1.Тақырыбы: Жалпы патогенез. Реактивтіліктің дерттегі маңызы.
Мақсаты: Студенттерді жалпы және жеке патогенез туралы, ауру, дерттік үрдістер мен жағдайлар дамуында реактивтілік пен төзімділіктің маңызы туралы көзқарастармен таныстыру және де сол көзқарасты студенттерде қалыптастыру.
Дәріс тезистері: Патогенез – аурулар пайда болуының, дамуының және салдарын зерттейтін патофизиологияның бөлімі. Патогенездің жіктелуі: 1. Қамту ауқымы бойынша: 1) жалпы (көптеген аурулардың жалпы даму жолдарын зерттейді); 2) жеке (жеке дерттік серпілістердің немесе белгілі аурудың даму жолдарын зерттейді). 2. Зерттеу барысында айрықша тәсіл қолдану бойынша: а) каузальді – организмге әсер ететін белгілі себептер мен жағдайлар арқылы аурулардың даму жолдарын зерттейді; б) қызметтік патогенез – организмнің бұзылған қызметтері арқылы аурудың даму жолдарын талдайды в) формальді патогенез – морфологияны зерттеу арқылы тетіктердің талдауын жүргізу.
Әр аурудың дамуында патогенездің бастапқы тізбегі болып саналады – алғашқы зақымдану. Бір қоздырғыш түрлі деңгейлерде зақымдануға алып келеді. Зақымдалу деңгейлері: а) субмолекулалық (генетикалық зақымдар, иондаушы сәулелену кезінде атомдар мен молекулалардың қозуы мен иондалуы); б) молекулалық – субмолекулалық деңгеймен тығыз байланысты (ақуыз, ферменттер және басқа да молекулалар құрылымының бұзылуы); в) субжасушалық (субжасушалық органеллалардың – митохондриялар, рибосомалар, лизосомалар және т.б. зақымдалуы); в) жасушалық (қабыну кезінде бұлтты жасушалардың түйіршіксізденуі); г) тіндік (дәнекер тіннің зақымдалуы, ол коллагеноздарға әкелуі мүмкін); д) ағзалық; е) жүйелік; ж) организмдік. Медицинада психосоматикалық көзқарас бар (негізін салушы – З.Фрейд), соған сәйкес, аурудың дамуы адам жан дүниесінің өзгеруімен байланысты.
Патогенездің маңызды қасиеттері
- Патогенез келесі сұраққа жауап береді: «Ауру қалай, қай жолмен дамыды?», ал этиология болса: «Неге ауру дамыды?» деген сұраққа жауап қайтарады .
- Патогенездің негізінде тұратын даму жолдары- күрделі тізбектік серпілістер. Олар аурудың өздігіінен дамуына әкеледі, өйткені себеп-садарлық қатынастардың ауысуы байқалады (мысалы, тау ауруының патогенезінде келесі тізбектерді айыруға болады: рО2 төмендеуі– гипоксия –—хеморецепторлардың қозуы – тыныс алу орталықтың қозуы –тыныс алудың жиіленуі). Осындай тіке байланыс кейде үзіліп, қатерлі шеңбер дамуы мүмкін (мысалы, ОЖЖ қызметінің бұзылыстары қанайналым мен тыныс алудың реттелуі бұзылыстарына әкеледі – гипоксия дамиды- оттегі жеткіліксіздігіне өте сезімтал ОЖЖ қызметтік бұзылыстары одан сайын үдейді – жүрек пен тыныс алу қызметтері одан сайыннашарлайды- гипоксия өте ауыр дәрежесіне жетеді- ОЖЖ бұзылыстары айқын түрде үдейді …; қан кету кезіндегі оттегіні тасымалдау бұзылыстары жүректің қауырт жеткіліксіздігіне әкеледі, бұл оттегіні тасымалдауды одан сайын қиындатады – жүрек жеткіліксіздігі өте айқын бола бастайды—оттегіні тасымалдау одан сайын қиындата түседі….).
- Аурулар патогенезінің тетіктері біркелкі, өйткені эволюция барысында, филогенезде қалыптасқан.
- Аурулар әртүрлі көріністермен сипатталады, сол көріністерде маңызды, маңызды емес, кездейсоқ бөліктерді ажыратуға болады. Әр аурудың патогенезінде маңызды, басшы немесе негізгі тізбекті айыруға болады – осы тізбек патогенездің басқа тізбектері қосылуына қажет (мысалы, жарақаттық шок кезінде – ауырулық қоздыру ; тау ауруы патогенезінде – гипоксия). Дұрыс емдеу үшін басшы тізбекті анықтау өте маңызды (мысалы, қантты диабет кезіндегі фурункулез ).
- Әр ауруда организмдегі жергілікті және жалпы үрдістердің катынастары көрінеді (мысалы, қатты ауырсыну сезімі артериялық қысымды құбылмалы болуына, жүрек ырғағы мен тыныстың өзгеруіне әкеледі); қатынас өзгеріп, үрдіс жергіліктіден жалпыға ауысуы мүмкін (фурункул – сепсис); спецификалық және бейспецификалық көріністердің; қызметтік және морфологиялық көріністердің қабаттасуы (ауру кезінде белгіі морфологиялық өзгерістер байқалады).
- Әрбір ауру дамуында дерттік тетіктермен қоса қорғаушы-орын толтырушы тетіктер бар. Байқалу уақыты бойынша олар 3 топқа бөлінеді: 1) шұғыл (сілекейдің, кілегейдің бөлінуі; құсу; жөтелу, түшкіру; стресс-реакция кезінде адреналин мен глюкокортикоидтардың бөлінуі); 2) салыстырмалы-тұрақты, ауру бойында әсер етеді (термореттудің жоғары деңгейге өтуі; реактивті лейкоцитоз, белсенді дәнекер тін тарапынан реакция); 3) тұрақты – ауру бітсе де әсер етеді (кейде адам өмірі бойы сақталады) – гипертрофия және гиперплазия; антиденелердің түзілуі; Т- және В-лимфоциттердің пролиферациясы.
Патогенездік терапия мен алдын алудың негіздері:
1.Патогенездік терапия және алдын алу дерттік үрдістің дамуын шақыратын негізгі патогенездік тегершіктерді жою және дерттік үрдіс немесе аурудың дамуы кезеңдеріне, осы үрдістердің ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі. Бұған жататындары: қабынуға қарсы, уытсыздандыру, өспеге қарсы, жоғары сезімталдықты басатын, қызуды басатын. Патогенездік алдын алу организмнің реактивтілігі мен төзімділігін көтеру мақсатымен жүргізіледі. Оған алдын алулық егулер, шынығу және дене шынықтыруымен айналысу жатады.
Реактивтілік (лат. «reactio»-қарсы әсер) – сыртқы және ішкі орта тітіркендіргіштеріне тұтас организмнің белгілі жолмен жауап қайтару қасиеті. Тұқым қуалаушылық–конституциялық негізде құрылған организмнің осы қасиеті, индивидумның әрі қарай өмір сүруі барысында өзгерістерге ұшырайды. Түрлік реактивтілік реактивтіліктің жалпы түрі болып саналады. Ол тұқым қуалаушылық ықпалдармен айқындалады, және сыртқы ортаның әртүрлі әсерлеріне организмнің тіршілігін өзгерту арқылы жауап беру қасиетін белгілейді.
Түрлік реактивтіліктің негізінде даралық және топтық реактивтілік қалыптасады.
Даралық реактивтілік спецификалық және бейспецификалық болып екіге бөлінеді.
Бейспецификалық реактивтілік – бұл организмнің көптеген, әртүрлі тітіркендіргіштерге жауап беру ерекшілігі. Бұл жауап реттеуші жүйелердің, яғни жүйке және жүйке-эндокринді жүйелер күйімен байланысты.
Спецификалық реактивтілік – антигендік тітіркендіргіштер әсеріне антиденелер түзу қабілеттілігімен анықталады.
Бейспецификалық және спецификалық реактивтілік дерттік және физиологиялық болуы мүмкін. Физиологиялық реактивтілік – өмір сүруге қолайлы жағдайларда түрлі ықпалдарға сау организмнің жауап қайтаруы, ал дерттік реактивтілік организмге ауру тудыратын ықпалдар әсер еткенде оларға жауап қайтару қабілетімен ерекшеленеді.
Көріну сатысына қарай реактивтілік бөлінеді: жоғарылаған (гиперергия), төмендеген (гипоергия) және бұрмаланған (дизергия) .
Топтық реактивтілік – белгілі бір топтың сыртқы және ішкі орта ықпалдарының әсеріне жауап беру қасиеті (топтар жасанды түрдеадамдардың жынысы, жасы, конституция түрі, жоғарғы жүйке жүйесінің қызметі, қан топтары т. б. бойынша құрылады).
Топтық реактивтілікке жататын жастық реактивтіліктің маңызы бұрыннан белгілі. Ерте балалық жаста реактивтілік төмен. Ол ішкі және сыртқы тосқауылдардың жетілмегендігімен, жүйке-эндокриндік және иммундық жүйелердің толық дамымағандығымен байланысты. Әр түрлі аурулар кезінде емдік іс – шаралар жүргізгенде осы ерекшелікті ескерту керек.
Көріну түрлері бойынша : 1) гиперергия –рективтіліктің жоғары болуы (мысалы, жараның тез жазылуы реактивтіліктің жоғарылылығын айқындайды); 2) гипоергия –реактивтіліктің төмен болуы (мысалы, бүйрек үсті бездерін алып тастағанда дерттік әсерлерге организмнің қарсы тұруы төмендейді); 3) нормергия – қалыпты реактивтілік; 4) дизергия – бұрмаланған реактивтілік.
Төзімділік – дерттік ықпалдарға организмнің қарсы тұруы. Түрлері: 1) енжарлы – анатомиялық- физиологиялық ерекшеліктермен байланысты (жәндіктердің, тасбақалардың тығыз жамылғылары; тері жамылғысы және кілегей қабаттары, олар микробтардың енуіне кедергі; сүйектер); 2) белсенді – қорғаушы-орын толтырушы тетіктердің қосылуымен байланысты (фагоцитоз, қабыну кезіндегі лейкоцитоз, уды уытсыздандыру үрдісі, гипоксия кезінде өкпе
Қорытынды сұрақтары (кері байланыс):
- Патогенез нені зерттейді?
- Ауру патогенезін зерттеу кезінде қандай сұраққа жауап алынады?
- Әр аурудың патогенезінде басшы тізбек болып не саналады?
- Реактивтіліктің қайсы түрімен әр индивидуумның ерекшелігі анықталады?
- Акулаларда ешқашанда жаралары іріңдемейді. Бұл қайсы реактивтіліктің мысалы?