Акромегалия (гигантизм)

Акромегалия және гигантизм

Акромегалия және гигантизм — гипофиз аденомасының (соматропинома) өсу гормонын (ӨГ) артық мөлшерде өндіруінен дамитын ауыр, созылмалы нейроэндокринді ауру. Аталған бұл екі сырқат бір патологиялық үрдістің жас шамалық вариациялары, яғни нақты клиникалық көріністері остеогенездің аяқталу дәрежесімен анықталады.

Этиологиясы Акромегалия кезінде ӨГ секрециялайтын гипофиз аденомасы, яғни макроаденома 99% жағдайда анықталады. Иммуногистохимиялық, шынайы соматотропты аденомалардан (шамамен 45% жағдайда) басқа аралас пролактосоматропиномалар (шамамен 30 %) ажыратылады. Қалған 25 % аденомалар басқа да аденогипофизарлы гормондар синтездейді: ТТГ, α-субъбірлік, ЛГ, ФСГ.

Даму тегі бойынша соматотропинома соматотрофтардың соматикалық мутациясынан дамитын моноклональды ісіктер. 40% жағдайда соматотропиномаларда соматолиберин (өсу гормонының рилизинг гормоны – ӨГ-РГ) рецепторларының белсенуіне әкелетін G-ақуызының α- және β-субъбірліктерінің димеризациясын қамтамасыз ететін Gsp-ақуызының мутациясы анықталады. Мұндай ісіктер жиі микроаденомалар болып табылады. Соматотропинома көптеген эндокринді неоплазиялар синдромының 1-типінің (КЭН-1) (9.2.1 бөлімді қараңыз) құрамдас бөлігі болуы мүмкін.

Патогенезі. Акромегалия кезінде ағзада дамитын өзгерістер мезензимальды тіндердің жайылып өсуі себебінен шынайы гипертрофия мен гиперплазия (спланхомегалия) болып табылады. Барлық ішкі ағзалардың ұлпасы мен стромасы үлғаяды: өкпе, жүрек, бауыр, ұйқыбезі, ішек, көкбауыр. Аурудың үдеуімен барлық ағзаларда дәнекер тінінің пролиферациясы дамып, нәтижесінде ағза шамасыздығымен сипатталатын склеротикалық өзгерістер орын алады. Осымен қатар, эндокринді ісіктерді қоса қатерлі және қатерсіз ісіктердің даму қаупі жоғарылайды. Балалар мен жасөспірімдердің бойлай өсуіне байланысты өсу гормонының созылмалы гиперпродукциясы гигантизммен көрінеді, яғни физиологиялық шеңберлерден асып кететін салыстырмалы түрде пропорционалды сүйектердің эпифизарлы және периостальды өсуімен, жұмсақ тіндер мен ағзалардың ұлғаюымен сипатталады. Ересектерде эпифизарлы шеміршектердің сүйектенуінен кейін өсу мүмкін болмағандықтан акромегалия (akros — шеткі, megas — үлкен) дамиды. Акромегалия кезінде науқас денесі ұзындығына емес, еніне қарай жұмсақ тіндердің ұлғаюы есебінен өседі, бұл қаңқа сүйектерінің диспропорционалды периостальды өсуімен, ішкі ағзалар массасының жоғарылауымен, зат алмасудың бұзылуымен көрінеді.

Эпидемиологиясы. Акромегалияның халық арасында таралуы жылына млн. халыққа 40-60 жағдай, жылына жаңа тіркелген жағдайлар жиілігі млн. халыққа 3–4 жағдай. 40–60 жас аралығында ерлер мен әйелдерде бірдей жиілікте кездеседі. Гигантизм- казуистикалық сирек патология.

Акромегалия клиникалық көрінісі

Акромегалия, әдетте баяу басталып, торпидті ағымы симптоматиканың біртіндеп артуымен және сырт-әлпетінің өзгеруімен сипатталады. Акромегалия диагнозы ауру басталған соң шамамен орташа 7 жылдан кейін қойылады. Басты симптомдарына жатады:

Сырт бет-әлпетінің өзгеруі жиі кездеседі және акромегалияның дамуына күмән туғызатын басты белгі. Науқасқа қас үсті доғасының, бетұшы сүйегінің, төменгі жақтың ұлғаюына байланысты бет-әлпеттің дөрекіленуі тән. Беттің жұмсақ тінінің гипертрофиясы дамиды: мұрын, ерін, құлақ. Төменгі жақтың ұлғаюы тіс аралықтарының (диастема) кеңеюіне байланысты дамитын тістемнің бұзылуына (прогнатизм) әкеледі. Тілі үлкейеді (макроглоссия), онда тістердің ізі анықталады. Сырт-әлпеттің өзгеруі баяу дамиды, сондықтан науқас оны байқамайды (2.6 сурет). Сонымен қатар қолдары пен табанның өлшемдері үлкейеді (науқастар жиі айтарлықтай аяқ киім өлшемдерінің ұлғайғанын айтады) (2.7сурет). Гигантизм кезінде акромегалиямен салыстырғанда бойлай өсуі күшейеді.

Буындардың шеміршек тіндерінің айқын гипертрофиясы арталгияның дамуына әкеледі. Тер бездерінің саны мен белсенділігінің артуына байланысты науқастар тершеңдікке шағымданады (науқасты қарап тексергенде кейде тердің дене бойымен  ағатынын көруге болады (жылға тәрізді) ). Май бездерінің белсенуі мен гипертрофиясы, терінің қалыңдауы сырқатқа тән сипатқа өзгертеді (тығыз, жуандаған, бас терісінің шашты бөлігіндегі терең қыртыстар).

Акромегалия қазақша
Акромегалиямен ауыратын адам көрінісі

Ағзалық жеткіліксіздікпен асқынатын спланхномегалия. Аурудың бастапқы сатыларында өсу гормонының ішкі ағзалар мен бұлшықеттерге әсері  айтарлықтай байқалмайды, тіпті спортсмендер мен физикалық еңбекпен айналысатын адамдарда жағымды қабылданады, себебі еңбекке қабілеті мен физикалық белсенділігі жоғарылайды, алайда аурудың үдемелі дамуына байланысты бұлшықет талшықтары біртіндеп дегенерацияланып, жалпы әлсіздіктің бірте-бірте күшейіп, еңбекке қабілетінің үдемелі  төмендеуіне әкеледі. ӨГ компенсацияланбай ұзақ уақыт артық өндірілуі миокардтың шоғырланған (концентрлік) гипертрофиясын дамытады, кейін ол гипертрофиялық миокардиодистрофиямен, ал асқынған жағдайларда науқастардың өліміне әкелетін жүрек жеткіліксіздігімен аяқталатын дилатациялы түрге ауысады. Акромегалия көрініс берген науқастардың 30%-да артериялық гипертензия анықталады.

Түрік ершігі мен оның диафрагмасының деструкциясына, бассүйек ішілік гипертензияға байланысты дамитын бастың ауыруы.

Акромегалиямен науқастардың 90 %-да ұйқы кезіндегі апноэ синдромы дамиды. Бұл жоғарғы тыныс жолдарының жұмсақ тіндерінің жайылып өсуімен және тыныс орталықтарының зақымдалуына байланысты дамиды.

Гипофизарлы жеткіліксіздік гипофиздің ісікпен жаншылуынан немесе бұзылуынан дамиды. Репродуктивті бұзылыстар (менструальды циклдің бұзылуы, эректильді дисфункция) гонадотропин өндірілуінің бұзылуымен қатар, жиі гиперпролактинемиямен байланысты дамуы мүмкін, ал ол өз кезегінде гипофиз аяқшасының жаншылуынан немесе ісікпен пролактиннің артық өндірілуінен болуы мүмкін (пролактосоматропинома).

  • Хиазмалық синдром.
  • Симптоматикалық қант диабеті (науқастардың 50%-да).
  • Өсу факторларының (ИТФ-1 ж. т.б.) созылмалы гиперпродукциясы

нәтижесінде түрлі локализациядағы қатерлі және қатерсіз ісіктердің дамуы. Акромегалия кезінде жиі түйінді немесе жайылмалы жемсау, бүйрек үсті безінің аденоматозды гиперплазиясы, фиброзды-кистозды мастопатия, жатыр миомасы, аналыз бездердің поликистозы, ішек полипозы көрініс береді. Ішек полиптері 20–50% жағдайда, ішек аденокарциномасы — барлық акромегалия жағдайларының 7%-да кездеседі.

Диагностикасы

  1. Өсу гормоны базальды деңгейінің жоғарылауы акромегалияның айқын клиникалық көрінісі дамыған науқастардың басым көпшілігінде анықталады.
  2. Оральды глюкозотолерантты сынама кезінде ӨГ бастапқы деңгейі зерттеледі, сонымен қатар 75 г глюкозаны ішке қабылдағаннан соң 30, 60, 90 және 120 минуттан кейін анықталады.  Қалыпты жағдайда глюкоза жүктемесінен кейін ӨГ деңгейі төмендейді. Акромегалияның белсенді сатысында ӨГ 2нг/мл-ден төмендемейді немесе ӨГ парадоксальды жоғарылауы мүмкін. Глюкозотолерантты сынама акромегалияның клиникалық көрінісі айқын, бірақ гормональды зерттеу нәтижесінде ӨГ базальды деңгейі шамалы ғана жоғарылаған немесе қалыпты болғанда қолданылады. Сонымен қатар, емдік шаралардың нәтижесін бағалау мақсатында жүргізіледі.
  3. ИТФ-1 (соматомедин С) деңгейін анықтау аса ақпаратты зерттеу болып табылады. Ересек адамдарда ИТФ-1 деңгейінің жоғарылауы тек бір себеппен, яғни акромегалиямен түсіндіріледі, ал қалыпты деңгейі бұл диагнозды түбегейлі жоққа шығарады. ИТФ-1 өсу гормонынан айырмашылығы қан сарысуындағы жартылай шығару кезеңі ұзағырақ, сондықтан ол ұзақ уақыт бойы ӨГ деңгейі туралы мәлімет бере алады.
  4. Аденоманы визиуализациялау мақсатында гипофиз МРТ жүргізу.
  5. Мүмкін болатын асқынуларды зерттеу (ішек полипозы, қант диабеті, көптүйінді жемсау).

Салыстырмалы диагностикасы. Гигантизмді басқа да ұзын бойлылықтан ажырату қажет (конституциональды ұзын бойлылықтан, Клайнфелтер синдромы, түрлі этиологиялы біріншілік гипогонадизм). Акромегалияның салыстырмалы диагностикасы ауыр гипотиреозбен, Педжет ауруымен және сыртқы келбеттің жеке дара ерекшеліктерімен жүргізіледі.

Акромегалия емі

Акромегалияның емінің мақсаты: ӨГ автономды гиперпродукциясын ликвидациялау, қанда ИТФ-1 деңгейін қалыптастыру және глюкозотолерантты сынамада (75г глюкоза) ӨГ плазмалық деңгейін 1 нг/мл-ден жоғарылатпау. Көрсетілген критерийлер аурудың ремиссиясына сай келеді.

  • Акромегалиямен сырқаттанған науқастарда емдеудің таңдау әдісі гипофиз аденомасын транссфеноидальды алып тастау болып табылады. 85 % жағдайда микроаденомаға жасалған операциядан кейін ӨГ мөлшері қалыпты деңгейге оралады. Үлкен емес инкапсулярлы аденомаларға орындалған операциялардан кейін сырқаттың тұрақты ремиссиясы орнайды. Макроаденома кезінде бірінші жасалған операциядан кейін толық сырқаттан айығу тек 30% жағдайда болады. Экстраселлярлы өсуі тән ісіктердің болжамы нашар болады.
  • Соматостатин туындылары (октреотид, ұзақ әсерлі октреотид, ланреотид) науқастардың 50–70 %-да ӨГ мен ИТФ-1 деңгейін қалыптастырады. Гипофиз аденомасының көлемі сирек жағдайда 30–50 % ғана кішірейеді және болмашы ғана.
  • Өсу гормоны рецепторларын бөгеушілер (пегвисомант) эндогенді өсу гормоны рецепторларымен байланысу үшін бәсекелесіп, ИТФ-1 синтезін төмендетеді. Пегвисоманттармен терапия нәтижесінде науқастардың 90 %-да ИТФ-1 деңгейі төмендейді. Қазіргі таңда бұл емдеу түрі басқа емдеу әдістері нәтижесіз болғанда қолданылады.
  • Сәулелік терапияның әсері төмен, сондықтан тек қосымша емдеу әдісі ретінде ғана қолданылады. Перспективті әдіс γ-бөлшектермен қалған ісікті сәулелендіру (гамма-пышақ) болып табылады.

Болжамы. Акромегалиядан дамитын өлім көрсеткіші жалпы халыққа шаққанда 2–4 есе жоғары, ең алдымен жүрек-қантамыр ауруларына байланысты. ИТФ-1 деңгейі қалыптасқанда және СТГ гиперсекрециясы жойылғанда өлім көрсеткіші орташа статистикалық көрсеткіштерге дейін төмендейді.

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!