Қызамық ауруы
Қызамық (орысша краснуха) – тогавирустармен қоздырылатын, ұсақ дақты экзантемамен, лимфаденопатиямен, орташа қызбамен, жүкті әйелдерде жатырдағы нәрестенің зақымдануымен сипатталатын жедел вирусты ауру.
Белсенді иммунизацияны практика жүзінде енгізгенге дейін қызамық 6-9 жыл аралығымен эпидемиялық өршу түрінде кездеседі. Осы егуді енгізуге байланысты ауру бірден төмендеген. Сонымен, АҚШ-та 1964 жылы 1,8 млн артық қызамық науқастары тіркелген, нәтижесінде қызамық ауруымен туылған балалардың саны 20 000 асқан. Ал 1984 жылы қызамықпен бар жоғы 745 адам ауырған. Аурудың ең жоғарғы өршу деңгейі сәуір-маусым айлары. Аурудың эпидемиялық өршу кезінде тек балалар ғана емес, сондай-ақ ересектер де, әсіресе ұйымдасқан ұжымдардағы адамдар (әскери қызметкерлер және т.б.) ауырады.
Қызамық жүкті әйелдерге ерекше қауіп төндіреді. Аурудың трансплацентарлы берілуі жүзеге асырылып, туа пайда болған ауыр ақаулар дамиды.
Тарихи мәліметтер. Қызамық ұзақ уақыт жеке ауру ретінде саналмаған. Жеке нозология ретінде оны 1834 ж. Вагнер бөліп шығарған. 1881 ж. Лондонда өткен халықаралық конгрессте бұл ауруды жеке ауру ретінде қабылдаған. 1938 ж. Hiro және Tasaka аурудың вирусты этиологиясын дәлелдеген. Ал қызамық вирусын 1962 ж. Parkman тапқан және толық зерттеген.
Этиологиясы. Қызамық вирусы тогавирустарға жатады. Вириондарының диаметрі – 60-70 нм, үстіңгі жағында сирек талшықтар орналасқан, ұзындығы 8 нм, РНҚ бар. Басқа тоговирустардан айырмашылығы, вируста нейраминидаза бар. Вирус кейбір маймылдың түрлері үшін патогенді. Ол көптеген клетка дақылында көбеюге қабілетті. Вирус сыртқы ортада тұрақсыз, ол құрғатуда, рН өзгерісінде (6,8 төмен, 8,0 жоғары), ультра күлгін сәулесінің әсерінде, эфир мен формалин әсерінде тез жойылады.
Эпидемиологиясы. Аурудың көзі тек қана науқас адам. Яғни, олар қызамық түрлерінің клиникалық көрінісі бар адамдар немесе аурудың атипті, бөртпесіз, сондай-ақ туғаннан қызамықтың вирусы ағзада көп айлар бойы сақталуы мүмкін балалар (1,5 жасқа дейін). Қызамық вирустары сыртқы ортаға бөртпе пайда болғанға дейін және бөртпе шыққаннан кейінгі 1 аптаның ішінде бөлінеді. Жүре пайда болған қызамық ауа-тамшылы жол арқылы, туа пайда болған қызамық трансплацентарлы жол арқылы беріледі. Қабылдаушылық жоғары. Контагиозды индексі өте жоғары- 80-90%.
Қызамық патогенезі. Қызамықтың вирустары адам ағзасына тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары арқылы өтеді. Одан әрі вирусемия басталады. Бүкіл организмге вирус гематогенді жолмен таралады және лимфа түйіндерінің өзгерісін тудырады, яғни жасырын кезеңнің аяғында олар үлкейеді. Бұл уақытта вирусты мұрын жұтқыншағынан бөлуге болады. Бөртпенің пайда болуымен вирус қан және жұтқыншақта табылмайды, бірақ кейде оның бөлінуі 1-2 аптаға созылады. Антиденелер қан сарысуына бөртпе шыққаннан 1-2 күннен кейін бөлінеді. Одан әрі олардың титрі жоғарлайды. Ауруды бастан өткізгеннен кейін антиденелер өмір бойы сақталады, яғни иммунитет тұрақты әрі өмірлік болады.
Қызамық вирусы жүкті әйелдерде жатырдағы нәрестені зақымдайды. Нәрестенің жиі зақымға ұшырауы, жүктіліктің мерзіміне байланысты. Жүктіліктің 3-4-ші аптасында қызамықпен ауыру жағдалары 60% нәрестенің кемтар болып туылуына себепші болса, ал 9-12-ші аптада осы ауруға шалдығу-15% құрайды, 13-16-шы аптасында -7% нәрестенің кемтарлықпен дүниеге келуіне алып келеді. Қызамық ауруымен өмірге келген нәрестенің организмінде вирус ұзақ уақыт сақталатындықтан, ол басқа балалар үшін аурудың жұғу көзі болуы мүмкін.
Қызамықтың клиникалық көріністері. Аурудың жасырын кезеңі 11-24 күнге дейін (жиі 16-20) созылады. Науқастың жағдайы жиі орташа ауырлықта немесе жеңіл болады. Аздап әлсіздік, бас ауыруы, кейде бұлшықет және буындардың ауыруы байқалады. Дене қызуы кейде 38-39°С жеткенмен, көп жағдайда аздап қана көтеріліп, 1-3 күн сақталады. Объективті тексеру барысында тыныс алу жолдарының катаральды белгілері, жұтқыншақты аздап қан кернеу білінеді. Аурудың 1-ші күндері лимфаденопатия пайда болады. Лимфаденит аурудың ерте пайда болатын және кеш жойылатын көрінісі болып табылады. Ауру бірнеше түрлерде өтеді. Қызамықтың клиникалық түрлерінің жалпы қабылданған жіктелуі жоқ. Қызамықтың типтік түрлеріне асқынбаған және асқынған (артрит, энцефалит, тромбоцитопениялық қанталаған бөртпе, акушерлік патология) түрлері жатады.
Асқынбаған түрі жеңіл немесе орташа түрде өтіп, ағзаның улануы әлсіз болады. Аурудың барлық мерзімінде (22%) дене қызуы қалыпты, немесе аздап көтерілген күйде (48%), ал қалған науқастарда дене қызуы (38-39°С) бұрмаланған болуы мүмкін. Қызба бар жоғы 2-4 күн, кейде 5 күнге дейін созылады.
Қызамықтың өте жиі білінуі жоғарғы тыныс алу жолдарының ринит (70%) және фарингит (90%) түріндегі қабынуы болып табылады. Науқастар құрғақ жөтелге, тамақтағы жағымсыз сезімге (жыбырлау, құрғау) шағымданады. Жұмсақ таңдайда кейде ұсақ қызыл элементтерді (Форхгеймер дағы) көруге болады. Науқастардың 70% жуығында көздің дәнекер қабығының қабынуы байқалады.
Қызамықтың ерекше белгісі – экзантемалар. Бөртпе жиі аурудың 1-ші күні (40%) пайда болады, бірақ ол 2-ші күні де (35%), үшінші (15%) және 4-ші күні де (10%) шығуы мүмкін. Алғашқыда ол бетте, содан соң бір тәуліктің ішінде кеуде мен аяқ-қолдарда байқалады. Қызылшадан айырмашылығы – бөртпе шығудың сатылылығы жоқ. Көбіне ұсақ дақты бөртпелер 5-7 мм көлемінде, кейде 10 мм дейін жетеді. Дақтармен қатар жалпақ, диаметрі 2-4 мм розеолалардың, сирек папулалардың (түйіншіктердің) кездесуі мүмкін.
Бөртпе элементтерінің айналасында жеңіл қышыну байқалады. Олар 2-3 күн сақталады.
Атипті қызамық экзантемасыз және жеңіл түрде өтеді, ол тыныс алу жолдарының жеңіл катаральды қабынуымен және орташа лимфаденопатиямен сипатталады.
Инаппарантты қызамықты анықтау қиын. Қызамықтың бұл түрінің жиілігі түсініксіз болып отыр. Аурудың клиникалық көрінісіне қарағанда, ол 5-6 есе жиі байқалады.
Шеткі қанда лейкопения, лимфоцитоз, плазматикалық жасушалардың өсуі, ЭТЖ қалыпты.
Туа пайда болған қызамық. Бұл аурудың синдромына жүрек ақауының дамуы, көздің зақымдануы, микроцефалия, ақыл-естің кемдігі, кереңдік жатады. Одан әрі қант диабеті немесе үдемелі жеделдеу панэнцефалит дамиды.
Асқынулары. Буындардың аздап ісінуі және ауыруы, бөртпе жойылғаннан кейін 1-2 күннен соң пайда болып, ол 5-10 күн сақталады. Аса сирек асқынулардың бірі -тромбоцитопениялық қанталаған бөртпелер.
Тым ауыр асқынуы – энцефалит, ол бөртпе жойылғаннан кейін немесе экзантема фонында пайда болады. Науқастарда қатты бас ауыруы, науқас халының нашарлауы, құрысу, кома, гемипарездер байқалады.
Диагностикасы. Эпидемиялық өршу уақытында типтік оқиғаларды жете тану қиын емес. Ал атипті ағымның диагнозын анықтау қиын. Ауруды ұсақ дақты экзантемамен сипатталатын аурулардан ажырату керек (аденовирусты және энтеровирусты ауру, қызылша, инфекциялық мононуклеоз, дәрілік экзантема, инфекциялық эритема және т.б.).
Вирусты қаннан, мұрын жұтқыншақ шырышынан бөліп алуға болады және иммунофлюоресценция әдісімен анықтуға болады.
Серологиялық әдістер кең қолдануда: ТГАР, КБР. Серологиялық реакцияны 7-14 күн аралығымен бірге қос сарысулармен қояды. Антиделердің титрі 4 есе жоғарлау маңызды болады.
ИФА. IgM класына жататын антиденелер аурудың жедел түріне сәйкес келеді, ал IgG класына жататын антиделер ауру латентті түрде өтіп, иммунитеттің пайда болуын немесе вакцинация болғанын көрсетеді.
ПТР нәтижелі болады.
Қызамық емі. Асқынбаған қызамық кезінде патогенетикалық, симптоматикалық терапия жүргізіледі. Асқынулар дамыған кезде синдромды терапия стандартты ереже бойынша жүргізіледі. Артрит дамығанда хлорохин (делагил) 0,25 г, тәулігіне 2-3 рет, 5-7 күн ішінде беріледі, сонымен қатар антигистаминді препараттар ұсынылады. Геморрагиялық синдром дамығанда – преднизолон (20-25 мг, 7-10 күн), гепарин – 20-30 мың бірлік, тәулігіне және витаминдер жинағы қолданылады.
Болжамы. Көп жағдайларда сауығумен аяқталады, ал энцефалит дамыған жағдайда өлім қаупі 50%-ға жетеді. Туа біткен қызамықта кейбір кемістіктер кеш (1 жылдан кейін) дамуы мүмкін (мәселен: құлақтың естімеуі).
Алдын алу шаралары. Тірі вакцина көп елдерде табысты жүргізілген. Иммунизацияның басты мақсаты – туа біткен қызамықтан сақтандыру, осыған байланысты иммунизация жүргізілетін негізгі контигент – 14-15 жастағы (кейбір елде 10-14, тіпті 9-11 жас) қыздар. Иммунитеттің шиеленісуі және ұзақтығы толық зерттелмеген. Жүкті әйелдерге имунизация жүргізу болмайды. Қазіргі жағдайда дивакцинаны (қызамықпен қызылшаға қарсы) қолдануға болады.
Ауру ошақтарында дезинфекция жүргізілмейді. Науқасты 5 күнге оқшаулайды.