Кенеттен жүректік өлім. Дәрігерге дейінгі көмек

Кенеттен жүрек өлімі

Кенеттен жүректік өлім (жүректің біріншілік тоқтауы, тәждік өлім) — бұл аса ауыр, найзағай тәрізді өтетін жүректің ишемиялық ауруларының клиникалық түрі. Кенеттен жүректің тоқтауымен сипатталады. Кенеттен өлімнің 85—90% жағдайлары ЖИА-на байланысты. Кенеттен өлім бұл қинаусыз өлім. Ол физиологиялық және психикалық қалыпты жағдайда жүрген адамның, ешқандай күдікті белгілерінсіз,алғашқы симптомдары басталғаннан кейін 6сағат ішінде қайтыс болуын айтады.

Кенеттен болған коронарлы өлімнің тікелей себептеріне жатады:

  • қарыншалық фибрилляция
  • қарыншалық тахикардия
  • асистолия және электромеханикалық диссоциациялар жатады.

Қарыншалардың фибрилляциясы барлық кезде кенеттен дамиды. 15-20 секунттан кейін науқас есін жоғалтады, 40-50 сек соң бұлшық еттердің тырысулары дамиды. Сонымен қатар қарашықтар кеңейе бастайды.Тыныс сиреп,2-ші минутқа қарай тоқтайды. Қарынша фибрилляциясы ,асистолия немесе электромеханикалық диссоциация дамығанда жүрек-өкпе реанимациясы жүргізіледі.

Кенет жүрек өлімінің диагностикасы

  • Кенеттен естен тану, тартылулар;
  • Тынысының тоқтауы немесе агониялық тыныстардың болуы (сирек, минутына 6 ретке дейін қырылдап тыныстау);
  • Ірі тамырлар соғысынң, жүрек тондары мен АҚҚ жоғалулары (ұйқы, сан артериялары);
  • Көз қарашықтарының кеңеюі;
  • Өңінің көгеріп бозаруы;
  • ЭКГ-да қарыншалар фибрилляциясы немесе асистолия белгілері тіркелуі.

Жүрек тоқтауының клиникалық диагнозын қою қиын емес: тамыр соғысы жоғалады, адам есінен танады, одан кейін тынысы тоқтайды және көз қарашықтары кеңейеді. Осындай кезде ЭКГ тоспай-ақ реанимациялық шараларды бастай берген жөн.

Жедел жәрдем көрсету принціптері

  1. Қанайналымы мен тынысты аздап болсада қолдауға мұрсат беретін реанимациялық шаралар.
  2. Жүректің синустық ырғағын қалпына келтіру.
  3. Постреанимациялық синдромды емдеу.
  4. Қарыншалар фибрилляциясы қайталануының алдын алу.

Алғашқы дәрігерлік көмек

  • Перикардиялық аймақты жұдырықпен ұрғылау.
  • Жүректің жабық массажы мен ӨЖЖ
  • Электрлік дефибрилляция (ЭДФ)

Реанимациялық шаралардың негізгі алгоритмі

  • A – Airway –тыныс жолдарының өткізгіштігі
  • B – Breathing – тыныс алу функциясы
  • C – Circulation – қан айналым функциясы
  • D – Defibrillation – дефибрилляция
Кенеттен жүрек өлімі
Кенет жүрек өлімі кезіндегі көмек

Жүрек-өкпе реанимациясының негізгі ережелері

  • Науқасты тегіс жерге жатқызып, басын барынша шалқайтып, аяқ жағын көтеріңкі етіп қою керек.
  • Массаж жасаушы адам алақандарын бірінің үстіне, бірін қояды. Алақанның негізі төс сүйегі мен семсер тәрізді шеміршектің қиылысқан жерінен екі саусақ қиғаш жоғары тұруы керек.
  • Қолды тік, шынтақ буынында бүкпей ұстап, дене салмағымен омыртқаға қарай 4-5 см ығыстырып, ырғақпен басады.
  • Төс сүйегін омыртқаға қарай жаншудың ұзақтығы, жаншу аралығындағы уақытпен бірдей болуы тиіс,оның жиілігі минутына 90 рет. Массаж жасаушы қолын төстен алмауы керек.
  • Өкпені жасанды желдендіру үшін Сафардың үш әдісін қолданамыз олар: науқастың басын барынша шалқайтып, астыңғы жағын алға қарай жылжытып, аузын ашу. Науқастың ауыз қуысын толық қарап, жасанды тістері немесе бөгде заттар болса, саусақтармен алып тастау керек.
  • Науқастың аузына дем жіберу үшін, мұрнынан қысып, аузынан ауа үрлейді немесе АМБУ қапшығынан маска арқылы ауа жібереді. Әр 5 массаждық қимылға, ауа үрлеудің жиілігі минутына 1 реттен келеді.
өкпе жүрек реанимациясы
Жүрекке тікелей емес массаж дұрыс жасалу үлгісі

Электроимпульсты терапия. Бастапқы разряд 200 Дж. Әсер болмаған жағдайда қуатты біртіндеп 200-300-360 Дж дейін жоғарылату.

Тыныс жолдары өткізгіштігін қалыптастыру. Жасанды тыныстандырудың тиімді болуына тыныс жолдары өткізгіштігінің таза болуы өте маңызды орын алады. Ол үшін осы жолдарды тазалауды неғұрлым ертерек жүргізген абзал және оны жасағанда адамның басын барынша шалқайтып, көмейді жауып тұрған тілдің түбін алдыға қарай ығыстырып, ауа өтетін тыныс жолын ашу керек.

Мүмкіндігінше 100% оттегіні қолдану керек және кеңірдек интубациясын жүргізу қажет. Дем жібергенде, кеуде қуысы экскурациясының қарсыласуына қарай, тыныс жолдарының өткізгіштігін тұрақты бақылап отыру керек.

Асқазандағы сұйықтықтардың өңеш арқылы ағып, тыныс жолдарына кетіп қалмауы үшін Селлик әдісі қолданылады (онда көмейді жұтқыншақтың артқы қабырғасына қарай қысып ұстайды). Егер асқазандағы сұйықтықтар кері ағып, ауыз қуысына толып, одан кеңірдекке кетіп қалу қаупі туса, науқастың басын бір жағына қарай бұрып, ауыз қуысындағы және жұтқыншақтағы сұйықтықтарды электр сорғышпен немесе тампонмен тазалап тастау керек.

Реанимациялық шаралардың әсерін үнемі бақылап отыру керек. Оны тері жабындылары мен шырышты қабаттардың түстерінің өзгеруінен, қарашықтардың тарылуынан және жарыққа реакциясының пайда болуынан, кенеттен тыныстың пайда болып, оның реттелуінен және ұйкы артериясында пульстің пайда болуынан білуге болады.

Асистолия кезіндегі реанимациялық шаралар:

  • Трахея интубациясы
  • Венаға түсу (катетер қою)
  • ЭКГ ең болмаса бір тіркемесінде жүректің электрлік белсенділігі жоқ екенін анықтау.
  • Адреналин 1:10 000 0,5-1 мг
  • Атропин 1 мг венаға (5 мин соң қайталау)
  • Бикарбонаттарды қолдану мүмкіндігі

Біріншілік профилактика. Кенеттен болатын өлімдердің 80 % жүректің ишемиялық ауруларынан дамиды, сондықтан біріншілік профилактика атеросклероздын алдын алу және тәждік аулулардың дамуына әкелетін қауіп факторларды модификациялау.

Екіншілік профилактика. Екіншілік профилактикалық шаралар кенеттен жүрек тоқтауына себеп болатын патологиялық жағдайларды диагностикалау және емдеу болып табылады.

Ұқсас материал: Кенеттен жүректік өлім кезіндегі ДӘРІГЕРЛІК көмек көрсету алгоритімі

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!