Оқу-тәрбиелік мақсаттары:
- Студентерге ҚР Қорғаныс және Қарулы күштер туралы заңдары мен ҚР әскери доктринасының негізгі ережелері туралы білім беру.
- ҚР ҚК құрамы және пайдалану бағытын студентерге жеткізу.
- Студентерді Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге және оларда жоғары моральдық-психологиялық рухын тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: Дәріс
Уақыт: 2 сағат
Өткізілетін орны: Дәріс залы
Оқу құралдарымен жабдықтары
- Қазақстан Республикасының ЗаңыҚазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы (2008.26.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
- Қазақстан Республикасы әскери доктринасы (2007 жылғы 21 наурызд Қазақстан Республикасы Президентінің №299 Жарлығымен бекітілген).
Оқу сұрақтары мен уақыт есебі
№ | Оқу сұрақтары | Уақыты (мин) |
1. | Кіріспе бөлімі | 5 мин |
2. | Негізгі бөлім 1. Қазахстан Республикасы Конституциясы мен Заңдары қорғаныс және қарулы күштер туралы. 2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрамы және пайдалану бағыты. 3. Қазақстан Республикасы әскери доктринасының негізгі ережелері.
| 90мин 30 мин
30 мин
30 мин |
3. | Қортынды | 5 мин |
Кіріспе
Жеке құрамды тексеремін. Дәріс сабағының тақырыбы мен өту тәртібін студенттерге жеткіземін. Оқу сұрақтары мен оқу-тәрбиелік мақсаттарын айтып өтімін.
Қазақстан Республикасының қорғаныс және қарулы Күштер туралы заңнамасы
- Қазақстан Республикасының қорғаныс және Қарулы Күштер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
- Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері
Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерi:
1) басқа мемлекеттердiң егемендiгiн, мемлекеттiк шекараларының мызғымайтындығын, аумақтық тұтастығын құрметтеу және олардың ішкі iстерiне араласпау;
2) әскери саладағы сенiмділік және ашықтық шараларын нығайту;
3) халықаралық дауларды бейбiт жолмен реттеу;
4) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық мiндеттемелердi сақтау және шарттардың мақсатына қол жеткiзуге жәрдемдесу;
5) өзара тиiмдi ынтымақтастық және өзара түсінiстік негізінде барлық елдермен достық қарым-қатынасты ұстану;
6) әскери жанжалдарды болғызбауға, бейбiтшілікті қолдау мен қалпына келтiруге бағытталған жаһандық және өңірлік қауіпсiздiк жүйелерiн құруға қатысу болып табылады.
4-бап. Қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу
- Қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) соғыс қаупі мен соғыс қатерiн болжауды және бағалауды;
2) Қазақстан Республикасының әскери саясаты мен әскери доктринасы ережесінің негізгi бағыттарын әзiрлеудi;
3) құқықтық реттеуді;
4) Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдануды жоспарлауды, олардың қажетті санын, құрылысын, даярлығын анықтауды және олардың ұрысқа әзiрлігі мен жұмылдыру даярлығының талап етiлетін деңгейін ұстап тұруды;
5) Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды басқару жүйесін дамытуды, сондай-ақ радиожиілік спектрін пайдалануды жоспарлауды;
6) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрыңғай әскери-техникалық саясатын, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту бағдарламасын әзiрлеуді және iске асыруды;
7) елдiң мемлекеттік органдарының, меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарының, көлiгінiң, коммуникацияларының және халқының күнi бұрын жұмылдыру даярлығын, сондай-ақ аумақты қорғаныс мақсатында жедел жабдықтауды қамтитын бейбiт кезде жүргізiлетін жалпы мемлекеттiк iс-шаралар кешенін;
8) мемлекеттік материалдық резерв запастарын құруды;
9) азаматтарды әскери қызметке даярлауды, соғыс уақытына арнап әскери оқытылған резервті жинақтауды;
10) азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-шараларын жоспарлауды және жүзеге асыруды;
11) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды қамтамасыз етуді;
12) қорғаныс мүддесіне орай ғылымды дамытуды;
13) мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді;
14) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін бақылауды;
15) ұжымдық қауіпсiздік және бiрлескен қорғаныс мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықты;
16) қорғаныс саласындағы өзге де iс-шараларды қамтиды.
- Қорғаныс мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери мiндеттілігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттердiң өзге де түрлерi белгіленедi.
- Қорғаныс саласындағы мiндеттерін орындау үшін Қарулы Күштер құрылады және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ соғыс уақытында құрылатын арнаулы құралымдар тартылады.
- Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштердi қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы мiндеттердi орындайды.
- Жер, орман, су және басқа да табиғи ресурстар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғаныс мұқтажы үшiн берiледi.
- Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерiне бекiтiліп берiлген мүлiк республикалық меншік болып табылады.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ, ПАРЛАМЕНТIНIҢ ЖӘНЕ ҮКIМЕТIНIҢ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ ӨКIЛЕТТIКТЕРI
5-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қорғаныс саласындағы өкілеттігі
- Қазақстан Pecпубликасының Президентi Қазақстан Республикасы Күштерiнің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады.
- Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан Республикасы әскери саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды;
2) Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен даму жоспарын, қорғаныс мәселелерi жөнiндегі мемлекеттік бағдарламаларды бекiтеді;
3) Қарулы Күштерді қолдану жоспарын, сондай-ақ мемлекеттің жұмылдыру жоспарын бекiтедi;
4) Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға жалпы басшылықты жүзеге асырады;
5) Қарулы Күштердiң құрылымын, штат санының лимитiн, сондай-ақ әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесiн бекiтедi;
6) осы Заңның 18-бабының 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындау үшін бұл туралы Республика Парламентін дереу хабардар ете отырып, Қарулы Күштердi тарту туралы шешімдер қабылдайды;
7) жоғары офицерлiк құрамның адамдары атқаруға тиiсті лауазымдар тiзбесiн бекітедi, жоғары әскери атақтар береді;
8) Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) әскери ант мәтінін, жалпы әскери жарғыларды, әскери қызметті өткеру ережесiн, әскери нышандарды, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери киім нысаны мен айырым белгілерiн бекітедi;
10) Қазақстан Республикасының қорғаныс және әскери ынтымақтастық саласында келiссөздер жүргізедi және халықаралық шарттарға қол қояды;
11) Республиканың азаматтарын мерзiмдi әскери қызметке шақыру және мерзiмді қызметтегі әскери қызметшiлердi запасқа шығару, соғыс уақытында, жұмылдыру бойынша әскери қызметке, сондай-ақ әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы шешiм қабылдайды;
12) Парламент палаталарының бiрлескен отырысының қарауына Қарулы Күштерді бейбiтшіліктi қолдау және қауiпсiздiк жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшін пайдалану туралы ұсыныс енгізедi;
13) Қазақстан Pecпубликасының Конституциясында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше немесе соғыс жағдайын енгізедi, iшiнара немесе жалпы жұмылдыру жариялайды және бұл туралы Республика Парламентін дереу хабардар етеді;
14) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктердi жүзеге асырады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнің қорғаныс саласындағы өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының Парламентi:
1) Қазақстан Республикасының қорғанысын қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңдар қабылдайды, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгізедi;
2) соғыс және бiтім мәселелерiн шешедi;
3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша Қарулы Күштердi бейбiтшiлiктi қолдау және қауiпсiздiк жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
4) әскери атақтарды белгілейдi;
5) қорғаныс және әскери ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегі халықаралық шарттарды бекітеді және күшiн жояды;
6) қорғаныс және Қарулы Күштер мәселелерi бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметінің қорғаныс саласындағы өкiлеттiктерi
Қазақстан Республикасының Үкiметі:
1) мемлекеттің әскери саясатының негізгі бағыттарын әзiрлейді, Республиканың қорғаныс қабiлетін қамтамасыз ету жөнiндегі шараларды iске асырады;
2) мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлейдi және олардың орындалуын қамтамасыз етедi;
3) Қорғаныс министрлiгiнiң, өзге де орталық және жергілiкті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
4) мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі уәкiлетті органды айқындайды;
5) мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөнiндегi уәкілетті органның ұсынысы бойынша жыл сайын мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бекiтедi;
6) қорғаныс өнеркәсiбінің, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелiк-конструкторлық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдайды;
7) әскери оқу орындарын, жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдайды;
8) жоғары оқу орындарындағы Әскери даярлық туралы ереженi бекiтедi;
9) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттiк мекемелерiнiң мемлекеттiк қызметшiлер болып табылмайтын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі мен шарттарын айқындайды;
10) Қарулы Күштерді, басқа әскерлер мен әскери құралымдарды қару-жарақпен, әскери техникамен және материалдық-техникалық ресурстармен жарақтандыруды және қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
11) жабдықтау нормаларын және материалдық запастардың санаттарын бекiтедi;
12) мемлекеттiң жұмылдыру жоспарын әзiрлеудi және орындауды ұйымдастырады, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтердi қалыптастыру, жинақтау және пайдалану тәртiбiн белгілейдi;
13) мемлекеттік органдардың, меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың жұмылдыру даярлығына басшылық жасауды жүзеге асырады;
14) қорғаныс мақсатында Республика аумақтарын жедел жабдықтау жөнiндегі iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
15) Әскери міндеттілер мен шақырылатындардың әскери есебiн жүргізу тәртiбi туралы ереженi бекiтедi;
16) Әскери-көлiктік мiндеттілік туралы ереженi бекiтедi;
17) Әскери басқарудың жергілікті орындары туралы ереженi бекітеді;
18) әскери қызметке шақырылуға тиісті азаматтардың санаттары мен санын, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылуға тиісті әскери оқытылған мамандардың жыл сайынғы санын айқындайды;
19) әскери оқытылған резервті құруға және даярлауға жалпы басшылықты жүзеге асырады, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауға арналған мемлекеттік тапсырысты бекiтедi;
20) азаматтық және аумақтық қорғанысты жоспарлауды және оған басшылық жасауды жүзеге асырады;
21) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жердi, орманды, суды және басқа да табиғи ресурстарды қорғаныс мұқтаждары үшін беру және пайдалану тәртiбiн белгілейдi;
22) пайдаланылмайтын әскери мүлікті тапсыру, сату және кәдеге жарату, сондай-ақ қорғаныс объектілерiн мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) тәртібiн белгілейді;
23) әскери ынтымақтастық және үкiметаралық келiсiмдерге қол қою мәселелерi бойынша халықаралық келiссөздер жүргізу туралы шешiмдер қабылдайды;
24) қорғаныс мұқтаждары үшiн жеке және заңды тұлғалардан реквизицияланған, сондай-ақ берiлген мүліктің құнын мемлекеттің өтеу тәртібiн белгілейдi;
25) әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару тәртiбін белгілейдi;
26) қару мен әскери техниканың, стратегиялық материалдардың, озық технологиялар мен қос мақсатта пайдаланылатын өнімдердiң экспортын бақылауды ұйымдастырады;
27) Конституциямен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президенттің актілерiмен өзiне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
3-тарау. ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛIКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ, АЗАМАТТАРДЫҢ ЖӘНЕ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРІ
8-бап. Орталық атқарушы органдардың қорғаныс саласындағы функциялары
Орталық атқарушы органдар өз құзыреті шегiнде:
1) саланың жұмылдыру даярлығына, жұмылдыру мақсатындағы объектілердi, қорғаныс мұқтажы үшін қажетті өнiмдердi әзiрлеу, өндiру, шығару және жөндеу жөнiндегi қуаттарды жасауға, дамытуға және сақтауға қатысады және жұмылдырылатын резервтердiң жинақталуын қамтамасыз етеді;
2) мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етедi;
3) соғыс уақытында саланың тұрақты жұмыс iстеуi жөнiндегі iс-шараларды жүзеге асырады, оны соғыс уақыты жағдайындағы жұмыс режимiне көшiру жоспарларын әзiрлейді;
4) ел аумағын жедел жабдықтау жөнiндегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады;
5) азаматтық қорғаныс iс-шараларын ұйымдастырып, жүргiзедi және ведомстволық бағынысты ұйымдардың оларды орындауын қамтамасыз етеді;
6) республика халқын қорғанысқа даярлауға қатысады, Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
9-бап. Жергіліктi атқарушы органдардың қорғаныс саласындағы функциялары
Жергілiкті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде:
1) аумақты жедел жабдықтау iс-шараларын орындауға қатысады және коммуникацияларды қорғаныс мақсатында дайындауды қамтамасыз етеді;
2) қорғаныс мақсатында көлiк және басқа да техникалық құралдардың есебiн жүргізудi және жұмылдыру даярлығын қамтамасыз етедi;
3) халықты және аумақты қорғанысқа даярлауға қатысады, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың материалдық, энергетикалық және өзге де ресурстарға және олардың тапсырысы бойынша қызмет көрсетулерге қажеттіліктерiн Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді;
4) әскери есепке алуды және азаматтарды әскери қызметке даярлауды, олардың әскери қызметке, әскери жиындарға шақырылуын және жұмылдыру бойынша шақырылуын ұйымдастырып, қамтамасыз етеді;
5) жергілікті әскери басқару органдарында жұмылдыру кезеңінде және соғыс уақытында әскери мiндеттілерге брон белгiлеудi жүзеге асырады;
6) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегі іс-шараларды жоспарлауға қатысады және олардың орындалуын қамтамасыз етедi;
7) өзiнiң қорғаныс саласындағы қызметін әскери басқару органдарымен үйлестіреді және келiседi;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының қорғаныс саласындағы құқықтары мен міндеттері
- Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) келiсiм-шарт негізiнде epікті түрде әскери қызметке баруға;
2) қорғанысты нығайтуға жәрдемдесетін ұйымдардың қызметіне қатысуға құқылы.
- Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) әскери мiндеттілiкті орындауға;
2) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегі iс-шараларға қатысуға;
3) жұмылдыру кезеңінде және соғыс жағдайында өздерінiң меншігіндегі мүлікті қорғаныс мұқтажы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оның құнын кейiннен мемлекеттің тең бағада өтеуімен беруге міндетті.
11-бап. Меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың қорғаныс саласындағы функциялары
Меншiк нысанына қарамастан ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегi iс-шараларды орындауға қатысады;
2) мемлекеттiң жұмылдыру жоспарында көзделген iс-шараларды жүзеге асырады;
3) мемлекеттiк қорғаныс тапсырысы мiндеттерiн басымдық тәртiбiмен орындайды;
4) жұмылдыру кезеңiнде және соғыс жағдайында өздерінің меншігіндегі мүлiкті қорғаныс мұқтажы үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметi белгілеген тәртiппен оның құнын кейiннен мемлекеттің өтеуiмен бередi;
5) өз қызметкерлерінің әскери мiндетін орындауы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
5-тарау. ҚАРУЛЫ КҮШТЕР, БАСҚА ДА ӘСКЕРЛЕР
МЕН ӘСКЕРИ ҚҰРАЛЫМДАР
18-бап. Қарулы Күштер және олардың мақсаты
- Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілердi күзетуге және қорғауға, әуе кеңiстігін қорғауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттерді орындауға арналады.
- Қарулы Күштер Қазақстан Республикасы Президентi шешімінің негізінде табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға, сондай-ақ террорға қарсы операциялар жүргізу және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн тартылуы мүмкiн.
- Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнен туындайтын міндеттердi орындау үшін Қарулы Күштердi қолдану Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда келiсiлген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi құрамының бiр бөлiгі Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес бiрiккен қарулы күштерге кiруi немесе бiрiккен қолбасшылықта болуы мүмкiн.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Қарулы Күштерінiң жалпы құрамы
Қарулы Күштер: әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, әскерлер тектерін, арнаулы әскерлердi, тылды, әскери-оқу орындарын, әскери-ғылыми мекемелер мен басқа да ұйымдарды қамтиды.
Жұмылдыру жарияланған жағдайда Қарулы Күштердiң құрамына Iшкi iстер министрлiгiнiң ішкі әскерлерi, Ұлттық қауіпсiздiк комитетінің Шекара қызметі, Республикалық ұлан, төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның басқару органдары мен азаматтық қорғаныс бөлімдерi және арнаулы құралымдар кiредi.
20-бап. Қарулы Күштердi жасақтау
- Қарулы Күштердің жеке құрамына әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдары кiредi.
- Қарулы Күштер:
1) азаматтарды аумақтан тысқарылық және аумақтық принцип бойынша әскери қызметке шақыру арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне сәйкес олардың әскери қызметке ерікті түрде келуi арқылы әскери қызметшiлермен;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес азаматтық персоналмен жасақталады.
- Қарулы Күштердi жұмылдыруды өрістету үшін мемлекетте әскери оқып үйретілген резерв запасы құрылады.
21-бап. Қарулы Күштерге басшылық және оларды басқару
- Қарулы Күштерге әскери-саяси басшылықты Қазақстан Республикасының Президентi – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы жүзеге асырады.
- Жоғарғы Бас қолбасшылық (Жоғарғы Бас қолбасшылықтың Ставкасы) соғыс уақытында Қарулы Күштерге басшылық жасайтын жоғары әскери-саяси орган болып табылады.
- Жоғарғы Бас қолбасшылықтың Ставкасы Қарулы Күштердi басқаруды Штабтар бастықтары комитеті арқылы жүзеге асырады.
- Қарулы Күштердi бейбiт уақытта басқаруды Штабтар бастықтары комитетi арқылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi жүзеге асырады.
22-бап. Қорғаныс министрлігінiң функциялары
- Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердi әскери-саяси және әскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
- Қорғаныс министрлiгі:
1) қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
2) Әскери доктринаны, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен дамуының тұжырымдамасын әзiрлейдi;
3) Қарулы Күштердiң түрлерiн, әскер тектерінің құрылымын, штат санын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкiметi бекіткен Қарулы Күштер, Қорғаныс министрлігі және Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің, штат санының лимитi шегінде Қорғаныс Министрлiгiне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердiң штат санын белгілейдi;
4) мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізедi;
5) елдiң қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметiн ұйымдастырады;
6) Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерi мен арнаулы әскерлердiң жедел мақсаттары мен мiндеттерiн, олардың басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып қолданылуын айқындайды;
7) қорғаныс саласында ғылыми-зерттеу, тәжiрибелік-конструкторлық және басқа жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады, олардың сапасын бақылауды ұйымдастырады;
8) Қарулы Күштердегі әскерлердi инспекциялауды және қаржы қаражатының жұмсалуын бақылауды жүзеге асырады;
9) әскери даярлықты жүзеге асыратын ведомстволық әскери оқу орындары мен басқа да бiлiм беру ұйымдарының қызметін және оқу-тәрбие жұмысының сапасын бақылауды жүзеге асырады;
10) әскери қызметке шақырылуға дейiнгi және шақырылатын жастардың әскери қызметке даярлығын үйлестіредi;
11) қорғаныс өнеркәсiбiн дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзiрлеуге және орындауға қатысады;
12) халықаралық әскери ынтымақтастықты жүзеге асырады;
13) Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртiбінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшілердi, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық персоналды әлеуметтiк және құқықтық кепілдiктермен қамтамасыз етедi;
14) өз құзыретi шегінде қорғаныс және Қарулы Күштер мәселелерi жөнiнде нормативтік құқықтық актілер шығарады және олардың орындалуын бақылайды.
23-бап. Штабтар бастықтары комитетiнiң функциялары
- Штабтар бастықтары комитетi:
1) Қарулы Күштердің жауынгерлік және күнделікті қызметін жедел-стратегиялық жоспарлауды, оларды қолдануды және басшылық жасауды жүзеге асырады;
2) Қарулы Күштер құрылысы мен дамуының және әскерлердi жұмылдыруды өрiстетудің жоспарларын әзiрлейдi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар құрылысының жоспарларын әзiрлеудi үйлестiредi, олардың орындалуын бақылайды;
3) мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Қарулы Күштердi қолдану жоспарын әзірлейдi, Қарулы Күштердi жұмылдыру жоспарын әзiрлеуге қатысады;
4) Қарулы Күштердi жауынгерлік және жұмылдыру даярлығында ұстап тұру жөніндегі iс-шараларды ұйымдастырып, жүргізеді;
5) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн күзету мен қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
6) Қарулы Күштердің басқа да әскерлер мен әскери құралымдармен өзара iс-қимылын ұйымдастырып, жүзеге асырады, сондай-ақ қорғаныс мүдделерiне орай ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзірлейді;
7) экономиканың, мемлекеттік органдардың және меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың жұмылдырушылық даярлығын ұйымдастыруға қатысады;
8) аумақтық қорғаныс жоспарларын әзiрлеудi үйлестіредi, аумақтық қорғаныс мiндеттерiн орындауға қатысатын күштер мен құралдардың қолданылуын ұйымдастырады;
9) Қарулы Күштердi мерзiмдi қызметтің әскери қызметшілерiмен, келiсім-шарт бойынша жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастырып, жүргізедi;
10) Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрге жедел қолданылуын және өзара iс-қимылының жоспарын әзірлеуге қатысады;
11) кадрларды орналастыруды және әскери атақтар берудi жүзеге асырады, Қорғаныс министрінің қарауына номенклатураға сәйкес лауазымдарға тағайындау және әскери атақтар беру жөнiнде ұсыныстар енгізедi;
12) Қарулы Күштердi қару-жарақ, әскери техника, оқ-дәрi мен басқа да қажетті материалдық құралдар түрлерiмен қамтамасыз етудi, оларды пайдалануды, сақтауды, есепке алуды, есептен шығаруды және кәдеге жаратуды ағымдағы және перспективалық жоспарлауды ұйымдастырады, сондай-ақ бейбiт уақытта әскерлердi жұмылдыруды өрiстету үшiн осы құралдардың запастарын жинақтауды және орналастыруды жоспарлайды;
13) Қарулы Күштерде әскери ғылымды дамыту бағыттары бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
14) жеке құрамның жоғары жауынгерлiк және моральдық-адамгершілік қасиетін қалыптастыру мақсатында әскерлерді моральдық-психологиялық жағынан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
15) әскерлер қызметіне байланысты экологиялық қауіпсiздікті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегі iс-шараларды жүргізедi;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қарулы Күштердi қолдану және оны басқару, басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара iс-қимылды жоспарлау саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
- Штабтар бастықтары комитеті соғыс уақытында Жоғарғы Бас қолбасшылық Ставкасының жұмыс органы болып табылады.
24-бап. Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерi
- Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелері:
1) өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;
2) ұсынылған демеушілік, қайырымдылық көмектi, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық шеңберiнде көрсетiлетiн көмектi алуға және пайдалануға құқылы.
- Қарулы Күштердiң спорт саласында мамандандырылған мемлекеттік мекемелерi өздерінің жарғылық мақсатына сәйкес келетін және негізгі қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге және мұндай қызметтер көрсетудi iске асырудан түскен ақшаны Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын тәртіппен пайдалануға құқылы.
25-бап. Қарулы Күштердiң орналастырылуы
- Қарулы Күштердiң орналастырылуы Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қарулы Күштердi қолдану жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
- Қарулы Күштерге пайдалануға берiлген аумақтар шегіндегі құрамалардың, әскери бөлiмдердiң қайта орналастырылуы Қазақстан Республикасының Президенті бекiткен жоспарға сәйкес Қорғаныс министрінің шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
- Қарулы Күштердiң құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң Қазақстан Республикасының аумағынан тыс орналастырылуына Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негізiнде жол берiледi.
26-бап. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдар
- Басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру, басқару және олардың қызметi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
- Басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қорғаныс мақсатында:
1) Қарулы Күштерді қолдану жоспарын, қорғаныс мәселелері жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысады;
2) Қарулы Күштермен бiрлескен iс-қимылдарға даярлықты ұйымдастырады;
3) азаматтарды әскери қызметке даярлауға қатысады;
4) аумақты қорғанысқа жедел жабдықтау жөнiндегі iс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi;
5) Штабтар бастықтары комитетінiң қорғанысты ұйымдастыру мәселелерi жөніндегі нұсқауларын орындайды;
6) Қарулы Күштермен бiрге жедел және жұмылдыру даярлығына тартылады.
- Басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау Қазақстан Pecпубликасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
27-бап. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда заңдылықтың сақталуын қадағалау, құқық тәртiбiн қамтамасыз ету және әскери қызметшілерді құқықтық қорғау
- Қарулы Күштерде, басқа да әскерлep мен әскери құралымдарда заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентi Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердiң дәл және бiрыңғай қолданылуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты әскери прокурорлар жүзеге асырады.
- Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметшілердi құқықтық қорғауды, азаматтық және қылмыстық iстердi қарауды соттар жүзеге асырады.
- Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi, алдын ала анықтау бойынша iс жүргізудi Қазақстан Республикасының заңына сәйкес өз құзыреті шегінде әскери полиция жүзеге асырады.
6-тарау. СОҒЫС КЕЗI. СОҒЫС ЖАҒДАЙЫ. ЖҰМЫЛДЫРУ.
АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС
28-бап. Соғыс кезi
- Соғыс кезін Қазақстан Республикасына басқа мемлекет (мемлекеттер тобы не коалициясы) қарулы шабуыл жасаған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Парламентi жариялайды.
- Соғыс кезi жарияланған немесе соғыс қимылдары нақты басталған сәттен бастап соғыс уақыты басталады, ол соғыс қимылдарын тоқтату туралы хабарланған кезден бастап аяқталады, бiрақ соғыс қимылдары нақты тоқтатылғаннан бұрын аяқталмайды.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
29-бап. Соғыс жағдайы және жұмылдыру
- Соғыс жағдайы режимi, жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру және оның тәртiбi Қазақстан Республикасының тиiстi заңнамалық актілерiмен айқындалады.
- Соғыс жағдайы кезеңінде Қарулы Күштер, сондай-ақ оның құрамына кiретін Ішкi iстер министрлiгінің ішкi әскерлерi, Ұлттық қауіпсіздiк комитетiнiң Шекара қызметі, Республикалық ұлан, төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның басқару органдары мен азаматтық қорғаныс бөлiмдерi және арнаулы құралымдар соғыс кезiнiң жариялануына қарамастан, агрессияға тойтарыс беру жөнiнде ұрыс қимылдары мен өзге де ic-қимылдарды жүргізе бередi.
30-бап. Азаматтық қорғаныс
- Азаматтық қорғаныс халықты, шаруашылық жүргізу объектілерін және ел аумағын қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерiнен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында ұйымдастырылады.
- Азаматтық қорғаныстың міндеттерi және оны ұйымдастыру Қазақстан Pecпубликасының заңымен айқындалады.
31-бап. Аумақтық қорғаныс
- Қазақстан Республикасының аумағындағы халықты, объектiлер мен коммуникацияларды қарсы жақтың iс-қимылынан, диверсиялық немесе террорлық актілерден қорғау, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимін енгізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі аумақтық қорғанысты ұйымдастырады.
- Аумақтық қорғаныстың жалпы міндеттерін және оны ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап. Қазақстан Республикасының қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастығы
- Қазақстан Республикасының агрессиядан бiрлесіп қорғануды қамтамасыз ету, бейбiтшілiкті қолдау және қауіпсiздiк жөнiндегi басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Pecпубликасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес құрылады.
2-тармақ 2003 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енді
- Қарулы Күштер Қазақстан Республикасы Парламентінің Конституцияға сәйкес қабылдаған шешiмi негізінде бейбiтшiлiкті қолдау және қауіпсiздік жөніндегі халықаралық мiндеттемелердi орындайды.
3-тармақ 2003 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енді
- Қазақстан Pecпубликасынан тысқары жерлерде бейбітшiлiкті қолдау және қауiпсiздiк жөнiндегі халықаралық міндеттемелердi орындауға тiкелей қатысқан және ұрыс қимылдарына араласқан Қарулы Күштер әскери қызметшілерiнiң осындай қатысу кезеңi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
33-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Pecпубликасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасы әскери доктринасы
2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің №299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын.
Жаңа Әскери доктрина демократиялық және құқықтық мемлекет құру кезеңінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін, оның ішінде әскери салада да жетілдіруге бағдарланған 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын одан әрі дамыту үшін әзірленді.
Қазақстандық қоғамды әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңарту, сондай-ақ әлемдегі әскери-саяси жағдайдағы өзгерістер жаңа Әскери доктринаны қабылдау үшін негіз болды.
Қазақстан, доктринада көрсетілгендей, әскери күштің мәні барынша төмендетіліп, оның функциялары әскери жанжалдарды тежеу міндетіне жақындастырылған халықаралық қатынастар жүйесін құруды дәйекті түрде қолдайды.
Әскери доктрина Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелерін, Мемлекет басшысы жарлықтарының талаптарын, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды нақтылайды.
Әскери доктрина қорғаныстық сипатта, ол ұлттық мүдделерді қорғауды, елдің әскери қауіпсіздігіне кепілдік беруді батыл шеше отырып, Қазақстан Республикасының бейбітшілікке бейілділігін айқындайды, асимметриялық қатерлерге: терроризмге, экстремизмге, есірткі тасымалына, қаруды заңсыз таратуға, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ескере отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту шарттары мен жаңа бағыттарын нақтылайды.
Әскери доктрина ережелерін іске асыру әскери басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, өзара байланысты саяси, дипломатиялық, экономикалық, әлеуметтік, ақпараттық, құқықтық, әскери және Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар кешенін жүргізу есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа Әскери доктрина өзара байланысты төрт бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде қауіпсіздіктің әскери-саяси негіздері ашылады, әскери-саяси жағдайдың дамытылуына болжам жасалады, Қазақстанның әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясаты баяндалады; мемлекеттің әскери ұйымының мәні көрсетіледі.
Әскери-саяси жағдайды дамытуды болжай отырып, Еуропа мен Азияның сауда және көлік-коммуникациялық ағынының қиылысында тұрған Қазақстанның геосаяси жағдайы, елдің бай табиғи ресурстары оған халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты дамыту саласында елеулі басымдықтар беретінін айтқан жөн.
Қазақстанның айналасындағы ахуал түбегейлі өзгерді. Өңірде жағдайды тұрақсыздандыратын және ұлттық қауіпсіздікке қатер туғызатын жаңа факторлар туындады, мұның өзі әскери қатерлердің тұрақты мониторингі жүйесінің тиімділігін арттыруды талап етеді.
Геосаяси жағдай әлеуметтік, экономикалық және демографиялық сипаттағы қайшылықтармен, содан туындайтын тұрақсыздық қатерімен сипатталады.
Мұндай жағдайларда Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы түйінді мақсаттар бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау болып табылады.
Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін саяси шаралар мен алдын алу дипломатиясына басымдық беріледі. Сонымен қатар әскери-қорғаныстық құрауыштарға сұраныс сақталып отыр және, демек, Әскери доктринаның жаңа жағдайларға бейімделу проблемасы өзекті болып қала береді.
Әскери-саяси жағдайды талдау Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігіне төнетін негізгі қатерлер мыналар болуы мүмкін екенін білдіреді:
сыртқы:
Қазақстан шекарасының маңында қарулы жанжал ошақтарының болуы;
жекелеген мемлекеттердің жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткізу құралдарын жасау жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыруы;
халықаралық радикалдық топтардың қызметі, шекаралас елдердегі діни экстремизм ұстанымының күшеюі;
ішкі:
Қазақстан Республикасының бірлігі мен аумақтық тұтастығын, елдегі ішкі саяси тұрақтылықты бұзатын, экстремистік, ұлттық, діни, сепаратистік және террористік қозғалыстардың, ұйымдар мен құрылымдардың құқыққа қарсы қызметі;
заңсыз қарулы құралымдар құру, оларды жарақтандыру, дайындау және іске қосу;
ел аумағында диверсиялар, террористік актілер, өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш және басқа да заттарды заңсыз тарату;
экономикалық және саяси тұрақтылыққа қатер төндіретін ауқымдағы ұйымдасқан қылмыс, контрабанда және өзге де заңға қарсы қызмет.
Қабылданған жаңа Әскери доктрина Қазақстанның әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясатын мемлекет қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде мазмұндайды. Негізгі басымдықтар ретінде агрессияны немесе әскери жанжалдар тұтандыруды болдырмау, тұлға мен қоғамды қорғау, елдің саяси және экономикалық мүдделерін іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қарастырылады.
Қазақстан өзінің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуді демократиялық, құқықтық мемлекетті дамыту, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру, тең құқылы серіктестік, өзара тиімді ынтымақтастық, халықаралық қатынастардағы тату көршілестік принциптерін бекіту, халықаралық қауіпсіздіктің толық қамтитын жүйесін дәйекті түрде қалыптастыру, өңірде бейбітшілікті сақтау мен нығайту тұрғысынан қарастырады.
Қазақстан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әскери емес шараларына басымдық береді, оларға бірінші кезекте саяси-дипломатиялық, құқықтық, экономикалық, гуманитарлық, ақпараттық-насихаттау және өзге де шаралар жатады.
Бұл мынадай міндеттерді шешуді айқындайды:
әскери салада достас мемлекеттермен, атап айтқанда, Орталық Азия елдерімен өзара тиімді ынтымақтастық, өзара түсіністік, сенім мен ашықтық шараларын жүзеге асыру негізінде байланыстар мен интеграциялық процестерді күшейту;
әскери жанжалдар мен соғыс өртін тұтандыруды болдырмаудың халықаралық тетіктерін құру жөніндегі қызметті жандандыру;
сенім шараларын нығайту, мемлекетаралық қайшылықтарды шешу үшін күш қолданудан бас тарту, халықаралық дауларды реттеу;
әлемнің демократиялық және индустриялық дамыған мемлекеттерімен экономикалық байланысты кеңейту мен қатынастарды тереңдету;
халықаралық қоғамдастық тарапынан елдің қолдау табуын қамтамасыз ету үшін халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен жәрдемін пайдалану;
жаппай қырып-жою қаруын таратпау мен қару-жарақты бақылаудың халықаралық режимдерін нығайтуға жан-жақты жәрдемдесу.
Басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен серіктестік пен ынтымақтастық құралын, диалог пен байланыстарын кеңінен пайдалана отырып, Қазақстан бейбітшілік тәртібін қалыптастыруға және әскери жанжалдарды болдырмау, ал олар туындаған жағдайда – олардың бастапқы даму сатысында жанжалдасу ахуалдарын бәсеңдету мәселелерін шешуге белсенді қатысатын болады.
Доктрина халықаралық құқық нормалары негізінде әскери жанжалдарды болдырмау, республиканың халықаралық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту ісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Солтүстік Атлантика шарты ұйымы (Іс-қимыл серіктестігінің жеке жоспары және “Бейбітшілік жолындағы серіктестік” бағдарламасы шеңберінде), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым форматтарында мемлекеттермен ынтымақтастық жасайды деп атап көрсетеді.
Бір қатар объективті жағдайлардың себебімен елдің қорғаныс қабілетін нығайту мемлекеттің өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді. Сондықтан әлемдік стандарттар бойынша қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған жоғары кәсіби армияның болуы Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар ұлттық мүдделерін сенімді қорғау шарттарының бірі болып табылады.
Осыдан шыға отырып, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
бейбіт уақытта – мемлекеттің конституциялық құрылысын, аумағының тұтастығы мен қол сұғылмаушылығын қорғау, мемлекеттің қорғаныс қабілетін неғұрлым ықтимал әскери қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ететін деңгейде ұстау, қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазіргі заманғы үлгілерімен жарақтандыру, кадрлар даярлауды жетілдіру, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау, оның ішінде бітімгершілік қызметке, коалициялық әскери құрылысқа қатысу;
қатерлі кезеңде және әскери жанжал басталғанда – агрессияны болдырмау немесе бейбітшілікті қалпына келтіру үшін агрессорды әскери жанжалды бастапқы сатысында тоқтатуға мәжбүрлеу үшін халықаралық ұйымдардың әлеуетін пайдалану, күрестің барлық түрлерін ұйымдастыру және жүргізу, ел экономикасын соғыс жағдайы кезінде жұмыс істеуге ауыстыру, аумақтық және азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру, әскери саладағы шарттар негізінде әскери жанжалдарды оқшаулау және тоқтату үшін достас мемлекеттердің мүмкіндіктерін пайдалану.
Әскери доктринада әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басым бағыттары – әскери қатерлерді бағалау және жіктеу, мемлекеттің әскери ұйымының оларға қарсы тиімді іс-әрекет жасауға әзірлігі, күштер мен құралдардың болуы және жан-жақты ресурстық қамтамасыз ету айқындалған.
Мемлекеттің әскери ұйымы міндеттерді әскери әдістермен орындауға арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қамтиды.
Қазіргі заманғы және тиімді әскери ұйым Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.
Мемлекет өз Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын дамыту мен жан-жақты қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдайды. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың басты мақсаты олардың мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне қазіргі бар және әлеуетті қатерлерді бейтараптандыруға әзірлігін қамтамасыз ету болып табылады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын дамытудың негізгі принциптері айқындалған:
ғылыми негізділік;
жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге орталықтандырылған басшылық жасау;
белгіленген іс-шаралардың уақтылығы, жоспарлылығы мен жан-жақты қамтамасыз етілуі;
жалпы мемлекеттік және ведомстволық іс-шаралардың кешенділігі мен келісілуі, оларды ұйымдастыру мен өткізуді ұдайы бақылау;
бірыңғай мемлекеттік әскери-техникалық саясат;
кадрларды оқыту және даярлау жүйесінің бірізділігі.
Мемлекеттің әскери ұйымын дамыту олардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, үйлестірілген және келісілген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жауынгерлік қолданудың міндеттері мен ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың міндеттері:
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін мемлекеттік және азаматтық бақылаудың тиімділігін арттыру;
мемлекеттің әскери ұйымының барлық құрауыштарын теңгерімді және үйлесімді дамыту;
әлемнің жетекші елдері армиясының дамытылу және қолданылу тәжірибесін талдау негізінде Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға технологиялық және кәсіби талаптар белгілеу;
әскери білім беру жүйесін халықаралық талаптарға сәйкес келтіру, келісімшарттық қызметті жетілдіру;
Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды тылдық және техникалық қамтамасыз етудің тиімді жүйелерін арттыру;
Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін резервтер жүйесін жаңа сапалы деңгейге шығару.
Мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттары:
мемлекеттің әскери ұйымын басқару органдарының қызметін, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды даярлаудың нысандары мен тәсілдерін жетілдіру, бірлесіп жоспарлау, ведомствоаралық үйлестіру мен өзара іс-қимыл сапасын арттыру;
әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелерінде өңірлік қолбасшылықтардың нақты дербестігін қамтамасыз ету, өзіндік жеткілікті әскерлер топтарын құру;
басқару органдарын, ұдайы жауынгерлік әзірліктегі құрамалар мен бөлімдерді қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен жоспарлы түрде техникалық қайта жарақтандыру;
радиоэлектрондық күрестің, байланыс пен басқарудың, оның ішінде ғарыштық құрауыштарды пайдалана отырып, қазіргі заманғы құралдарын кеңінен енгізу;
әскери қызмет жағдайларын сапалы жақсарту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адамдардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006 – 2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы идеологиялық жұмысты жандандыру;
әскери саладағы ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз ету, отандық қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту;
аумақтық қорғаныс жүйесін мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне белсенді түрде кіріктіру;
армияны жаңғырту, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери инфрақұрылымды қалыптастыру және әскери кадрлар даярлау мүдделеріндегі халықаралық әскери ынтымақтастықты кеңейту.
Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту төмен және орта қарқынды жанжалдарда әскери қауіпсіздік қатерлерін бейтараптандыруға әскерлердің әзірлігін қамтамасыз етуге бағытталған әскери-саяси, әскери және әскери-техникалық сипаттағы өзара байланысты шаралар кешенін өткізуді көздейді.
Осы шаралар кешенін мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл ретте бірінші кезеңде (2007-2008 жылдар) негізгі күш-жігер мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін дербес шешуге қабілетті әскер топтарын құруды аяқтауға, әскери инфрақұрылымды дамытуға, жауынгерлік кезекшілік атқаратын бөлімдер мен бөлімшелерді қазіргі заманғы қару-жарақпен, әскери техникамен және арнайы құралдармен жарақтандыруға бағытталатын болады.
Екінші кезеңде (2009-2010 жылдар) негізгі күш-жігер әскерлердің сапалық параметрлерін арттыруға және оларды қару-жарақтың, әскери техниканың, арнайы құралдардың жаңа үлгілерімен кезең-кезеңімен техникалық қайта жарақтандыруға бағытталатын болады.
Кейіннен күш-жігер армияны техникалық қайта жарақтандыруды аяқтауға, жетекші өндірушілермен бірлесе отырып, отандық қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарында қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі заманғы үлгілерін әзірлеуге, олардың халықаралық стандарттарға сәйкес келуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Қорытынды
Өткен дәріс тақырыбын қайтала өтем, сұрақтарға жауап беремін. Студенттерге өзіндік дайындыққа тапсырма беремін.
Әскери кафедра аға оқытушысы
капитан М.Ташменов