Глоссарий
Тақырыбы: Шағын, орта, ірі кәсіпкерлік қызметтегі құқық бұзушылықтың түрлері және оларды алдын-алу.
- Айыппұл – қылмыстық істер бойынша тағайындалатын және бұрыннан келе жатқан жаза түрі. Бұл көптеген мемлекеттердің қылмыстық құқығында қолданылады. Айыппұл дегеніміз – қылмыс жасағаны үшін салынатын, әдетте мемлекет пайдасына өндіріп алынатын ақшалай қаражат.Айыппұл салу өз кезегінде қылмыс жасаудың нәтижесінде мемлекетке немесе жәбірленуші тарапқа келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік береді. Айыппұл көлемін анықтаған кезде, әрбір нақты жағдайда оның мөлшері сотталушы жасаған қылмыстың ауырлығына байланысты саралануы қажет.
- Әдейі (касақана) банкроттық– экономикалық, қызмет саласындағы қылмыс, коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сол сияқты жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүддесі үшін төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы, ірі зиянға немесе өзге де ауыр залалдарға апарып соғуы. Коммерциялық ұйым басшысының немесе оның меншік иесінің, сол сияқты жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүддесі үшін төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы ірі зиянға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, экономикалық қызмет саласындағы қылмыс болып табылады.
- Банкроттық — кәсіпорындардың төлем қабілетсіздігі салдарынан өз жұмысын мәжбүрлі тоқтатуы. Әдетте, фирманың банкроттығы, көбінесе, олардың шығыны кірісінен асып кетуі салдарынан туындайды. Мұндай жағдайда борышқор тек соттың шешімі бойынша ғана банкрот деп танылады. Борышқорды банкрот деп танудың негіздері, тәртібі мен рәсімі ҚР “Азаматтық кодексінің” 52-, 53-, 54-, 55-, 56-, 57-баптарында, “Банкроттық туралы” заңда (21.1.1997) көзделген. Осы актілерге сәйкес Банкроттық ерікті не ықтиярсыз түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Егер борышқор өзінің төлем қабілетсіздігі жайында сотқа арыз берсе, онда ол ерікті банкрот болып табылады. Алайда борышқор арызын соттың тиісті шешімінсіз кері қайтарып ала алмайды. Ал, ықтиярсыз Банкроттық туралы іс қозғауға кредит берушінің талабы негіз болады Банкроттыққа ұшыраған кәсіпорынның кредит берушіге қарызын және басқа да міндетті төлемдерін өтеу туралы үшінші жақтың кепілдігі болмаған жағдайда сот баспасөзде борышқордың қаржы жағдайын жақсартып, кредит берушілердің тілек-шағымдарын қанағаттандыруына жәрдем беруге қабілетті заңи тұлғалар мен азаматтарға арналған тендр жариялай алады. Егер бір ай ішінде мұндайлар табылмаса, кәсіпорынның Банкроттықғы туралы іс заң құжаттарында көрсетілген тәртіппен қаралады да кәсіпорын мемлекеттік тіркеу регистрінен шығарылып, таратылады.
- Бизнес (ағылш. busіness — кәсіпкерлік, сауда-саттық) — пайда табуға бағытталған әрекеттің, экономикалық қызметтің бір түрі; жеке кәсіпкердің не фирманың іскерлік қызметі.Бизнес адамның табиғи қасиеттеріне, біліміне негізделе отырып, қандай да болмасын бір істен кіріс кіргізуге, өзінің материалдық, рухани қажеттілігін қанағаттандыруға, сонымен қатар қоғамға пайда келтіруге де мүмкіндік береді. Бизнес қоғам мүшелерінің сұранысы мен ұсынысын есепке ала отырып, экономикалық жүйенің барлық саласын дамыту арқылы бизнестен түскен табыстан салық және басқа да алымдар төлеу және оларды қоғам дамуына, халық игілігіне жарату, әлеуметтік көмек көрсету нәтижесінде қалыптасады. Іскер орта көптеген әлеуметтік және басқадай проблемаларды өкімет бағдарламаларының шеңберінде, сонымен қатар дербес шешуге де қатысады.
- Жарғы– мемлекеттік стандартқа сай үлгіде жазылатын ресми құжаттың бірі.
1) заңды тұлғалардың қызметін реттейтін нормативтік құжат. Заңды тұлғалардың Жарғысын құрылтайшы белгілейді. Белгіленген Жарғы міндетті түрде Әділет министірінің тиісті басқармаларында тіркеліп, заңды тұлғаның қызмет істеуіне рұқсат етілгендігі туралы куәлік беріледі. Жарғы заңды тұлғаның құқықтық жағдайын, ішкі басқарылуын, құрылымын, қаржыландырылуын, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін және өзге заңды тұлғалармен, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын айқындайды. Жарғыда мекеменің нақты атауы, тұрған орны, атқаратын қызметінің түрлері, т.б. қажетті мәліметтер көрсетіледі;
2) заңмен және басқадай құқықтық актімен белгіленген ережелер жинағы. Ол белгілі бір сала бойынша мемл. басқару органдары мен шаруашылық саласындағы заңды тұлғалардың міндеттері мен құқықтарын белгілейді (мысалы, белгілі бір сала қызметкерлерінің тәртібі туралы Жарғы);
3) мемлекеттің Қарулы Күштері құрамалары мен бөлімдеріндегі ішкі тәртіп ережелері мен әскери іс-қимыл жүргізу ретін айқындайтын құжаттардың жалпылама атауы (қ. Әскери жарғы). - Жалған банкроттық -коммерциялық ұйым басшысының немесе меншiк иесiнiң, сол сияқты жеке кәсiпкердiң кредит берушiге тиесiлi төлемдердi кейiнге қалдыруды немесе ұзартуды немесе борыштардан шегерiм жасатқызу үшiн кредит берушiлердi адастыру мақсатында өзiнiң дәрменсiздiгi туралы көрiнеу жалған хабарлауы, сол сияқты борыштарын төлемеуi, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, – жеке кәсiпкерлерге және лауазымды адамдарға – айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
- Жалған кәсіпкерлік– кәсiпкерлiк немесе банк қызметiн жүзеге асыру ниетiнсiз, кредит алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүлiктiк пайда алу немесе тыйым салынған қызметтi жасыру мақсаты бар, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi зиян келтiрмеген, коммерциялық ұйым құру, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 154 бабы бойынша, азаматтарға – айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
- Заңсыз кәсіпкерлік– кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өтпей не рұксат (лицензия) алу міндетті болған жағдайларда арнаулы рұқсатсыз (лицензиясыз) немесе лицензиялау шарттарын бұзып жүзеге асыру, сол сияқты кәсіпкерліктің тыйым салынған түрлерімен шұғылдану, егер осы әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, не ірі мөлшерде табыс табумен немесе ірі мөлшерде акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде тауарларды өндірумен, сақтаумен не өткізумен байланысты болса, экономикалық қызмет саласындағы қылмыс болып табылады.
- Концерн – қатысу жүйесі арқылы кәсіпорынды бақылайтын көп салалық акционерлік қоғам. Концерн өзіне еншілес әртүрлі компаниялардың, акцияларының бақылау пакетін алады. Өз кезегінде, еншілес компаниялар басқа акционерлік компаниялардың, (басқа елдерде орналасқан) акциялардың бақылау пакеттерін иелену мүмкін.
- Кәсіпкерлік– пайда немесе жеке табыс алуға бағытталған азаматтардың бастамалық еркін қызметі, өзінің атынан өзінің мүліктік жауапкершілігімен немесе заңды тұлғалардың атынан, заңды тұлғанын жауапкершілігімен жүзеге асады. Кәсіпкер – заңмен тыйым салынбаған кез келген шаруашылық қызмет түрлерімен: коммерциялық; делдалдық, сату-сатып алу, кеңестік және басқа қызметпен, құнды қағаздармен жасалатын операциялармен айналыса алады.
- Куәлік – әлдебір заңдық фактіні (мысалы, туу туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік) куәландыратын құжат. Куәлік тек заңға сәйкес бекітілген нысанмен қуатталуы міндетті болып табылатын заңдық фактілерді ғана куәландырады. Дұрыс рәсімделмеу құжаттың жарамсыздығына әкеліп соқтыруы мүмкін. Куәліктің мазмұнына қарсы болуға, тек сот тәртібімен ғана рұқсат беріледі.
- Құжаттарды рәсімдеу– құжаттармен жұмыс істеуді үйрететін ғылым: іс қағаздарын дұрыс жасау, толтыру және рәсімдеу, сондай- ақ олардың қозғалысын, есепке алуды орындауды, сақтауды ұйымдастыруды бақылайтын ғылым. Қазір бір де бір мекеме, ұйым іс жүргізусіз жұмыс істемейді. Құжатты рәсімдеу мекеменің үздіксіз жұмыс істеуіне ықпал етеді және табысқа жету жолында тиімді құрал болып саналады. Құжаттарды рәсімдеу – басқару іс қимылдары үдерісінде құжаттармен жұмысты ұйымдастыру мәселелерін қамтитын қызмет. Ол құжаттарды жасау және рәсімдеу бойынша барлық операцияларды да , құжаттармен жұмыстың барлық кешенін де құрайды (хат алмасуды жүргізу, орындау және орындауды бақылау, құжаттарды есепке алу, оларды жүйелендіру, сақтау, пайдалану, мұрағатқа тапсыру тәртібі және т.б.).
- Құрылтай шарты– бұл азаматтардың заңды тұлғалардың тауар өндіруге басқа қызметке қажет қаржыларын немесе басқа мүліктерін біріктіру жөніндегі келісім. Құрылтай шарты құжаты кәсіпорынды қалыптастырудың мүліктік жағына ерекше көңіл бөледі. ҚР Азаматтық Кодексіне сәйкес құрылтайшылар заңды тұлға құруға міндеттенеді, оны құру жөніндегі бірлескен қызмет тәртібін, оның меншігіне өз мүлкін беру және оның қызметіне қатысу ережелерін белгілейді.Шартта табыс пен шығынның құрылтайшылар арасындағы бөліну тәртібі, заңды тұлғаның қызметін басқару, құрылтайшылар мүшеліктен шығуы, заңды тұлғаға қажет болған жағдайда оның жарғысын бекіту көрсетіледі.
Құрылтай шарты мәтінінде мына бөлімдер болуы тиіс:
-құрылтайшылары аталған кіріспе бөлім;
-шарттың мәні-ұйымды құру, ұйымды қандай мақсатпен құрғаны; оның заңды мекен-жайы;
-серіктестік қызметінің шарттары;
-серіктестікті басқару;
-құрылтайшылардың міндеттері;
-құрылтайшылардың құқықтары;
-құрылтайшылар мен серіктестіктің жауапкершілігі;
-серіктестіктің қызметін тоқтатуы. - Қылмыстық жаза– бұл соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және адамды құқықтары мен бостандықтарынан Қылмыстық Кодекспен көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Қылмыстық жаза мемлекеттік күштеу шараларының бірі болып табылады және ол мемлекеттік қылмыспен қарсы күрес жүргізу құралдарының бірі ретінде қолданылады. Мемлекет қылмысқа қарсы күрес жүргізуде әр түрлі ұйымдастырушылық, тәрбиелік, экономикалық, рухани шаралардың барлық түрін кейінен қолданады, сөйтіп қылмыстан сақтандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Қылмыстық шара мемлекеттік күштеу шарасы ретінде тек арнаулы, заңда көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Қылмыс істеген адамдарға мұндай шараны қолдану мемлекеттік атқаратын функцияларының бірі ретінде қарастырылады. Әсіресе ауыр, өте ауыр қылмыс істегендерге соған сәйкес ауыр қылмыстық-құқықтық күштеу шараларын қолдану мемлекеттің міндеті болып табылады. Мемлекеттік күштеу шаралары сан алуан. Оларға тек қылмыстық құқылық шаралар ғана емес, азаматтық, әкімшілік, тәртіптік шаралар да жатады. Қылмыстық шара мемлекеттік күштеу шараларының жеке бірі түрі бола отырып, өз ерекшеліктерімен оқшауланады.
- Лицензия дегеніміз- қызметтің белгілі бір түрімен айналысу үшін немесе белгілі бір іс-әрекеттер жасау үшін азаматқа немесе заңды тұлғаға мемлекеттік құзырлы органның беретін рұқсаты. Лицензиялар беру лицензияның осы түрi үшiн белгiленген талаптарға сай келетiн барлық адамдар үшiн бiрдей негiздер мен тең шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк кәсiпорындарға басым лицензиялар беру құқығына тыйым салынады, бұған заң актiлерiмен мемлекеттiк монополияға жатқызылған қызмет түрлерi кiрмейдi.
- Монополия (гр. monоs – жалғыз және poleo – сатамын) —бір тұлғаның немесе тұлғалар тобының, мемлекеттің белгілі бір затқа (мысалы, жерге), белгілі бір затты өндіруге немесе сатып алуға, белгілі бір тауарлармен сауда жасауға айрықша құқығы;салалық, ұлттық немесе әлемдік рынокта басым, үстем жағдайға ие кәсіпорын немесе кәсіпорындар тобы. Монополия әдетте жеке меншіктегі, өзіндік, топтық немесе акционер меншіктегі және өнім өндіру мен өткізуді бақылайтын ірі шаруашылық бірлестіктер (картельдер, синдикаттар, концерндер, консорциумдар, т.б.) болып табылады. Өндіріс пен капиталды жоғары деңгейде шоғырландыру негізінде Монополия көп пайда табу мақсатымен бағаны белгілеп, бақылап отырады. Өндірісті Монополияландыру нарықтық экономиканың бәсекелестік әлеуетін тұншықтырады, бағаны өсіріп, өндіріс көлемін төмендетеді, Монополияға қыруар пайда түсіреді.
- Мүлікті тәркілеу– деп сотталғанның жеке меншігіндегі мүлігінің барлығын немес бір бөлігін мемлекеттің меншігіне тегін беруге мәжбүр етуді айтады.Мүлікті тәркілеу пайдақорлық ниетпен істелген қылмыстар үшін белгіленген, сондай-ақ ол ҚР Қылмыстық кодексінің айрықша бөлімінің баптарына сәйкес көрсетілген жағдайларды тағайындауы мүмкін.Сотталушының мүлкін тәркілеуге үкім шығарған сот және ол заңды күшіне енген соң өтеу парағын, мүлік тізімінің көшірмесін үкімнің көшірмесін орындау үшін сот орындаушысына жібереді, бұл туралы тиісті қаржы орнына хабарлайды. Істе сотталушы мүлкінің тізімі болмаға,н жағдайда мүлік тізімі жүргізілмегені туралы анықтама жіберіледі.Мүлікті тәркілеу түріндегі жазаны орындауды мүліктің тұрағн жері бойынша сот орындаушысы жүргізеді.Сот орындаушысы орындау парағын алған соң дереу тізімде көрсетілген мүліктің бар- жоғын тексереді, тәркілеуге жататын басқа да мүлікті анықтау, сөйтіп оны тізімге кіргізеді. Егер де мүліктің тізімі жасалмаған болса, сот орындаушысы сотталушыны тәркіленуге жататын мүлкін анықтауға шара қолданады, сөйтіп, оны тапқан жағдайда қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мүліктің тізімін жасайды.Үкім барлық мүлікті тәркілеу түрінде орындалып, бірақ айыптау үкімін орындаудың заңмен белгіленген өту мерзімдері біткенше сотталғанға шығарылғанға дейін немес үкім шығарылғаннан кейін оның тәркіленуге жататын қаражатқа сатып алған тәркіленбеген мүлкі табылған жағдайларда, үкім шығарған сот немесе үкімді атқару орнындағы сот, егер мүлік заң бойынша тәркіленуі тиісті болған болса, сот орындаушысының ұсынуымен табылған мүлікті тәркілеуді орындауға жіберу туралы қаулы шығарады.
- Ресми (басқару) Құжат– дегеніміз белгіленген тәртіпте жасалған және рәсімделген құжат.Құжат – ақпараты бар материалық объект, оны құзырлы тұлға құрастырады және өкілетті орган бекітеді. Әрбір құжаттың құрамына бірқатар элементтер (реквизиттер) кіреді: мәтін, құжат түрінің атауы, авторы, адресаты, күні, қолы және т.б. Құжаттың негізгі реквизиті болып оның мәтіні саналады.
- Сақтандыру құпиясын сақтау мiндетiн бұзу – сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi сақтау мiндетiн, олар өзiнiң кәсiби немесе қызметтiк мiндетiне байланысты белгiлi болған адамның олардың иесiнiң келiсiмiнсiз бұзуы, – елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
- Тәркілеу, конфискация (лат. confіscatіo — мүлікті қазынаға тәркілеу) — сотталушының меншігіндегі мүлікті мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде өтеусіз алу. Тәркілеу пайдакүнемдік пиғылда қылмыс жасағандарға қосымша жаза ретінде тағайындалады. Жеке тұтынуға арналған және сотталушының асырауындағы адамға қажетті мүлік тәркіленбейді. Қылмыстық атқару заңнамасына сәйкес күнделікті тіршілікке қажетті (киім, азық-түлік, т.б.) дүниелер Тәркілеуге жатпайды. Тәркілеу сотталушының жеке меншігіне және ортақ меншіктегі үлесіне бағытталады.