Гипертониялық криз. Дәрігерге дейінгі жедел медициналық көмек

Гипертониялық криз – жедел медициналық көмекті қажет ететін гипертониялық аурудың қауіпті асқынуы. Гипертониялық аурумен ауыратын әрбір адам гипертониялық криз кез келген уақытта пайда болатынын есте сақтауы қажет. Сондықтан, артериялық қан қысымының күрт көтерілуі кезінде қалай алғашқы көмекті көрсете білуді барлық гипертониямен ауыратындар емес, сонымен қатар олардың жақындары да білуі тиіс. Гипертониялық криз – жүйке-қантамырлық және гуморальдық бұзылыстармен қатар жүретін артериялық қан қысымының айқын күрт көтерілуі. Жедел жүйке-психикалық жағдайлар, алкоголь өнімдерін шамадан тыс қолдану, ауа-райының күрт өзгеруі, гипотензиялық препараттардан бас тарту сияқты тағы басқа факторлар гипертониялық криздің пайда болуына әкеледі.

Гипертониялық криз келесідей жіктеледі: І, ІІ тип және асқынған.

І типті гипертониялық криз тез дамиды: күрт бас ауруы, бас айналуы, көз қарауытуы, тіпті құсуы да мүмкін. Науқастар қозған күйде және ыстықтаған сезімде болады, бүкіл денеде діріл пайда болады. Мойын, бет терілерінде, кейде кеуде тұсында қызыл дақтар пайда болады. Тері жанасқанда дымқыл. Жүрек соғысының күшеюі мен кеуде тұсында ауырлық сезімі қосылуы мүмкін. Тахикардия байқалады. Артериялық қысым, негізінен систолалық қысым жоғарылайды(200 мм сын.бағ. және одан жоғары). Көбіне криз өте көп мөлшерде зәр шығарумен( полиурия) аяқталады.

ІІ типті гипертониялық криз гипертониялық аурудың ІІ-ІІІ стадиясымен ауыратын науқастарда тиімсіз емдеу кезінде немесе өмір сүру режимінің бұзылуы кезінде дамиды. Криз симптомдары баяу, бірақ өте қарқынды дамиды. Бірнеше сағаттар ішінде бас ауыруы өршиді. Жүрек айнуы, құсу, сылбырлық байқалады және есту, көру қабілеті нашарлайды. Пульс күшті, бірақ жиілемеген; артериялық қысым, негізінен диастолалық(140-160 мм сын.бағ.) күрт көтерілген.

Асқынған гипертониялық криз церебральды, коронарлы немесе астматикалық вариант бойынша өтуі мүмкін. Асқынбаған гипертониялық кризден асқынған гипертониялық криздің айырмашылығы – жедел коронарлы(тәждік) жетіспеушілік, жедел сол қарыншалық жетіспеушілік(жүректік астма, өкпе ісінуі), ми қанайналымының жедел бұзылысы(гипертониялық энцефалопатия, инсульт).

Гипертониялық криз дамуында, әсіресе асқынғанда жедел жәрдем бригадасын шақыру керек.

Гипертониялық криз кезіндегі дәрігерге дейінгі көмек келесідей жеделдетілген шаралар кешенінен  тұрады.

Науқаста толық тыныштық жағдайын қамтамасыз ету қажет. Науқасқа жүру, физикалық  белсенділік таныту қарсы көрсетілген, оны жастық көмегі арқылы жартылай отырған ыңғайлы жағдайда жатқызу керек. Егер ұстама көшеде орын алса, оның киімдерін бүктеп, қолындағы заттарымен қосып арқасының астына қою керек. Бас миының тамырларына жүктемені азайту үшін және қанмен қамтамасыз етудің жоғарыламасы үшін басты дене деңгейінен жоғары ұстау керек.

Науқас айналасындағы жарықтандыруды азайту керек және сыртқы орта тітіркендіргіштерінен қорғап, мүмкіндігінше максимальды тыныштық сақтау керек. Жанындағы адамдар сабыр сақтап, дабыл қақпауы тиіс, себебі жүйке қозымдылығы әбсәтте науқасқа беріледі.

Криз тынысалуды қиындатқандықтан, жағаны шешіп, шарф, галстук сияқты қысып тұрған киімді босату керек. Егер науқас жабық бөлмеде болса, оның таза ауамен қамтамасыз етілгенін бақылау керек, сонымен қатар оған суық тимеуін қадағалау керек.

Науқастың аяқтарын жылыту қажет: аяқтарына жылыту жастықшаларын, ыстық суы бар бөтелкелерді және балтыр бұлшықеттеріне қыша қағаздарын тартып қою керек.

Науқастан жоғары қан қысымымен ауыратын, ауырмайтындығын және оны түсіруге тағайындаған дәрігердің  медикаменттерін анықтап, науқасқа беру керек. Егер қан қысымы 1 сағ ішінде төмендемесе, препараттарды қабылдауды қайталау қажет, бірақ қан қысымын тым қатты түсіріп алмау керек, бұл әсіресе қарт кісілерде жағдайды асқындырып, есін жоғалтып алуына дейін апаруы мүмкін.

Егер ол бұрын-соңды гипотензиялық препараттарды қабылдамаған болса, науқасқа Нифедипин 10мг(тек науқаста айқын тахикардия мен стенокардия болмағанда) таблеткасын беру керек. Препарат қан қысымын тиімді түсіреді. Науқаста жүрек аурулары мен нифедипинді төзе алмаушылық анықталса, каптоприлмен(12,5-25мг) алмастыруға болады.Каптоприл артериялық қан қысымын төмендетеді, жүректі сақтап, нефропатия жайлы ескертеді. Сонымен қатар, нифедипиннен қарағанда каптоприл ұйқы шақырмайды, бас айналуы мен тахикардияны тудырмайды. І типті гипертониялық криз кезінде анаприлинді 40мг ұсақталған түрде ішке қабылдау керек немесе тіл астына қою керек. ІІ типті гипертониялық криз кезінде іш өткізетін препараттар қолданады, мысалы фуросемид 20-40 мг.

Гипертониялық криз жағдайында адамдағы ойын билеп алатын мазасыздық, уайымшылдық және өлімнен қорқу сезімдерін басу үшін корвалол 40 тамшысын беру керек. Корвалол орнына сасықшөп немесе валериана тұнбасын беруге де болады.

Жүрек ауырғанда валидол немесе нитроглицерин, бірақ соңғысын өте абайлап қолдану керек: қантамырларды кеңейтіп, коллапс тудыруы мүмкін.

Мүмкін болған жағдайда артериялық қысымға мониторинг жасаған жөн, тонометр көрсеткіштерін, пульс және тыныс жиілігін әр 15-20 мин сайын дәрігер келгенге дейін жазып отыру керек.

Кейбір науқастар артериялық қысымның үйреншікті сандарға дейін тез түсуі симптомдардан тез құтылуға көмектеседі деп қате ойлайды. Ешқашан қан қысымын бірден түсіруге болмайды, себебі естен танумен сипатталатын коллапс дамуы мүмкін. Әрі қарай бұл ауыр жағдайларда бас миында және басқа органдарда ишемиялық өзгерістерге алып келуі мүмкін.

Медицина қызметкерлері медициналық хаттаманы басшылыққа ала отырып, гипертониялық кризді тоқтатады. Хаттамада әр ауруға көрсетілетін көмек стандарттары беріледі. Ауруы асқынған науқастар мен асқынбаған, тіпті гипертониялық криз алғаш анықталған науқастар да оларға көрсетілген жедел медициналық жәрдемнен кейін ауруханаға кардиология немесе терапия бөлімдеріне жатқызылады.

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!