Гемостаз

Гемостаз жайлы

Гемостаз – бір жағынан айналымдағы қанның сұйық жағдайын сақтауды, екінші жағынан қан ағудың алдын – алу мен тежеуді қамтамасыз ететін биологиялық жүйе. Гемостаз бір – бірімен байланысатын үш қызметтік құрылымдық компоненттермен жүзеге асады:

  • қан тамырларының қабырғаларымен
  • қан жасушаларымен, бірінші кезекте – тромбоциттермен
  • плазмалық ферменттік (протеолиттік) жүйемен – ұйығыштық, плазминдік (фибринолиттік), калликреинкининдік және комплиментпен.

Зақымдануға бірінші қан тамырларының қабырғалары және қан жасушалары (тромбоциттер) жауап береді. Микротамырлардан қан кетудің алдын-алуы мен тежелуінде басты орын осы жауапқа байланысты.  Зақымдануға жауап ретінде тамырлы-тромбоцитарлық реакция «біріншілік гемостаз» (тамырлы – тромбоцитарлық) болып белгіленсе, қанның ұю процессі «екіншілік» (коагуляциялық, плазмалық гемостаз) ретінді белгіленеді, бірақ бұл екі механизм бір – бірін белсендендіреді және көп уақыт бөлігінде бірлесе қызмет атқарады.

Тамырлы-тромбоцитарлық гемостаз тромбоциттер, эндотелий жасушалары және тамырлардың жазық бұлшықетті жасушаларымен іске асады.

Тромбоциттер келесі қызметтерге ие:

  • Ангиотрофикалық – тромбоциттер өзінің цитоплазмасын бере отырып эндотелий жасушаларын қоректендіреді, олардың өмір сүру қабілетін ұстап тұрады (эндотелий жасушаларының өзіндік қоректену мүмкіндігі жоқ).
  • Вазоспастикалық – белсендендірілу кезінде серотонин, катехоломин, тромбоксан А2 және т.б. вазоконстрикторлы заттардың бөлінуіне байланысты микротамырлардың спазмын тудырады және ұстап тұрады.
  • Адгезиялық – бөгде беткейге немесе эндотелийдің зақымданған жеріне – коллагенді субэндотелийге (гликопротеинді рецептор Ib) жабысу.
  • Агрегациялық – тромбоциттердің тор түрінде жабысуы және тромбоцитарлы тромбтың түзілуі. Агрегацияда екі фаза бар: бірінші – қайтымды – тромбоциттер бір – біріне «жалған аяқшаларымен» тіркеледі, және екінші – қайтымсыз – тромбоциттер арасында мембраналар ериді және олар біртекті конгломерат болып қосылады.
  • Плазмалық гемостазға қатысады – агрегация процессінде фосфолипидтер бөлінеді (3-ші табақшалық фактор), олар қан ұюдың плазмалық факторлары кешендерінің, фибриногеннің белсендендірілуі мен түзілуіне жауапты.
  • Фибринолиз реттелуіне қатысады.
  • Репарациялық – тромбоциттерден тромбоцитарлы өсу факторын бөлінеді, ол тамыр қабырғасының зақымдалған жеріне ауысуды және фиброз ошақтарының түзілуімен фибробласттарға, макрофактарға, жазық бұлшықетті жасушаларға бөлінуді талап етеді

Эндотелий жасушалары, тамырлардың беткейінде орналасып, тамырдан қанның пішінді элементтерінің шығуына, плазмалық және тромбоцитарлық гемостаздың жанасулық белсендендірілуіне кедергі жасайды.   Эндотелийдің тромборезистентті механизмдері келесі:

  • эндотелиоциттердің тамыр ішілік беткейінің (ХІІ фактор) жанасулық белсенділігінің инерттілігі және қан ұюының сыртқы механизмі ингибиторының синтезі ТFРІ болады;
  • тромбоциттер агрегациясы ингибиторының синтезі – простагландин 12 немесе простациклин;
  • жасуша мембранасында тромбинді байланыстыратын тромбомодулиннің болуы; тромбиннің қан ұюын белсендендіретін қабілеті жойылады, бірақ физиологиялық антикоагулянттар  протеин С және S белсендендіреді;
  • эндотелий жасушаларының беткейінде «гепарин-антитромбин ІІІ» кешендері бекітіледі;
  • фибринолизді үдететін плазминогеннің ұлпалық активаторының синтезі және секрециясы;
  • қан айналымынан қан ұюының белсендендірілген факторларын жою.

Патологиялық жағдайда тамырлар эндотелийінің тромборезистенттілігі тромбогенді жағдайға ауысады: простациклиннің орнына  тромбоксан А2 синтезі басталып,  Виллебранд факторының өндірілуі үдеп, эндотелийдің зақымдалған жерінде тромбоциттердің адгезиясы мен агрегациясының бірден жоғарылауына әкеледі. Бұндай трансформацияның тригерлік механизмдері:

  • қанның іркілуі, сладж-феномен, эритроциттер деформациялануының бұзылуы, микротромбтардың түзілуі және соның салдары ретінде – ұлпалық гипоксия;
  • қабыну медиаторларының әсері – ісіктің некроз факторы, интерлейкиндердің және т.б.;
  • экзо- және эндотоксиндердің әсері;
  • иммунды кешендердің әсері;
  • эндотелийдің физикалық және химиялық әсерлерден зақымдануы;
  • антиэндотелиальды және антифосфолипидті антиденелер әсері;
  • жасушалық (бірінші кезекте лейкоцитарлы) және плазмалық протеаздар – эластаза, трипсин, тромбин және т.б. әсері;
  • тамыр қабырғасындағы фиброз және атеросклероз.

Субэндотелиальды құрылымдар эндотелий жасушаларының өліленуі кезінде жалаңаштанатын көп мөлшерде коллагеннен тұрады.  Коллагенде тромбоциттер белсендендіріледі, Виллебранд факторы, фибронектин және фибриноген қатысуымен ішкі жол бойынша қан ұю тізбегі іске қосылады.

Жазық бұлшықетті жасушалар тамырда қанның ламинарлы ағымын қамтамасыз ету үшін қажетті тамыр тонусын ұстап тұрады; тамыр қабырғасының бүтіндігі бұзылғанда олар жиырылып тамыр саңылауын жауып, қан ағуды тоқтатады.

Плазмалық (коагуляциялық) гемостаз. Плазмалық гемостаздың басты жағдайы фибриногенне фибриннің түзілуі. Процесс бірнеше кезеңнен тұрады (қанның ұю тәсімін қараңыз). Тромбин әсерінен фибриногеннен франменттер бөлінеді, және фибриноген молекулалары бір-бірімен сызықты тізбек құрып  жабысады – еритін фибрин-мономерлі кешендер (ЕФМК). Фибриногеннің құрылуы эритроциттер мен тромбоциттер беткейінде болады, олар бір – бірімен фибрин жіпшелерімен байланысады. Әрі қарай сызықшалы молекулалар байланысып, торшалы құрылым түзеді (фибрин-полимерлі кешендер). ХІІІ фактордың әсерінен фибринді ұюынды қатайып тормбтың консолидациясы түзіледі. Тромбқа пішінді элементтер – тромбоциттер, эритроциттер, лейкоциттер де қатысады.

Фибриногеннің фибринге айналуы протромбиннен (фактор ІІ) түзілетін тромбиннің (фактор ІІа) белсенділігі арқылы іске асады. Протромбиннің белсендендірілуі протромбиназаға – фактор Ха байланысты. Айқын емес жасушалық деструкцияларда (қан жасушалардың өліленуі – тұрақты процесс, бірнеше сағат ішінде нейтрофильдердің барлық популяциясы алмасады,  тромбоциттер қан айналымында 3 күн өмір сүреді, ал эритроциттер 4 ай – әрбір секунд сайын 2,5- тен  20 миллионға дейін эритроциттер бұзылады)  қан айналымына түсетін ұлпалық тромбопластин көлемі төмен және тромбиннің аз мөлшерінің түзілуіне әкеледі. Ол фибриннің пайда болуына емес, тек тромбоциттердің белсендендірілуіне ғана шығындалады.  Сонымен бірге тромбиннің бір бөлігі антикоагулянттар – С және S протеиндердің  белсендендірілуі үшін пайдаланылады. Қан ұюдың тұрақты физиологиялық белсенділігі процесінде барлық тромбин антикоагулянттар мен фибринолиз жүйесі белсенділігі үшін жұмсалады. Осылайша қан ұюдың тұрақты белсенділігіне қарамастан қанның сұйық қалпын ұстап тұруға болады.

Протромбиназа кальций иондары мен V фактордың қатысуымен фосфолипидті матрицада (тромбоциттердің III факторы) үдейді.    Протромбиназды кешен сыртқы және ішкі екі жолмен түзіледі. Сыртқы жолмен қанның ұю жүйесінің белсенділігі кезінде қанға маңындағы ұлпадардан жасушалар бұзылуынан пайда болатын фосфолипидтерге жататын ұлпалық тромбопластин түседі. Ұлпалық тромбопластиннің VII фактормен және кальций иондарымен байланысуы салдарынан протромбиназа белсендендіріледі. Сыртқы жол бойынша каскадтың белсенділігі кезінде фибриннің түзілуіне қажетті уақыт 15 с. Сыртқы жол – жылдам жол, ол тек екі каскадтан тұрады.

гемостаз жүйесі

Ішкі қан ұю жолы сыртқымен салыстырғанда бірнеше тізбекті түзілетін кешендерден тұратын каскад түрінде болады. Бастапқы элемент ХII фактор –Хагеман факторының белсенділігі болып табылады. Ол бөгде беткеймен, субэндотелиальды коллагенмен, иммунды кешендермен, адреналинмен және т.б. жанасу салдарынан белсендендіріледі. Белсендендірілген ХII фактор кальций иондарының қатысуымен фосфолипидті матрицада үдейтін каскадты бастайды. Бұл каскадта әрбір белсендендірілген фактор келесі факторды үдетеді: ХIIа –  ХI,  ХIа – IХ, IХа – VIII. Бұл каскадтың соңғы сатысы протромбиназаның түзілуі. Белсенділіктің ішкі жолының ұзақтығы 10-15 мин. Айқын емес зақымдануларда тромбтың түзілуі мен қан кетудің тоқтатылуы осы жол арқылы іске асады.

Қан ұю каскадында реакциялар катализдің сипатқа ие: белсендендірілген фактор молекуласы келесі ұю факторының бірнеше молекуласының белсендендірілуіне себеп болады. ХІІ фактордың бір молекуласын белсендендіре отырып, теория жүзінде қан айналымдағы ХІ фактордың барлық молекуласының, одан кейін қан ұюдың қалған факторлардың да белсенділігін тудыруы мүмкін.

Антикоагулянтты жүйе. Жоғарыда айтылған төтенше жағдай болмау үшін тоқтаусыз қан ұюына кедергі жасайтын жүйе бар. Қан ұю жүйесі антикоагулянттар жүйесімен реттеледі. Олардың ішінде маңыздысы  АТ ІІІ. Ол барлық белсендендірілген ұю факторларының инактивациясына әкелетін баяу антикоагулянттарға жатады.  АТ ІІІ қанда белсендендірілген қан ұю факторларының қалмауына жауап береді, сол арқылы қан ұюдың тізбекті реакциясын тежейді.

АТ ІІІ басқа қан ұю факторларына қарағанда ұю процесінде бірнеше есе жылдам шығындалады: ХІІ фактордың бөгде беткеймен жанасуы салдарынан белсендендірілген факторлардың инактивациясы үшін  АТ ІІІ бес молекуласы қажет болады.

Қанда гепарин пайда болғанда жылдам антикоагулянт болатын «гепарин + АТ ІІІ» кешені түзіледі: бұл кешен қан ұю факторларын каскадтың төменгі факторларына әсер еткенге дейін инактивациялайды. «Гепарин + АТ ІІІ»  АТ ІІІ қарағанда 2000 есе жылдам әсер етеді. «Гепарин + АТ ІІІ» ұю процессін тежейді. Бірақ, АТ ІІІ болмаса гепариннің антикоагулянттық  әсері болмайды.

Басқа маңызды физиологиялық антикоагулянттарға С және S протеиндері жатады. Олардың әсері АТ ІІІ әсеріне ұқсас, бірақ белсендендірілген факторлардың барлығына әсер етпейді және АТ ІІІ қарағанда баяу шығындалады. С және S протеиндері тромбинмен белсендендіріледі: тромбиннің айқын бөлігі тамыр қабырғасының тромбомодулинімен байланысып фибриногенді үдететін қабілетінен айырылады, бірақ, С, S протеиндері мен фибринолиз жүйесін белсендендіретін қасиеті сақталады.

Қан ұю және фибринолиз процестерінде патологиялық антикоагулянттар – еритін фибрин-мономерлі кешендер мен фибрин деградациясы өнімдері түзіледі. Олардың маңыздылығы (физиологиялық ролі) – физиологиялық антикоагулянттар қорымен бақыланбайтын қан ұюды тоқтату. Тромб түзілудің жалғасуы кезінде (ШТІҰ – синдромы кезінде) паракоагуляция өнімдерінің көптігінен ұюдың соңғы каскады фибриногеннің фибринге айналуын толық тежелуі мүмкін. Бұндай жағдайда кері жағдай туындайды: қанда ұю белсенділік факторлары көп мөлшерде болады, бірақ, соңғы кезең ингибиторларының мөлшерден тыс болуы қанның кедергі жасайды.  Бұл кезде фибриногеннің еріген жағдайға өтуіне байланысты  деңгейі күрт төмендейді.

Фибринолиздік жүйенің белсенділігі қан ұю белсенділігі жолдарына ұқсас ішкі және сыртқы жолдармен іске асады. Соңғы сатысы фибриннің ыдырауына себеп болатын белсенді емес плазминогеннің белсенді плазминге айналуы болып табылады. Фибринолиз процессінде ЕФМК тәрізді патологиялық антикоагулянттарға жататын фибриногеннің деградация өнімдері (ФДӨ) түзіледі.

Сыртқы жол – плазминогеннің ұлпалық активаторы зақымдалған эндотелийден сыртқа шығарылады. Ұлпалық активаторға бүйректе өндірілетін урокиназа, макрофагтардан шығатын активаторлар ұқсас болады.  Фибринолизің бактериалдық жасушалардан бөлінетін физиологиялық емес активаторлары, мысалы, стрептокиназаның да орны бөлек.

Ішкі жол – Хагеманның (ХIIа) жанасу факторы плазминогенді белсендендіреді. Фибринолиздің С и S пртеиндерімен белсендендіру механизмі де ұқсас. Қалыпты жағдайда тромбтың лизис уақыты 2 сағатқа жуық. Негізгі фибринолиздік белсенділік тромб түзілі процесі құрамына енетін плазминогенге байланысты. Қан айналымымен түзілген тромбпен жанасатын плазмин тромбқа бекітілмейді және фибринолиздік әсер бермейді.   Фибринолиз жүйесі АТ III антикоагулянты тәрізді қан ұю белсенділігі үдегенде жылдам тежеледі.

Антиплазминді жүйе. Фибринолиздік жүйемен қатар фибринолизді шектейтін – антиплазминдер жүйесі бар. Олардың арасында маңыздылары – а2 – антиплазмин, плазминогеннің ұлпалық активаторының ингибиторлары (РАI – и РАI – 2), плазминогеннің плазминге айналуының ингибаторлары.

Гемостаз жүйесінің «әдеттен тыс» қатысушылары. Гемостаз жүйесінің басқа «әдеттен тыс» қатысушылары, мысалы, эритроциттердің маңыздылығы аз зерттелген және сирек баяндалады. Бұл жасушалар, қан көлемінің жартысынан көбін құрай отырып, қан ұю процессіне үлкен әсер етеді. Эритроциттердің ұлпаларға қандағы алмасқан газдарын тасымалдайтын негізгі қабілеті – деформациялануға бейімділік қасиеті болып табылады. Эритроцит өзінің диаметрінен кіші саңылаудан өту үшін пропеллер, шляпа, спираль пішініне айналып, капилляр қуысына оның қабырғасымен жақын жанаса отырып өтеді.  Эритроциттердің деформацияға бейімділігі көптеген себептерге тығыз байланысты болады: гемоглобиннің химиялық құрылымына, мысалы, орақ пішінді – жасушалық анемияда (гемоглобин ақауы қан айналымы мен талақта бұзылатын эритроциттердің ауытқыған қатты пішіндерінің пайда болуына әкеледі), оның санына, мембранасының және жасушалық қаңқасының құрылымына (гемолитикалық анемиялар), фибриногеннің көптігіне және мембранасына.

Эритроциттер қалыпты жағдайда мембранадағы айқын статистикалық зарядқа байланысты бір-бірінен ығысады.  Бұл феноменді эритроциттердің тұну реакциясын қойғанда байқауға болады. Мембраналар заряды қан бағанында эритроциттердің төмен түсуіне кедергі жасайды. Капиллярды 450  шалқайтқанда тұну жылдамдығы 10 есе өседі:  эритроциттер шыныдан кері ығыспайды да, қабырғасымен төмен түседі.

Қан ұю процесінде эритроциттер фибриннің құралуында матрица қызметін атқарады. Эритроциттер мембранасының беткейінде фибриноген мен фибриннің көп мөлшері оның диэлектрикпен қоршалуына әкеледі, соның салдарынан эритроциттер беткей зарядынан және бір бірінен тебісу қабілетінен айрылады. Эритроциттердің тұну реакциясын қоюда қан бағанында гравитация күшінің әсерінен олардың түсуіне ештеңе кедергі жасамайды да, ЭТЖ бірден үдейді.

Бір бірімен фибрин арқылы «тиын бағаны» тәрізді жабысқан ірі эритроциттер агрегаттары (сладж – феномен) қанның тұтқыр болуына себеп болады. Эритроциттер фибрин жіпшелерімен бөліктерге бөлініп, фрагментті жасушалар пайда болады. Бұзылу кезінде (физиологиялық және патологиялық гемолизде) эритроциттерден қан ұюы сыртқы жолын белсендендіретін ұлпалық тромбопластин бөлінеді.

Эритроциттер деформациялануының бұзылуы қандағы фибриноген деңгейімен тікелей байланысты. Мембранасында фибриноген мен фибрин мөлшері жоғары эритроциттер капиллярларға ене алмайды да, артериолдар мен венулалар арасына шунттар арқылы шығарылады. Бұл микроциркуляция мен ұлпалар оксигенациясының бұзылуына әкеледі.

Қан ұю жүйесінің белсенді қатысушысының бірі – макрофаг. Онда көптеген ұю факторлары синтезделеді, оның белсенділігі кезінде иммундық жауап ретінде қан ұюдың күшті активаторы – ісіктің некроз факторы, ал жасушаның өлуі кезінде – ұлпалық тромбопластин өндіріледі. Макрофаг иммундық жауапты қан ұюдың белсенділігіне ауыстыратын маңызды жасуша. Макрофагтың бұл жұп қызметінің жалпы биологиялық мәні болуы мүмкін: макрофаг, қоздырғышпен кездескенде иммундық жауап (антиденелер синтезі және Т – киллерлердің цитотоксикалық белсенділігі) пен гемостаз жүйесінің дайындығын дамытады. Бұл қоздырғышты тромбпен шектеп, оның ағзаға таралуына кедергі жасайды.

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Гемосорбция
  2. Биохимиялық қан анализі
  3. Бауыр аурулары кезіндегі геморрагиялық синдром
  4. Қан өндіру (гемоцитопоэз)
  5. Геморрагиялық шок
  6. Балалардағы геморрагиялық диатездер
  7. Геморрагиялық васкулит

 

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!