Менингит ауруы
Менингит –ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуы. Бұл аурудың қоздырғышын 1887 ж А.Вейксельбаум науқас адамның жұлын сұйықтығынан тапқан. Пішіні бұршақ тәріздес, қосарланып орналасады. Қоздырғышы граммтеріс диплококк, менингококк. Менингиттің қоздырғышы тыныс алу, жөтелу кезінде ауа арқылы таралады.
Қоздырғышы граммтеріс кофе дәні тәрізді диплококк. Химиялық, физикалық факторларға сезімтал, бөлме температурасында бірнеше сағатта, ал хлорамин ерітіндісі әсерінен 2-3 мин.ішінде жойылады.
Осылайша кеңсірікке түскен менингококк жұлынға, қан айналым жүйесіне еніп кетеді. Осы науқасқа шалдыққан адам менингитті таратудың бірден-бір көзі болып табылады. Орталық жүйке жүйесінің жұқпалы ауруларының ішіндегі аса қауіптісі осы менингит. Бүкіл дүниежүзінде осы науқасқа душар болғандардың 20 пайызы қайтыс болады.
Тұрғындардың тығыз орналасуы, тазалық сақтамау, тұмау және басқа да кеселдер, ауруды таратын ошақтың болуы сияқты факторлар осы аурудың тууына себепші.
Ауру қоздыратын микроағзалардың түрлеріне және аурудың дамуына қарай:
- Бактериялы;
- Вирусты;
- Мерезді деп ажыратылады
Аурудың даму сипатына қарай:
- Жедел
- Созылмалы
Зақымдалу себептері бойынша: біріншілік, екіншілік; Біріншілік менингит деп диагноз қойылады,егерде алғашқы инфекция ошағы табылмаса. Екіншілік менингитте инфекция ошағы болады.
Іріңді менингит кезінде -бактериалды зақымдалу байқалады.
Менингит өз алдына жеке ауру болуы,сондай-ақ кейбір жарақаттардың, іріңді аурулардың, құрт ауруы, тұмау, іш сүзегі, көптеген жұқпалы аурулардың асқынуынан да болуы мүмкін. Жедел менингит іріңді және іріңсіз түріне ортақ кездесетін ауру белгісін менингиальдық синдром деп атайды.
Менингит клиникалық көрінісі
Ауру жұқтырғаннан кейін 2-10 күн аралығында инкубациялық кезең басталады. Менингиттің тұрақты және негізгі белгісі –бас ауырады, лоқсып құсады, аузы құрғайды, дене қызуы көтеріледі, өңі бозарып, даусы қарлығады, ауру денесінде қызғылт түсті бөртпе пайда болады. Егер бөртпе бір күн ішінде қайта жойылса микробтар қанға түсті деген сөз.
Қан айналымы арқылы ортақ ми жүйесіне жетіп, мидың қабынуы басталғанда менингиттің белгілері айқын көрінеді. Іріңді менингитте дене қызуы 40 градустан жоғары болады. Желке тұсындағы бұлшық еттері құрысып, науқас басын шалқайта береді. Мойынның қозғалуы қиындайды, шатасып сөйлей бастайды, есінен танады. Ішкен тамағын құсады, тамыр соғысы жиілейді, төсекте тізесін бүгіп бүрісіп жатады.
Менингит жас балаларда да жиі кездеседі. Егер менингит менингококкты болса балалардың қол-аяғы, мойын, арқа бұлшық еттері құрысады. Аяқ-қолының қозғалысы нашарлап, тіптен сал болып қалады. Ауру үдей түссе, науқас сандырақтап, есінен танады. Науқас баланың бетіне, шынтақ буынына бөртпелер, ерніне ұшық шығады.
Жүрек соғысы жиілеп, дене қызуы көтеріліп, тамыр соғысы бұзылады, тыныс алуы нашарлап, науқас жарыққа қарай алмайды. Қатты дыбыстан қорқады. Жалпы менингиттің қозатын айлары-күз қыс. Инфекцияның кірер жері жұтқыншақтың шырышты қабаты.
Геморрагиялық, гемодинамикалық бұзылыстар болады; эндотоксин, гиалуронидаза өнімдері түзіледі. Тамыр қабырғаларына тікелей эндотоксиннің әсер етуінен, қанның ұйуы бұзылады, эндотелийде васкулиттер, тамыр қабырғаларында фибриноидты некроз дамиды, ағза мен тіндерде дистрофиялық өзгерістер байқалады.
Клиника-морфологиялық менингококкты инфекцияның үш түрі:
- Назофарингит.
- Менингококты менингит немесе менингоэнцефалит
- Менингококемия.
10-30 % мөлшерінде қоздырғыштардың шырышты қабатқа өтуінен жедел назо-фарингит дамиды. Патологиялық үрдіс жұтқыншақтың, бадамша бездің артқы бөлігін, кейде мұрын қуысын, трахея, бронхты да қамтиды, бұнда катаралды қабыну болады: шырышты қабат ісінген, қызарған, бадамша бездердің қанға толғаның, олардың бетінің шыны тәрізді мөлдір секретпен қапталғаның байқаймыз.
Микроскопиялық: шырышты қабықта аздаған нейтрофилл сіңбесін, бадамша бездің фолликуласының үлкейгенің, ірі реактивті орталықтарын, көп мөлшерде бласты, плазматикалық жасушаларды көреміз.
Қоздырғыш қан арқылы мидың жұмсақ тініне өтіп, бірінші тәулікте серозды менингит, содан іріңді (лептоменингит) менингитті тудырады. Ірің мидың жоғарғы және алдыңғы бөліктеріне жиналады. Ми қабықтары бірінші күндерінде қып қызыл қанға толған, серозды экссудатты, ал 3-ші тәуліктің басында экссудат құрамында көп мөлшерде нейтрофильді лейкоцитті, кейінірек фибринозды экссудатты көреміз.
Іріңді қабыну бас миының маңдай,шүйде, самай бөліктерін тез қамтып чепчик тәрізді күйде болады. Мидың жұмсақ қабатында көптеген ұсақ тамырлы қан құйылулар болады.
Менингоэнцефалит– ми қабығымен бірге мидың өзінің де қабынуы. Бұл сырқатқа шалдыққан адам есінен айрылады, қызуы көтеріледі, нейрондарда диапедезді қан құйылуларды көруге болады.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз: