Төменгі атмосфералық қысым жағдайында тыныс алу. Тау ауруы кезінде ырғақты тынысты туындататын себептер
Биік тауға шыққанда, кабинасы бүлінген ұшақтармен, ауа шарларымен биіктікке көтерілгенде немесе атмосфералық қысымды төмендететін барокамераларға орналасқанда адам организміне төмен барометрлік қысым әсер етеді.
Төмен барометрлік қысым организмге екі түрлі ықпал етеді:
- Барометрлік қысымның төмендеуі. Қалыпты немесе жоғарғы барометрлік қысымнан төмен қысымға тез ауысуын декомпрессия дейді.
- Дем алатын ауада оттегінің үлестік қысымының азаюы
Организмде пайда болатын бұзылыстардың көріністері барометрлік қысымның төмендеу дәрежесіне және оның жылдамдығына байланысты. Қалыпты барометрлік қысым сынап бағанасы бойынша 760 мм болса, оның 530-460 мм-ге дейін төмендеуі 3000-4000 м биіктікте болады. Барометрлік қысым төмендеген сайын денедегі газдардың еруі азайып, олар газ күйіне айналады. Сондықтан кеңсірік, маңдай, өкпеқап қуыстарында, ішек – қарын жолдарында, ортаңы құлақ ішінде газ жиналып керіп кетеді. Олардағы сезімтал қабылдағыштарды қоздырып, қатты ауыру сезімін тудырады. Әсіресе құлақ ішінен қатты шаншып ауыртады.
9000 м биіктікте барометрлік қысым с.б.б. 225,6 мм-ге дейін төмендейді. Декомпрессияның нәтижесінде азот көпіршіктеніп қанға түседі, эмболия дамиды. Осыдан ішкі ағзалар мен тіндердің ишемиясы болады. Бұл эмболдар ми мен жүрек тамырларына тұрып қалуынан адамның кенеттен естен тануы, жүректің инфаркты дамиды.
19000 м биіктікте барометрлік қысым 47 мм-ге дейін азаяды, организмдегі сұйықтар газдың бөлінуінен сарқылдап, қайнаған су сияқты болады. Газдар тері астындағы шелмайға т.б тіндерге жиналуынан тіндердің биіктік эмфиземасы немесе газ кернеп кетуі дамиды.
Демалатын ауада барометрлік қысым төмендегенде оттегінің үлестік қысымы азаюдан биіктік ауруы дамиды. Оның негізгі себебі болып организмге оттегінің жетіспеушілігі, содан қанның оттегіге қанықпауы есептеледі. Бұндай жағдай биік таулардың шыңдарына шыққан адамдарда да байқалады. Бұл кездегі организмнің дерттік өзгерістерін таулық ауру дейді.
Биіктік ауруын таулық аурудан ажырату қажет. Таулық ауру адамның тауға белгілі күш жұмсап, біртіндеп көтерілуінен, ол бірнеше сағаттан немесе тәуліктен кейін дамиды. Биіктік ауруы өте тез дамиды және организмнің тым ауыр бұзылыстарына әкеледі. Бұл ауру кезінде биікке көтерілген адам өзінің жағдайын дұрыс бағаламай, масаттанып, ешбір ауру белгілеріне шағым айтпайды және алғашқы секунд – минуттардың ішінде есінен танып қалады.
Таулық ауру екі сатыда өтеді:
- Теңгерілген
- Теңгерілмеген
Теңгерілген сатысы 1000-4000 м биіктікте байқалады. Демалатын ауадан оттегінің үлестік қысымы азайғандықтан, артериялық қанда оттегінің деңгейі төмендеген, ішкі ағзалар мен тіндерге оның тасымалдануы бұзылған. Сондықтан оларда зат алмасулары соңғы өнімдеріне ацидоз дамиды. Осыдан оттегінің тапшылығы, жиналған қышқыл өнімдер қан тамырларындағы химиялық рецепторлар арқылы рефлекстік түрде мидағы тыныстық және тамырлардың қимылдық орталықтарын қоздырады: тыныс алу, жүрек соғуы жиілейді.
Бұл кезде симпатикалық жүйке жүйесінің тонусы көтеріледі. Осыдан шеткері қан тамырларының, тегіс салалы ет жасушаларының жиырылуы, терінің бозаруы, артериялық қан қысымының аздап көтерілуі, қанның жиналған қорларынан тамырларға шығарылуы болады. Шеткері қанда эритроциттер көбейеді. Ары қарай сүйек кемігінде эритроциттердің өндірілуі артады. Содан шеткері қанда олардың саны шынайы көбейеді және жас эритроциттер пайда болады.
Сонымен бірге гемоглобин молекуласының оттегін байланыстыру қабілеті көтеріледі және тотыққан гемоглобиннің тіндерге оттегін беруін жеңілдетеді. Тіндерде заттар алмасуының анаэробтық жолмен жүруі артады. Сол арқылы организм тіршілігіне қажетті азды-көпті қуат өндіріледі. Бұл келтірілгендер оттегінің жетіспеушілігіне қарсы бағытталған организмнің теңгеру икемделу жолдарына жатады.
Бұл кезде орталық жүйке жүйесінде қозу үрдісі басым болады, адамның жөнсіз қызбалығы, өз жағдайын дұрыс бағалай алмаушылығы, қимыл – қозғалысының үйлесімсіздігі байқалады. Адам тоқмейілісіп, көп жағдайларға мән бермейді, араққа мас болған адамдай көңіл күйін шаттық билейді.
5000 м биіктіктен астам көтерілгенде таулық аурудың теңгерілмеген сатысы дамиды. Бұл кезде терең жиі тыныс алудың нәтижесінде организмнен СО2 артық шығарылып кетеді. Қоректік заттардың толық тотықпауынан тіндерде СО2 түзілуі азаяды. Осы екі жағдайдан организмде СО2 газының деңгейі төмендейді, гипокапния дамиды, газдық алкалоз байқалады. Сондықтан мидағы тыныс алу, қан тамырларының қимылдық т.с.с. орталықтардың қозымдылығы азаяды.
Енді көңіл күйдің көтеріңкілігі қатты тұнжыраумен ауысады, орталық жүйке жүйесінің тежелуі байқалады. Бұл кезде науқас адамның қимыл – қозғалысы азаяды, тез шаршағыштығы байқалады, барлық шартты және шартсыз рефлекстері жоғалады, ол терең ұйқыға батады. Осыдан науқастың тыныс алуы сиреп, үзілісті (Чейн-стокс, Биот) тыныс алу пайда болады. Оттегінің жетіспеушілігінен, гипокапниядан және алкалоз дамуынан мидағы тыныс алу орталығының салдануы адамның өліміне әкеледі.
Ағза үнемі өзгермейтін ортада өмір сүрмейді, сондықтан қоршаған ортанының параметірлері өзгерсе организмнің ішкі көрсеткіштерін өзгертіп отырады.