Жатыр құрылысы, анатомиясы, топографиясы
Жатыр (uterus) – кіші жамбас қуысында қуық пен тік ішек арасында орналасқан тақ қуысты бұлшықетті орган. Жатырдың денесін, түбін, мойнын және денесінің мойнына айналатын жерін (перешеек) ажыратады. Жатыр симфиз бен сегізкөзден бірдей ара қашықтықта және биіктігі, яғни ең биік нүктесі жамбастың жоғарғы апертурасынан аспайды. Жатыр формасы алмұрт тәрізді, алдынан артқа қарай қалыңдаған.
- Бала тумаған әйел адамдарда жатыр ұзындығы – 7-8 см, ені – 4-5,5 см.
- Босанған әйелдерде ұзындығы – 8-9,5 см.
Жатыр түбі (fundus uteri) – жатырға жатыр түтігінің кіру деңгейінен жоғары орналасып, шығып тұратын бөлігі.
Жатыр денесі (corpus uteri) – үшбұрышты формалы, мойнына қарай тарылатын жері.
Жатыр мойны (cervix uteri) – денесінің жалғасы, ұзындығы – 2,5см, диаметрі – 2см. Қынаптың жатырға бекіген линиясы жатыр мойнын қынаптық және қынап үсті сегменттерге бөледі.
Жатырдың кіші жамбас қуысында орналасуы
Жатырдың ұзындық білігі алдыға иілген. Ішастар жатыр денесін, түбін, жатыр мойнының артқы қабырғасының 1-1,5 см кв. аумағын жауып тік ішектің алдыңғы қабырғасына ауысып, тікішекті-жатырлық тереңдігін (excavatio rectouterina) құрайды. Жатырдың қуықтық бетінде ішастар жатыр денесінің мойнын ауысу аймағына дейін, кейін қуықтың артқы қабырғасына барып, қуықтық-жатырлық тереңдігін (excavatio vesicouterina) құрайды.
Жатыр байламдары
Жатыр және оның қосалқыларының кіші жамбаста орналасуы жамбас қуысының бұлшықеттері мен фасциясына және жатырдың байлам аппаратына байланысты. Іліп тұратын аппарат келесі байламдардан тұрады:
- Жатырдың жалпақ байламы (Lig.latae uteri) – жатыр қабырғаларынан жамбастың бүйір қабырғасына баратын ішастар дупликатурасы. Оның жоғарғы бөлімінен жатыр түтігі өтеді. Артқы жапырақшаларында аналық без орналасқан. Екеуінің арасында – клетчатка, тамырлар және нервтер орналасады.
- Жатырдың дөңгелек байламы (lig.teres uteri) – ол біріңғай салалы бұлшықет және дәнекер тіннен тұрады. 10-12 см шнур тәрізді. Бұл байлам жатыр бұрышынан шығып, шап каналының ішкі тесіктеріне қарай жкатырдың жалпақ байламының алдыңғы қабатының астында жүреді. Шап каналдарынан өтіп веертәрізді симфиз клетчаткасында үлкен жыныс еріндеріне тармақталады. Жатырдың дөңгелек байламы жатыр түбін алдыға тартып тұрады.
- Аналық бездің өзіндік байламы (lig.ovarii proprii) – жатыр бұрышынан, жатыр түтігі басталатын жерінен артқы және төменгі аймағында басталып аналық безге бағытталады.
- Аналық безді іліп тұратын байлам(lig.suspensorium ovarii) – жатырдың жалпақ байламының жалғасы болып табылады. Жатыр түігінен жамбас қабырғасына барады.
Бекітетін байламдар:
- алдынан қуыққа, ары қарай симфизге баратын – lig.vesicouterinum
- жамбас бүйіріне баратын – негізгі байлам (lig.cardinale) – жатыр артериясы жолымен жүретін, жатыр байламының негізінде орналасқан.
- Lig.sacrouterinum- жатырдың артқы бетінен жатырдың денесі мойнына айналатын аймағынан басталып тік ішектің екі жағынан қоршап сегізкөздің S ІІ-ІІІ алдыңғы бетіне бекиді. Бұл байлам жатыр мойнын артқа тартып тұрады.
Жатыр қабаттары
Жатыр қабырғасы жұқа сыртқы ішастар қабаты – периметрий, қалың біріңғай салалы бұлшықет пен дәнекер тіннен тұратын – миометрий, ішкі шырышты қабат – эндометрийден тұрады. Ортаңғы қабатындағы бұлшықеттер өте күрделі орналасқан. Миометрийдің сыртқы қабаты вертикальді, ортаңғы қабаты спиральтәрізді бұлшықеттен түтіктің циркуляторлы бұлшықетімен қосылып, жатыр мойнына және түтігіне өтетін жерде сфинктер қызметін атқаратын бұлшықеттелді түзеді. Ішкі қабаты функционалды және базальді қабаттан тұрады. Бұл қабатта көптеген бездер орналасқан.
Жатыр қосалқылары
Жатыр түтігі – tuba uterina – қуысты бұлшықетті түзіліс, жатыр бұрышынан басталып, мойнының денесіне ауысатын жеріне, ампулаға және жатыр түтігінің воронкасына жалғасап, түтік аяқшаларымен (fimbrae tubae) аяқталады. Жатырдың жалпақ байламы түтіктің жоғарғы жиегінен өтіп, жатыр және аналық без артерияларының тармақтары өтетін шажырқай (mesosalpinx) түзеді. Жатыр түтігі аналық безбен тығыз байланысты, оны 3 жағынан қоршап тұрады. Жатыр маңында түтік горизонтальді бағытта жүріп, сосын аналық без шажырқайлы жиегінде вертикальді бағытталады. Соңғы бөлімінде түтік воронкасы төмен бағытталып, аналық бездің бос және медиальді бетіне келеді. Түтік аналық безді іліп тұратын байламмен (lig. suspensorium ovarii) бекітіледі. Бұл байламның қалыңдағанжерінде аналық без артериясы тармақтары (a.ovarica) өтеді.
Аналық без
Аналық без – ovariym – 2,5*1,5*1 см қос түзіліс. Оның жатырлық шеті бар, оған аналық безді жатыр бұрышына бекітетін аналық бездің өзіндік байламы (lig.ovarii proprium) бекітіледі. Бұл байлам жолында жатыр және аналық без артериялары арасындағы анастамоздар орналасқан.Ал түтіктік шетіне аналық безді іліп тұратын байлам бекітілген.
Аналық бездің 2 жиегін ажыратады: алдыңғы – жатырдың жалпақ байламына бекітілген, артқы – тік ішек бағытына қараған бос жиегі. 2 беті бар: медиальді – жамбас қуысына қараған, латеральді – жамбас қабырғасына қараған. Аналық бездің сыртқы беті ұрық эпителиімен түзілген. Аналық без жамбастың бүйір қабырғасына кіші жамбасқа кіре берісте орналасады. Бұл жерде, жалпы мықын артериясының бифуркациясы жанында аналық без ойығы (fossa ovarica) түзіледі.
Қанайналымы. Жатыр артериясымен қамтамасыз етіледі. A.uterina ішкі мықын артериясының тармағы. Жатыр артериясы жамбастың төменгі бүйір қабырғасына бағытталып, алдыға және медиальді жүреді, несепағардың алдында орналасып оған өз тармақтарын береді. Жатыр жалпақ байламының негізінде жатыр мойны бағытында медиальді бұрылады. Параметрияда артерия веналармен, нервтермен, несепағар түтігімен және кардинальді байламмен қосылады. Жатыр артериясы жатыр мойнына келіп оны бірнеше тармақтарымен қоректендіреді. Сосын жатыр артериясы 2 үлкен жоғарғы және төменгі тармақтарға бөлінеді. Төменгі тармақ қынап және қуықтың артқы қабырғасын қамтамасыз етеді.
Негізгі жоғарылаған тармағы жатырдың латеральді жиегімен жүріп, оның денесіне доғатәрізді тармақтарын береді. Бұл доғатәрізді артериялар жатырды серозды қабат астында қоршайды.Одан миометрий қабатына кететін радиальді тармақтар шығады. Босанғаннан кейін бұлшықет талшықтары жиырылып, радиальді тармақтарды қысатын лигатура болып табылады. Ал доға тәрізді тармақтар ортаңғы сызық бойында жіңішкереді. Сондықтан жатырды ортаңғы кесулерінде латеральді кесуге қарағанда аз қан кетеді. Жатыр артериясы жатыр түтігіне келіп жоғарғы бөлімінде латеральді бұрылып түтіктік және аналық бездің тармақтарына бөлінеді. Түтіктік тармақ жатыр түтігінің шажырқайында латеральді өтеді. Аналық без тармағы аналық шажырқайына бағытталып, сол жерде аортадан келетін аналық без артериясымен анастамозданады.
Венозды жүйесі. Ішкі мықын венасы жүйесімен жүреді. Жатыр және қынап аймағында жатырлық және қынапты венозды өрімдер түзіледі. Олар тік ішек және қуық венозды өрімдерімен тығыз байланысты.
Иннервациясы. Иннервациясында вегетативті нерв жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімі, жұлын нервтері қатысады.
Вегетативті нерв жүйесінің симпатикалық бөлімінің талшықтары аортальді және құрсақтық өрімнен басталып, төмен бағытталып V бел омырқасында жоғары құрсақасты өрімін – plexus hypogasticus superior түзеді. Одан оң және сол төиенгі құрсақасты өрімін түзетін талшықтары кетеді. Бұл өрімдерден нерв талшықтары қынаптық және жамбастық өрімге барады.
Жатыр-қынап өрімі – plexus uterovaginalis жатырдың артқы және бүйір параметриальді клетчаткада ішкі арң мен жатыр мойын каналы деңгейінде орналасады. Бұл өрімге вегетативті нерв жүйесінің парасимпатикалық бөлігінен n.pelvicus келіп қосылады. Осы жатыр-қынап өрімінен келетін симпатикалық және парасиппатикалық өрімдер қынапты, жатырды, жатыр түтігінің іщкі бөлігін және қуықты иннервациялайды. Аналық без аналық без өрімінің – plexus ovaricus және симпатикалық – парасимпатикалық нервтермен инневацияланады.