Жүректің ірі қан тамырларының кеуде клеткасының алдыңғы қабырғасына проекциясы. Дене бетінде қан тамырларын тыңдау және басу орындары
Жүрек – өзіне құятын вена сабауларынан қанды жинап, және оны артерия жүйесі арқылы айдайтын бұлшықетті-қуыс мүше. Жүрек қуысы 4 камераға бөлінеді: 2 жүрекше, 2 қарынша. Сол жақ жүрекше мен сол жақ қарынша өзіндегі қанның қасиетіне қарай сол жақ немесе артериялық жүректі құрайды; оң жақ жүрекше мен оң жақ қарынша оң жақ немесе веналық жүректі құрайды.
Эмбрионда жүректің дамуы ұрықтық дамудың үшінші аптасында мезодерманың бір бөлігі спланхнотомның висцеральді жапрақшасынан басталады.
Жүрек кеуде аралығында ассиметриялы орналасқан. Оның көп бөлігі ортаңғы сызықтан солға қарай жайғасқан, оң жағында тек оң жақ жүрекше, қуыс веналар қалады. Жүректің ұзын білігі жоғарыдан төмен, оңнан солға, артынан алға қарай қиғаш орналасып, бүкіл дене білігімен шамамен 40* бұрыш түзеді. Сондықтан жүректің оң жақ веналық бөлімі алға таман, сол жақ артериялды бөлімі артқа таман бұрыла орналасқан сияқты. Жүрек қабымен бірге өзінің алдыңғы бетінің көп бөлігінде өкпемен жабылып тұрады, өкпенің алғы жиектері екі өепеқаптың сәйкесті бөліктерімен бірге жүректің алдынан өтіп, оның алдыңғы бетінің жүрекқап арқылы төске және V-VI қабырғалардың шеміршектеріне жанасатын жерінен басқасын алдыңғы кеуде қабырғасынан бөліп тұрады.
Жүрек қабырғаларың кеуде қабырғасына проекциялануы: жүрек ұшының соғуы linea mammillaris sinistra – дан 1см ішке қарай, бесінші сол жақ қабырғааралықта сезіліп тұрады. Жүрек проекциясының жоғарғы шекарасы үшінші қабырға шеміршектерінің жоғарғы жиегі деңгейімен өтеді. Жүректің оң жақ шекарасы төстің оң жақ жиегінен 2-3см оңға қарай, III қабырғадан V қабырғаға дейін өтеді; төменгі шекарасы көлденең V оң жақ қабырға шеміршегінен жүректің ұшына қарай, сол жақ шекарасы V қабырға шеміршегінен жүрек ұшына дейін өтеді.
Жүректің ірі қан тамырларының кеуде клеткасының алдыңғы қабырғасына проекциясы
Қолқаның жоғарылаған бөлігі (pars ascendens aortae) кеуде клеткасының алдыңғы қабырғасына сол жақта III қабырғааралықтан оң жақта II қабырғаның төске бекитін жеріне дейін проекцияланады.
Қолқа доғасы (arcus aortae) кеуде клеткасының алдыңға қабырғасына төс аймағында I қабырға шеміршегі деңгейінде және I қабырғааралығында проекцияланады. Қолқа доғасының жоғарғы нүктесі төс тұтқасының ортасына сәйкес келеді.
Өкпе сабауы (truncus pulmonalis). Өкпе сабауы басының кеуде клеткасының алдыңғы қабырғасына проекциялануы сол жақ III қабырға шеміршегінің төске бекитін жерінде. Өкпе сабауының оң және сол өкпе артериялық тармақтарға бөлінуі сол жақ III қабырға шеміршегінің жоғарғы бөліміне немесе төртінші кеуде омыртқасы деңгейіне сәйкес келеді.
Артериалды өзек (ductus arteriosus) немесе Баталлов өзегінің кеуде клеткасының алдыңғы қабырғасына проекциялануы алты айға дейінгі балаларда сол жақ II қабырға шеміршегінің төске бекитін жерінде, алты айдан жоғары балаларда төстің сол жағында II қабырғааралықта.
Жоғарғы қуыс венаның (v.cava superior) кеуде клеткасының алдыңғы қабырғасына проекциялануы төстің оң жағында II және III қабырға шеміршегі деңгейінде.
Жүректі тыңдау орындары
Жүрек қақпақтарының проекция орындарының бір-біріне өте жақын орналасатынына байланысты бұл жерлерде әр қақпақтың дыбысын дара тыңдау өте қиынға түседі. Сондықтан, кеуде сарайының алдыңғы бетінде әр қақпақтың дыбысын жеке тыңдауға болатын орындар бар. Бұл орындар жүрек қақпақтарының проекциясына сәйкес келе бермейді.
- Қос жармалы қақпақтың дыбыстарын жүрек ұшы соққысының үстінен жақсы тыңдауға болады. Себебі қақапақтың маңында туатын дыбыс сол қарыншаның тығыз бұлшықеті арқылы жүрек ұшына жақсы тарайды.
- Қолқа қақпақтарын төстің оң жақ жанында II қабырға аралығында тыңдайды. Себебі қолқа қақпақтарының маңында туған дыбыс бұл жерге қан толқынымен тарап жетеді.
- Өкпе артериясы қақпақтарын төстің сол жақ жанында II қабырға аралығында сәйкес келеді.
- Үш жармалы қақпақты семсерше өскіні түбінің деңгейінде тыңдайды. Бұл орында қақпақтың проекциясына сәйкес келеді.
Негізінен әр қақапақтың дыбысын көрсетілген орындарда тыңдайды. Әйткенмен кейбір жағдайларда қақпақ дыбыстарын оның проекция орынында да тыңдауға тура келеді.
Ірі қан тамырларының басу орындарын анықтау
Қан тамырларының басу орындарын анықтау үшін олардың шектерін білу керек. Жүрек шегін төстің екі жағынан II қабырға аралықта анықтайды. Екі жақта да қалыпты жағдайда тамыр будаларының шектері төс шетінен сыртқа шықпайды. Оң жақта тамыр будасының құрмына қолқаның жоғарылаған бөлігі мен жоғарғы қуыс венасы, сол жақта тамыр будасының құрамына қолқаның төмендеген бөлімі мен өкпе артериясы кіреді.