ДӘРІСТІК КЕШЕН
Патологиялық физиология бойынша PF– 1 2211
Мамандығы 051301 «Жалпы медицина»
Тақырыбы: Гипоксия.
Сағат саны: 1 с
Курс – 2
Семестр – 4
1.Тақырыбы: Гипоксия
2.Мақсаты: Студентерді гипоксияның этиологиясымен және түрлі гипоксия кезінде дамитын дерттік және қорғаушы-орын-толтырушы факторларымен таныстыру және гипоксияға қатысты қазіргі заманға сай көзқарасты қалыптастыру.
3.Дәрістердің тезистері:
- Гипоксия – тіндер және ағзалар оттегімен қажетті деңгейде қамтамасыз етілмеуінен немесе оттегіні биологиялық тотығу барысында пайдалана алмауынан энергиялық тапшыққа әкелетін біртектес дерттік үрдіс.
- Пайда болу көзіне қарай гипоксияның жіктелуі: 1) экзогендік – қоршаған ортада оттегінің парциалды қысымы азаюынан дамитын; 2) эндогендік, ол организмнің патологиялық жағдайларында дамиды: а) респираторлық (тыныстық) – сыртқы тыныс алу механизмдері бұзылғанда; б) циркуляциялық (жүрек-тамырлық) – қанайналым бұзылыстарында; в) гемиялық (қандық) – қанның газдарды тасымалдау қызметі бұзылғанда; г) тіндік (цитоуыттық) – жасушалар және жасушалық құрылымдар деңгейінде оттегіні пайдалану бұзылғанда; д) аралас. Сонымен қатар, гипоксияның жүктемелік түрін ажыратады – ағзаның функциясы артқан кезде оттегіге мұқтаждығы жоғарылауынан және субстратты түрі – тотығу субстраттарының тапшылында.
- Гипоксияның экзогендік түрінің (гипоксиялық гипоксия) дамуы газдық қоспамен (ауамен) дем алғанда сол қоспада оттегінің парциалды қысымы төмендеуіне байланысты. Бұл жағдай тауларға шыққанда, ұшатын аппараттарда барометрлік қысым жалпы төмендегенде дамиды – бұны экзогендік гипоксияның гипобариялық түрі деп ажыратады. Гипоксияның нормобариялық түрінде дем алатын ауада оттегінің парциалдық қысымының төмендеуі жалпы барометрлік қысым төмендеуімен қабаттаспайды. Осындай жағдайлар көлемі, ауданы шектеулі орындарда, яғни шахталарда, наркоздық-тыныстық аппараттың бұзылыстарында, судың астында жүзетін кемелерде дамиды. Экзогендік гипоксияның патогенезінде ауадағы оттегінің парциалдық қысымы төмендеуінен дамыған артериялық гипоксемия өте маңызды. Гипоксиялық жағдайды теңгеру ретінде дамыған гипервентиляция, гипокапнияға әкеледі, бұл, өз кезегінде, ми және жүректің қанайналымын, электролиттік балансты бұзып, алкалозды дамытып, науқастың жағдайын нашарлатады.
- Тыныстық (респираторлық) гипоксия. Альвеолалық гиповентиляцияда, жалпы өкпелік перфузия бұзылыстарында, вентиляциялық-перфузиялық қатынастардың жергілікті бұзылыстарында, өкпедегі веналық қанның артығымен шунтталуында, альвеолалық-капиллярлық мембрана арқылы оттегі диффузиясы қиындағанда дамиды. Тыныстық гипоксия кезінде дамыған артериялық гипоксемия гиперкапниямен қабаттасуы мүмкін.
- Циркуляциялық (жүрек-тамырлық) гипоксия – қанайналым бұзылыстарының нәтижесі. Бұндай жағдайда ағзалар мен тіндердің қанмен қамтамасыз етілуі жеткіліксіз болады. Гипоксияның осы түрінің дамуы айналымдағы қанның көлемі азаюымен (қансырау, дегидратация, т.с.с.); миокард функциясы бұзылуымен (жүрек бұлшық етінің зақымдалуы немесе оған көп жүктеменің түсуі); уыттық әсерлерде, аллергиялық реакцияларда, электролиттік баланс бұзылыстарында тамырлық арна көлемі артуына әкелетін тамырлардың зақымдалуымен байланысты болуы мүмкін. Циркуляциялық гипоксия артериялық қанда оттегінің парциалдық қысымы қалыпты болуымен сипатталады, бірақ артериялар мен веналар арасында оттегі бойынша айырмашылық өте жоғары болады, яғни веналық қанда оттегінің құрамы өте төмен болады.
- Қандық (гемическая) гипоксия өкпелік капиллярларда оттегінің кернеулігі қалыпты болғанымен, қанның оттегіні байланыстыру, тіндерге тасымалдау және оттегінің қалыпты мөлшерін беруге қабілетсіз болуынан дамиды, яғни гипоксияның осы түрінің патогенездік негізі – қанның оттегілік сиымдылығының азаюы. Бұндай жағдайлар дамиды: анемияларда; гидремияларда; гемоглобиннің сапалық өзгерістерінде, яғни оттегіні байланыстыру қабілеті бұзылғанда (карбоксигемоглобин, метгемоглобинннің түзілуі немесе гемоглобин молекуласының тұқым қуалайтын ақауларында).
- Тіндік (гистоуыттық) гипоксия жасушалардың оттегіні пайдалануының бұзылыстарында дамиды. Гипоксияның бұл түрі дамуы – түрлі әрекеттердің әсерінен метаболизмдік реакциялардың, ең алдымен биологиялық тотығудың, тежелуінің салдары. Тіндік гипоксия кезінде қанның газдық құрамы артериялық қанда қалыпты көрсеткіштерімен, ал веналық қанда оттегінің жоғарылаған мөлшерімен сипатталады, яғни оттегі бойынша артериялар мен веналар арасындағы айырмашылық азаяды.
Гипоксияға бейімделудің шұғыл механизмдері. Тыныс алу жүйесі: 1. Қордағы альвеолаларды жұмылдыру, тыныс алудың тереңделуі мен жиіленуі арқылы альвеолалық вентиляцияның күшеюі; 2. Өкпе капиллярларында қанағыстың күшеюі және перфузиялық қысымның жоғарылауы; 3. Альвеолалық-капиллярлық мембрананың газдарға өткізгіштігінің артуы.Қанайналым жүйесі: 1. Тахикардияның дамуы, жүректің соққылық және минуттық көлемінің артуы; 2. Қордан қанның бөлінуі арқасында айналымдағы қанның көлемінің артуы; 3. Жүйелік артериялық қысымның өсуі және қанағыс жылдамдығының өсуі; 4). Қанайналымның орталықтануы. Қан жүйесінің бейімделу реакциялары: 1. Ацидоз жағдайы дамуынан және эритроциттерде 2,3-дифосфоглицераттың
құрамы өсуінен НbО2 диссоциациясының күшеюі; 2. Сүйек кемігінен эрироциттер көптеп шығуынан қанның оттегілік сиымдылығының артуы; 3.Бүйректе және басқа ағзаларда эритропоэтин түзілуі жоғарылауынан эритропоэздың күшеюі. Тіндік теңгеру реакциялары: 1) қанды тасымалдау процесіне қатыспайтын ағзалар мен тіндердің қызметтік белсенділігінің шектелуі; 2)Тыныстық ферменттер белсенділігінің және тотығу мен фосфорилдену процестерінің ілесуі күшеюі; 3) гликолизді белсендіру арқылы АҮФ анаэробы жолмен түзілуінің артуы.
- Ұзақ уақытты бейімделу оттегіні тасымалдау және оны пайдалану мүмкіншіліктердің артуымен көрінеді:
– газдарды тасымалдау жүйелерінде гипертрофия мен гиперплазия құбылыстары дамиды – тыныс алуға қатысатын бұлшық еттердің , өкпе альвеолаларының, миокардтың, тыныс алу орталығының нейрондарының салмағы өседі; осы ағзалардың қанмен қамтамасыз етілуі қызмет атқаратын капиллярлар саны өсуі және олардың гипертрофиясы арқасында күшейеді;
– өкпенің диффузиялық қабілеті өседі: вентиляция өсуінен альвеолалар қатты созылады, сондықтан өкпе альвеолаларының беткейі артады. Интерстиций және сурфактант қабаты жүұаруынан альвеолалық-капиллярлық мембрананың өткізгіштігі артады.
– қанның бірлік көлемінде гемоглобиннің және эритроциттердің саны өседі; бұл бүйректік және басқа ағзалардан түзілген эритропоэтиннің әрекетімен байланысты;
– жасуша салмағының бірлігінде жасушалық құрылымдардың саны (митохондриялар, рибосомалар) өседі. Бұл гипертрофия мен гиперплазияға әкелетін құрылымдық ақуыздардың түзілуімен байланысты.
- Бақылау сұрақтары (кері байланыс):
- Гипоксияның экзогендік түрі қай кезде дамиды?
- Жүрек-тамыр жүйесі ауруларында дамитын гипоксияның түрі қалай аталады?
- Қанның оттегілік сиымдылығының артуы гипоксияның қайсы түріне тән?
- Гипоксияға шұғыл бейімделу механизмдерінің негізінде не жатыр?