ЖИТС және АИТВ

АИТВ жұқпасы және ЖИТС ауруы.

АИТВ-адамның иммундық тапшылық вирусы және ЖИТС – жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы.

АИТВ – адамның иммундық тапшылық вирусы, ХХ ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап танымал. АИТВ ағзаға түскен кезде біздің аурудан және жұқпадан қорғайтын иммундық жүйені бұзады.
Уақыт өте келе АИТВ-мен жұқпаланған адам жиі ауыратын болады. ЖИТС диагнозы (жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) жұқпаланғаннан кейін әдетте бірнеше жыл өткесін қойылады.
ЖИТС – адамның иммундық жүйесінің бұзылуынан пайда болатын ауру. Иммундық тапшылық әсері салдарынан бір немесе бірнеше қауіпті аурулар дамуы мүмкін (пневмония, туберкулез, рак және т.б.), бұл аурулармен адам ағзасы күресе алмайды. 
АИТВ – ЖИТС-тың басты себебі болып табылатын індет.

Ашылу тарихы

ЖИТС-ның этиологиясының нәтижесінде адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы 1983 жылы ашылды. ЖИТС туралы ең алғашқы ғылыми ресми баяндама ретінде, гомосексуалист-ер адамдарда кездескен белгілі емес пневмоцистік пневмония және саркома Капоши туралы 1981 жылы шыққан екі мақала болып табылады. 1982 жылдың шілде айында алғаш рет жаңа ауыруға ЖИТС термині қолданды. 1981 жылдан 1984 жылға дейін ЖИТС-ның таралыуының дамуы жыныстық қатынас арқылы және нашақорлықтың қауыпты екендігі туралы бірнеше жұмыс шықты.  Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышын 1983 жылы бір-бірінен бөлек екі лаборатория анықтады: -Люк Монтанье басшылығының қол астында Францияда Пастер Институтында – Роберт Галло басшылығының қол астында АҚШ ұлттық рак институтында

Инфекция көзі вирус (ретровирус) жұқтырып алған адам — вирус тасымалдаушылар. ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады. Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан әсіресе вирус тасымалдаушылар өте қауіпті. Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады. Көз жасында, жұлын сұйығында, сілекейде өте аз мөлшерде болуы мүмкін.

Жұғу жолдары. Медицинада дәлелденуі бойынша, ЖИТС-тің қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай:

  • жыныстық қатынас;
  • вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде т. б. жағдайларда)
  • анасынан нәрестеге жүғу арқылы.

Жыныстық жол негізгі жұғу жолы болып табылады. ЖИТС адамдарға 80% жағдайында осы жолмен, яғни гетеросексуальдық (еркек-әйел) және гомо-сексуальдық (еркек-еркек) жыныстық қатынас кезінде жұғады. Ең қауіптісі — гомосексуальдық анальдық қатынас, өйткені партнерлердің жыныс мүшелерінің терісі, шырышты қабатының жарақаттануы жиі болады. АҚШ-та ЖИТС-пен науқастанғандардың 70%-ына ауру осындай жолмен жұққан. Жұқтыру каупі активті және пассивті гомосексуалистерде бірдей дәрежеде болады. Қатерлі топқа жезөкшелер де жатады. Партнерлердің жиі ауысуы да ЖИТС жұқтыру мүмкіндігін күшейтеді. ЖИТС-пен науқастанушылық бел алған елдерден келген азаматтармен жыныстық қатынаста болу әсіресе қауіпті. Жыныстық инфекциясы бар немесе бұрын ауырғандармен кездесу, етеккір кезінде жыныстық қатынаста болу, садистік әдеті бар партнермен жақындасу ЖИТС жұқтыру каупін күшейте түседі.

ЖИТС-тің вирустың қанға бірден түсуі арқылы жұғуы қазіргі кезде ерекше аландаушылық туғызып отыр. Себебі тамырға наркотиктер енгізгенде ортақ инелі шприцті пайдаланатын нашақорлардың саны көбейіп келеді. Әрине, қолданатын инелерін олар тиісті өңдеуден өткізбейді. Егерде ЖИТС-пен науқастанған немесе вирус тасымалдаушы нашақорлар қауымына қосылса, вирус оның инедегі қанының қалдығымен сау адамның ағзасына түседі. Вирус аурулардың 20%-ына осындай жолмен жұғады.

Вирус адамға қан немесе қан құрамынан тұратын препараттар құйғанда да жұғуы мүмкін. Кейбір аурумен науқастанғанда, операция жасағанда, әйел босанғанда донор қанын құюға тура келеді. Егер донор ЖИТС-ке тексерілмеген болса, вирус жұқтыру қаупі өте жоғары. ЖИТС жұғу мүмкіндігі бар қатерлі топқа гемофилиямен ауырғандар да жатады. Өйткені қан ұюы өте нашар болғандықтан, қан кетуін тоқтату үшін оларға жиі-жиі қан құйып отырады. АҚШ-та, Еуропада гемофилиямен ауырғандардың 40—63%-на АИВ қан құю арқылы жұққаны анықталған. Бірақ 1985 жылдан бері жоғары дамыған елдерде, 1987 жылдан бастап ТМД елдерінде донор қанына қатаң бақылау жүргізіле бастады. Мұндай тәртіп ЖИТС, В гепатит және басқа жұқпалы аурулардың таралуына жол бермейді. Соған қарамастан Қазақстанда АИВ-тың 20%-ы емдеу-профилактикалық мекемелерде жұқтырылғаны тіркелген (ДДҰ мәліметі бойынша мұндай көрсеткіш 0,5%-ға тең). Экономикасы нашар дамыған елдерде ЖИТС-тің қан арқылы жұғу қаупі әлі де сақталып отыр.

ЖИТС вирусының үшінші жұғу жолы — анасынан нәрестеге жұғуы. Ауырған немесе АИВ жүққан әйелдерден туған балалардың 4/5-не вирус осындай жолмен жұққаны белгілі болды. Егер де анасы нашақор немесе жезөкше болса нәрестеге вирус жұғу қаупі бірнеше есе артады. Вирус нәрестеге қалыпты босану кезінде, баланы операция жасап алғанда және жүктілік кезінде жұғуы мүмкін. ЖИТС-тің нәрестеге науқас анасының емшек сүті арқылы жұғу оқиғалары да белгілі.

ЖИТС-ке байланысты мәселелер баспасөз беттерінде тұрақты түрде көтеріліп отырғанына қарамастан, 6ұл проблемаға зор көңіл бөлу қажет.

АИВ инфекциясымен күресуде ДДҰ «Әдепсіздік нәтижесіңде өзіңді өлімге апарма!» деген ұранға сүйенеді.

АИВ-тің шаңмен, ауалы-тамшылы, фекальды-оральды (ауыз қуысы арқылы) жолмен жұқпайтыны толық анықталған. Яғни адамдар сүйіскенде, сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде, қол алысқанда, ортақ дәретхананы, ваннаны, душты, бассейнді пайдаланғанда, сондай-ақ тағамдар мен ыдыстар арқылы ЖИТС вирусы жұқпайды. Сырт киімдерді алмастырып кигенде, тіпті бір төсекте жатып ұйықтаған кезде де ЖИТС вирусының жұғу қаупі жоқ.

Қан сорғыш және басқа жәндіктер (маса, бит, кене, бүрге, шыбын, тарақан, қандала т. б.) арқылы жұғу жолдары да анықталмаған.

Мысық, кой, жылқы, маймылдарда қоздырғышы АИВ-ке ұқсас иммундық тапшылық болатынына қарамастан, үй және жабайы жануарлардан ЖИТС жұғу жайлары кездеспеген.

АИТВ-ны қалай анықтауға болады?

Ағзада вирус бар жоғын жұқтырған соң 2 апта мен 3 ай аралығыннан соң қанның арнайы анализі (АИТВ жұқпасына антиденелерге тест) көмегімен анықтауға болады. Жұқтырған соң антиденелердің пайда болуына дейінгі уақытты «терезе кезеңі» деп аталады. Бұл кезеңде жұқтырған адам вирусты басқа адамдарға жұқтырып жүреді және адам өзінің ағзасында вирустың барын немесе жоғын біле алмайды.

АИТВ қорғаныш жүйесіне еніп өмір сүреді және көбейеді. Осының нәтижесінде лимфоциттер зақымданып олардың саны азаяды. Лимфоцит көмекшілердің санының қысқарғанына қарай қорғаныш жүйесі нашарлайды және ағза түрлі ауруларға қарсы тұру мүмкіндігін жоғалтады. ЖИТС-жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы, АИТВ-ның ағзада дамуының соңғы сатысы. ЖИТС туралы адамдар қорғаныш жүйесінің жойылу салдарынан микроағзалардың шақыруымен ауыр аурулар пайда болған кездерде ғана айтады. ЖИТС-пен ауыратындарда түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштары тудыратын аурулар кездеседі. АИТВ жұққан соң ЖИТС-тың пайда болуына зақымданған ағзаның ерекшеліктеріне байланысты 2-4 жыл немесе оданда ерте уақыт керек. АИТВ жұқтырған адамдар басты кезеңде ауру адамға мүлдем ұқсамайды,  толық еңбекке жарамдылығын сақтайды. Бастысы өздерін сау сезінгенімен олардың АИТВ-ны басқаларға жұқтыру мүмкіндіктері бар.

Қандай препараттар бар?
АИТВ – ретроқоздырғыш болғандықтан, АИТВ/ЖИТС-емдеу кезінде антиретроқоздырғыштық дәрі-дәрмек қолданылады. Кейде мұндай емдеуді белгілеу үшін «антиретровирустық терапия» деген термин қолданылады (АРВТ). Бұл препараттар  АИТВ -ға нақты әсер етеді, оның ферменттерін жұмысын тоқтатып, жұқпаның дамуына жол бермейді. 
Ережеге сәйкес, бір уақытта бірнеше ретровирусқа қарсы әр түрлі класстағы дәрі-дәрмектер қабылданады. Құрамдастыру терапиясы әлде қайда пайдалы және қоздырғыштың емге деген тұрақтану мүмкіндігін қалдырады.
Емді қашан тағайындайды? 
Егер АИТВ оң нәтижелі адамға АИТВ-жұқпасына талдау өткізуден кейін бірден ем қабылданбаса, бұл, ол адамға ешкім жәрдемдеспейді немесе дәрігердің ол адамда жұмысы жоқ дегенді білдірмейді. Әдетте терапияны клиникалық симптом түрінде немесе иммундық мәртебеде қанның миллилитрінде 350-ден төмен СД-4 және қоздырғыштық жүктеме 50 мыңнан 60 мың көшірмесі болғанда тағайындайды. Көп жағдайда адамда АИТВ-ға бірінші рет талдау тапсырғанда көрсеткіштер басқа болып шығады. 
Ретровирусқа қарсы терапия дәрігердің тағайындауы, мамандардың қадағалауы бойынша нұсқаулыққа сәйкес қатаң түрде қолданылады. Егер дәрі–дәрмекті дұрыс тәртіпте қолданбаса, ол күшін жоғалтады. Сонымен қатар, ретроқоздырғышқа қарсы дәрі-дәрмекті қабылдауда кері әсерлері байқалуы мүмкін. Дұрыс комбинацияны маман таңдауы қажет. 
Дәрі-дәрмек күшінің нәтижесі, қоздырғыштың жүктеме терапиясында, яғни бірінші айда бірден төмендеуі және белгісіз болып келеді. Егер терапия кезінде қабылдауды ұзақ уақыт қолданса, иммундық мәртебе-СД-4 саны лимфоциті қалыптасады, ал қоздырғыштың саны қанда көбеймейді

Медико-деонтологиялық мәселелер

ЖИТС-пен ауыратын науқастар ЖИТС туралы, аурудың қауіптілігі туралы, берілу жолдарын білуі керек және ауруды басқаларға жұқтырудан сақтану керек.

Дәрігерлер тек ЖИТС-тің емін білуге емес, ЖИТС туралы науқастарды хабардар етуіге, аурудың актуальдығын, профилактикасын, онымен күресу жолдарын қарастыруы керек.

ЖИТС жұғудан қалай сақтанады?

Әртүрлі инфекциялардан сақтанудың ең тиімді тәсілі — вакцина егу. Алайда вакцина дайындау бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатса да, ондай профилактикалық препарат алу әзірше қолдан келмей отыр.

ЖИТС-пен науқастанудан сақтанудың маңызды шаралары мыналар:

  1. әлеуметтік, халықаралық, мемлекеттік шаралар;
  2. жеке басты қорғауға бағытталған шаралар.

Профилактиканың басты міндеті — ЖИТС тасымалдаушыларды анықтап, жұғу арнасын сенімді түрде жауып тастау. Осы мақсатта көптеген елдерде мынадай шаралар жүргізіліп жатыр: халықтың (тұрғындардың) кейбір топтарын сөзсіз және жоспарлы түрде лабораториялық тексеруден өткізу; донорлык, қанды, сперманы, органдарды тексеру; гемофилиямен ауыратындарды, нашақорларды, гомосексуалистерді, жезөкшелерді тексеру; ауырғандарды арнайы ауруханаға жатқызу және емдеу; сенім телефондарын ұйымдастыру; ЖИТС-пен ауырғандарға консультация және көмек беретін комиссия жұмысын ұйымдастыру; диагностикалық орталықтар, кабинеттер ашу т. б.

Тұрғындар арасында ЖИТС жөнінде санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізудің ерекше маңызы бар. Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс.

Жалпы халықты, әсіресе балалар мен жастарды өнегелілікке, дұрыс жыныстық қатынас жасауға тәрбиелеу мәселесін жолға қоймайынша, ЖИТС-пен күресу мүмкін емес.

Жеке бас профилактикасы қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Оларға мыналар жатады:

  1. салауатты, әдепті өмір сүру;
  2. кездейсоқ жыныстық қатынастан және гомосексуалист, жезөкшелермен жақындасудан сақ болу (жыныстық партнер көп болған сайын ЖИТС жұқтыру қаупі арта түседі. Г. В. Сколубовичтің (1989) айтуы бойынша, «Жыныстық тәртіпсіздік, нашақорлық және жезөкшелік — ЖИТС вирусын жұқтыру кепілі»);
  3. стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау;
  4. әсіресе терісі, шырышты қабаттары зақымданған жағдайда бөтен біреудің қанымен, бөлінділерімен жанасудан абай болу;
  5. презервативті дұрыс пайдалану (ол ЖИТС-тен қорғайды);
  6. қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың АИВ-ке тексерілгеніне көз жеткізу (ол үшін қолданылған қанның сериялык нөмерін жазып алыңыз);
  7. маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіл аудару;
  8. ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті   түрде дәрігерге көріну.

Кез-келген азамат АИВ-инфекциясының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін Алматыда, Астанада, еліміздің басқа да ірі қалалары мен облыс орталықтарында ашылған лабораторияларға барып тексерілуіне болады.

Қазақстанда ЖИТС-пен күресу жұмыстарын ұйымдастыру.

ЖИТС — көп жағдайда өлімге соқтыратын аса қатерлі вирустық дерт. Қазақстанда осы қауіпті ауруға қарсы күрес жүргізу мақсатымен мамандандырылған жаңа қызмет жүйесі құрылды. Оның құрамына республикалық, облыстық, қалалық ЖИТС-ке қарсы күресу және аурудың алдын алу орталықтары, диагностикалық лабораториялар мен анонимдік кабинеттер кіреді. Осындай қызмет жүйесінің күнделікті жұмысын Республикалық ЖИТС-тен сақтандыру комитеті басқарады. Бұл комитеттің ең басты мақсаты — ЖИТС вирусын жұқтырған адамды табу, оны тексеру және емдеуді жоспарлы түрде ұйымдастыру. Жоғарыда аталған ЖИТС орталықтары ұйымдастырушы, тәсілдеуші және емдеуші мекемелер ретінде жұмыс атқарады. Қазіргі кезде республикамызда ЖИТС-тен қорғану жөнінде жұмыс жүргізетін 20 орталық және 80 лаборатория бар.

Олардың жұмыс бағыттары мынадай:

  1. Вирус жұғу мүмкіндігі бар «қатерлі топтарға» жататын адамдарды тексеріп, вирус жұққан адамдарды дер кезінде тауып отыру;
  2. Ауру ошағын анықтап, дәрігерлік бақылауға алып, вирустың әрмен қарай тарауына, яғни басқа адамдарға жұғуына мүмкіндік бермеу жұмыстарын ұйымдастыру.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі №193-IV кодексі

19-тарау. Аитв инфекциясын жұқтырғандарға және житс-пен ауыратын
науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
 
112-бап. АИТВ инфекциясының және ЖИТС-тың профилактикасы, диагностикасы және оны емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері
Мемлекет АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратын науқастарға:
1) тегін негізде ерікті түрде жасырын және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қараудың қолжетімділігі мен сапасына, динамикалық байқауды қамтамасыз етуге, психологиялық-әлеуметтік, заңдық және медициналық консультациялар беруге;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде медициналық көмекке және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік және құқықтық қорғауға;
4) ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуіне;
5) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа берілу қаупін азайту жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді.
 
113-бап. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қорғау
1. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын балалардың мектепте және басқа оқу орындарында оқуы қамтамасыз етіледі.
2. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды жұмыстан шығаруға, жұмысқа, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне және оқу орындарына қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ олардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың туыстары мен жақындарының тұрғын үй және өзге де құқықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейді.
3. АИТВ жұқтыру немесе ЖИТС ауруы медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған адамдардың өз өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтетуге құқығы бар.
 
114-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы
АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халықтың түрлі топтарына арналған нысаналы профилактикалық және білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
2) халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы бойынша эпидемия жағдайы туралы және профилактика шаралары туралы хабардар ету;
3) халықтың түрлі топтары үшін ақпараттық материалдар әзірлеу және тарату;
4) АИТВ инфекциясының жыныстық қатынас және қан арқылы жұғуынан қорғау жөніндегі бағдарламаларды іске асыру;
5) сенім, жасырын тестілеу, психологиялық, заңдық және медициналық консультациялар беру пункттерін құру;
6) тері қабаттары бүтіндігінің бұзылуына байланысты халыққа қызметтер көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.
 
115-бап. АИТВ-ға зерттеліп-қаралу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін негізде ерікті түрде жасырын және (немесе) құпия медициналық зерттеліп-қаралуға және АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша консультациялар алуға құқығы бар.
2. АИТВ инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық зерттеліп-қаралуға:
1) қанның, оның компоненттерінің, тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалар бөліктерінің), жыныстық жасушалардың донорлары мен реципиенттері;
2) өздеріне қатысты денсаулық сақтау, прокуратура, тергеу және сот органдарының сұрау салуы негізінде АИТВ жұқтырғаны ықтимал деуге жеткілікті негіздер бар адамдар;
3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдар жатады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар АИТВ-ның болуына зерттеліп-қаралудан жалтарған жағдайда Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығарып жіберіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитетті пайдаланатын шет мемлекеттердің дипломатиялық, өкілді және консулдық мекемелерінің қызметкерлері мен өзге де адамдары АИТВ-ның болуына зерттеліп-қаралудан тек өздерінің келісімдерімен ғана өтеді. Оларды зерттеп-қарау қажеттігі туралы ұсынысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен алдын ала келіседі.
4. Кәмелетке толмаған адамдар мен әрекетке қабілетсіз адамдарды куәландыру олардың заңды өкілдерінің келісімімен немесе олардың қалауы бойынша жүргізіледі.
5. Медициналық зерттеп-қарау кезінде АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісін анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары зерттеліп-қаралатын адамға алынған нәтиже туралы жазбаша түрде хабар беріп, өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы ұғындырады, сондай-ақ емделуден жалтарғаны және басқа адамдарға жұқтырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы туралы ескертеді.

ЖИТС-пен ауырған не вирусын тасымалдаушы шет ел азаматтары Республика аумағынан шығарылып жіберіледі, ал еліміздің азаматтары емделуге, кешендік тексерістерден өтуге міндетті. Оларды қызметтен, жұмыстан, бизнестен, заңға қайшы келмейтін іс-әрекеттің қай түрінен болмасын шеттетуге болмайды. Тек медицина, фармацевтика, тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлері (мысалы, шаштаразшы т. б.) жұмысын ауыстыруы қажет. Олар үшін ЖИТС-пен ауыру, вирус тасымалдаушы болу — кәсіби ауру болып табылады, сондықтан біраз жеңілдіктер жасау жайы қарастырылған. Мәселен, бір мерзімдік ақша төлеу тәрізді. Оның үстіне ЖИТС-пен сырқаттанушылармен, вирус тасымалдаушылармен тікелей жұмыс істейтін медицина және ғылыми қызметкерлер жұмыстының зияндылығы үшін қосымша, ақылы 24 күндік демалыс және негізгі жалақысының 60%-на дейін үстем ақы алуға құқылы.

ЖИТС вирусын тасымалдаушылар қан (басқа да органдар мен тканьдер) беретін донор бола алмайды. Әдейі және біле тұра басқа азаматтарға ЖИТС вирусын жұқтырушы, клиникалық, лабораториялық тексерілуден қашқақтаушы, өз жұмысын салақ атқару нәтижесінде ЖИТС вирусымен сау адамдардың зарарлануына себепкер болушы, нақты кісінің ЖИТС-пен ауыратындығын не оның вирусын тасымалдаушы екендігін рұқсатсыз жариялаушы азаматтар мен мамандар заңға сәйкес жауапқа тартылады.

Қорыта айтқанда, әдепті өмір сүріп, отбасы бірлігі берік болса, арақ-шарап ішіп, наша тартудан, кездейсоқ жыныстық жақындасудан аулақ болса, әрбір адам өзін-өзі ЖИТС-тен қорғай алады.

автор: Балауса Серік

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!