Бауыр абсцесі
Бауыр абсцесі амебалық дизентерия және іріңді инфекциялардан (пилефлебит, іріңді холангит) кейін дамиды. Ыстық климатта орналасқан елдерде амебалық дизентерия жиі кездесетініне байланысты бауырлық абсцесс жиі дамиды, барлық хирургиялық аурулардың 5% құрайды. Бауыр абсцессінің себебі ретінде екінші орында жедел аппендицит. Өте сирек 0,03 – 0,05% жағдайларда іріңді – гангренозды аппендицитте өсіндінің шажырқайында тромбофлебит (пилефлебит) дамиды, ары қарай инфекция қақпалы венамен (V. Portae) бауыр абсцестеріне әкеледі. Бауырда іріңді метастаздар септикалық эндокардит, остеомиелит, фурункул, сепсис сияқты іріңді процестерде кездесуі ықтимал. Бауырдың ашық және жабық жарақаттары, ішек жолдарының паразитарлы ауруларында бауыр абсцесі сирек болса да кездеседі.
Патологиялық анатомия. Бауырда үлкенді – кішілі, бір немесе көптеген абсцестер түзіледі. Амебалық абсцесс көбінесе біреу, аппендикулярлы пилефлебитте көптеген абсцестер дамиды. Амебалық абсцесте ірің шоколад түсті, қою, иіссіз, стерильды болады, микроскопия кезінде бауырдың өлі тіндері анықталады. Пилефлебиттен кейінгі абсцестердің ағымы тез, сепсис тәріздес болғандықтан, іріңдіктердің сыртында капсула түзіліп үлгермейді. Көбінесе абсцестер бауырдың оң бөлігінде орналасады.
Клиникалық көріністері. Пиогенді абсцестерде, амебалыққа қарағанда, науқастарды кеудеге және ішке тарайтын оң жақ қабырға астының тұрақты, өте қатты ауырсынуы мазалайды. Амебалық абсцесте науқастың жалпы жағдайында айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Пиогенді бауыр абсцестерінде интоксикацияға байланысты (жоғарғы температура 39 – 40°С, қалтырау, пульстің жиілеуі 120 – 140 мин., тәбетінің төмендеуі, нейтрофилды лейкоцитоз 30000 – 40000) науқастың жағдайы өте ауыр. Науқас тез арада әлсірейді, көзі, терісі сарғаяды. Пальпация кезінде оң жақ қабырға астында ауырсыну, бұлшықеттің қатаюы байқалады. Алақанның қырымен оң жақ қабырға доғасынан абайлап соққылағанда ауырсыну күшейе түседі (Ортнер симптомы оң ).
Амебалық абсцессте науқастың жалпы жағдайы орташа, дене қызуы субфебрильді, лейкоцитоз 12000 – 15000 – нан жоғары болмайды. Екіншілік инфицирлену болса клиникасы пиогенді бауыр абсцесіне ұқсас келеді. Рентгендік зерттеуде диафрагманың қимылы шектеліп, оң жақ күмбезі жоғары орналасады. Ультрадыбыстық зерттеуде, компьютерлік томографияда бауырда абсцесс түзілуіне байланысты оның эхоструктурасы өзгереді.
Диагноз. Диагноз қоюда науқастың шағымын, аурудың даму тарихын, бұрын немен ауырғанын, клиникалық белгілерін тұжырымдай келе, бауыр абсцесіне ұқсас аурулармен (диафрагма асты абсцесс, оң жақтық іріңді плеврит, іріңдеген бауыр эхинококкозы, холангит, т.б.) ажырату диагностикасын жүргізу қажет. Аталған аурулардың өздеріне тән шағымдары, анамнезі, клиникалық көріністері болады. Зерттеу тәсілдері (Рентген, ультрадыбыс, компьютерлік томография, магнитті резонансты компьютерлік томография, иммунологиялық реакциялар, лабараториялық, биохимиялық анализдер, бауыр пункциясы, лапароскопия) дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік береді.
Емі. Амебалық бауыр абсцесінің көлемі кішкентай, жаңа басталған кезінде консервативті ем – эмитин гидрохлорид 1мл. 2% ерітіндісін тәулігіне 3 – 4 рет тері астына енгізу жақсы нәтиже береді, ал үлкен абсцестерде операция жасалады.
Пиогенді абсцесстердің емі оперативті. Операциялық ену жолдары абссстердің көлемі, бауырда орналасуына байланысты әртүрлі болып келеді: лапаротомия (абсцесс бауырдың алдыңғы бөлігінде орналасқанда), трансплевралды, трансдиафрагмалды, кеуденің оң бөлігінің төменгі бүйірінен іш қуысына кірмей – іш пердесінің сыртынан (іріңдік бауырдың артында орналасқанда қолданады).