Аяқ нервтерінің семиотикасы

Аяқ нервтеріндегі невропатиялар

Туннельдік компрессиялы-ишемиялық невропатиялар нервтер немесе нерв-қан тамыр шоғырлары өтетін бұлшық ет, шандырлар немесе сүйек-бұлшық өзектерінің (туннельдерінің) тарылуына байланысты нервтердің шұғыл немесе біртіндеп (созылмалы) қысылуынан пайда болады.

Туннельдік компрессияланған (қысылған) ишемиялық невропатиялар пайда болуына әсер ететін факторлар:

  1. нерв орныққан тұстың туа немесе жүре тарылуы;
  2. нервке көршілес (периневралдық) тканьдердің көлемін ұлғайтатын аурулар;
  3. жарақаттар (әсіресе қайталанған) және олардьщ зардабы;
  4. периневралдық тканьдер (сүйектер, бұлшық еттер, байламалар) құрылымының аномалиялары (кемістігі);
  5. гормонды-эндокриндік, зат алмасу және басқа да бұзылыстар;
  6. бұлшық ет-буын аппаратының кәсіби, спорттық немесе күнделікті тұрмыстық жағдайда шамадан тыс ширығуы;
  7.  периневралдық тканьдер мен нерв бағанын қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының жас ұлғая келе немесе патологиялық үрдістер әсерінен қайта өзгеруі, периневралдық тканьдердің талшықтануы.

Жамбас маңайы мен аяқтарда болатын туннельдік компрессиялы-ишемиялыц невропатиялар

  1. Жапқыш нерв компрессиялык невропатиясы
  2. Санның сыртқы тері нервінің компрессиялы-ишемиялық невропатиясы
  3. Шоңданай нервінің рефлекстік бұлшық етті-компрессиялық жамбас невропатиясы
  4. Асықты жілік нерві астыңғы бөлігінің компрессиялы-ишемиялык невропатаясы
  5. Бақайаралық (бақай) нервтердің керіле қысылу невропатиясы
Аяқ нервтері
Аяқ нервтерінің ең жиі компрессиясы байқалатын аумақтар

Жапқыш нерв компрессиялык невропатиясы (жапқыш өзек синдромы) негізінен нервтің кіші жамбас қуысындағы патологиялық үрдіс (қабыну, ісік) әсерінен қысылуынан пайда болады. Бұл нерв жамбас қуысы аймағында қаса сүйектерінің остеопорозы мен остео-фиттері, осы маңайдағы жұмсақ тканьдердің жарақаттык, ісінуі немесе жапқыш тесігіндегі жарықшақтық томпаю әсерінен өзінің жапқыш жарғағы арқылы жоғарғы сыртқы жапқыш өзегіне өтетін тұсында қысылады.

Клиникалық көрінісі жамбас-сан буынын қозғағанда, күшенгенде шап аймағы мен санның іш жағында күшейе түсетін ауырсынулармен білінеді. Ауырсыну тыныштық жағдайда басылады. Жапқыш тесігіндегі жарықшақтық томпаюға байланысты ауырсынулар шыдататпайтын болады, жөтелгенде, күшенгенде, түшкіргенде күшейе түседі, тыныштықта басылмайды. Мұндай жағдайларда шұғыл операция қажет. Санның ішкі жағында гипестезия, санды ішке қарай қозғайтын бұлшық еттің ширығуы немесе әлсізденуі және оның семе бастауы, аддукторлық, рефлекстің жойылуы байқалады. Санды ішке және сыртқа қарай бүру қиындайды.
Нерв жамбас қуысы ішінде орналасқандықтан, онда болатын қатерлі ісіктердің бар-жоғына көз жеткізу үшін мүқият рентгенологиялық тексерістер жүргізумен қатар, хирург пен ортопедтің кеңесі қажет.

Санның сыртқы тері нервінің компрессиялы-ишемиялық невропатиясы (Роттың парестетикалық мералгиясы, Рот-Бернгардт ауруы). Басқа компрессиялы-ишемиялық невропатиялармен салыстырғанда, әсіресе жасы 50-ден асқан ер адамдарда кездеседі. Нерв өзі астынан өтетін купарт жалғамасының фиброздық өзгеруінен қысылады. Бұл нервтің купарт жалғамасы астынан санның алдыңғы сырт бетіне шығатыны белгілі. Нерв қысылуы жамбас пен дененің кейпі өзгергеңде, аяқтар қысқарғанда, семіздіктің III және IV дәрежесінде, асцитте, жарықтар томпайғанда және әйелдер жүкті болған кезінде бандаж пайдаланғанда, корсет қолданғанда байқалады.

Клиникалық көріністері санның алдыңғы сыртқы бетінде жанға бататын, шыдатпайтын тұрақты ауырсынулар және парестезиялармен сипатталады. Ауырсынулар тұрғанда және жүргенде сан шандырының үдемелі керілуіне байланысты күшейеді де, аяқтарды бүгіп-жазғанда саябырланады. Ауырсыну нүктесі жамбас сүйегінің алдыңғы жоғары қыры астындағы ойық деңгейі мен купарт жалғамасының сыртқы бөлігінде анықталады. Кенеттен сауығып кету бұл ауруға тән қасиет. Арықтағанда ауырсыну көріністері едәуір азаяды немесе жойылып кетеді.

Шоңданай нервінің рефлекстік бұлшық етті-компрессиялық жамбас невропатиясы (алмұрт тәрізді бұлшық ет синдромы) — нервтің сегізкөз қылқандық жалғама мен ширыға жиырылған алмұрт тәрізді бұлшық ет аралығында қысылуы. Алмұрт тәрізді бұлшық еттің ширағыштығы вертеброгендік люмбоишиалгиялық көрініс болуы да ықтимал. Оған бұл синдромның дискогендік бел-сегізкөз радикулитімен ауыратындардың үштен бір бөлігінде байқалатындығы дәлел бола алады. Ол әсіресе бел-сегізкөз дискісінің (Ь5—8,) жарықшақтанып томпаюына байланысты жиі кездеседі. Әдетте шонданай нерві төменгі бөксе артериясымен біріге қысылады.

Шонданай нерві невралгиясына жіліншік пен аяқ ұшында білінетін, дуылдатып күйдіретін ауырсынулар мен парестезиялар тән. Ауырсыну алмұрт тәрізді бұлшық ет пен шонданай нерві бойында да білінеді. Ауырсыну санды жамбас-сан буынынан ішке қарай бұра қозғағанда алмұрт тәрізді бұлшық ет ширығуына байланысты күшейеді, ал санды сыртқа қарай бұрғанда бәсеңдейді. Неврологиялық тексерістер тізеден төменгі бұлшық еттердің әлсіреуі (“салбыраған” табан), өкше және табан рефлекстерінің көмескіленуі, жіліншіктің сыртқы бетінде аяқұшының үстіңгі және табан бөлігінде гипестезия, жіліншік пен аяқ ұшында вегетативті-трофикалық бұзылыстар анықталады. Кейде “ұстамалы ақсақтық” болуы да мүмкін.
Алмұрт тәрізді бұлшық ет синдромын анықтауда санның үлкен ұршығы мен сегізкөз-жамбас қосындысының төменгі бөлігін (алмұрт тәрізді бұлшық еттің бекитін тұстары) баса сипағанда ауырсыну, сонымен қатар бөксе тұсы мен шонданай нерві бойында санды ішке қарай бұра көтергенде ауырсынулардың пайда болуы маңызды роль атқарады. Мұндайда рентгенологиялық тексерістер, компьютерлік және магнитгі-резонанстық томографиялар шешуші роль атқарады.

Асықты жілік нерві астыңғы бөлігінің компрессиялы-ишемиялык невропатаясы (тарзал өзегі синдромы) — өкше мен ішкі толарсақ арасындағы крест тәрізді жалғама астында аталмыш нервтің қысылуы. Асықты жілік нервінің қысылуына сирақ-аяқ ұшы буынының жарақаттануынан болатын ісіну немесе гематома не тендоваганитке байланысты веналық іркілу себеп болады. Оны шапшаң жүру ушықтырады.
Бұл синдромның клиникалық көріністеріне табан мен бақайларда білінетін ауырсынулар мен парестезиялар тән. Олар кейде сирақтың ішкі және артқы жағына, шонданай нервінің бойымен бөксеге дейін таралады. Ауырсынулар түнде ұйықтаған кезде және күндіз жүргенде мазалайды. Табандағы гипестезия, плантарлық бүккіштердің әлсіреуінен бақайлар бүгілуінің шектелуі байқалады. Өкше рефлексі төмендейді немесе жойылады. Біртіндеп өкше ұшының қалыпқа келуі мүмкін.

Бақайаралық (бақай) нервтердің керіле қысылу невропатиясы (Мортон метатарзалгаясы) — ішкі табан нервінің (асықты жілік нервінің тармағы) метатарзалдық сүйектердің бастары аралығында (жиірек III және IV бармақтар арасында) қысылуы. Мұндайда аяқ ұшының деформациялануы, жалпақ табан, биік өкшелі тар аяқ киім кию маңызды роль атқарады.
Клиникалық белгілері аяқ ұшы сүйектерінің табан аймағында дуылдаған ұстамалы ауырсынуымен білінеді. Ауырсыну III бақайаралық кеңістікке, III және IV бақайларға таралады. Ауырсыну әуелі жүргенде немесе жүгіргенде пайда болады да, отырып аяқ киімді шешуге мәжбүр қылады. Кейіннен оларөздігінен ұйықтаған кезде пайда болуы мүмкін. Кейде III және IV бармақтар терісінде гипестезия немесе гиперестезия анықталады.

Компрессиялы-ишемиялық невропатияларды емдеу

Жекелеген синдромдардың әрқайсысын емдеу олардың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты шешіледі. Емдік шаралардың негізгі мақсаты – туннельдегі микрожарақаттық жағдайларды жою. Лангет салу (білезік өзегі сиңдромы), ортопедиялық аяқ киім немесе супинаторларды үйлестіре іріктеу (тарзалдық өзек синдромы, Мортон синдромы), нервтің микро жарақатгандыруын күшейтетін қимылдар мен кейіптерді болдырмау өте пайдалы. Рот ауруымен науқастанғандарға дене салмағын азайту ұсынылады.
Ауырсыну синдромын бәсендетуге дегидратациялық ем, В тобындағы витаминдер, қайталанатын новокаиндық блокадалар, кортизонды, лидазаны туннельдік аймаққа жіберу арқылы қол жеткізуге болады.
Кейбір жағдайларда миорелаксанттарды, антихолинэстераздық препараттарды, нейролептикатерді және иглорефлексотерапия сеанстарын тағайындау қажет болады. Гидрокортизон, лидазамен бірге димексид аппликациясы қолданылады. Фонофорезбен электрофорез жасау, су астында уқалау аса тиімді емдік шаралар қатарына жатады.
Туннельдік компрессиялы-ишемиялық невропатияларды емдеу шараларының ішіндегі ең тиімдісі — хирургиялық ем. Ол әсіресе глюко-кортикоидтерден нәтиже болмаған жағдайда қажет. Хирургиялық ем арқылы қысылып қалған нерв (невролиз) пен қан тамыр-нерв шоғыры босатылады. Кейде нервті кесу қажеттігі туады. Операциядан кейін қан тамырларын кеңейтетін және антихолинэстераздық препаратгар, уқалау, емдік гимнастика тағайындалады.

Қорыта айтқанда, компрессиялы-ишемиялық невропатиялардың клиникалық көрінісі негізінен қысылған жерінде басым білінетін ауырсыну синдромымен сипатталады. Нервтің қысылған тұсын неврологиялық балғамен соққылағанда, ауырсыну күшейіп, нерв таралатын аймақтарда парестезия пайда болады (Тиннель симптомы). Сонымен қатар оларға сезімділік пен қимыл бұзылыстарының қабаттасуы тән. Диагностикада сезгіш жөне қимылдатушы талшықтарда импульстер өту жылдамдығын анықтайтын электро-миографиялық тексеру шешуші роль атқарады. Ол зардап шеккен нервті айқындаумен қатар, оның қысылған тұсын да анықтауға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!