Күл (дифтерия) ауруы

Күл ауруы (дифтерия)

Дифтерия – коринебактериялар тобының Леффлер бактериясымен қоздырылатын, ағзаның улану белгілерімен және мұрын, жұтқыншақ шырышты қабықтарының фибринозды қабынуымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру.

Тарихи мәліметтер. XIX ғасырдың 20-шы жылдары француз ғалымдары Бретонно және Труссо күл ауруын бөлек нозологиялық түрге ажыратқан. Бретонно «дифтерит» терминін енгізген. «Дифтера» – қабыршақ деген сөзді білдіреді. 1846 ж. Труссо «дифтерия» терминін енгізген.

1883 ж. Клебс күл қоздырғышын алғаш рет тапқан, ал Леффлер 1884 ж. күл бактерияларын таза дақыл түрінде бөліп, олардың қасиеттерін зерттеген. Соған байланысты күл қоздырғышын Леффлер бактериясы (БЛ) деп атаған.

Этиологиясы. Күл ауруын бактериялардың токсигенді штаммдары туғызады, олар экзотоксин түзеді. Экзотоксиннің құрамына дермонекротоксин, гемолизин, нейраминадаза, гиалуронидаза  кіреді. Қоздырғыштың морфологиялық белгілері: грам оң таяқша, екі ұшы жуандаған шыны сауыт (колба) түрінде және жеке микробтар бір-біріне түйісе рим сандары ретінде орналасады. Сау адамдардан бөлінетін дифтерия таяқшасының токсигенді емес штаммдары эпидемиялық қауіп тудырмайды.

Эпидемиологиясы. Күл ауруының көзі – науқас адам. Ең жоғары эпидемиялық қауіпті жұтқыншақ, мұрын және көмей дифтериясымен ауыратын науқастар тудырады, қоздырғыш сыртқы ортаға ауа арқылы бөлінеді. Ал тері дифтериясымен ауыратын науқастардың эпидемиялық қауіпі жағынан маңызы аз.

Дифтерия қоздырғышын жұқтырушылардың 5 түрін ажыратады:

  • транзиторлы тасымалдаушылық (қоздырғыш сыртқа ортаға 1-7 күн бөлінеді);
  • қысқа мерзімді (7-15 күн);
  • орташа ұзақтық (15-30 күн);
  • ұзаққа созылатын (6 айға дейін);
  • созылмалы (6 айдан артық).

Аурудың берілу механизмі –ауа тамшылы, контагиозды индексі 10-15%.

Адамдардың дифтерияға қабілеттілігі, дифтерияға қарсы антитоксикалық иммунитетінің болуымен байланысты. Дифтерия ауруына мезгілділік тән, яғни күз-қыс маусымдарында аурушаңдық өршиді. Ересектердің дифтериямен ауырғаны анықталған – олардың саны 40-80% жетеді. РФ Денсаулық сақтау Министрінің мәліметтері бойынша 1993 жылы 30-50 жас аралығындағы науқастар 70-72% құраған. Ересектердің аурудан қорғаныштығының әлсіздігі, олардағы дифтерияға қарсы иммунитет деңгейінің төмендігімен түсіндірілген.

Күл ауруының патогенезі. Дифтерия қоздырғышының кіру қақпалары болып ағзаның жамылғылары (тері мен шырыштар) есептеледі. Алайда ең жиі ену орындары жұтқыншақтың шырышты қабаты, көмей, мұрын, көздің дәнекер қабығы, жыныс мүшелері, жараның үсті, тері және т.б.

Дифтерия экзотоксині бірнеше фракциядан тұрады, олардың әрқайсысы дербес биологиялық әсерлерге ие. Бірінші фракциясы – некротоксин, ол қоздырғыштың кіру орнында эпителий некрозын туғызады, қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылатады, оларда паралитикалық дилятация дамып, қанның ағымы бәсеңдейді. Қоршаған тіндерге плазма өтіп, плазмадағы фибриноген некрозданған эпителийдің тромбопластинымен байланысып фибрин түзіледі, ол шырышты қабаттарда фибринді қабыршаққа ауысады. Ауыз жұтқыншақтың шырышты  көпқабатты эпителиінде дифтериялық қабыну дамып, эпителиіді және дәнекер тіндерді зақымдайды, сондықтан фибринді қабыршақ қоршаған тіндерден қиын ажыратылады. Бірқабатты шырышты эпителийде крупозды қабыну дамығанда тек қана эпителиальды қабаты зақымдалып, фибринді қабыршақ оңай алынады. Зақымдалған тіндердің ауру сезімі төмендейді, лимфа түйіндер және мойын аймағындағы тері асты шелқабатының ісінуі дамиды. Екінші фракция  – гиалуронидаза, ол жіңішке қан тамырларының құрамындағы гиалуронды қышқылды бұзады да олардың өткізгіштігін жоғарылатады. Таңдай көмекей бездерінің басқа мүшелерден айырмасы, көп ядролы эпителиймен жабылған. Экзотоксиннің үшінші фракциясы – нағыз дифтерия уыты, клетка құрылымынан B цитохромын ығыстырып шығаруға қабілетті. Осы өзгерістерге миокард, жіңішке қан тамырлардың клеткалары және жүйке клеткалары аса сезімтал. Кардиомиоциттерде некроз, миолиз құбылыстарымен қатар миокардиодистрофия дамиды. Дифтерия кезіндегі жіңішке қан тамырлардың зақымдануы инфекциялы-токсикалық шокпен қабаттаса жүреді. Экзотоксиннің төртінші фракциясы гемолиз шақыратын фактор геморрагиялық синдромның дамуына себеп болады.

Патологиялық өзгерістердің дамуы дифтерия экзотоксинінің әсерімен қамтамасыз етіледі. Қанға сіңген экзотоксин барлық мүшелер мен тіндерге әсер етеді, соның ішінде миокардқа, жүйке жүйесіне, бүйрек үсті безіне, бүйрекке және бауырға. Қандағы экзотоксиннің мөлшері көбейген сайын, жоғарыда айтылған мүшелердің зақымдалуы да ауырлай түседі. Ауруды бастан кешкеннен кейін адам ағзасында берік иммунитет қалыптасады, бұл иммунитеттің жетекші ролін антитоксин атқарады.

Дифтерияның (күл) клиникалық көрінісі

 Күл ауруының стандартты анықталуы

Күл ауруы күмәнді,болуы мүмкін және зақымдалған деп бөлінеді.

Зақымдалған жағдайды жергілікті және завозды деп бөлуге болады (шет елден алған инфекциялар). Жағдайлардың жіктелуі кезінде төмендегі белгілерді қолдануға болады.

Күмәнді жағдайға   – ларингит немесе назофарингит немесе тонзилит плюс псевдомембрана (жағындылар) жатады.

Болуы мүмкін – күмәнді жағдаймен бірге келесі бір симптомдар кездеседі:

  • жақында (екі аптаға дейін) зақымдалған жағдаймен контакт;
  • осы ауданда кезекті күрт өсу;
  • стридор;
  • мойынның ісінуі немесе томпаюы;
  • шырыш асты немесе терінің петехиальды қан құюлары;
  • токсикалық циркуляторлы коллапс;
  • миокардит немесе жалпы әлсіздік (қан айналымы жетіспеушілік симптомы) ауру басталғаннан алты аптаға дейін;
  • бас – ми нервтерінің зақымданулары (гнусавость голоса);
  • өлім.

Зақымдалған жағдай – болуы мүмкін жағдай осы жердегі токсигенді штаммның бөлінуі (мұрын, араң, тері жарасы, жара,

конъюктива, құлақ, қынап) немесе сарысу антитоксин титрінің төрт есе не одан да жоғары өсуі, екі сынамада да сарысу күл ауруына белгіленген анатоксин мен антитоксиннің болуы жағдайында

ЕСКЕРТПЕ: токсиннің анықталуы осы жағдайда нақты шарт болып саналмайды. Күл ауруы тек токсиннін шақырылуымен анықталатын жағдай.

Күл ауруының жіктелуінде, ДДСҰ құрастырған жіктемені Қазақстан Республикасы қолданады

Күл ауруының жіктелуі (ДДСҰ, 1996жыл)

Клиникалық формасыПсевдомембранаМойын ісінуі
1.ЛокализденгенБадамша және мұрынмен шектелгенжоқ
2.АралықЖұтқыншақпен көмейге таралғанжоқ
3. Ауыр (токсикалық)Шектелген не жайылғанШамалыдан айқынға дейін

Инкубациялық кезең 3-10 күн. Жұтқыншақ, көмей, мұрын, көз, жыныс мүшелері, тері, жара және т.б. дифтерияларын ажыратады. Ауру типті немесе атипті түрде өтуі мүмкін. Дифтерияның типті түрі өз кезегінде жергілікті, таралған, субтоксикалық және токсикалық түрлерге бөлінеді. Сирек, аурудың өте ауыр гипертоксикалық және геморрагиялық түрлері болуы мүмкін. Гипертоксикалық түрінде ИТШ дамып аурудың жергілікті көріністері пайда болуға үлгермейді, науқас 2-24 сағат аралығында өлімге ұшырайды. Аурудың геморрагиялық түрінде геморрагиялық синдром дамиды, ерте миокардит көріністері пайда болады. Аурудың ауырлық дәрежесі жергілікті көріністердің (жабындылардың) таралуына және айқындылығына, мойын тері асты шелқабатының ісігінің таралуына және  айқындылығына, интоксикация көріністерінің белсеңділігіне негізделеді.

Жұтқыншақ дифтериясы жиі кездесетін түрі (90-95%). Аурудың катаральді (атипті) түрі 1-2 күнге дене қызуының аздап көтерілуі, жұтыну кезінде тамақтың шамалы ауыруы, көмекей безін қан кернеу, жақ бұрышындағы лимфа түйіндердің 0,5-1,0 см дейін үлкеюімен сипатталады.

Жұтқыншақ дифтериясының типті түрі. Дифтерияның бұл түрі баяу, сирек жедел  басталуы мүмкін. Қызба 37,5-38◦С, сирек 39◦С, қызбаның ұзақтығы көпке созылмайды (3-5 тәулік). Дене қызуы қалпына келгеннен кейін де инфекциялық процесс жалғаса береді. Ағзаның улануы бас ауыруымен, әлсіздікпен, адинамиямен, ұйқышылдықпен және терінің бозаруымен сипатталады.  Бадамша бездеріндегі  жабындылар шектелген, түсі сұр, ақшыл сұр, «+тін» сипатында болады, қиын алынады, алынған жеріндегі тіндер қанталайды, шпательмен езілмейді, суға батады. Шырышты қабаттың гиперемиясы айқын емес,  жұтынғанда ауру сезімі, тіндердің ісінуі болмайды немесе айқын емес түрде болады.

Жұтқыншақ дифтериясының таралған түрінде дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, терінің бозаруы, ауыздың құрғауы, жұтыну кезіндегі тамақтың ауыруы, көмекей безінің ісінуі, жақ бұрышы лимфа түйіндерінің ұлғаюы  және айқын емес ауру сезімі пайда болады. Бадамша бездердің үстіндегі жабындылар бездердің шекарасынан кең таралып, жұтқыншақтың артқы жағын, тілшікті, доғаларды қамтиды. Интоксикация белгілері, шырышты қабаттардың гиперемиясы жергілікті дифтерияға қарағанда айқындау болады, бірақ мойын тері асты клетчаткасының ісінуі болмайды. Аурудың басты белгілері 6-10 тәулік бойы сақталады.

Жұтқыншақ дифтериясының токсикалық түрі ауыр ағымымен сипатталады. Ауру жедел басталады, айқын интоксикация белгілері дамиды: жоғарғы дене қызуы (39,5-41,0°С), бас ауыруы, ұйқышылдық, апатия, адинамия, терінің бозаруы, ауыздың құрғауы.   Жұтыну кезіндегі тамақтың ауыруы алғашқы 3 күнде айқын болуы мүмкін, ауыз жұтқыншақтың айқын гиперемиясы, аурудың  2-3-ші күнінен бастап цианоз көріністерімен сипатталады, фибринозды қалың қабыршақ «+тін» сипатында бадамша бездерді, доғаларды, тілішкті, жұтқыншақтың артқы жағын қамтиды. Тонзиллярлы лимфа түйіндер орташа деңгейде ұлғайған, ауру сезімімен сипатталады.  Ісік көмекей безінен жұмсақ және қатты таңдайға таралып, жиірек мұрын жұтқыншағының ұлпаларына жайылуымен сипатталады. Мұрыннан тыныс алу қиындап, науқас ауызбен дем алуға мәжбүр болады. Науқастың дауысы мыңқылдап шығады. Жұтқыншақтың токсикалық дифтериясының классикалық белгісі болып мойын тері асты клетчаткасының ісінуі табылады. Нәтижесінде мойын қысқа әрі жуан болып көрінеді.

  • I дәрежедегі токсикалық дифтерия кезінде ісік мойынға дейін таралады;
  • II дәрежеде – бұғанаға дейін;
  • III дәрежеде – кеуде клеткасына дейін жетеді.

Аурудың бұл түрі вакцинация қабылдамаған балаларда және ересектерде жиі дамиды, аурудың нәтижесі серотерпаияның басталу мерзіміне және адекваттылығына байланысты.

Көмей дифтериясы (дифтериялық круп). Ол дене қызуының аздап көтерілуі, науқас халінің аздап нашарлауы, тыныс алу жолдарының зақымдануымен сипатталады, және алғашқы 2 тәулік бойы қақырықты жөтел және дауыстың өзгеруі (катаральды кезең) байқалады. Науқастардың жартысында дауыстың жоғалуы білініп, дыбыссыз тұншыққан жөтел басталып, тыныс алу қиындайды (стеноз кезеңі). Бұл кезең бірнеше сағаттан 1-2 тәулікке дейін жалғасады, кейін асфиксия алды және асфиксия  кезеңдеріне өтеді. Асфиксия кезеңі қозу, терлеу, цианоз, тыныс алудың баяулауы, ұйқышылдық, тахикардия және аритмиямен сипатталып науқастың өлімімен аяқталады. Сондықтан, асфиксия алды кезеңінде шұғыл жәрдем ретінде интубация немесе трахеостомия жасау керек. Аурудың бұл түрімен кіші жастағы балалар ауырады.

Негізгі симптомдардың біртіндеп дамуы – үрген жөтел, дауыстың шықпай қалуы және стеноз.

Үрдістің үш кезеңі: катаральды, стенозды және асфиксиялық.

Катаральды кезеңге:

  • дене температуры жоғарлауы;
  • құрғақ, «үрген» жөтел;
  • дауыстың қарлығуы;
  • 1-3 тәулікке созылады, афонияға дейін, жөтел дыбысын жоғалтады.
  • Тыныс алуы қиын,тынысы шулы (стридор).
  • Көмей стенозына байланысты ауырлық жағдайы анықталады.

Тыныштық жағдайында тыныс алудағы шудың пайда болуына байланысты стеноздық дәреженің басталуын білдіреді, келесі жағдайлармен бірге жүреді:

  • Баланың психомоторлы қозуы, қорқыныш
  • Инспираторлы еңтігу жоғарлауы;
  • афония;
  • тыныс алу кезіндегі пульсті толқынның түсіп қалуы.

Асфиксиялық сатысы үшін тән:

  • Жалпы жағдайының аса ауыр болуы,
  • Психомоторлы қозудың жоғалуы,
  • Патологиялық ұйқының пайда болуы,
  • Бозғылт-сұр тері, цианоз;
  • Қарашықтың кеңеюі;
  • Инъекцияға реакцияның болмауы;
  • Жиі беткей тыныс алу;
  • Айқын тахикардия, жіп тәрізді пульс, АҚҚ төмендеуі;
  • есінің бұзылуы, тырыспалар.

Төмендеген круп – тыныс жетіспеушілігі жылдам дамиды, айқындылығы аурудың 3-4 күнінде көрінеді.

  • Тыныс алуы жедел жиілейді, беткей тыныс.
  • Аускультативті және перкуторлы мәліметтерде бронхтардың обструкциясы анықталады.

Субтоксикалық форма Токсикалық және токсикалық емес дифтерия арасындағы жағдайдың аралығында болады. Бұл формада токсикалық белгілердің айқындылығы шамалы. Субтоксикалық дифтерия аймақтық лимфа түйіндерінің айналасында орналасатын бір жақтық ісінумен сипатталады.

Мұрын дифтериясы. Бұл кезде науқастың дене қызуы қалыпты немесе аздап қана көтеріледі. Алғашында мұрын жолдарының тек біреуі ғана зақымға ұшырайды. Мұрыннан серозды, шырышты, қан араласқан сұйықтық бөлінеді. Одан кейін 2-ші мұрын жолдары зақымданады. Мұрын жапсарларында эрозиялар, қабыршақтану байқалады. Жабындылар мұрынның төменгі бөлігінде, қоршауында орналасып, синустарға жайылуы мүмкін. Мұрынның токсикалық дифтериясында жақтың тері асты клетчаткалары мен мойында ісіну байқалады.

Мұрынның шырышты қабатындағы үрдіс – катаральды, катаральды – жаралы және пленкалы болуы мүмкін.

  • Біртіндеп басталады;
  • Қалыпты немесе субфебрильді температура;
  • Мұрыннан басында серозды, одан кейін серозды-іріңді
  • Үрдіс біржақты болуы мүмкін.
  • Мұрын маңындағы тері дымқылдануы, эрозиялар, кейде пиодермия, жаралар болады.
  • Мұрын жолдарында қанды жағындылар, қарау кезінде мұрын жартысында– шырыштың ісінуі, мұрын бөгетінде эрозиялар, жаралар.
  • Пленкалық формасында – шырышты қабатқа тығыз орналасқан ақшыл пленкалы жағынды.
  • Мұрынның жайылған күлі ерте диагностика жасалмағанда үрдіс мұрын қосалқыларына таралады.
  • Мұрынның токсикалық күлі сирек кездеседі, көбінесе ауыз – жұтқыншақ күлімен бірге, екіншілік дамуы, мұрын айналасындағы ісінулердің пайда болуы.

Көз дифтериясы. Аурудың катаральды түрі көз қабағының ісінуі және орташа қан кернеуімен сипатталады, сондай-ақ көзден ұйыма-ірің ағады. Қабақтың ісігі тығыз болғандықтан, науқастың көзі ашылмайды.

Аралық формасы.

  • Кездесу жиілігі 15-20%.
  • Жабындылар бадамшалардың доғашығына, тілшікке, жұтқыншақтың артқы қабырғасына таралады.
  • Айқын интоксикация симптомы, дене температурасының 38-39,5оС жоғарлауы.
  • Қызбалық кезең 3-4 күнге созылады.
  • Бадамшалар ісінген,шырышты қабаттар айқын гиперемияланған.Тамағындағы шамалы ауырсыну, науқас сұйықтық іше алады.
  • Жақ асты лимфа түйіндері реакциясы шамалы.

Токсикалық күл – ауыз-жұтқыншақ күлінің токсикалық формасы

  • Өздігінше даму кезінде қарқынды басталуымен көрінеді: температура 39-40оС дейін, айқын токсикоз.
  • Бастың ауруы және тамағындағы ауырсыну.
  • Жиі құсу байқалады.
  • Тері жабындыларының айқын бозаруы, тахикардия, АҚҚ төмендеуі.
  • Ерте және тән белгі: ауыз – жұтқыншақтың шырышты қабатының ісінуі (8 сурет)
  • Аурудың бірінші сағаттарында араңның ашық қызаруы, бадамшаның, тілдің, жұмсақ таңдайдың ісінуі.
  • Ісінудің айқындылығы ауырлық дәрежесімен сәйкес келеді.
  • Ауру басталғаннан 10-12 сағаттан кейін жеңіл алынатын, өрмекші тәрізді қабықша түріндегі жабынды пайда болады.
  • Бірінші тәуліктің соңында қабықша қалыңдап, бадамшаларға дейін таралады.
  • 2-3 күндері жұқа қабық қалыңдап, кір – сұр түске айналады, ол бадамшаларды, доғаны, тілді, жұмсақ таңдайды толығымен жауып тұрады.
  • Гиперемия көгерген реңкті болады, аузында спецификалық тәттілеу – тым тәтті иіс пайда болады.
  • Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайып, ауырсынады.

Мойынның тері асты қабатының ісінуі– бұл токсикалық дифтерияның негізгі белгісі, аурудың бірінші күнінің соңында немесе екінші күнінде пайда болады. (9 сурет).

  • Ісінудің таралуына байланысты бөлінеді: шамалы– қабаттың ісінуі жұтқыншақтан басталып, мойын ортасына дейін; айқын – мойынның тері асты қабатының ісінуі бұғанаға дейін және бұғанадан төмен.
  • Ауыз – жұтқыншақтың токсикалық дифтериясы жиі мұрын – жұтқыншақ дифтериясымен бірігеді.
  • Қан сарысуын енгізгеннен кейін 6-7 күні симптомдары біртіндеп жоғалады.

Егілген балалардағы күл.  Ауыз – жұтқыншақ күлінің локализацияланған формасының басым болуы (94,7%).

  • Жайылуға бейімділіктің болмауы; асқынулары сирек, өздігінен емделу басым.
  • Жедел басталуы, қызба 1-2-ші күндері, интоксикация қысқа уақытта көрінуі.
  • Тұрақты симптомына бадамша бетінде аралшық тәрізді фибринозды жабындының түзілуі болып табылады.
  • Бадамшаның ісінуі мен жабынды көлемі арасындағы сәйкестік сақталады.
  • Жабынды әдетте аздаған қанаумен жеңіл алынады.

Тері күлі

  • Балаларда өмірінің бірінші жылында жиі кездеседі.
  • Мойын терісінің, шап қатпарларының, құлақ қалқанының, қолтық шұңқырының типтік зақымдануы.
  • Жаңа туған нәрестеде кіндік жарасының дифтериясы туындауы мүмкін.
  • Жалпы интоксикация симптомдары мен дене қызуының жоғарылауы тән.
  • Үлкен жастағы балаларда дифтерия кезінде терінің зақымдануы тырналған, беткей жара аймағында туындайды.
  • Сырқат жергілікті процесс (қабаттардың ісінуінсіз без) немесе токсикалық күл (қоршаған тіндердің ісінуімен)типті ағымда өтуі мүмкін.
  • Көп жағдайда тері күлі импетинго түріндегі қабықшаның түзілуінсіз өтеді.

Сыртқы жыныс ағзаларының күлі. Жеңіл атипиялық форма (вульвит), жайылған және токсикалық форма түрінде өтуі мүмкін.

  • Атипиялық форма кезінде вульваның шырышты қабаты аймағында цианоздалған ісіну мен фибринозды қабықша пайда болады.
  • Шап лимфа түйіндері үлкейеді.
  • Жайылған форма кезінде қабыну процессі анус айналасындағы тері мен аралыққа өтеді.
  • Сыртқы жыныс ағзалары дифтериясының
  • Токсикалық формасы кезінде жамбастың, қасағаның, жыныс еріндерінің, шап аймағындағы тері асты қабатының ісінуімен жүреді.

Күл ауруының асқынуы

Аурудың арнайы (токсикалық) және арнайы емес асқынулары болады. Арнайы асқынулар токсикалық дифтерия кезінде жиі дамиды. Арнайы асқынуларға миокардит, моно-полиневриттер, нефрозды синдром жатады. Миокардит ерте және кеш дамуы мүмкін. Ерте дамитын миокардит аурудың 1-2 аптасында пайда болып, ауыр түрде өтіп, жүрек-қантамырлық жетіспеушілік көріністерімен сипатталады. Кеш дамитын миокардит аурудың 3-4 аптасында пайда болып қатерсіз ағымымен сипатталады.

Ерте және кеш дамитын перифериялық салданулар аурудың типті асқынуларына жатады. Ерте салданулар аурудың 2 аптасында пайда болып таңдай пердесінің, аккомодацияның парездерімен білінеді. Кеш перифериялық салданулар аурудың 4-5  аптасында пайда болып, полиневрит тәрізді өтеді.

Нефрозды синдром аурудың жедел кезеңінде дамуы мүмкін, науқастың зәрінде патологиялық өзгерістер пайда болады: белок көрсеткіші жоғарылайды, гиалинді, түйіршікті цилиндрлердің, эритроциттердің, лейкоциттердің саны жоғарылайды.

Аурудың арнайы емес асқынуларына пневмония, отит, лимфаденит және т.б. жатады.

Диагностикасы. Жұтқыншақ дифтериясын баспа, жұқпалы мононуклеоз, созылмалы тонзиллит, перитонзиллит және перитонзиллярлы абсцесс, Симановский-Венсан баспасы, паротитті инфекция, тыныс алу жүйесінің жедел аурулары және ларингиттен ажырату керек.

Созылмалы тонзиллитпен ауыратын науқастарда дифтерияның нышандары бұрмаланады, жұқа қабаттың жабысқақты болуы мүмкін, шырышты қабықтарды қан кернеуі диффузды болады. Ал баспа дифтерия тәрізді бағаланады. Дифтериядан ерекше – ағзаның улануы айқын, бас ауыруы, буындардың сынып ауыруы, диффузды ашық гиперемия, беттің қызбаның әсерінен қызаруы, еріннің құрғауы болады. Антибактериальды препараттармен емдеу барысында үрдістің кері шегінуі тез басталады. Дифтерияға қарсы сарысуларды (сыворотка) енгізу әсер етпейді.

Симановский-Венсан баспасының дифтериядан айырмашылығы, ол ұзақ уақыт өтеді (1-3 апта) және ешқандай ағза зақымдалмайды. Үрдіс әдетте 1 жақты, көмекей безінде қоңыр-жасыл жұқа қабық және кратер тәрізді жара көрінеді. Ауыз қуысында көп сілекей бөлінеді, әсіресе тамақ ішкен кезде. Токсикалық  дифтерияны паротиттік инфекциядан ажырату керек.

Лабораторлық диагностика:

  • Бактериологиялық әдіс. Аңқаның және мұрынның жағындысын алып қан қосылған немесе қанды-теллурит ортасына себу керек.
  • Серологиялық диагностика: АР, ТГАР, ИФА.
  • ПТР.

Бактериологиялық зерттеу жүргізіледі:

  1. Диагностикалық мақсатпен: ларингитпен, патологиялық жабындысы бар тонзиллит, назофарингитпен ауыратын науқастарды күніне бір рет медициналық мекемеде қаралуы керек.
  2. Эпидемиялық көрсеткіштері бойынша: ауру анықталғаннан 24 сағат ішінде науқаспен қатынаста болған жақындарын бір реттік тексеру.
  3. Профилактикалық мақсатпен: бала бақшаға, балалар және ересектер психоневрологиялық стационарына қайталап түскен науқастарды бір реттік тексеру.

Дифференциальды диагностика

Күл кезінде келесі аурулармен дифференциальды диагноз жүргізіледі:

  • Некротикалық ангинамен
  • Лакунарлы және фолликулярлы ангинамен
  • Паратонзиллярлы абсцесспен
  • Инфекциялық мононуклеозбен
  • Аранның шырышты қабатының күйігімен
  • Созылмалы тонзиллиттің өршуімен
  • Эпидемиологиялық паротитпен
  • Лейкоз кезінде миндалинаның некротикалық өзгерістерімен

Күл ауруының (дифтерия) емі

Ауруханалардағы науқастардың емдеуі және қарқынды терапиясы: барлық науқастарға төсектік режим көрсетілген және дифтерияға қарсы сарысулар қолданылады. Ауруды емдеу шараларында 1-ші кезекте дифтериялық токсинді нейтрализациялау және ағзадан шығару, оның түзілуін тоқтату, сондай-ақ әртүрлі ағзалар және жүйелердің бұзылуын коррекциялау керек. Жұтқыншақ дифтериясының токсикалық түрінде науқастарға дифтерияға қарсы сарысуды қолдану қажет. Жұтқыншақ дифтериясының субтоксикалық түрінде 40 000 ХБ (МЕ) сарысу, I-ші дәрежесінде – 60 000 ХБ, II дәрежеде-80 000 ХБ, III дәрежеде-100 000 ХБ сарысу енгізіледі. Жарты дозаны күре тамырға, қалған мөлшерін – бұлшықет ішіне енгізу керек. Бір мезгілде сарысумен бірге күре тамырға 10 мл 10% кальций хлорид ерітіндісін де енгізуге болады. Көмей дифтериясымен ауырған науқастардың бұлшықет ішіне 90 мг преднизолонды енгізеді. Асфиксия дамыған жағдайда интубация көрсетілген. Ол мүмкін болмаса трахеостомия іске асырылады. Егер емдеу шаралары аурудың алғашқы 2-ші күні басталса, онда сарысу келесі 1 реттік дозаларда қолданылады: катаральды түрінде –10 000 ХБ, жергілікті түрінде-20 000 ХБ, таралған түрінде- 30000 ХБ, субтоксикалық түрінде – 40000 ХБ, токсикалық барысындағы I дәрежеде-60 000 ХБ, II дәрежеде-80 000 ХБ, III дәрежеде-10 000 ХБ, көмейдің дифтериясында-40 000 ХБ, таралу барысында-80 000-120 000 ХБ.

Дифтериямен ауырған науқастарға антибиотиктер енгізіледі (бензилпенициллин, эритромицин, цефалоспориндер орта терапевтикалық дозамен 5-10 күн бойы).

Көмей дифтериясында глюкокортикоидтар (преднизолон-60-120 мг тәулігіне, ішке, гидрокортизон-100 мг, тәулігіне 2-3 рет) және антигистаминді препараттар (1% димедрол ерітіндісі – 1,0 мл, тәулігіне 2 рет), спазмолитиктер, седативті препараттар қолданылады (5% седуксен ерітіндісі-2 мл, тәулігіне 3-4 рет). Жазылған науқастар, толық клиникалық сауығудан соң ғана ауруханадан шығарылады.

Күл ауруымен ауратындар және күл ауруының токсигенді формасын тасымалдаушыларға шығару кезіндегі талаптар, диспансеризация принциптері.

  • Реконвалесцентер және тасмалдаушыларды шығарудағы талаптары: антибиотикотерапиядан 2-3 күннен кейін 2 күн интервалмен алынатын бактериологиялық зерттеуде 2 теріс нәтиженің болуы.
  • Кеш асқынулар кезінде реабилитациялық шараларды жүргізу мақсатымен диспансерлік бақылауды учаскелік дәрігер, (көрсеткіш бойынша) кардиолог, невропатолог, ЛОР дәрігерлермен бірге жүргізіледі.
  • Диспансеризация уақыты дифтерияның формасының ауырлығына және асқынудың сипатына байланысты анықталады. Диспансерлік бақылау жиі локальды формада – 6 ай; токсикалық асқынумен – 1 жылға дейін болады.
  • Клинико – лабароториялық зерттеудің көлемі ( қан, зәр анализі, ЭКГ, АСТ, СРБ және бактериологиялық анализдер ) реконвалесцент жағдайымен және қалпына келу процесінің белсенділігімен анықталады.
  •  Реконвалесценттің үй режимін жалпы тәжірибелік дәрігермен және орта медициналық персоналмен бақыланады.
  • Клинико – лабороторлық сауығу жағдайында балаларға бала-бақша мен мектепке баруға рұқсат етіледі: локальды формада – 2-3 аптадан кейін; айқын асқыну кезінде 4-8 аптадан кейін.
  • Дифтерия реконвалесценттерін диспансерлік есептен шығару коммиссия арқылы шешіледі.

Дифтериялық инфекция ошағында эпидемияға қарсы жүргізілетін шаралар

  • Күл ауруымен ауыратын науқаспен қатынаста болған күннен бастап 7 күн ішінде жүргізіледі
  • Күнделікті бақылау: аранын қарау, температураның өзгеруін, жаралар мен терілік зақымдануларды анықтау.
  • Контактіде болғандардан бірінші күні мұрыны мен аранынан жағынды алады, терілік зақымдануды бактериологиялық зерттеуге жібереді.
  • Токсигенді штаммаларды тасымалдаушылар анықталғаннан кейін стационарда емдеу үшін оқшаулайды.
  • Антибиотикопрофилактиканы контактіде болған адамдардан бактериологиялық зерттеуге мұрыны мен аранынан жағынды алған соң мына түрде тағайындайды: бицциллин-1-ді бірреттік бұлшықеттік инъекция түрінде 6 жастағы балаларға – 600,000Б және 6 жастан асқан балаларға -1,2 млн.Б

Контактіде болғандардың иммунизациясы

  • Егілуі қажет тұлғаларға – бұрын толық біріншілік комплексті алмағандар, егілуді растайтын құжаттары жоқ адамдар, егер жасына сай соңғы ревакцинациясынан кейін 5 жыл өткендер жатады.

Күл ауруымен ауырғандардың иммунизациясы.

  • Күл ауруымен ауырғандарда әрқашан табиғи иммунитет өндірілмейді, сондықтан олар вакцинациялануы қажет.

Күл ауруына қарсы жедел иммунизация:

  • Жасына сай егілмегендер;
  • Егілуді растайтын құжаттары жоқ адамдар;
  • Жасына сай соңғы ревакцинациясынан кейін 10 жылдан асқандар.

Болжамы. Дифтерияның катаральды және таралмаған түрлері толық жазылумен аяқталады. Жұтқыншақ дифтериясының таралған және токсикалық түрлері, сондай-ақ көмей дифтериясы кезінде өлім қауіпі жоғары болуы мүмкін. Әсіресе қосымша аурулармен (жара ауруы, гипертония ауруы, қант диабеті және т.б.) азап шегушілердің арасында бұл қауіп жиі тіркелген.

Алдын алу шаралары. Дифтерияның алдын алуының басты әдісі – дифтерияға қарсы иммунизация шараларын жүзеге асыру.  Еліміздегі егу күн тізбесінің орындалу мерзімі келесідегідей: біріншілік вакцинация АКДС вакцинасымен 2 айлық балаларға, 1 ай  интервалымен жүргізіледі. Бірінші ревакцинация баланың 18 айлығында қайталанады. Вакцинаның коклюштік компонетіне аллергия болса, онда АДС анатоксинді қолдану қажет, ол 3 рет енгізіледі. Келесі ревакцинация 6-7 жаста АДС препаратымен 16-17 жаста АДС-М препаратымен жүргізіледі.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!