Науқасты тасымалдау түрлері және ережесі
Науқасты қараған дәрігердің ұйғарымы бойынша науқас бөлімшеге бақылаушы мейірбике күтіп алады, онымен және оның сырқатнамасымен танысады, оған палатаны, санитарлық және басқа бөлмелерді көрсетеді, бөлімше тәртібі туралы айтады. Содан кейін мейірбике түскен науқас туралы дәрігерге баяндайды және сырқатнаманы береді. Науқастың жағдайына байланысты дәрігер оны бірден немесе аралау кезінде қарайды, қосымша тағайындаулар жасайды.
Өздігінен жүре алмайтын науқастарды бөлімшеге зембілмен тасымалдайды. Әлсіреген науқастарды, мүгедектерді, кейбір егде және кәрі адамдарды кебінесе арнайы кресло-каталкамен (абайлап, қатты селкілдетпей); ауыр науқастарды каталкамен немесе зембілмен тасымалдайды. Науқас жатқызылған зембілді екі немесе төрт адам көтеруге болады, олар қысқа адыммен қатарласпай жүрулері қажет. Сатымен көтерілгенде науқасты басын алдыға, төмен түскенде аяқтарын алдыға қаратып кетереді, екі жағдайда да зембілдің аяқ жағы сәл жоғары ұсталынады. Зембілді көтеруді жеңілдету үшін кейде арнайы санитарлық лямкалар қолданылады. Науқасты қолмен тасымалдауды және оны ауыстырып жатқызуды бір, екі немесе төрт адам жүргізуі мүмкін. Егер науқасты бір адам тасымалдаса, онда ол бір қолымен науқастың кеудесін жауырын деңгейшінде ұстайды, ал екінші қолын сандарының астына жібереді, бұл кезде науқас көтерушінің мойнынан құшақтайды.
Науқасты зембілмен төсекке ауыстырып жатқызу ептілікті және байыптылықты қажет етеді. Бұны 2-3 медицина қызметкері жүргізеді. Ауыстыру ыңғайлы болу үшін зембілді төсекке тура бұрыштап, қарама-қарсы, жалғастырып, тигізе кояды. Зембілді тесекке тигізіп қойып ауыстыру науқастан белгілі бір күш түсіруді қажет етеді, сондықтан бұл әдіс көбінесе қолданылмайды. Егер де техникалық себептермен зембілдің мұндай орналасуы мүмкін болмаса, онда зембілді төсекке қарама-карсы қояды, қызметкерлер бұл кезде зембіл мен төсектің арасында бірінен сон бірі немесе тіпті болмаған жағдайда оған жанаса тұрады. Науқасты төсекке жатқызар алдында төсектің дайындығын, барлық күтімге қажетті заттардың бар екендігін тексереді. Науқасқа қосымша ауырсыну сезімін тудырмай тасымалдау және ауыстырып жатқызу белгілі бір ептілікті және тәжірибелікті талап етеді
Сырқатты бөлімшеге бірнеше жолдармен тасымалдауға болады. Тасымалдау түрін дәрігер шешеді. Жалпы жағдайы қанағаттанаралық сырқатты палатаға медициналық қызметкерлер шығарып салады. Кейбір жағдайларда сырқатты бөлімшеге дейін кресло – каталкада сырғытып апарған жөн. Ауыр науқастарды бөлімшеге арнайы қаталкалар мен зембілдермен тасымалдайды. Әрбір каталка таза жаймамен жабылып, көрпемен төселуі тиіс. Жайманы әрбір сырқаттан кейін ауыстыру керек. Көрпені желдетіп алады, ал жұқпалы аурулардан кейін зарарсыздайды. Лифті жоқ жерде ауыр науқасты 2 немесе 4 адам зембілмен көтеріп шығарады. Зембілдің артқы жағын сәл көтеріп, сырқаттың басын алдына қаратып алып жүреді. Түсерде сырқат жатқан зембілдің аяқ жағын көтеріп алдымен шығарады. Көптеген ауруханалар арнайы тасымалдау құралымен қамтамасыз етілген, сырқатты қабылдау бөлімшесінен қашық тұрған корпусқа арнайы құралдармен жеткізеді. Қазіргі кезде тежеуіші бар кресло – каталкалар қолданылып жүр.
Қозғалуға болмайтын ауыр науқастарды, зембілден төсекке абайлап, ережелерді сақтай отырып, жылжытып жатқызады: зембілдің аяқ жақ шетін кереуеттің бас жағына қою қажет. Егер палата тар болса, зембілді кереуетке паралель етіп қояды да, медициналық қызметкерлер зембілмен кереует арасында ауруға бетін беріп тұрады. Ыңғайсыз артық қимылдар жасамау үшін зембілді кереуетке қалай дұрыс келтіру керегін алдын ала ойластырған жөн.
Зембілмен тасымалдау ережелері
Медицина қызметкерлері зембілмен тасымалдағанда мына ережелерді сақтауы керек.
- Науқасты көтеріп салғанда бір қалыппен және бір кезде көлденең ұстап жатқызып салады.
- Тасушылар зембілді шайқалтпай, тербелітпей, бұрылыстарда ақырын бұрылып, аяқтарын бірдей алып жүрулері керек.
- Баспалдақпен көтерілгенде аяқ жағын көтеріп және тегістікте зембілдің бас жағымен алға жүреді, ал баспалдақпен төмен түскенде аяқ жағымен алға және аяқ жағын көтеріп жүреді.
- Арт жағында келе жатқан медицина қызметкері науқастың жағдайын бақылайды.
- Егер тасушылардың біреуі шаршаса, ол жөнінде міндетті түрде айтуы керек.
- Зембілге науқасты салғанда немесе төсекке ауыстырғанда үш адамның болғаны дұрыс.
Каталкамен тасымалдау ережелері
Ауыр науқастарды каталкамен тасымалдау – ең ыңғайлы және сенімді болып есептеледі. Науқастың астына жайма жайып, үстін көрпемен жабады.
- Каталканың бас жағын науқастың аяқ жағына тік бұрышпен қояды.
- Үш медицина қызметкері бір жақтан келіп, қолдарын біреуі науқастың басы мен жауырының астына, екіншісі белі мен санының жоғарғы жағына, үшіншісі санның орта бөлігі мен балтырдың астына салады.
- Үшеуі бір уақытта науқасты көтеріп, каталкаға қарай 900 бұрылады.
- Науқасты каталкаға жатқызып, үстін жабады.
- Палатаға келген соң каталканың бас жағын кереуеттің аяқ жағына жақындатып қойып, науқасты көтеріп, әзірленген кереуетке жатқызады, үстін жабады.
- Каталканы зарарсыздандырады.
- Медицина қызметкерлері қолдарын жуып, құрғатады.
Кресло – каталкамен тасымалдау ережелері
- Кресло-каталкадағы аяқ қоятын тіреуішті еденге тигенше еңкейтеді.
- Науқастан аяқ тіреуішке аяғын салуын сұрап, содан кейін оны қолтықтап кресло-каталкаға отырғызады.
- Кресло – каталканың артындағы рамкасын реттеп, науқасты жартылай отырғызатын немесе жатқызатын қалыпқа келтіреді.
- Науқасты алып жүргенде шынтақ қойғыштың шетінен оның қолдарының шығып кетпеуін қадағалайды.
- Науқастың кереуетке отырып жатуына көмектеседі.
- Кресло-каталканы зарарсыздандырады.
- Медицина қызметкері қолын жуып, құрғатады.
Науқас ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалуына байланысты оның жататын орнының ыңғайлы әрі таза болуының маңызы зор. Емдеу мекемелерінде науқастарға арналған қарапайым және функционалды кереуеттер қолданылады. Қарапайым кереуетте жартылай отыру қалпын, пациенттің басын бірнеше жастықтар қою арқылы көтеріп жасауға болады. Функционалды кереуеттер үш қозғалмалы бөлімнен тұрады. Кереуеттің тұтқаларының көмегі арқылы олардың бас және аяқ жағын көтеріп немесе төмен түсіруге болады. Жартылай отырғызу үшін бас жағын көтереді.
Функционалды кереуеттің мақсаты – науқасқа ыңғайлы, функционалдық жағдай жасау.
Ең бастысы кез – келген уақытта пациентке төсек-орынды ыңғайлы, жайлы етіп беруге болатындығы. Науқас көп уақытын төсекте өткізеді, сондықтан төсек орны ыңғайлы, таза, матрастарының қаттылығы орташа, жатқан орнын ластамау үшін клеенка төселуі керек. Матрас ақжаймамен жабылуы тиіс.
Науқастың төсегін әзірлеу:
Әзірлеңіз:
- кереуетті, матрасты, матрастың тысын;
- жайманы, жастықты, жастықтың тысын;
- көрпе, зарарсыздандыру ерітіндісі, шүберек, орамал, клеенка
Іс -әрекеттер:
- Қолыңызды жуып, кептіріңіз.
- Зарарсыздандыру ерітіндісіне батырылған шүберекті алып, кереуетті 2 рет /арасына 15минут үзіліс салып/ сүртіңіз.
- Матрастың тысын кигізіңіз.
- Оны кереуеттің торының үстіне салып, ұзына бойы клеенка төсеңіз.
- Оның үстіне жайма жайып, оны матрастың астына салып, бекітіп тегістеңіз.
- Жастықпен көрпеге тысын кигізіңіз
Еркебулан Молдаханов