Аккомодация қазақша
Нақты жағдайда көздің сындыру қабілеті үнемі өзгереді, яғни динамикалық рефракция күйінде болады. Динамикалық рефракцияның негізінде аккомодация құрылымы жатады.
Аккомодация (лат. ассоттоdatіоn — бейімдеу) — көзден әр түрлі қашықтықта орналасқан заттарды айқын ажыратуды қамтамасыз ететін қабілет. Аккомодация мағынасының бірі — ол қарап жатқан заттың бейнесі олардың орналасу қашықтығына тәуелсіз түрде әрдайым бейне көздің торлы қабығына түйіседі.
Аккомодацияның механизмі
Алысқа қарау кезінде кірпікті бұлшықет босаңсиды, ал кірпікті дененің өсінділерін көз бұршағының экваторымен байланыстыратын цинн байламдары керілген күйде болады. Көз бұршағы жайпақтанады және оның оптикалық күші минималді болады.
Жақыннан көрудің оптималді айқындығын қамтамасыз ету үшін кірпікті бұлшықет жиырылады. Бұл кірпікті денемен түзілген шеңбердің тарылуына және цинн байламдарының босаңсуына алып келеді. Өзінің серпімділігінің арқасында көз бұршағы дөңестеу пішінді болады және оның сындыру қабілеті арта түседі.
Цилиарлы бұлшықетте симпатикалық және парасимпатикалық иннервациясы бар. Парасимпатикалық талшыктармен холинорецепторлардың ьшталандырушы цилиарлы бұлшықеттердің жиырылуына соқтырады. Симпатикалық ықпалы трофикалық үдерістерді реттейді және цилиарлы бұлшықеттің жиырылуын шамалап төмендетеді.
Негізгі көрсеткіштер
Аккомодация максималді босаңсыған кезде динамикалық рефракция статикалық рефракциямен тепе-тең келеді және көз айқын көрудің алшақ нүктесінде орналасады. Динамикалық рефракцияның күшеюіне қарай айқын көрудің нүктесі біртіндеп көзге жақындайды. Аккомодация максималді керілген кезде көз айқын көрудің жақын нүктесіне орналасады.
- Аккомодация аймағы — айқын көрудің алшақ және жақын нүктелерінің арасындағы ара қашықтық. Ол клиникалық рефракцияның түріне байланысты. Эмметропия және гиперметропия кезінде ол айтарлықтай кең, өйткені айқын көрудің жақын нүктесінен шексіздікке дейін созылған. Эмметроп алысқа аккомодацияның керуінсіз қарайды. Гиперметропқа алшақтатылған заттарды көру үшін гиперметропияның дәрежесіне сай көздің сындыру қабілетін күшейту керек. Миопия кезінде аккомодация аймағы көз алдында кішкентай аумақты қамтиды. Неғұрлым миопияның дәрежесі жоғары болса, соғұрлым аккомодацияның аймағы тар болады.
- Аккомодация көлемі — көздің оптикалық күші мен орнатылған айқын көрудің алшақ және жақын нүктелерінің арасындағы айырмашылық. Аккомодация көлемі клиникалық рефракцияның түріне байланысты емес, ол цилиарлы бұлшықеттің жиырылуына және көз бұршағының серпімділік қабілетіне байланысты.
- Абсолютті аккомодация көлемі — тыныштықтан максималді керуге дейінгі аккомодация үдерісі кезінде көз бұршағының сындыру күшінің өсуі. Оны қарауды айқын көрудің алшақ және жақын нүктелеріне бекіген кезде көздің сындыру қабілетінің айырмашылығы ретінде есептейді.
- Салыстырмалы аккомодация көлемі теріс және оң (аккомодацияның қоры немесе резерві) бөліктен тұрады. Оларды келесідей анықтайды. Науқасты 33 см қашықтықта орналасқан майда баспа мәтінін оқуын өтінеді. Кейіннен, мәтінді оқу мүмкіндігі сақталған, ең күшті жинағыш (оның күші аккомодацияның теріс бөлігіне тең) және шашыратқыш (оның күші аккомодацияның оң бөлігіне тең) линзаны таңдайды.
- Конвергенция — алшақтатылған заттан жақын жатқан затқа қарауды ауыстырған кезде көру сызығының арасындағы бұрыштың кішіреюі. Конвергенция функционалды аккомодациямен тығыз байланысқан, ал олардың қатынасы рефракцияның түріне байланысты: эмметропия кезінде аккомодация конвергенцияға дәл сәйкес, гиперметропия кезінде аккомодация күшейтілген, ал миопия кезінде — әлсіреген немесе мүлде жоқ.
Аккомодацияның бұзылуы
Аккомодативті астенопия — жақын орналасқан заттармен жұмыс кезінде аккомодацияның артық күш жұмсауымен негізделген, әсіресе гиперметропия немесе астигматизм жағдайында туындайтын синдром. Көру жүктемесі кезінде тез шаршағыштықпен, конъюнктивалды қапшықта бөгде зат және шаншып ауыру сезімімен, көздің қызаруымен, бас аурумен көрініс береді.
Аккомодация спазмы (түйілуі) — алшақтатылған заттарға қараған кезде де өтпейтін үнемі максималді аккомодацияның кернеуі. Аккомодацияның түйілуінің дамуына — үлкен көру жүктемесі, аккомодация көлемінің азаюы, рефракцияның ақауы, жарықтандыру нашар кезінде, М-холиномиметиктерді қолданған кезде себеп болады. Науқастар алыстан көрудің нашарлағанына, сонымен қатар жақында жұмыс істегенде тез шаршағыштыққа шағымданады. Көздің сындыру күшінің күшею салдарынан басты фокустың алға ығысуы болады, соның нәтижесінде тіпті эмметропта да миопиялық рефракция байқалады, сондықтан аккомодацияның түйілуін кейде жалған жақыннан көргіштік деп те атайды.
Аккомодацияның салдануы — кірпікті дененің парасимпатикалық иннервациясы бұзылуымен негізделген, аккомодацияға қабілеті жоқ. Себебі: М-холиноблокаторларды дозасын асырып алу, ботулизм, дифтерия, ішек инфекциясы, бас миының қабыну аурулары мен жарақаты. Аккомодацияның салдануы кезінде айқын көрудің жақын нүктесі алшақ нүктесіне сай келеді. Науқастар жақындағы көру жұмысын аткара алмайды, олар микропсияға шағым айтады.
Пресбиопия (грек. тілінен presbys— кәрі, opsis— көру) — жасқа байланысты көз бұршағы затының тығыздалуы және оның серпімділігінің төмендеуі нәтижесінде көздің аккомодативті қабілетінің азаюы. Пресбиопияның алғашқы белгілері (жақыннан көрудің нашарлауы) 40—45 жаста дамиды. Біртіндеп аккомодация көлемі кішірейеді, 65 жастан жоғары адамдарда ол нөлге тең, яғни аккомодацияның мүмкінсіздігі туындайды (аккомодацияның салдануына сай). Айқын көрудің жақын және алшақ нүктесі сәйкес келеді және шексіздікте жатады.
Пресбиопияны түзету үшін жақыннан көруге көзілдірік тағайындалады. Көзілдіріктің күші науқастың жасына, рефракциясына (пресбиопия көздің статикалық рефракциясына әсер етпейді, яғни бұл аметропия емес) және жұмыс істеу қашықтығына байланысты. Сонымен, 40 жастағы эмметропқа жақыннан көретін көзілдірік +1 дптр күшімен жинағыш линза қажет. Әр келесі 5 жасқа +0,5 дптр қосылады, максималды 60 жаста +3 дптр-ге дейін. Бұндай шынының оптикалық күші көзден 30—33 см қашықтықта жұмыс жасауға жеткілікті, соңдықтан шынының күшін әрі қарай күшейту жөнсіз. Аметропия кезінде жоғарыда көрсетілген көрсеткіштер 0 дптр-ге емес, қазір бар рефракцияға қосылады:
- —1 дптр миопия кезінде 45 жаста сындыру күші —1 +1 +0,5 = = +0,5 дптр жақыннан көруге арналған көзілдірік қажет;
- +3 дптр гиперметропия кезінде 45 жаста сындыру күші +3 +1 +0,5 = = 4,5 дптр жақыннан көруге арналған көзілдірік қажет.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Клиникалық рефракция түрін анықтау
- Көру бұзылысын түзету жолдары
- Физикалық және клиникалық рефракция
- Бинокулярлы көру.
- Жарық сезу және бейімделу
- Перифериялық (шеткері) көру