан Молдаханов Семей мемлекеттік медицина университетінің 6 курс интерн -дәрігері