Өлім белгілері және өлімнен кейінгі өзгерістер

Өлім белгілері және өлімнен кейінгі ағзадағы өзгерістер

Табиғаттағы тірі жан-жануарлардың бәрі де тіршілігін өліммен аяқтайды, яғни мәйітке айналады.

Өлу заңдылықтарын, оның себептерін және өлімнен кейінгі өзгерістерді зерттейтін ілімді танатология деп атайды. Адам өлімін бүкіл организмнің өлімі деп қарау керек. Бірақ, әртүрлі зерттеулер арқылы кейбір ағзалардың, тіндердің өз тіршілігін организм өлгеннен кейін де біраз уақытқа дейін сақтай алатындығы анықталған. Осыған байланысты өлген адам ағзаларын, тіндерін трансплантация үшін пайдалану мүмкіншілігі туды. Қазіргі кезде бүйректерді, жүректі өлген адамнан ауру адамға көшіріп отырғызу тәжіриебеде кең қолдануда. Ағзаларды трансплантацияға дайындамастан бұрын қайтыс болған адамның анық өлгендігіне көз жеткізу керек. Бұл жағдайда өлім жөніңдегі қорытындыны әдетте сот медицинасының сарапшылары береді. Бірақ та өлім белгілерін білу, өлім себептерін анықтау барлық дәрігерлер үшін, әсіресе, патологоанатомдар үшін аса қажет. Патологоанатом тек аурухана жағдайында қайтыс болған науқасты ашып көріп, өзінің қорытынды сөзін өлімнің қандай ауру салдарынан болғанын, оның пайда болу механизмдерін ашып береді.

Өлім белгілері

Өлу үрдісі өте күрделі болып, бірнеше сатылардан тұрады. Оларға: жанталасалды күйі, жанталас (агония) және клиникалық өлім. Өлімнің әрбір сатысының ұзақтық мерзімі әр түрлі, мысалы, агония бірнеше минуттан бірнеше сағатқа немесе тәулікке созылуы мүмкін. Клиникалық әдетте 5-6 минуттан соң биологиялық өлімге айналады. Осы кезден бастап қана организмді мәйіт деп атауға болады.

Өлімнің себептеріне қарай табиғи: (физиологиялық), зорлық-зомбылық нәтижесінде және ауруға байланысты түрлерін ажыратады.

  • Табиғи өлім адам әбден қартайып, ағза қызметтерінің бірте-бірте әлсіреп барып, тоқтауымен байланысты.
  • Зорлық-зомбылық нәтижесіндегі өлімді сот медицинасы зерттейді.
  • Әр түрлі аурулар салдарынан өлу себептерін негізінен патологоанатомдар тексереді.

Ауру асқынып кеткенде; мысалы, миға қан құйылғанда, жүрек инфарктында, өкпе артериясының тромбоэмболмясында адам кенеттен, кейде бірнеше минут ішінде де өліп кетуі мүмкін. Ал көптеген созылмалы аурулар нәтижесінде пайда болатын өлімді дәрігерлер клиника жағдайыны бақылап, оларды өлімнен алып қалу үшін реанимация (латынша-reanimatio-қайта тірілту) шараларын кенінен қолданады.

Өлімнен кейінгі болаты өзгерістер

Биологиялық өлімнен кейін біршама уақыттан соң өлімнің морфологиялық белгілері және өлімнен кейінгі өзгерістер дамиды. Бұл өзгерістерді анық білу және зерттеу, кейбір жағдайда кездесетін жалған өлімді анықтауда аса қажет. Сол үшін мәйітті клиникада кемінде 2 сағат сақтап, өлімнің алғашқы белгілері байқалғанда ғана патологиялық анатомия бөлімдеріне көшіреді.

Өлімнің алғашқы белгілеріне:

  1. мәйіттің сууы
  2. мәйіттің сіресіп қалуы
  3. мәйіттің кебуі
  4. қанның қайта бөлінуі
  5. мәйіт дақтары

Мәйіттің сууы өлгеннен соң организмдегі зат алмасу үрдісінің тоқтауына байланысты. Дене жылуы бірте-бірте азайып, айналадағы температурадан 0,5-1 С төменірек болады.  Орташа есеппен мәйіттің температурасы сағатына 1 С төмендейтіні анықталған.

Мәйіттің сіресіп қалуы дене бұлшықеттерінің қатайып, тартылып қалуына байланысты. Бұл өзгерістердің негізіндегі биохимиялық үрдістер жатады. Тірі организмдегі бұлшықеттердің бір тонуста тұруы АҮФ (аденазинүшфосфат) қышқылының бұлшықеттермен байланысты болуымен түсіндіріледі.

Мәйіттің сіресуі жақ, бет, мойын бұлшықеттерінен басталып, бүкіл денеге тарайды, бір тәуліктен кейін барып олар қайтадан босай бастайды. Мәйіттің сіресуін жасанды түлрде жою үшін біраз күш жұмсау керек. Мәйіттің сіресуі күші көптеген себептерге байланысты. Дене жаттықтыруымен шұғылданатын адамдарда, кейбір науқастарда ( холера, сіреспе ауруларында, стрихнинмен уланғанда ) ол жақсы байқалса, ал кәрі кісілерде, жас балаларда, сепсистан кейін сіреспе күшіөте әлсіз болады.

Мәйіттің кебуі – өлгеннен кейін денедегі сұйықтықтардың құрғап және буланып кетуінің нәтижесі. Бұл үрдіс өлгеннен соң бірнеше сағаттан кейін басталып, терінің, шырышты қабықтардыңкеуіп қалуына алып келеді. Көздің мөлдір қабығы күнгірттеніп, ақшыл қабығыөзінің реңін жоғалтып, сарғыш-сұр түсті болады. Еріннің шырышты қабығы, терінің жұқа жерлері қатып, бүрісіп, қоңыр-қызыл түс алады.

Қанның қайта бөлінуі. Өлгеннен соң артерия қан тамырының қысқыруы нәтижесінде қан вена тамырларына өтеді және өзінің салмағына байланысты дененің төменде жайғасқан бөліктеріне жинала бастайды. Жүректегі және ірі вена тамырларындағы қан ұйып қалады. Егер жанталас кезеңі ұзаққа созылса, қан ұйындылары ақшыл-сары түске кіріп, оның құрамы негізінен фибрин жіпшелерінен тұрады, ал ауру тез қайтыс болғанда ұйынды құрамында барлық қан элементтері болғаны үшін оның түсі қызыл болады. Кейбір жағдайларда, мысалы, ауру тұңшығып өлгенде қан тіпті ұйымай сұйық күйде қалады. Осы ұйындылардың түсі өлу механизмін (танатогенезді) анықтаушы морфологиялық белгілердің бірі болып есептеледі.

Мәйіт дақтары өлгеннен соң 2-4 сағаттаң кейін пайда болады. Олар мәйіттің төменгі бөлігінде көкала-қызыл немесе қоңыр-күлгін түсте көрінеді. Қолмен басқанда олардың реңі ақтаңдақтаңып барып аз ғана уақыттан соң өз реңіне қайтадан келеді. Бұл белгі мәйіт дақтарын тірі кезіндегі қанталаулардан ажыратуға жәрдем береді. Мәйіт дақтарының келіп шығуы қанның қайта бөліну механизмімен түсіндіріледі. Қан өз ауырлық күшімен денесінің төмеңгі жатқан бөліктеріне жиналады (гипостаз). Мәйіттің өз салмағы түсіп тұрған жерлерде мәйіт дақтары болмайды. Жалпы мәйіт дақтарының орны аурудың өлер кезде қалай жатқандығына байланысты. Бірінші тәуліктің екінші жартысында қандағы эритроциттер гемолизге ұшырап, плазма қан тамырларынан шыға бастайды. Осы плазманың айналадағы тіндерге сіңу үрдісін имбибиция деп атайды. Бұл кезде мәйіт дақтары бір жерге орнығып, қолмен басып көргенде өз реңін өзгертпейді.

Өлімнен кейінгі белгілеріне аутолиз және шіру үрдістері кіреді. Аутолиз үрдісі гидролиздеуші ферменттерің белсенділігінің күшеюімен байланысты. Сол аутолиз фементтер көп болған ағзалардан басталады. Ұйқы безінде, бүйрекүсті безінде, бауырда аутолиз үрдісі басқа ағзаларға қарағанда күштірек көрінеді. Асқазан-ішек жолында өзін-өзі қорыту үрдісіқұрамында пепсин, трепсин және басқа ферменттер бар асқазан-ішек сөлінің әсерінде өтеді. Соның нәтижесінде асқазан-ішек шырышты қабығы еріп, жас балаларда тіпті асқазан қабырғасы тесіліп кетуі мүмкін. Асқазан-ішек сөлі өңешке өткенде немесе аспирация жолымен тыныс ағзаларына түскенде осы ағзалардың өзін-өзі қортуы соқтырады.

Мәйіттің шіруі осы аутолиз үрдістерінің күшеюімен және оған шірітуші бактериялардың әсерінің қосылуымен түсіндіреледі. Үй температурасында шірудің бірінші белгілері 2-3-ші күні-ақ көріне бастайды. өлгеннен соң шірітуші бактериялар тез көбейіп, өздерінен гидролиздеуші ферменттерді бөліп шығарады, нәтижеде органикалық заттардың бәрі ыдырай бастайды. Сонымен қатар тіндерде өте жағымсыз иіс пайдаболып, олар сарғыш-жасыл түске кіреді. Бұл өзгерістер шіріген тіндерде күкіртсутегі және басқа газдардың пайда болуына байланысты. Күкіртті сутек гемолизге ұшыраған эритроциттермен қосылып темір сульфатын түзеді. Тіндер осы химиялық зат әсерінде қара-қошқыл, жасыл реңге боялады. Газ түзуші бактериялар өте көбейіп кеткенде газ бүкіл денеге тарап, мәйіт эмфиземасы пайда болады.

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!