Өкпе аускультациясы

Өкпе аускультациясы. Өкпені тыңдау

Өкпе аускультациясы – өкпедегі негізгі және қосымша тыныс шуларын анықтау.

Аускультация үшін келесідей шарттар қойылады:

  1. Аускультациясы жүргізілетін орын жылы болуы қажет
  2. Мүмкіншілігіне байланысты науқас тік тұруы қажет;
  3. Стетоскоп немесе фонендоскоп денеге жақсы жанасуы керек;
  4. Әр тыңдау нүктесінде 2-3 тыныс айналымын тыңдау қажет;
  5. Науқас адам ауызымен тыныс алады;

Аускультация әр қашанда симметриялық аймақтарға салыстырмалы түрде жасалады, яғни салыстырмалы перкуссия нүктелері бойынша!

Өкпе аускультациясын жүргізудегі іс-әрекеттерінің реттілігі

Науқасқа тексеру мағынасын түсіндіріп рұқсат алу (бел аймағына дейін шешінуін, науқастың жағдайына байланысты түрегеліп тұруын әлде тік отыруын және сонымен қатар еркін жағдайда болуын, қолдарын тізесіне қоюын сұрау);

Кеуденің алдыңғы аймағына аускультация жасау реттілігі:

  1. дәрігер науқастың оң жағына орналасады;
  2. оң өкпеден бастап жасалады;
  3. бұғана үсті шұңқырларының симметриялық аймақтарына тыңдалады;
  4. аускультация 1,2,3 қабырғаралықтарға бұғана ортаңғы сызығы бойымен оң және сол бөліктердің симметриялық аймақтары тыңдалады.

Кеуде алдынан сол жақта аускультация жүрек тұсына дейін жүргізіледі (IV қабырға дейін)

  • қалыптыда бұл аймақтарда везикулярлық тыныс есітіледі;
  • дерттік жағдайда: (қатаң немесе әлсіреген везикулярлық тыныс, орта- ірі көпіршікті сырылдыр немесе гүрілдеген әлде ызыңдаған құрғақ сырылдар)

Кеуде бүйірлері аймақтары аускультациясы:

  1. дәрігер науқастың алдына орналасады;
  2. науқасқа қолдарын көтеріп желкесіне қоюды сұрау;
  3. қолтық ортаңғы сызығы бойымен біртіндеп төмен түсіп оң және сол жақ бөліктерде әр қабырға аралықты салыстыра отырып аускультация жүргізіледі

қалыптыда бұл аймақтарда везикулярлық тыныс есітіледі;

дерттік жағдайда (қатаң немесе әлсіреген везикулярлық тыныс, сырылдар, сықырлар, плевра үйкеліс шуылы тыңдалады)

Кеуде артқы аймағынан аускультация жасау:

  1. жауырын үсті аймақтарынан бастайды – жауырын үсті симметриялық аймақтарын екі жақты салыстырып тыңдайды;
  2. жауырын ортасы аймағының аускультациясы

Науқасқа қолдарын алдына айқастырып өзін құшақтап тұруын сұрау – жауырын арасы ашылады;

Дәрігер омыртқаның екі жағын –жауырынға жақын аймақтарын салыстыра отырып – алдымен жоғарғы бөліктерінің, сосын төменгі бөліктері тыңдалады;

3. жауырын астына аймақтары аускультациясы: – науқас қолдарын түсіреді; – аускультация жауырын сызығы бойымен екі жақта салыстырылып жасалады – 1-2 қабырға аралық тексеріледі (кеуде пішініне байланысты).

  • қалыптыда бұл аймақтарда везикулярлық тыныс есітіледі;
  • дерттік жағдайда (қатаң немесе әлсіреген везикулярлық тыныс, сырылдар,майда көпіршікті сырылдар)
Өкпе аускультациясы
Өкпе аускультациясында тыңдау орындары

Бронхиалды тыныс тыңдалатын жерлер:

  • мойынның алдыңғы беткейінен – мойылдырық шұңқыры;
  • мойынның артқы беткейінен – УІІ мойын омыртқаның қылқанды өсіндісі немесе аймағы;

Ірі бронх пен оның айырығын тыңдау

  • кеуденің алдыңғы беткейінен – төс тұтқасы мен денесінің жанасқан жері;
  • кеуденің артқы беткейінен – 2-4 кеуде омыртқалар деңгейі

Алынған мәліметтерді жазу. Жазу үлгісі.

  • Өкпенің барлық беткейінен везикулярлы тыныс естіледі.
  • Оң жақтан жауырын бұрышы астынан қатаң тыныс естіледі.
  • Сол жақтан арты жағында және қолтық асты аймағында везикулярлы тыныс әлсіреген, өкпенің қалған беткейінде – везикулярлы тыныс.
  • Оң жақ жауырын астынан ұсақ көпіршікті, дыбысты ылғалды сырылдар естіледі.
  • Екі жауырын астынан өте көп құрғақ, ысқырықты сырылдар естіледі.
  • Екі жақтың бүйір аймағының төменгі жағынан өте көп ысқырықты сырылдар естіледі.
  • Екі жақтың артқы – бүйір аймағының төменгі жағынан плевраның әлсіз үйкеліс шуы естіледі.

Өкпе аускультациясы кезіндегі тыңдалатын дыбыс түрлері

Везикулярлы тыныс

  • Пайда болу механизмі: альвеолалардың эластикалық қабырғаларының тербелісіне, әсіресе дем алу кезімен байланысты.
  • Мінездемесі: жұмсақ, үрлемелі, «ф-ф» дыбысына ұқсас болып келеді.
  • Диагностикалық мағынасы: нормада болады. Өкпенің көп аумағында естіледі, әсіресе аксиллярлы және жауырын асты аймағында.

Ларинготрахеальды тыныс.

  • Пайда болу механизмі: дауыс саңылауы вибрациясы әсерінен және көмей мен трахеяның физиологиялық тарылған жерлерінен ауа өткен кезде пайда болады.
  • Мінездемесі: қатаң және жоғары жиілікті тембр, «х –х» дыбысына ұқсас болып келеді, дем алу кезінде жақсы естіледі.

Диагностикалық мағынасы: нормада болады

  • көмей, трахея, трахея бифуркациясы аймағында ( алдыңғы жағынан төстің үстінен, ал артынан IV кеуде омыртқасының жауырын ортасы тұсынан естіледі) Өкпенің басқа бөліктерінен қалыпты кезде естілмейді.
  • көмейдің қалқанша безі шеміршегінің үстінде жақсы естіледі.

Тыныстың патологиялық әлсіреуі.

Пайда болу механизмі: кеуде торына тыныс шуы өтуінің әлсіреуі, альвеола қабырғаларының эластикалық қабілетінің төмендеуі, бронх бітелуі (ісік)

Мінездемесі:тыныс шуының өкпенің бір бөлігінде немесе бүкіл өкпе алаңында әлсіреуі.

Диагностикалық мағынасы:

  • тыныстың локальды әлсіреуі: гидроторакс, жабық пневмоторакс, фиброторакс, обтурациялық ателектаз, бронхопневмония
  • тыныстың диффузды әлсіреуі: өкпе эмфиземасы, сол қарыншалық жүрек жеткіліксіздігі кезіндегі альвеола қабырғаларының ісінуі

Патологиялық бронхиальды тыныс.

Пайда болу механизмі: кеуде торында ларинготрахеальды тыныстың таралуы.

Мінездемесі: қатаң, жоғары жиілікті тембр, «х –х» дыбысына ұқсас болады. Тыныс шығар кезде естіледі.

Диагностикалық мағынасы:

  • массивті түрде өкпе тіннің тығыздалуы: қабыну ( екінші сатыдағы крупозды пневмония) немесе қабынулы емес (компрессионды ателектаз)
  • ашық пневмоторакс
  • бронхпен қатынастағы өкпедегі қуыс

Қатаң тыныс

Пайда болу механизмі: аралас дыбыс, альвеола қабырғаларының ырғағына байланысты пайда болады, бронхтардың бірдей емес тарылуына байланысты ауа ағымының дұрыс өтпеуіне байланысты туындайды.

Мінездемесі: везикулярлы тынысқа қарағанда қатаңдау

Диагностикалық мағынасы:

  • бронхтардың қабыну аурулары (әртүрлі генезді бронхиттер)
  • бронхиальды астма
  • сол жақ қарыншалық жүрек жеткіліксіздігі (өкпенің интерстициальды тінінің ісігі)

Саккадирленген тыныс

Пайда болу механизмі: ауа ағымының өкпенің аумағына толықтай енбеуі ұсақ бронхтардың бірдей емес тарылуына немесе тыныс бұлшықеттерінің толықтай жиырылмауына байланысты.

Мінездемесі: тыныс алу бірнеше үзікті шулардан тұрады, ал тыныс шығару өзгеріссіз

Диагностикалық мағынасы:

  • локальды саккадирленген тыныс: өкпе туберкулезы, кеуде қуысының травмасы
  • диффузды саккадирленген тыныс: тыныс бұлшықеттерінің немесе тыныстың нервті регуляциясының патологиясы.
  • нервті діріл және суық бөлмеде болған кезде ( норма)

Құрғақ ысқырықты сырылдар

Пайда болу механизмі: созылмалы секрет болуына байланысты, шырышты қабатының ісінуі және бронхоспазм әсеріне байланысты ұсақ бронхтардың саңылауының бірдей емес тарылуы

Мінездемесі: жоғары жиілікті «музыкалық тембрлі», ысқырыққа ұқсас дыбыстар.Тыныс шығару кезінде жақсы естіледі, жөтел кезінде аз өзгереді.

Диагностикалық мағынасы:

  • бронхообструктивті синдром (обструктивті бронхит, бронхиальды астма, сол жақ қарыншалық жүрек жеткіліксіздігі кезіндегі өкпе ісігінің интерстициальды сатысы)

Құрғақ басты (орысша-басовый) сырылдар

Пайда болу механизмі: созылмалы секрет болуына байланысты, шырышты қабатының ісінуі және бронхоспазм әсеріне байланысты ірі бронхтардың саңылауының бірдей емес тарылуы

Мінездемесі: «музыкалық сипаттамалы»  ысқырықты реңкпен болады. Тыныс алған кезде жақсы естіледі, үнемі болмайды ( әсіресе жөтелден соң)

Диагностикалық мағынасы: қабыну және ірі бронхтарда созылмалы қақырықтың болуы.

Ылғалды ұсақ көпіршікті сырыл

Пайда болу механизмі: ұсақ бронхтарда орналасқан сұйық секрет транссудат немесе қабынбалы экссудаттың ауа өткен кезде көпіруі.

Мінездемесі: сұйықтықтан ауа өткен кезде жарылған ұсақ көпіршіктердің дыбысы, тыныс алудың екі фазасында да естіледі, әсіресе тыныс алу кезінде. Жөтелден соң өзгереді.

Диагностикалық мағынасы:

  • бронх саңылауында транссудат: жүректің сол қарыншалық жеткіліксіздігі, пневмосклероз,
  • бронх саңылауында қабынбалы экссудат: бронхопневмония, бронхит (сирек)

Ылғалды ірі көпіршікті сырыл

Пайда болу механизмі: трахея және ірі, ұсақ бронхтардағы, бронхпен қатынастағы аумақтарда сұйық секреттің (қан, плазма, қабынбалы экссудат) ауа өткен кезде көпіруі

Мінездемесі: ауа көпіршіктерінің жарылуы тәрізді дыбыстар, екі фазада да жақсы естіледі, әсіресе тыныс алу кезінде. Жөтелден соң өзгереді.

Диагностикалық мағынасы:

  • бронх саңылауында транссудат: жүректің сол қарыншалық жеткіліксіздігі ( өкпедегі альвеолярлы ісіну фазасы)
  • бронх саңылауында қабынбалы экссудат: бронхоэктаз, бронхит
  • бронхпен жалғасқан қуыста сұйық секреттің болуы: абсцесс, tbs – каверна.

Крепитация

Пайда болу механизмі: жабысқыш секретпен жабылған (экссудат, транссудат) альвеолалардың тыныс алу кезінде жабысуы

Мінездемесі: тыныс алудың жоғары шыңында пайда болатын және ауаның ұсақ көпіршіктерінің жарылуы мен сатыр – сұтыр (треск) еткен дыбысқа ұқсайды. Фонедоскоппен басқан кезде және жөтелден соң өзгермейді.

Диагностикалық мағынасы:

  • қабыну процессі: крупозды пневмония (аурудың бастапқы және соңғы сатысында)
  • бронхопневмония (сирек)
  • қабынулы емес процесс: компрессионды ателектаз, пневмосклероз, өкпе инфарктісі

Плевра үйкеліс шуы

Пайда болу механизмі: плевраның өзгерген жапырақтарының бір біріне үйкелісінен болады

Мінездемесі: тыныс алудың екі фазасында да естіледі, қардың сықырына ұқсас болады.Тембр мен дыбыс қаттылығы өзгермелі, жөтелуге байланысты емес және фонедоскоппен басқан кезде өзгереді.

Диагностикалық мағынасы:

  • плевраның қабынбалы зақымдалуы: құрғақ плеврит (сонымен қоса пневмония, туберкулез және өкпе рагі)
  • плевраның қабынулы емес зақымдалуы: плевраның ісікпен өсуі, плеврада мочевина кристаллдарының шөгуі (уремия кезінде)

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Өкпе перкуссиясы. Салыстырмалы және топографиялық перкуссия
  2. Тыныс алу ағзаларын тексеру әдістері
  3. Жүрек аускультациясы. Жүрек тондары, шулары
  4. Жүрек перкуссиясы. Жүрек пішінін анықтау

 

Добавить комментарий