Балантидиаз

Балантидиаз ауруы

Балантидиаз – Balantidia coli қоздыратын, жаралы колитпен, улану симптомдарымен сипатталатын зоонозды протозойлы ауру. Синонимі «инфузориялы дизентерия».

Этиологиясы. қоздырғышы Balantidia тұқымдастығына, Ciliata класына (кірпікті инфузориялар), Protozoa (қарапайымдар) типіне жатады.

Тіршілік циклы 2 кезеңнен тұрады: вегетативті, цисталы.

  1. Вегетативті түрі – 50-80 мкм ұзындығы, ені – 35-60 мкм. Денесі пеликуламен және спиральды кірпікшелермен жабылған. Екіге бөліну жолымен көбейеді, бірақ конъюгация типі бойынша жыныстық жолмен көбеюі мүмкін. Қолайсыз жағдайда бірден жойылады. Нәжісте 5-6 сағатқа дейін сақталады.
  2. Цисталар – дөңгелек пішінді, 50-60 мкм диаметрі. 2 контурлы қабаты және ядролы аппараты бар. Сыртқы ортада бірнеше апта сақталады.
Балантидиаз ауруы қазақша
Балантидиаз қоздырғышы

Эпидемиологиясы. Бұл ішектік зооноз. Қоздырғыш резервуары – шошқалар, барлық жағдайда дерлік инвазияланған. Сирек егеуқұйрықтар, иттер залалданады, бірақ олардың эпидемиологиялық ролі маңызды емес. Өте сирек жағдайда адам балантидиаздың резервуары болуы мүмкін.

Жұқтыру механизмі – фекальді-оральді.

Негізгі берілу жолы – су арқылы (шошқаның нәжісімен ластанған су). Көкөністер, топырақ аурудың берілу факторлары болуы мүмкін.

Балантидиаз шошқа ұстайтын ауыл тұрғындардың арасында кең таралған.

Патогенезі. Жұтылған цисталар тоқ ішектің жоғары бөлігіне дейін жетіп, көбінесе соқыр ішекте вегетативті түріне ауысып көбейеді. Бұл процесс әлсіз деңгейдегі улану симптомдарымен сипатталады.

Балантидиялар гиалуронидаза түзуге қабілеттілігіне байланысты тоқ ішектің шырышты қабатына енуге, шырыш асты қабатына миграциялауға бейім, нәтижесінде тоқ ішекте терең жаралар, микроабсцесстер түзіледі. Жаралар негізінен ішектің иілген жерлерінде, көбінесе соқыр, сигматәрізді және тік ішектерде орналасады. Жараларға тән сипаттама: орналасуы қыртыс айналасында, шеттері тегіс емес, түбі некроздалған массалармен жабылған, олар көбінесе желе тәрізді, қара түсті. Жараларды қоршаған шырышты қабықшалар ісіңкі, гиперемияланған болып табылады.

Іріңді, некрозды аппендицит дамуы мүмкін. Өте сирек миокард, бауыр, ащы ішек патологиялық үрдіске ұшырауы мүмкін.

Balantidia coli-ң тіршілік ету әсерінен, сонымен қатар тоқ ішектегі қабыну, іріңді некрозды үрдістер дамуының әсерінен токсикалық субстанциялар түзіліп, улану синдромының пайда болуына себеп болады.

Клиникалық көріністері. Аурудың субклиникалық, жедел, созылмалы түрлерін ажыратады. Созылмалы түрі үздіксіз немесе рецидивті ағымымен сипатталады. Балантидиаздың ошақтарында балантидияларды тасымалдаушылық кездесуі мүмкін.

Субклиникалық түрінде аурудың көріністері болмайды, эндоскопиялық зерттеу кезінде катаральды-геморрагиялық немесе жаралы колит анықталады. Шеткі қанда эозинофилия, бауырлық биохимиялық сынамаларының бұзылыстары анықталуы мүмкін.

Жедел түрінде жалпы интоксикациялық синдроммен колиттің көріністері дамиды. Олардаң айқындылығына байланысты аурудың жеңіл, орташа ауыр, ауыр түрлерін ажырату керек.

Инкубациялық кезең 1-3 апта, одан да қысқа болуы мүмкін.

Ауру жедел басталады: қызба, бас ауыруы, жүрегі айну, көптеген құсулар, әлсіздік, іштің өте қатты ауруы және диарея. Нәжісі көп мөлшерде, сұйық, жиі қан мен ірің аралас, шірік иісті, тәулігіне 3-5-тен 15-20 ретке дейін болады. Аурудың жедел сатысының ұзақтығы 2 айға созылуы мүмкін. Еңбекке қабілеттілік төмендейді, дене салмағы азаяды.

Адекватты ем қолданбағанда ауру созылмалы түріне ауысады.

Созылмалы түрі 5-10 және одан көп жылдарға созылуы мүмкін. Созылмалы рецидивті түрінде аурудың өршу кезеңі (1-2-3-4 апта) ремиссия кезеңімен (3-6 ай) ауысып тұрады. Созылмалы үздіксіз түрінде ауру монотонды, жалпы улану симптомдарымен, ішектік көріністерімен бірнеше жыл бойы өтеді. Этиотропты ем тағайындалмағанда кахексия дамуы мүмкін.

Асқынулары.

  1. жедел аппендицит
  2. Ішектен қан кету
  3. Перитонит

Дифференциальды диагностикасы.

  1. Жедел дизентерия
  2. Ішектік амебиаз.
  3. Спецификалық емес жаралы колит.
  4. Дисбактериоз.

Диагностикасы.

  1. клинико-эпидемиологиялық
  2. эндоскопиялық зерттеулер
  3. диагноз паразитологиялық әдіспен – Balantidia coli-ді нәжістен, жара түбінен (вегетативті түрін) анықтаумен расталады.

Емдеуі. Ең нәтижелі препарат болып есептеледі:

  1. мономицин 150 мың – 250 мың х 4 рет -5 күн, 5-7 күннен кейін екінші курс тағайындау керек. Ауыр ағымда 3 курс және мономицинді окситетрациклинмен 250 мың х 4 рет 7 күн қоса береді. Метронидазол, ятрен, ампициллинді қолдануға болады. Дезинтоксикациялық және симптоматикалық терапия, диета.
  2. асқынулар дамығында хирургиялық ем.

Науқастарды ауруханадан шығаруды клиникалық сауығудан және паразитологиялық зерттеулердің теріс нәтижесінен кейін болады.

Алдын алу шаралар. Эпидемияға қарсы шаралар инвазия қоздырғышының көзін, берілу жолдары мен факторларын (шошқалар, жабайы қабандар және олардың нәжістерімен ластанған тағамдар және сулар) уақытында табуға бағытталған. Тұрғындарға жеке бас гигиенасын үйретуге және оны сақтауға ерекше көңіл бөлу керек.

Әртүрлі қоршаған орта объектілерінің балантидиялар цисталарымен ластануын тексеру өткізіледі. Инвазия көзіне (ауруханаға салу, емдеу, диспансерлік бақылау), берілу жолдарын үзуге (күнделікті және қорытынды дезинфекция), жұғу факторларын тазалауға (су, тағамдар, көкөніс және т.б.) бағытталған шаралар міндетті түрде өткізіледі.

Маңызды алдын алу шараларына тұрғындар арасында, әсіресе ауылдық жерлерде, шошқа өсірумен кәсіби айналысатын адамдар, аңшылар, қасапхана және ет комбинаттары жұмысшылар ішінде кең түрде және түсінікті санитарлық-ағарту жұмысын өткізу керек.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!