Альгодисменорея (альгоменорея, дисменорея) – бұл етеккір цикылының бұзылысы, оның негізгі клиникалық көрінісі етеккір кезінде пайда болатын ауырсыну синдромы. Бұл синдром етеккірдің алғашқы күнінен немесе бірнеше күн бұрын басталып, аяғына дейін, тіпті біткеннен кейін де байқалады. Ертеректе бұл патологияның психогенді табиғаты бар деп есептеген.
Альгодисменорея этиологиясы.
- Эндогенді опиаттар (эндорфиндер, энкефалиндер) мөлшерінің жетіспеушілігі.
- Лютеин фазасының жетіспеушілігі.
- Эндометридің тіндік протеолитикалық ферменттерінің функциясының жетіспеушілігі.
- Простагландиндер мөлшерінің көптігі.
Альгодисменореяның жіктелуі.
Альгодисменореяның екі түрін ажыратады:
- Біріншілік альгодисменорея;
- Екіншілік альгодисменорея.
Біріншілік альгодисменорея бірінші етеккірден бастап немесе 1-2 жыл өткеннен кейін, яғни екі фазалы цикл орныққаннан кейін жиі жас әйелдерде кездеседі.
Біріншілік альгодисменореяның клиникалық көрінісі.
Ауырсыну сезімі етеккірден 2-3 сағат бұрын немесе етеккір басталғанда кіші жамбас аймағында сезіледі, кейде белге немесе санның ішкі беткейіне ауырсыну сезімі таралады. Бастың ауырсынуы, диспепсиялық бұзылыстар, жүрек айну, құсу, жалпы әлсіздік болады, сонымен қатар жұмысқа қабілеті жоғалуы мүмкін. Бұл симптомдар етеккірдің басында, не ортасында, немесе аяғында күшейіп, бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Келесі етеккірлер циклді түрде өтеді және қорқыныш-үрейге әкеледі.
Альгодисменорея кезінде жатырда көп мөлшерде ПГF2 түзіледі, ол жатырдың спастикалық жиырылуына, қан тамырларының констрикциясына және миометридің ишемиясына әкеледі. Қан тамырларының спазмы және жергілікті ишемиясы жасуша гипоксиясын, аллогенді заттардың жиналуын тудырып, нерв ұштарын тітіркендіру себебінен ауырсыну сезімі пайда болады. Ауырсыну сонымен қатар тіндердегі кальций тұзының жиналуы нәтижесінде күшееді, себебі белсенді кальций бөлінуі жатыр ішілік қысымды, амплитудасын және жиырылу жиілігін жоғарлатады.
Осыған ұқсас ауырсыну симптомы простагландиндерді ішке немесе жатыр қуысына енгізгенде пайда болады. Етеккір қанында простагландиндердің мөлшері (2-4 рет) жоғарлағаны анықталған. Жатырдың спастикалық жиырылуларымен параллельді қалыптымен салыстырғанда жатыр ішілік қысымның (2 рет және одан жоғары) жоғарлауы байқалады. Альгодисменорея кезінде жатырда простагландиногенез активациясы гормональды әсерлермен байланысты. Альгодисменорея кезінде қан плазмасының құрамында эстроген және прогестерон мөлшері сау әйелдің көрсеткіштерімен сәйкес болып келеді.
Біріншілік альгодисменореяның емі.
Альгодисменореяның емі простагландиногенез ингибиторларын қолданғанда патогенетикалық болып есептеледі. Келесі препараттар қолданылады:
- Ибупрофен 300 мг-нан күніне 3-4 рет;
- Индометацин 25 мг-нан күніне 2-3 рет;
- Напроксен 250 мг-нан күніне 2 рет;
- Ацетилсалицил қышқылы 200 мг-нан күніне 3-4 рет.
Препараттарды ауырсыну симптомынан 1-2 күн бұрын және етеккірдің бірнеше күніне тағайындалады. Бұл препараттар ауырсынуды басады, сонымен қатар көптеген әйелдерде етеккірдің ұзақтығын қысқартып, қан кетуді азайтады.
Бұл препараттарды асқазан немесе он екі елі ішек жара ауруында және асқазан ішек жолының басқа да қабыну ауруларында тағайындауға болмайды. Оральды контрацептивтерді қолдану қолайлы болып табылады. Оларды 3-4 айға контрацептивті режимда тағайындайды. Әсіресе жүктіліктен сақтанатын әйелдерге тағайындалады. Егер оральды контрацептивтерді қолдану қолайсыз болса, анальгетиктер қосылып беріледі.
Сонымен қатар антиоксиданттар (витамин Е 300 мг-нан 2-3 күн бойы) тағайындалады. Олар альгодисменореямен ауыратын әйел адамдарда гиперпростагландиногенез дамуы кезінде бұзылған липидтердің асқын тотығу процесін қалпына келтіреді. Психоневрологиялық бұзылыстар болғанда седативті заттар және транквилизаторлар (валериан тамыры, триоксизин, реланиум және т. б.) тағайындалады. Етеккір циклінің 2 фазасында курстармен рефлексотерапия қолданылады. Жоғарыда қарастырылған емдеу әдістерімен қоса психотерапия жүргізілсе керекті нәтижеге әкеледі.
Екіншілік альгодисменорея жыныс ағзаларының ауруларымен және құрылымдық өзгерістермен көрінеді.
Екіншілік альгодисменореяның жиі себептері болып табылады:
- Эндометриоз;
- Гениталидің қабыну процестері;
- Жыныс ағзаларының ақаулары;
- Жатыр ісіктері.
Эндометриоз, оның барлық түрлерінде ауырсыну синдромымен бірге жүреді. Әдетте аурысыну сезімі тұрақты, іштің төменгі жағында немесе зақымданған ағзаға байланысты басқа жерде орналасады. Етеккірдің алдында және басталғанда ауырсыну сезімі кенеттен күшейеді де бірнеше күн бойы сақталады. Ауырсыну сипаты процестің орналасуына және эндометриоздың түріне байланысты болып келеді. Біріншілік альгодисменореямен салыстырғанда эндометриозда диспепсиялық бұзылыстар, жүрек айну, құсу, бастың ауруы болмайды. Эндометриоз кезінде гинекологиялық тексеруде, сонымен қатар қосымша зерттеу әдісінің көмегімен (УДЗ, лапароскопия, компьютерлі томография) жыныс ағзаларында өзгерістер анықталады.
Ішкі жыныс ағзаларының қабыну процесстері, спайкалары; кіші жамбас аймағындағы, параметральды клетчаткадағы инфильтраттар, жатырдың дұрыс орналаспауы (гиперантефлексия, ретрофлексия) альгодисменореяның себептері болып табылады. Жыныс ағзаларының дұрыс жетілмеуі (инфантилизм) де етеккір кезіндегі ауырсынуды тудырады. Бұл жағдайда бұлшық еті әлсіз гипопластикалық жатыр етеккір кезіндегі созылуға төзімсіз болып келеді. Эндометриоз кезінде эндометрий гормондардың әсерінен циклдық өзгеріске ұшырайды.
Қабыну процестері (жиі созылмалы сальпингитте) ауырсынатын және ұзаққа созылатын етеккірмен бірге жүреді. Альгодисменореяны шақыратын барлық ақаулардан белсенді эндометриімен жатырдың рудиментарлы мүйізін, екі жатырдың болуы біреуі гипоплазияға ұшыраған, етеккір қаны дұрыс ақпайтының белгілеуге болады. Ісікті аурулардың ішінде альгодисменорея субмукозды миоматозды түйіндерде болады. Жатыр миомасы кезінде жатыр қабырғасындағы өзгерістер менструальды қанның ағуына механикалық кедергі туғызып, жатыр қарқынды жиырылып ауырсыну сезімін тудырады.
Соңғы кездерде альгодисменорея жиі жатыр ішілік спираль (ВМС) кезінде болады, ол жатырдағы бөгде заттың болуына ғана емес, сонымен қатар жатыр ішілік спиральға (ВМС) байланысты простагландиногенездің белсенділігіне байланысты болып келеді.
Екіншілік альгодисменореяның емі.
Екіншілік альгодисменореяның емінде негізгі ауруды емдеуді қарастырады. Анальгетиктерді симптоматикалық қабылдау тағайындалуы мүмкін. Альгодисменорея біріншілік ауру ретінде және көптеген гинекологиялық патологиялардың симптомы ретінде дұрыс тексеру үшін негізі болып табылады, сонымен қатар қосымша зерттеу әдістері қолданылады.
Екіншілік альгодисменореяның емі органикалық патологияны жоюға негізделген. Көбінесе операциялық ем жүргізіледі. Себебі толық анықталмаған жағдайда анальгетиктер мен транквилизаторларды ұзақ уақыт қолдануға тиым салынады.
Альгодисменорея профилактикасы.
Қыз баланың дене шынықтыруы мен сабақ тәртібі және еңбек етуін дұрыс ұйымдастыру (әсіресе менархе кезінде). Экстрагенитальды патологиялар мен әйел жыныс ағзаларының ауруларын дер уақытында анықтап емдеу.