Артериялар тромбозы мен эмболиясы
Артериялардың тромбозы және эмболиясы — магистральді қан тамырлардың кенеттен бітелуі. Мүшелерге кенеттен қан жеткізілмеуінен, патологиялық реакциялар жүзеге асып, мүшенің кейде организмнің өліміне әкеледі
- Артериальді тромбоз деп артерияның өзгерген қабырғасында тромбтың түзілуін және біртіндеп өсіп, қан тамыр саңылауын бітеуін айтады.Тромбоздың негізгі себебі облитерлеуші атеросклероз.
Қан тамыр қабырғасының өзгеруінен қанда да өзгерістер дамиды, тромбоциттер бір біріне жабысып, тромбтар түзіледі.
Негізгі этологиялық факторлар:
- Қан тамыр қабырғасының зақымдалуы,
- Қан құрамының өзгеруі және
- қан ағысының бұзылуы.
Қан құрамының өзгеруі:
- 1. Қан аурулары:
- а) шынайы полицитемия (Вакез ауруы),
- б) лейкоздар.
- 2. Ішкі ағзалардың аурулары (атеросклероз, гипертониялық ауру, қатерлі ісіктер және т.б.).
- 3. Дәрілік заттар.
Қан ағызының бұзылуы:
- 1. Экстравазальді компрессия.
- 2. Аневризма.
- 3. Спазм.
- 4. Жедел қан айналым жетіспеушілігі, коллапс.
- 5. Артрияларға бұрын жасалған операциялар.
Тромбоз патогенезі:
- Барлық аталған жағдайларда қан тамыр қабырғасының эндотелийінің зақымдалуына жауап реакциясы тромбоциттердің адгезиясы және агрегациясы болып табылады. Түзілген агрегаттар тромбоциттерден босап шығатын, биологиялық белсенді заттар (простагландиндер Cg және Hg, тромбаксан Ag, АДФ, серотонин, адреналин) әсерінен ары қарай өседі. Сонымен қатар тромбоцитарлы агрегаттардың түзілуінің қарқыны эндотелийдің агрегация ингибиторы, простагландин 1 (простациклин) түзу қабілетіне де байланысты.
- Қан пластинкаларынан шығатын тромбоцитарлы факторлар және биологиялық белсенді заттар тромбоциттердің агрегациясына ғана әсер етпейді, сонымен қатар қанның ұю жүйелерін белсендіреді, фибринолитикалық белсенділікті төмендетеді. Тромбоцитарлы агрегаттар функциональді белсенді алаң түзіп, қан ұю жүйесінің активациясын және өзара әрекеттесуін тудырады. Нәтижесінде агрегат бетінде фибрин жіпшелері адсорбталады және қанның формалық элементтерін ұстап қалып, қан ұйындысына айналдыратын торлы құрылым түзіледі,
- Гемостаз жүйесінің литикалық деңгейінде бірқатар тежелулер дамығанда тромбоз тарлуы мүмкін.
Эмболия бұл тромбтың бір мүшеден екінші мүшеге ауысуы, (жүрек немесе аорта), өзгермеген қан тамырдың жедел окклюзиясы және тромбтың өсуінің артуы. Жиі эмболия жүрек ауруларының нәтижесінде дамиды (миокард инфаркты, жыпылық аритмиясы, жүрек қақпақшаларының инфекциялық зақымдануы) және ірі қан тамырлардың патологиялық кеңеюі — аневризма. Эмболдың ми қан тамырларына түсуінен инсульт, ішекке түсуінен- оның некрозы, ал аяқ немесе қол тамырларына түсуінен гангрена дамуы мүмкін
Негізгі эмбологенді аурулар.
- Атеросклеротикалық кардиопатия: диффузды кардиосклероз, инфаркттан кейінгі кардиосклероз, жедел миокард инфарктысы, жедел жүрек аневризмасы, созылмалы жүрек аневризмасы
- Ревматикалық митральді ақау.
- Жүректің туа пайда болған ақаулары.
- Септикалық эндокардит.
- Аорта және оның ірі тармақтарының аневризмасы.
- Пневмония.
- Басқалар: өкпе ісіктері, ірі қанайналым шеңберінің веналарының тромбозы ( жүрек перделерінің дефекттері болса), қосымша мойын омыртқасы.
- Белгісіз себептер.
Эмболия 40-59 жас аралығындағы әйел адамдарда жиі кездеседі.
Орналасу жиілігі бойынша эмболияның таралуы :
- аяқтар – 66,5%
- қолдар – 33,5%
- Сан артериясы – 41%
- Мықын артериясы – 18,2%
- Аорта бифуркациясы – 15,3%
- Бұғана асты артериялары – 10,4%
- Балтыр артериялары – 5,8%
- иық артериялары – 4,7%
- Қолтық асты артериялары – 1,9%.
Эмболия патогенезі:
- Көбінесе эмболдар артериялардың тарылған немесе тармақталған жерлерінде орналасады. Эмболия коллатеральді торды блоктайтын, тромбтың ары қарай дамуына жауапты айқын рефлекторлы артерияльды спазммен жүреді.
- Тромбоз немесе эмболия нәтижесінде, бітелген қан тамырлар бассейнінде қалыпты қан айналымы тоқтап, жедел ишемия дамиды. Ишемия кезінде оттектік ашығу әсерінен мүшенің қызметі тоқтап, кейін оның өлуі дамиды. Қызметінің тоқтауы ең алдымен жоғары маманданған жүйке тінінде дамиды. Басында жүйкенің тітіркенуінен қатты ауырсыну дамиды, кейін жүйке импульсінің өткізгіштігі тоқтап – аяқ немесе қолдың сезімталдығы жоғалады. Нәтижесінде бұлшық еттердің әлсіз салдануы дамиды- белсенді қозғалыстар тоқтайды.
- Жүйке тіні өлгеннен кейін бұлшық ет тіні де өле бастайды. Бұл процесс жеке бұлшық ет топтарының қатайып, буындарының қозғалысының қиындауына , кейін аяқ немесе қолды бір буында бүге алмауға әкеледі. Бұл жағдай бұлшық еттік контрактура деп аталады. Ең тіршілікке бейім тері. Кейде бұлшық ет толық өлсе де, теріде ешқандай өзгерістер анықталмауы мүмкін. Толық бұлшық ет контрактурасы аяқ-қолдың өлімін және жедел ампутация қажет екендігін көрсетеді, себебі бұлшық ет ыдырауының өнімдерінің сіңірілуі организімнің қайтымсыз улануына және тіршілікке маңызды ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеледі.
Эмболия клиникалық көрінісі
- Субъективті.
- Зақымдалған аяқ-қолда ауырсыну.
- Жансыздану сезімі, мұздауы.
- Объективті.
- Зақымдалған тері жабындыларының түсінің өзгеруі.
- Тері температурасының төмендеуі.
- Сезімталдықтың бұзылуы.
- Аяқ-қолдың буындарындағы белсенді қозғалыстардың бұзылуы.
- Ишемияланған бұлшық еттерді пальпациялағанда ауырсыну.
- Балтыр бұлшық еттерінің субрасциальді ісінуі (немес білектің).
- Ишемиялық бұлшық ет контрактурасы.
Қол және аяқтың ишемиясының дәрежелері:
- I дәрежелі ишемияда зақымдалған аяқ-қолда сезімталдық және қозғалыс бұзылысы болмайды. И1А дәрежесінде жансыздану, мұздауы, парастезиялар байқалады.И1Б дәрежесінде аяқ-қолдың дистальді бөліктерінде ауырсыну дамиды.
- II дәрежелі ишемияда сезімталдық бұзылысы дамиды, парез нәтижесінде буындарда белсенді қозғалыс бұзылады.(II А дәреже) иыққа дейін (II Б дәреже).
- Ишемияның III дәрежесінде некробиотикалық өзгерістер басталады, субфасциальді ісіну түрінде клиникасы көрінеді а (III Б дәреже) немесе тотальді (III В дәреже). Гангрена ишемияның соңғы нәтижесі болып табылады.
Эмболия диагностикасы
- Әрбір науқаста, барлық көрсетілген нүктелерден пульсацияны анықтау керек, себебі бұл латентті өтетін аяқ-қол артерияларының окклюзиясын анықтауға мүмкіндік береді.
- Аяқ-қолдың контралатеральді ассиметриялық нүктелерінен пульстың толуы мен кернеуін салыстырмалы анықтау керек, себебі окклюзиядан проксимальді орналасқан артерияның пульсациясының күшеюі окклюзия сипатын көрсететін салыстырмалы- диагностикалық тест болып табылады.
- Қан тамырдың эмболмен толық окклюзиялануы кезінде зақымдалған қан тамыр аймағында қосымша пульсация естіледі, бірақ жалғасқан проксимальді тромбоз кезінде айқын болмайды.
- Айқын спазм кезінде немесе жоғары өрлемелі тромбоз кезінде артерия пульсациясы эмболдан проксимальді жерде үзіледі, бұл диагноз қоюда қателіктерге себеп болады.
- Дистальді артериялардың пульсациясы сирек жағдайда окклюзиядан проксимальді жерде анықталуы мүмкін, бұл артерияның саңылауының толық емес окклюзиясынан немесе дистальді артериялардың колатеральдармен жақсы толуынан болады.
- Артериальді спазмды біріншілік жою нәтижесінде эмбол дистальді бағытта миграциялануы мүмкін
- Ірі магистральді артериялардың пальпациясымен қатар аускультациясын жүргізу керектігіне аса көңіл аудару керек.
- Бұл кезде анықталатын систолалық шу проксимальді орналасан тамырлардың стенозын көрсетуі мүмкін, бұл зерттеу және емдеу тактикасын өзгертуі мүмкін.
- Арнайы зерттеу әдістерінің ішінде негізгісі ангиография, ультрадыбысты допплерография және радионуклидтізерттеу әдістері.
Эмболия емі
- Негізгі емдеу әдісі оперативті: эмболия кезінде – эмболэктомия, тромбоз кезінде – тромболэктомия + рентгеноструктивті операция.
- Консервативті емге қарсы көрсеткіш жоқ, ал хирургиялық емге қарсы көрсеткіштер бар.
Хирургиялық емге абсолютті қарсы көрсеткіштер:
- агональді жағдай
- тотальді ишемиялық контрактура ( И III В дәрежесі),
- ишемияның жеңіл дәрежесі, бірақ науқастың жалпы жағдайының ауырлығы (ИН-ИIБ дәрежесі).
Салыстырмалы қарсы көрсеткіштер – жеңіл ишемия, жедел миокард инфарктысы, инсульт, операция жасалмайтын ісік және т.б. (ИН-И1Б дәрежесі) және оның өршуінің болмауы.
Басқа жағдайларда жедел операция жасау керек, бірақ кейде операцияны шегеруге тура келеді.
Операцияны кейінге шегерген жағдайда немесе операция алды дайындық мақсатымен кешенді консервативті ем жүргізіледі:
1. Тромбтың өршуін және таралуын алдын алу
- антикоагулянттар – гепарин, неодикумарин, фенилин, пелентан;
- фибринолиз активаторлары – никотин қышқылы
- антиагреганттар – реополиглюкин, трентал, пентилин, агапурин, ацетилсалицил қышқылы.
2. Тромб лизисі.
- тромболитиктер – стрептаза, стрептодеказа, авелизин.
3. Ишемияланған аяқ-қолдағы қан айналымды жақсарту.
- диадинамикалық токтар,
- магнитотерапия,
- баротерапия,
- гравитационды хирургия әдістері.
4. Жедел ишемия зонасындағы алмасуды жақсарту -витамин А, В1, В6, С, Е, преднизолон, гордокс.
5. Тіршілік үшін маңызды мүшелердің қызметін жақсарту – жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе қызметін жақсартатын препараттар.
6. Атеросклероздың өршуін алдын алу – йод препараттары, линетол, продектин, липостабил.
Бұл терапия операциядан кейінгі кезеңде жалғасады. Медикаментозды ем нәтижесіз болып, ишемия одан ары өршісе, оперативті араласуды кешіктіруге болмайды, себебі пассивті тактика аяқ немесе қолдан айырып қана қоймайды, өршімелі ишемиялық интоксикация өлімге әкелуі мүмкін.
Қорыта келе бірқатар ұйымдастыру шараларын ескеру керек. Барлық жағдайларда тромбоз және эмболия диагнозын қою үшін қан тамыр хирургымен кеңесу қажет.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Терең венаның өтімділігін анықтайтын функционалды тексерулер
- Жүрек және қан тамырлар жүйесі ауруы бар науқастарды сұрастыру
- Жүрек қантамыр жүйе ауруларын қарап тексеру. Жүрек түрткісін анықтау