Аллергия Дәріс кешені

ДӘРІСТІК КЕШЕН

Тақырыбы: Аллергия -1.


1.Тақырыбы: Аллергия-1

2.Мақсаты: Студенттерді аллергияның этиологиясы туралы соңғы жылдардағы жетістіктерге негізделген көзқарастар мен  таныстыру 

3.Дәрістердің тезистері: “Аллергия” атауы 2 грек сөзінен құралған: alles – басқаша, бөгде, өзгерген; ergon –әсер, яғни бөгде, басқаша әсер, немесе өзгерген серпіліс. Алғашқы рет бұл атауды  1906 ж. австриялық патолог және  педиатр Клеманс Пирке клиникаға енгізген. Қазіргі кезеңде аллергия  – деп   кейбір бөтен текті, антигендік қасиеті бар заттардың енуіне организмнің жалпы және жеке серпілістермен көрінетін,  сезімталдығы көтерілген жағдайын айтады. Аллергиялық серпілістердің негізінде иммунологиялық тегершіктер жатыр, организм тек иммунизациялау үшін қолданылған  антигендік құрылымдарға ғана жауап қайтаратындықтан, бұл арнайыланған (спецификалық) жоғары серпіліс болып саналады. Сонымен, дерттік бұзылыстар организм антигенмен жанасуы салдарынан дамиды.   Аллергендер – бұл организмнің арнайыланған жоғары сезімталдығын, яғни аллергиялық серпілістерді шақыратын заттар.  Аллергендер бөгде текті қасиеті бар, химиялық құрылымы ақуыздардан, ақуызды-полиқанттардан, липополиқанттардан тұратын кешендер болып есептеледі. Табиғатта аллергендердің түрі өте көп болғандықтан, оларды жүйелеу үшін бірнеше жіктеулер ұсынылған.

  1. 1. А.Д.Адо бойынша жіктелуі: )экзогендік және эндогендік. Экзогендік аллергендер туындауына қарап, 2 топқа бөлінеді: 1)инфекциялық- бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар; 2)инфекциялық емес-

 а) эпидермистің туындылары- жүн, қайызғақ; б)дәрілік- антибиотиктер, сульфаниламидтер, йод, бром; в)қарапайым химиялық қоспалар- бензин, хлорамин, никель, хром; г)тағам өнімдері- жидектер, саңырауқұлақтар, цитрустар; д)өсімдіктер тозаңы, өндірістік шаң.

2.Ену жолдары бойынша экзогендік аллергендер бөлінеді: а)жанамалық- тері және кілегей қабаттарынан өтеді; б)алиментарлы- аллергендер асқазан-ішек жолдары арқылы енеді; в)ингаляциялық- аллергендер тыныс жолдарына өтеді; г)парентеральді-түрлі егулер кезінде аллергендер организмге түседі.

3.Гигиенисттердің жіктеуі: а)табиғи-шөп, гүлдердің тозаңы; б)тұрмыстық- терінің қалдықтары, қауырсын, түбіт, үй шаңы;в) өндірісті және мамандық-өндірістік шаң-ұн, жүн шаңы.

Аллергиялық серпілістердің түрлері

Даму жылдамдығы бойынша барлық аллергиялық серпілістер 2 топқа бөлінеді (Р.Куктың жіктеуі, 1930 ж.): 1-дереу дамитын жоғары сезімталдық (ДДЖС); 2-баяу дамитын жоғары сезімталдық (БДЖС).

 2. Иммундық серпілістердің даму жолдарына байланысты: бұл жіктелу патогенездік ұстанымға негізделген (Р.Джелл және Р.Кумбс, 1969):

 1)анафилаксиялық немесе реагиндік түрі;

2)цитотоксикалық немесе цитолиздік  түрі;

3)иммундық кешендік немесе антиген-антидене иммундық кешенмен зақымдалу;

4)жасушалар арқылы өтетін серпілістер немесе баяу дамитын жоғары сезімталдықтың туберкулиндік түрі

Дереу дамитын жоғары сезімталдық (ДДЖС):

  1. Сенсибилизацияланған организмге антиген қайталап түскенде бірнеше минөттің ішінде дамып, шегіне 30 минөтте жететін дерттік серпілістер;
  2. Антигендерге қан сары суының ақуыздары және бөгде ерігіш ақуыздар, өсімдік тозаңдары т.б. жатады;
  3. Қанда антиденелер анықталады;
  4. Бұл беткейлік шырышты қабыну;
  5. Гистологиялық көрінісі – полиморфты ядролық лейкоциттердің инфильтрациясы және экссудациясы.
  6. Енжарлы тасымалдануы мүмкін (жануарға сенсибилизация жағдайын жасау үшін сенсибилизацияланған жануардың қан сары суын жіберу жеткілікті);
  7. Сенсибилизацияланған лимфоциттер үшін антигеннің уыттығы жоқ;
  8. Гипо- және десенсибилизация жүргізу әсерлі.

Дереу дамитын жоғары сезімталдыққа: анафилаксия, сары сулық ауру, болезнь, бронхиалық демікпе, пішен қызба,  Артюс және Овери феномен жатады.

Баяу дамитын жоғары сезімталдық (БДЖС):

  1. Серпіліс 6-8 сағаттан соң дамиды, тәулік бойы өршиді, шегіне 24-48 сағаттан соң жетеді;
  2. БДЖС вирустардың, кейбір бактериялардың антигендерімен, трансплантациялық антигендермен, кейбір гаптендермен ж.б., шақырылады;
  3. Қанда антидене жоқ немесе оның маңызы жоқ;
  4. Гистологиялық көрінісі – лимфоциттердің және макрофагтардың мононуклеарлы-жасушалық инфильтрациясы;
  1. Енжарлы тасымалдануы мүмкін емес, ал адоптивті тасымалдану мүмкін (жоғары сезімталдық жағдайын жануарға қанның сары суын енгізу арқылы емес, сенсибилизацияланған лимфоциттерді жіберу арқылы алуға болады);
  2. Сенсибилизацияланған лимфоциттерге антигеннің арнайыланған уыттығы жоғары: егер сенсибилизацияланған жануардың лимфоцитін қоректік ортаға енгізіп, сәйкес антиген жіберген жағдайда антиген жасушаға орналасады,  сенсибилизацияланған лимфоциттер өледі және ыдырайды;
  3. Арнайыланған гипо- және десенсибилизация мүмкін емес.

Баяу дамитын жоғары сезімталдыққа: бактериалық аллергиялар (туберкулез, бруцеллез),  жанамалық дерматит, аутоаллергиялар,  трансплантаттың ажырау серпілісі жатады.

Қорытынды сұрақтары (кері байланыс):

  1. Аллергия дамуының негізінде қандай этиологиялық факторлар жатыр?
  2. Жоғары сезімталдықтың қай түрінде гипо- және десенсибилизация жүргізу әсерлі болады ?
  3. Аллергиялық серпілістердің қай түрінде енжарлы тасымалдану мүмкін емес?
  4. Сенсибилизацияланған Т-лимфоциттердің түзілуі аллергиялық серпілістердің қандай түріне тән?

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!