Алматы көк түтінге тұншығып тұр
Экология мәселесі бүгінде дүниежүзі бойынша өткір күйінде тұр. Өйткені жұмыр жерде жұпар ауамен тыныстап, жайбарақат отырған мемлекет жоқтың қасы. Бүлінген атмосфера әлем халықтарын тұншықтырып жатыр. Бұл экология туын көкке ұстап, құр аттан салмай, нақты іске көшетін уақыттың жеткенін көрсетеді. Өкініштісі, экологиялық дімкәсіміз жағынан біз де басқа елдерге есе жібермейміз. Әсіресе, мемлекеттің ірі мегаполисі – Алматыдағы ахуал күн өткен сайын шиеленісе түсуде.Жуырда Алматыда бас қосқан экологтар тікелей осы мәселені шешу жолдарын талқыға салды. Эколог мамандарының сөзіне сенсек, таяу жылдары бұл мәселе шешімін таппаса, экологиялық ахуалымыз тым тереңдеп, апатты жағдайға жететін көрінеді. Түтінге тұншыққан оттегіні төмендетуге бас ауыртқан ғалымдар ауа құрамының көрсеткіштерін белгілеуге арналған жоба әзірлеп шықты. Осылайша мамандар өндіріс орындарындағы мұржаларға орнатылған тазартқыш қондырғыларының көнеруі мен автокөлік түтінінің «жығылған» жағдайдың «кеудесінен» көтертпей тұрғандығын мәслихат талқысына салмақ.
Өзекті мәселе жөнінде ой бөліскен Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов келешекте экологияны тазартуға бағытталған шаралардың күшейетінін айта келіп: «Экология жағдайы бүгінде тек біздің мемлекетті ғана емес, бүкіл дүниежүзін толғандырып отыр. Ал экологиялық ахуалды жақсарту тікелей адамдардың өзіне қатысты. Өйткені табиғаттың осындай күйге жетуі азаматтардың кінәсінен. Сол үшін тікелей жұртшылықпен жұмыс істеу министрліктің негізгі міндеті», – деді.
Бүгінде Алматы қаласының атмосферасындағы зиянды қалдықтар деңгейі тиісті мөлшерден бірнеше есеге асып түсіп, 237 мың тоннаға жуықтапты. Былтырғы көрсеткіш 185 мың тоннаның айналасында-тұғын. Ал оның 90 пайызын көліктерден шығатын улы газдар құрайтын көрінеді. Мамандардың пікіріне сүйенсек, ауа ластануының алдын алу үшін қалалардан үлкен жол айырықтар салынуы тиіс. Өйткені одан еш кедергісіз жүріп өткен көлік түтінді аз шығарады екен.
Қазіргі күні алматылықтар немен тыныс алып отырғанын сезіп қана емес, қолмен ұстап көретін халге жетті. Өйткені Алматы – ауаның ластану деңгейі бойынша әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Бұл – мегаполистің әр тұрғыны оттегімен бірге жылына 170 келі токсинді заттарды өкпесіне сіңіреді деген сөз. Ауадағы зиянды қалдықтардың 7,5 пайызы, әсіресе, қыс мезгілінде сапасыз көмір мен резеңке өнімдерін жиі пайдаланатын қаланың төменгі бөлігіндегі жер үйлердің еншісінде көрінеді. Қала басшылығы экологиялық шараларды қалыпқа келтіру үшін миллиардтаған қаржы құйып келеді. Бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ. Ал ауа орнына азот, күкірт қышқылы сияқты зиянды химиялық қосындыларды жұтып отырған алматылықтар жыл санап денсаулығын құртып жатыр. Бүгінде аймақтағы тыныс жолдары ауруының күрт көбеюін осының салдарынан демеске лаж жоқ.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Алтай Рахымбетов мырзаның айтуынша, Алматы өңірін бүлдіруге жергілікті жылу электр стансалары да қомақты «үлес» қосуда. Мәселен, атмосферадағы зиянды қалдықтың 60 пайызы ЖЭО-2-нің еншісінде. Яғни олардан шыққан түтін бүгінде 15 мың тоннаға жеткен. Ал бұл ЖЭО-1-дің шығарып жатқан қалдығынан екі есеге көп деген сөз. Сондықтан мамандар ауа құрамындағы зиянды қалдықтардың үнемі бақылауда болуына кеңес береді. Өйткені оның шұғыл түрде тиісті шара қолдануға көмегі көп. Ал 2010 жылы Алматы қаласын жаппай көгілдір отынға көшіру, шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай әсер етпекші.
– Бүгінде Алматы ауасын тазартуға арналған бір емес бірнеше бағдарлама жұмыс істеуде. Осы бағдарламалардың негізінде жасалған жобада экологияны сауықтырудың бар мүмкіндігі қамтылды деуге болады. Дегенмен бұл жердегі «екпінді» ауа құрамын үздіксіз бақылауға түсірдік,- дейді «Қазэкология» орталығының бас директоры Амангелді Ысқақов.
Алматының ауасына кәдімгідей алаңдап отырған экологтар алдағы күнге жоспарлы міндеттер қойып отыр. Мәселен, өткен жылы мұндағы ластанған ауаның жиынтық коэффициенті 13-ке бір-ақ көтеріліпті. Ал мамандар мұның деңгейін 2011 жылы қалайда 11-ге түсіру керек деп жанталасып жатыр. Егер іс оңтайлы шешіліп жатса, 2018 жылы көрсеткішті 5-ке апару көзделген.
Сонымен қоғам алдында тұрған қиын түйіннің жүйелі жоспарын мәслихат алдына ұсынғалы отырған экологтар ауа ластануының себептерін санамалауға тіпті саусақ жетпейтінін айтып, қынжылады. Егер аталмыш жобаны мәслихат бекітсе, нормативті база қалыптаспақшы. Яғни бұл – бұдан былай ауаны бүлдіруге ешбір өнеркәсіптің құқығы болмайды деген сөз. Демек, түтінге тұншыққан оттегін тазарту бүгінгі күннің басты талабы екені ешкімге дау тудырмас.