Темперамент түрлері. Сипаттамасы

 Темперамент жөнінде түсінік

Темперамент құрамындағы бөліктердің сәйкестігі (лат. Temperamentum) – адамның психикалық әрекетінің нақты динамикасын айқындайтын  психиканың дара қасиеттерінің жиынтығы. Бұл психикалық ерекшеліктер адамның барша іс әрекетінде оның мазмұны, мақсаты және себептеріне тәуелсіз бірқалыпты көрінеді, есейген шақта да өзгеріске түспей, өзара байланыста темперамент кейпін өрнектейді.

Темперамент – жеке адамның әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуының биологиялық табиғи ірге тасы. Темперамент жөніндегі ғылымның ірге тасын қалаған ежелгі грек дәрігері – Гиппократ (460-377 б.э.д).

Темперамент туралы теориялар

Гиппократ темперамент типтері: Оның тұжырымы бойынша, адамдар төрт “дене шырындарының” –қан, шырыш, өт, запыран- өзара қатынасымен ажыратылады. Темперамент түрін денеде жоғарыда аталған шырындардың бірінің басымдылығымен байланыстырды:сангвиник (sangius –қан), флегматик (phlegma – шырыш), холерик (chole – өт), меланхолик (melachole –запыран).

Сангвиник – жоғары дәрежелі әрекетшіл адам. Қозу мен тежелуі тепе –тең. Қозғалыс қимылдары мәнерлі шапшаң. Сәл нәрсеге күліп, болмашы себептен көңілі қалып, мұңайады. Сезімталдығы өте жоғары. Мұндай адам көтеріңкі белсенділікке ие, жұмыс қабілеті мен қуатының жоғары болуынан жаңа іске қаймықпай кіріседі, ұзақ уақыт талып шаршамастан қызметін жалғастыра алады.Айналасындағылармен тіл табысқыш. Экстраверт.

Холерик – Сангвиник сияқты жай әсерлерге берілмейді, әрекетшең және белсенді. Бірақ холериктің әрекетшеңдігі белсенділіктен басымдау, сондықтан ол ұстамсыз, шыдамсыз, қызба. Сангвиникке қарағанда салғырттау, икемі кемірек. Осыдан –ниеттері мен қызығулары тұрақтылау, табанды, зейінін ауыстыруы қиындау, сезімі көбіне сырттай көрінеді, сондықтан – толық экстраверт.

Флегматик – әрекеті енжар, сезімталдығы мен көңілі кем көріністі.Оны күлдіру де, мұңайту да оңай емес. Қай жағдайда да сабырлылығымен байсалдылығын жоймайды. Сөзі сылбыр, әрекеті жай. Ол өте қуатты, еңбектен шаршамайды. Шыдамды, ұстамды, сезімге берілмейді. Адамдармен араласып кете бермейді, сырттай әсерге төзімді. Бар білгені ішінде –интраверт.

Меланхолик – өте сезімтал, бірақ әрекетшеңдігі кем адам. Болмашы нәрседен көзіне жас үйіріліп, өкпелегіш, сырттай әсерді күйзеліспен қабылдайды. Сөзі мен қозғалысы өте сылбыр. Өзіне сенімсіз, үркек, қиындықтан шегінеді. Жігері кем, тез шаршайды,қызметі болымсыз. Зейіні тұрақсыз, барша психикалық процестері әлсіз. Интраверт.

Темперамент типтері
Темперамент типтері

Э.Кречмер темперамент типтері

Неміс психиатрі және психологы, 1888 жыл –Тюбингенде, адамның дене құрылымына байланысты дараланып, тума темперамент қасиеттеріне негізделген –конституциялық типологияны ұсынды. Бұл теорияның мәні:әр адам өз дене құрылымына орай өзіндік психикалық ерекшелікке ие. Осыдан, дене мүшелерінің (қол,аяқ, бас,кеуде т.б) сырттай өлшемдеріне байланысты төрт конституционалды психикалық тип бнлгіленген:

  • Лептосоматик – бойшаң, нәзік денелі, көкірегі жайылыңқы, тар иықты, қол –аяғы ұзын, жүдеу.
  • Пикник – мығым, семізшең, кіші немесе орта бойлы, қарны қампиған,домалақ бас,қысқа мойын.
  • Атлетик – бұлшықеттері күшті дамыған, денесі мығым, берік, ұзынша не орта бойлы, кең иықты, жамбас сүйектері тартылған.
  • Диспластик –дене бітімі қисынсыз. Бұл адамдар әртүрлі мүшелік зақым –сырқатқа ұшырағандар.

Аталған дене құрылымы типтеріне үш темперамент типі сай: шизотомик, иксотомик, циклотомик.

  • Шизотомик –дене құрылымы нәзік, әлсіз дамыған, тұйық, эмоциялары ауыспалы, тұрақсыз, талаптар мен көзқарастар өзгеріміне ере бермейді, содықтан қоршаған ортаға икемденуі қиын.
  • Иксотомик –денесі мығым, мінезі байсалды, сезімталдығы кем, ойлау қабілеті шабан.
  • Циклотомик – семіз, домаланған денелі, эмоциялары қайғы мен қуаныштың арасында бірдей, тіл табысқыш, көзқарастары шындықтан ауытқымайды.

И.П.Павловтың темперамент типтері

Ол темперамент типінің жүйке жүйесі қасиеттері ретінде қозу мен тежелу күшін, тепе – теңдігін және қозғалмалылығын атап көрсетті. Осы үш қасиетті негізге ала отырып, күшті тип пен әлсіз типті айыра, дәстүрлі Гиппократ типологиясына жақын жүйке жүйесінің төрт негізгі типін ажыратты.

  • Күшті, қозу мен тежелуі теңдей, қозғалмалы – сангвиник
  • Күшті, қозу мен тежелуі теңдей, салғырт – флегматик
  • Күшті, қозуы басым – холерик
  • Әлсіз тип – меланхолик

Х. Ю.Айзенктің темперамент типтері

Ағылшын психологы, психологияның биологиялық бағытындағы лидердің бірі. Ол  қозу және тежелу процесі негізінде экстраверсия – интроверсияны ұсынды.

Интроверсия –(лат. intro – ішінде, versave –қарау) ұялшақ, көп нәрсені ішінде сақтайды. Аяқ астынан ашуланбайды, жинақылықты жақсы көреді, суық, тұрақты, субьективті, қарапайым, экстраверсияға қарама –қарсы.

Интраверттерге тән: Қозудың тез қалыптасуы, оның қарқындылығы және реактивті тежелудің жай қалыптасуы, әлсіздігі және тұрақсыздығы.

Экстраверсия – (лат.exter –сыртқы, versave –қарау)қоғамшыл, импульсивті, белсенді, өжет, көңілшек. Олар кештерді жақсы көреді, адамдар арасында болғанды ұнатады, қалжыңды жақсы көреді, эмоциялы.

Экстраверттерге тән: қозу баяу дамиды, оның әлсіздігі және реактивті тежелудің тез қалыптасуы, оның күштілігі, тұрақтылығы.

Осыдан жүйке жүйесінің қасиеттері – жүйке жүйесінің жалпы психикалық көрінісі болған темпераменттің физиологиялық негізін қалайды, яғни адам темпераменті – жоғарғы жүйке жүйесінің сырттай әрекет қарқынында танылатын психикалық бейнесі.

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!