Арнайы емес жаралы колит – тік және тоқ ішек кілегей қабығының жаралы деструкциялық зақымдануына және соның салдарынан ішектің стенозына, тесілуіне, қан кетуге, сепсиске т.б. себептерге алып келуі мүмкін созылмалы ауру.
Арнайы емес жаралы колит таралуы: Бұл ауру әдетте жас шақта, 20-40 жас аралығында пайда болады және әйелдерде 1,5 есе жиі кездеседі. Көбіне бүл ауруға дамыған елдердің қала тұрғындары, 100000 түрғынға шаққандағы кездесу жиілігі 30-270 шамасында. Темекі тартатын адамдардың арасында 2 есе сирек байқалған. Болжамдар бойынша никотин тоқішекке протекторлыұ әсер етеді. Таралуы жер бетінде бірдей емес, ең жиі шалдығатын Скандинавия, Солтүстік Америка, Канада, Израиль, тұрғындары. Таралу ерекшелігін этностық, генетикалық ықпалдармен байланыстырады.
Соңғы жылдары бұл аурудың егде жастағыларда (60-тан асқан шақта) және балаларда жиіленуі байқалған.
Арнайы емес жаралы колит этиологиясы:
Аурудың даму себептері белгісіз. Болуы мүмкін себептеріне ішектік инфекция (бактериялар, вирустар), кейбір дәрмектер, тағамдық аллергия, стресстік ықпалдар, өсімдік талшықтарының тапшылығы жатқызылған.
Кейбір деректерде арнайы емес жаралы колит аутоиммунды ауру деп те айтылады.
Арнайы емес жаралы колиттің патогенезі
Толық анықталмаған. Оның дамуы келесі механизмдердің қатысуымен байқалған:
- Ішек дисбактериозы – тоқішектің микрофлоралық құрамының бұзылысы; құрамы өзгерген микрофлора уытты, аллергендік әсер етіп, ішек қабырғасын қабындыруы;
- Тоқ ішек кілегей қабығының белоктық молекулалар мен бактериялық антигендерге өткізгіштігінің артуы.
- Зақымданған ішек қабырғасынан ішектік аутоантигендердің бөлінуі, оған антиденелердің түзілуі.
- Аутоиммундық процесстің өрістеуінен ішектен тыс зақымданулардың пайда болуы.
- Тоқішектің қабырғасында иммундық комплекстердің жиналуы және түзілуі, осыдан иммундық қабынудың пайда болуы.
Бұл ауруда қабыну процесі кілегейлі қабықтан басталады – эпителий мен крипталар деструкциясынан. Басым зақымданатын кілегей қабық. Кілегей қабықтың меншікті пластинкасы, крипталары лимфоциттермен (криптит), полиморфты нейтрофильдермен инфильтрацияланады. Криптит микроабсцеске, яғни крипт-абсцеске алып келеді. Олар жарылып микроскопиялық жараларға айналады. Олар бір-бірімен ұласуынан көзге көрінетін ірі жаралар қалыптасады. Бұл арнайы емес жаралы колитке тән белгі.
Арнайы емес жаралы колит жіктелуі:
Орналасуына байланысты:
- Арнайы емес жаралы проктит және проктосигмоидит;
- Арнайы емес жаралы сол бөлікті колит;
- Арнайы емес жаралы тотальді колит;
- Арнайы емес жаралы регионарлы колит.
Ағымына байланысты:
- Жедел арнайы емес жаралы колит
- Созылмалы арнайы емес жаралы колит
- Рецидив беруші арнайы емес жаралы колит
Ауырлығына байланысты:
- Жеңіл түрі – күніне 5 реттен көп қоймалжың қан мен шырыш араласқан нәжіс, қанағаттарлық жағдай, жоғары температура, тахикардия, анемияның болмауы.
- Орташа түрі – күніне 5-8 рет болатын қан мен шырыш араласқан нәжіс, аздаған дене қызуы, анемия байқалады, жағдайы қанағаттарлық.
- Ауыр түрі – ауыр диарея (күніне >8 рет); Қан, шырыш және ірің араласқан нәжіс, дене температурасы 380С-ден жоғары, анемия, жалпы жағдайы ауыр немесе өте ауыр.
Арнайы емес жаралы колит клиникалық көрінісі
Аурудың басталуы жедел және созылмалы болуы мүмкін. Клиникалық көріністе екі топ – ішектік және ішектен тыс белгілерді ажыратады. Арнайы емес жаралы колиттің симптоматикасы ішектегі қабыну үрдістерімен байланысты.
Симптомдары:
- Іштің қан, ірің, кілегеі аралас өтуі;
- Тенезмдер – дәнетке жиі-жиі отырғысы келу, отырғанда болмашы қан, кілегей, ірің бөлінеді (тік ішектің шырт түкіруі) Бұл тік ішектің аса белсенді қабынуының белгісі.
- штің ауруы (көбіне сол жақ бөлікте) тоқ ішектің зақымданған проекциясына сәйкес. Кейде ауырсыну тамақ ішкеннен кейін күшейеді.
- Интоксикациялық синдром: дәрменсіздік, адинамия пайда болады; дене қызуы көтеріледі, тәбет, салмақ төмендейді, жүрек айниды. Көбінде астенизацияның белгілері байқалады: депрессия, ашушаңдық, жвлағыштық т.б.
Ішектен тыс жүйелік зақымданулар:
- Тері және кілегей қабықтарының зақымданулары: түйінді эритема (балтырдың алдыңғы бетінде), гангреналық пиодермия, афталық стоматит т.б.
- Көздің зақымдануы: ирит, увеит, кератит т.б.
- Полиартрит: тілерсек, тізе, фалангааралық буындар зақымданады.
- Бауырдың зақымдануы: майлы дистрофия, портальді фиброз, цирроз.
- Нефрит, нефритикалық синдром (сирек кездеседі)
- Тромбофлебит, тромбоэмболиялар.
- Аутоиммундық гемолиздік анемия.
- Аутоиммундық тиреодит.
- Полигиповитаминоз, В12, фолий тапшылықты анемия.
Арнайы емес жаралы колит диагностикасы:
Қарап тексеру: Тік ішекті пальпациялау кезінде перианальді абсцесс, тік ішектің жыланкөзін, тік ішек өзегінің спазмын, қабырғасының шырышты қалыңдауын, қан, кілегей, іріңді байқауға болады.
Тоқ ішегтің эндоскопиялық зерттеуі (жедел түрінде клизмалық дайындақсыз да жүргізеді). Ректороманоскопия бұл ауруды анықтаудың алғашқы қадамы болып табылады. Зерттеуде сигматәрізді және тоқішектің шырышты қабатында ісіну және гиперемия көрінеді; Түбі ірің және фибринге толы эрозия ошақтары көрінеді. Арнайы емес жаралы колит дәнді шырышты қабықпен көрінеді.
Колоноскопия -әсіресе малиноскопияға күмәнданған кезде аурудың созылмалылығын, ауырлығын анықтауда тиімді.
Эндоскопиялық көріністен активтіліктің дәрежелерін айырады:
І дәрежелі (минимальді) – тік ішектің кілегей қабығы ісініп қызарған және жарақаттанғыш.
ІІ дәрежелі (орташа) – І дәрежелі активтіліктің көріністерімен қатар көптеген эрозиялар, фибриндік шөгінділер, ішекте мол мөлшерлі қанды және іріңді кілегей болады, тамыр өрнегі жойылған.
ІІІ дәрежелі (өте айқын) – кілегей қабықтың беті фибринді-іріңді шөгіндімен қапталған, оны сыдырғанда астынан түйіршікті, тұтас қанайтын ішектің беті көрінеді; эпителизацияланудың белгілері жоқ, көптеген жаралар мен псевдополиптер, ішек қабырғасы ригидті, өзегі тарылған.
Рентгенологиялық зерттеу:
Құрсақ қуысының жалпы рентгенологиясы кезінде арнайы емес жаралы колит кезінде 3-5% науқастарда кездесетін токсикалық мегаколоны диагностикалауға болады. Зерттеу кезінде тоқ ішектің көлденең бөлігінің пневмотизациясы байқалады. Тоқ ішектің перфорациясы кезінде бос газ көрінеді. Арнайы емес жаралы колит кезінде ирригоскопияның белгілері: гаустрацияның жоғалуы, тоқішек өзегінің тарылуы, псевдополиптер анықталады. Асқыну кезінде бұлшықеттің спазмы кезінде тоқ ішек қысқарады.
Лабораторлы анализдер:
Анемия, әр түрлі деңгейдегі анемия және лейкоцитоз, гипо- және диспротеинемия байқалады.
Дифференциялды диагноз:
Бактериялық және амебалық дизентерия. Бұл ауруды айырғанда сүйенетін мәліметтер: эпиднмиологиялық анамнез, маусымға тәуелділігі; іштің алғашқы күннен бастап өтуі, кілегейдің бөлінуі, нәжісте қан талшықтарының пайда болуы; нәжісті зерттегенде шигелла, патологиялық амебаны анықтау; ректороманоскопияның мәліметтері – ішектің тарылмауы, кілегей қабық өрнегінің сақталуы; некроз ошақтарының, псевдополиптердің, дтффузды қанағыштықтың болмауы.
Крон ауруы. Бұл жаралы колиттен айрықша, жіңішке ішекті және ішек қабырғасының барлық қабаттарын тұтас зақымдайтын ауру. Жаралардың жіңішке, саңылау тәрізділігінен ішектің эндоскопиялық көрінісі “тас көшеге” ұқсайды. Ауруды айыруға биопсия көмектеседі. Крон ауруында осы ауруға тән гранулемалар көрінеді.
Ішек ісігі. Нәжіске қан араласқанда әрдайым эндофитті өсетін ісіктерден (лимфомадан, рактан, тұқым қуалайтын полипоздан) күдіктенген жөн және оны анықтау үшін колофиброскопия жасалып, биоптат алынуы тиіс.
Арнайы емес жаралы колит асқынулары.
- Токсикалық мегаколон 3-5% жағдайда байқалады. Тоқ ішектің көлденең бөлігінің диаметрі 6 см дейін үлкейеді. Көбінесе өлімге алып келеді.
- Тоқ ішектің перфорациясы 3-5% жағдайда байқалады 72-100% өлімге әкеледі.
- Тоқ ішектің стриктуралары (3-19 % жағдайда)
- Ішектен қан кету. (1-6% жағдайда)
- Тоқ ішектің уытты дилятациясы.(1-2% жағдайда)
- Тоқ ішек рагі: 10 жылдан артық осы аурумен ауырған адамдарда тоқішек рагімен ауру қаупі жоғары болып саналады, яғни арнайы емес жаралы колит ракалды ауру болып табылады.
Арнайы емес жаралы колиттің емі консервативті жолдан басталады:
- Жеңіл сіңетін белокты диета (майлы емес ет, балық, ірімшік) Жеміс-көкөністер керек емес. Аздаған мөлшерде. Ыстық және суық тағамдарды қолданбау. Ауыр жағдайында парентеральді қоректену.
- Детоксикация, ақуызды, су-электролитті балансты коррекциялау мақсатында инфузионды терапия.
- Антибиотикотерапия
- Седативті препараттар (кіші транквилизаторлар: элениум, седуксен)
- Диареяға қарсы терапия: антихолинэргиялық препараттар (қарсы көрсеткіші глаукома) ( солутан, платифиллин).
- Сульфосалазин жүйелі және жергілікті (клизма түрінде). Салофтальк- мықын ішектің терминальді бөлігінде ғана сіңетін сульфосалазин препараты
- Кортикостероидты гормондар арнайы емес жаралы колиттің ауыр түрінде жүйелі немесе жергілікті қолданады.
Аса ауыр жағдайда белок гидролизаттарын (аминопептид, казеин гидролизаты), аминоқыщқыл қоспаларын (альвезин, полиамин, вамин), глюкоза, липидтік дәрілерді (интралипид, липофундин) тамшылатып парентеральді қоректендіреді.
Қоректендірумен қатар электролиттік бұзылыстарды, микроэлементтер тапшылығын жою үшін калий, натрий хлориді, магний сульфаты ерітінділерін, витаминдерді, темір дәрмектерді емге қосады.
Базистік дәрмектер. Жаралы колит емінің базистік дәрілеріне жататындар: 5-аминосалицил қышқылының туындылары (сульфасалазин, салазопиридозин, салазодиметоксин, месалазин, салофальк, 5-аминосалицил қышқылы) және цитостатиктер (азатиоприн, меркаптопурин).
Жаралы колит емінің негізгі мақсаты – емді неғұрлым ерте бастап, морфологиялық бұзылыстардың тереңдеуіне жібермей, қабыну процесін мүмкіндігінше тез басу. Сондықтан базистік дәрмекпен бірге глюкокортикоидтарды (гидрокортизон, преднизолон т.б.) қолданады.
Микроклизмалар: балық немесе өсімдік майымен (шабдалының, оливканың, облепиха, итмұрынның) емдік клизмалар жиі әсер етеді. Сонымен қатар микроклизманы колларгол, антипирин, новокаин ерітіндісімен немесе түймедақ, зығыр ұрығының тұнбасымен жасайды.
Арнайы емес жаралы колит хирургиялық емі:
Жаралы колиттің асқынуларында немесе консервативтік емнің нәтижесі шамалы болғанда колонэктомия жасалынады. Операциялық емнің абсолютті көрсеткіштері: ішек перфорациясы, қан кету, уытты мегаколон және ішек рагі.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Жедел гастроэнтероколит
- Ішек тітіркену синдромы
- Ішек жыланкөздері
- Туа пайда болған ішек өтімсіздігі
- Тоқ ішек дивертикулы
- Ішектің қалыпты қызметі үшін қажет 10 ереже
- Ішек өтімсіздігі