ШАЛА ТУЫЛҒАН НӘРЕСТЕЛЕР
Шала туылған нәресте – жатырішілік дамудың 28 -38 апталарында, дене салмағы 2500 гр, бойының ұзындығы 35-45 см болып туылған бала.
Дене салмағы 1000 гр аз және жүктіліктің 28 аптасынан аз мерзімде дүниеге келген нәресте түсік деп есептеледі.
Шала туылуды бағалағанда физикалық даму мен гестация уақыты ескеріледі, себебі жаңа туған, жетіліп туған және жетілмей туған нәрестелердің салмағы гестациялық уақытына сәйкес емес те болады. Мысалы, жатыр ішілік гипотрофия және жатырішілік дамудың тежелуінен дене салмағы төмендейді .
Шала туылуды сипаттайтын көрсеткіштердің кең ауқымын ескере отыра, тәжірибелік мақсатта төрт дәрежесі қолданылады. Шала туылу дәрежесі жаңа туған нәрестенің жетілуін, қоршаған ортаға бейімделі мүмкіндігін, патологиялық жағдайлар жиілігін, тірі қалу мүмкіндігін көрсетеді. Нәресте салмағы 2500-2001 гр болса, І дәреже; 2000-1500 гр болса, ІІ дәреже; 1500-1000 гр болса, ІІІ дәреже; 1000 гр төмен болса, IV дәреже деп қойылады.
Уақытынан бұрын босанудың да көрсеткіштері жоғары. Уақытынан бұрын туылған нәрестелер арасында аурушаңдық өте жоғары және өлімділік көрсеткіші де. Қайтыс болған нәрестелердің 75 % шала туылғандар. Сондықтан, медицина қызметкерлерінің аурушаңдық пен балалар өлімділігін азайтумен күрестегі басты мақсаты шала туылудың алдын алу.
Нәрестелердің уақытынан бұрын туылуының себептері. Ұрықтың жатырішілік дамуы мен жүктіліктің физикалық ағымына кері әсер ететін , шала туылудың себептері көп. Көбінесе, латентті түрдегі жұқпалы ауруы бар аналардан жетілмеген нәрестелер туылады. Уақытынан бұрын босануға, микоплазмалық жұқпа, герпес вирусымен шақырылған аурулар және плацентарлық тосқауыл арқылы өтіп, плацента мен оның қызметтерін зақымдайтын аденовирусты, басқа қоздырғыштар себеп болады. Жиі уақытынан бұрын босанулар ауыр соматикалық аурулары болғанда, анемия, дистониямен әйелдерде кездеседі. Сонымен қатар, инфантилизм мен әйел жыныс жүйесінің даму ақаулықтары, нейроэндокринді бұзылыстар, иммунологиялық сәйкессіздік бейімдеуші себептер. Көп ұрықтық жүктілік кезінде нәрестелер шала туылады. Эндометридің қызметтік және морфологиялық өзгерістеріне, жатырдың жиырылу қабілетінің өзгерістеріне себеп болатын медициналық түсіктер, хромосомды абберациялар, жүктінің жасы мен зиянды әдеттері, кәсіптік зияндылықтарын білу маңызды.
Шала туылудың клиникалық белгілері. Шала туылған нәрестенің терісі әжімделген, қою қызыл түсті және түгелдей түкпен жабылған. Тері асты май қабаты дамымаған, емізігі және омырауындағы дөңгелектер әлсіз көрінеді; құлақ қалқаны тегіс, пішінделмеген, жұмсақ, басына жабысып тұрады; тырнақтары жіңішке және саусақ ұштарын жауып тұрмайды; кіндік іштің төменгі үштен бірінде орналасқан, аяқ қолдары қысқа; басы үлкен; бас сүйегінің тігістері мен еңбегі ашық, бас сүйегі жұқа; үлкен жыныс еріндері дамымаған; ұл балаларда аталық бездері ұмаға түспеген.
Жартылай жетілмей туған нәрестелердің дене бітімінде өзгешеліктер болады: терісі қызғылт түсті, бетінде түктері жоқ; 34-ші аптасында туылса құлақ қалқанында бір иірім болады, омырауы айқындалған; аталық без ұманың жоғарғы жағында орналасқан, жыныс еріндері жабылған, кіндігі қасағадан жоғары.
Шала туылудың неврологиялық белгілері ретінде бұлшықеттік гипотония мен физиологиялық рефлекстерінің төмендеуі, қозғалысының шектелуі, жылу реттелудің бұзылуы, әлсіз айғай жатады. Терең шала туылған нәресте, туғанда аяқ қолдары созылған, ему, жұту рефлекстері жоқ немесе әлсіз. Дене температурасы тұрақсыз. 30-шы аптадан кейін туған нәрестелерде тізе, сан буындары аздап бүгіледі және ему рефлексі жақсы дамыған; 36-38 аптада туылғандарда аяқ қолдары толығымен бүгіледі, бірақ тұрақсыз, ұстау рефлексі жақсы дамыған.
Қозғалыс белсенділігінің, бұлшықеттік тонус пен рефлекстердің төмендеуі, тұрақсыз тремор, қылилық, нистагм шала туылған нәрестеде 2-3 аптаға сақталады.
Тыныс алуы беткей, жиі (36 дан 76 дейін ), тахипноэ мен апноэға бейімділік. Кейде Чейн Стокс немесе Биот типті тыныс алуда байқалады. Өкпенің жетілмеуіне байланысты, гестацияның 35-ші аптасында туған нәрестеде сурфактант дұрыс қалыптаспаған, сондықтан ателектаз дамуы мүмкін.
Басқа ағзалардағы өзгерістер де шала туылудың дәрежесіне сәйкес көрінеді. Пульстың лабилділігі жоғары (100-180 рет минут), тамырлардың тонусы төмендеген, АҚ 60-70 мм.с.б. Бүйректердің толық жетілмеуінен, қышқылдық негіздік тепе теңдікті реттейтін бүйрек қызметі төмендеген. Омырау сүтін қорытатын асқазан ішек жолындағы ферменттер аз және белсенділігі төмен.
Лабораторлы мәліметтер. Өмірінің алғашқы күндері жетілмей туған нәрестеге гипогликемия мен гипротеинемия тән; шеткері қанда эритроцит пен гемоглобин мөлшері жетіліп туған нәрестенікі мен бірдей, бірақ, фетальды гемоглобиннің мөлшері жоғары, сондықтан гемолиз жүреді. 6-8 аптада шала туылған нәрестелерге тән гемограммада өзгерістер байқалады: физиологиялық анемия, лейкоцит мөлшері қалыпты, бірақ промиелоциттерге дейін жас түрлері болуы мүмкін. Грануло және лимфоциттердің бірінші айқасы, шала туылу дәрежесіне байланысты кештеу болады.
Шала туылған балалардың даму ерекшеліктері. Физикалық дамуы өмірінің бірінші жылында бойы мен салмағының қарқынды өсуімен сипатталады. Туылған сәтте бойы мен салмағы аз болса, онда ол бір жыл көлемінде белсенді түрде орнын толтыруға тырысады.
Бірінші жылы шала туылған нәрестенің бойы 60-75 см дейін өседі. Дене салмағы бастапқы айларда бейімделуге байланысты 10-12% азаяды. Сосын баяу қалпына келеді.
Шала туылғандардың тез өсуіне қарамастан 2 жасында өз құрдастарынан қалып қояды. Жиі астения мен инфантильдік дамиды.
ІІ, ІІІ дәрежелі шала туылған балалар өзінің қатарластарына қарағанда көзін бір нүктеге қадау, басын ұстау, бұрылу, жүру, сөйлеу қимылдарын 1-3 ай артта қалады.
Тамақтандыру мен күтімінің ерекшеліктері. Шала туылғандарды тамақтандырудың ерекшеліктері бар. Қарқынды өсуге, асқазан ішек жолдарының жетілмеуіне байланысты құнарлы тамақтандыруды қажет етеді.
Тамақтандыру түрін анықтау, шала туылудың дәрежесіне байланысты. І дәрежелі шала туылуда нәрестені омырау арқылы емізуге болады, ал ауыр дәрежедегі жетілмей туылуда, тыныс бұзылыстары, асфиксия және ему рефлексінің әлсіз дамуынан, баланы омырау сүтімен асқазандық зонд арқылы тамақтандырады. Жалпы жағдайы қанағаттанарлық және ему рефлексі сақталса емізік арқылы тамақтандыруға болады. Тек 3-4 күннен кейін ғана баланы омырауға салу керек, өйткені омырау ему бала үшін ауыр физикалық жүкмете және асфиксия мен бас миына қан құйылуы мүмкін. Салмағы 1500 гр шала туылған нәрестелерді омырауға 3- ші аптаның соңында салады. Омырау сүтімен ғана тамақтандырғанда көптеген шала туылған нәрестелер жақсы дамиды. Сонымен қатар, жетілмей туған нәрестелер парентеральды глюкоза мен альбумин қабылдайды. Екінші айынан бастап, көкеніс сорпасын, жеміс шырындары мен сүт қоспаларын береді.
Шала туылған нәрестелерді күту екі кезеңнен тұрады: перзентханада және арнайы жаңа туылғандар бөлімінде. Содан кейін, бала поликлиниканың бақылауына алынады. Перзентханада, нәрестеде асфиксияның алдын алу үшін, шырышын сорып, тазалайды. Шала туылған нәрестелер кювезде жатады. Оксигенотерапия жүргізіледі, глюкоза мен аскорбин қышқылы және кокарбоксилаза енгізу арқылы қышқылдық негіздік тепе теңдік қалыпқа келтіріледі. Қажет жағдайда плазма құйлады және гемотрансфузиялар жасалынады.
Ауыр дәрежелі жетілмей туылған нәрестелер антибиотиктер қабылдайды. Оларды тағайындауға көрсеткіштер: нәрестенің жалпы жағдайының ауырлығы, анасындағы іріңді қабыну аурулары, ұрық маңы суының ерте кетуі, медициналық мекемеден басқа жерде босану.
Перзентханадан салмағы 2000 гр нәрестелерді шығарады, қалғандарын күтуді жалғастырады.
Шала туылған нәрестелердің дұрыс жетілуіне: жайлы тұрмыс, нәрестемен жекелей ойнау, массаж жасау, гимнастика және құнарлы тамақтандыру әсер етеді.
Шала туылудың алдын алу: болашақ ананың денсаулығы, балалық шағынан бастап күтілу керек; еттеккір циклі және нейроэндокринді бұзылыстары бар әйелдерде медициналық түсіктердің алдын алу; отбасында және өндірісте жүктіге қолайлы жағдай жасау; уақытынан бұрын босану қаупі бар әйелдерді дер кезінде анықтау.
Шала туылған нәрестенің күтімі жайлы материалды оқи кетіңіз
Жазған: Еркебулан Молдаханов
Семей мемлекеттік медицина университетінің 6 курс интерн дәрігері