Өкпеден қан кету

Өкпеден қан кету

žӨкпеден қан кету  – өкпелік немесе бронхиалдық тамырлардың жарылуына байланысты тыныс алу жолына қанның бөлінуі.
žҚан зақымдалған бронхылардың және өкпе тінінің шырышты қабығындағы тамыр қабырғасының зақымдалуынан, өкпеге жақын жатқан ірі тамырлардың аневризмасының жарылуынан, сонымен қатар өкпедегі қанның іркілуіне байланысты диапедез жолымен (зақымдалмаған капиллярлар және ұсақ веналар арқылы қанның формалық элементтерінің шығуы), қанның құрамы өзгерген жағдайда кетеді.

Өкпенің қансырауы әртүрлі ауруларда кездеседі. Шынына келгенде өкпе ауруының бір белгісі деуге болады. Тыныс алуға қатысы бар ағзалар қабыну процесіне ұшыраса (бактерия, вирус, саңырауқұлақ) немесе өзіне тән спецификалық өзгешелігі бар аурулар (туберкулез, мерез) кезінде өкпеден қан кетуі мүмкін. Сонымен бірге өкпе тіні қатерлі ісік ауруына ұшыраса, өкпеде қансырау басталуы мүмкін.

Өкпенің қансырауы қайталана берсе, ол – бронхоэктаздық құрғақ түрінің негізгі белгілерінің бірі деп саналады. Өкпеден тоқтаусыз көп мөлшерде қан кету өкпе тіні өлі (гангрена) жағдайына ұшырағанда немесе абсцесстің гангренозды түрінде байқалады.

Мынандай басқа да ауруларда өкпеден қан кетеді:

  • Өкпеде және бронхылардағы бейспецификалық процестер
  • Өкпенің туберкулезі және қатерлі ісігі
  • Өкпе эндометриозы
  • Өкпеде және бронхыларда бөгде заттардың болуы
  • Өкпе артериясының эмболиясында
  • Өкпенің саңырауқұлақты және паразитарлы ауруларында
өкпеден қан кету
Өкпеден қан кету

Өкпеден қан кету клиникалық көрінісі

Негізгі белгісі – қан түкіру. Әдетте қан тыныс алу жолынан жөтел түрінде шығады.

Қан қақырық аралас немесе таза күйінде шығуы мүмкін. Тыныс алу жолынан бөлінген қан сұйық, көпіршікті, сілтілі реакциялы болады. Қан мөлшерінің бөлінуіне байланысты:

  • Аз (тәулігіне 100 мл дейін),
  • Орташа (100-500 мл)
  • Көп немесе профузды (500 мл жоғары).

Өкпенің аспиргиллез ауруы кезінде де қансырау кездеседі. Өкпенің туберкулез ауруын нәтижелі емдеуден өкпе қансырауы сирек кездесетін болады. Ал өкпе созылмалы фиброзды-кавернозды туберкулез ауруына шалдыққанда қансырау басталып кетіп, оны тоқтату оңайға түспейді. Өкпесінде осындай өзгерістер бар науқас адамдар қансырау басталғанда өліп те кетуі мүмкін.

Өкпе бронхоэктазы ауруына немесе туберкулезді каверна ауруына шалынса, бронхтардың қан тамырларының өзектері кеңіп кетеді. Мұндай қан тамырлар жіп тәрізді иіріліп, не аневризмасы қапшық сияқты ұлғаяды (оны Расмуссен аневризмасы – деп атайды). Аневризманың бір жақтағы қабаты іріңмен шірігенде немесе аневризманың сыртқы қабы ішінде қысым көтеріліп кеткенде жыртылады да, қансырау басталады. Өкпе тіні қатерлі ісікке ұшырағанда өкпе тіні ыдырап, өліксі жағдайға ұшырағандықтан немесе ұсақ қан тамырларының ыдырағанынан қансырау басталады.

Кеуде қуысы сырттан қатты қысылып қалса, өкпе тіні осал болғандықтан жыртылып кетеді де, қан тамыры жыртылғандықтан висцеральді плевра бүтін болған күннің өзінде өкпе тіні қансырайды. Кейбір кезде науқас адам абайсызда қатты затты жұтып жібергенде, ол тыныс жолдарына кіріп, қан тамырларын жаралайды. Кейде оқ немесе басқа зат өкпе тінінде ұзақ уақыт бойы тұрып қалса, олар да кансырауға әкеп соғады.

Қан айналымына қатысы бар ағзалар ауруға шалынса, қансыраудың басталып кетуі ғажап емес. Осындай ауруға – жүректің митральды стенозы, қолқаның аневризмасы, геморрагиялық диатез, өкпенің эндометриоз аурулары жатады.

Плевраның эмпиема ауруы пайда болса, олар да қансырау жағдайын туғызады. Қатерлі ісіггі бар науқастың ауруға шалынған өкпесін операция жолымен алып тастағанда, қатерлі ісіктің қайтадан пайда болуына байланысты қансырау басталып кетеді. Бронхоскопия әдісімен зерттеу жүргізген уақытта қатерлі ісіктен биопсияға тін алу әрекеті кезіндегі немесе өзегін бітеп қалған қатты бөгде затты алып шығуға әрекет жасалғанда қансырау басталуы мүмкін.

Өкпеден қан кетудің жіктелуі

Қан кетудің көлеміне, мөлшеріне, ағу күшіне қарай және қансырау уақытына қарай оны көлемді және орта көлемде қан кету деп екі топқа бөледі. 24 сағат ішінде өкпе қансырауынан науқас адам 600мл-ден астам қан жоғалтса, оны көлемді қансырау деп атайды.

Өкпенің қансырауы басталғанда науқас адам әр жөтелген сайын қансырау салдарынан немесе үздіксіз, толассыз қансырап жатқанын байқайды. Ауыздан шыққан қан ұйымайды, қызыл түсті және көпіршіген түрде болады. Қақырықпен түскен қанның сілтілік реакциясы болса, өңештен асқазаннан шыққан қанның қышқылдық реакциясы болады. Өкпе қуысында (абсцесс, каверна) қан біршама уақыт тұрып қалса, ол қақырықпен сыртқа шыққанда түсі қара-қоңыр болып келеді.

Өкпеден қан кетуді емдеу және алғашқы көмек

  • Өкпесінен қан кеткен барлық науқастар тез арада пульмонологиялық бөлімшеге жатқызылуы тиіс.
  • Науқас отырған немесе жартылай отырған жағдайында болу керек.

Қан кетуді тоқтату үшін симптоматикалық, консервативтік ем жүргізуден бастайды. Өкпенің қансырауын бронхоскоп аспабы көмегімен тоқтату үшін бөліктің немесе сегменттің бронхтарының ішіне, өзегіне гемостатикалық губканы тығындайды. Кейбір кезде қансырап тұрған қан тамырын күйдіріп, қансырауды тоқтатады. Ал енді кейбір жағдайларда аминокапрон қышқылына малынған коллагенді губкамен бронх өзегі тығындалады.

Өкпенің қансырауын тоқтату үшін бронхтардың артериялық қан тамырларына жасанды эмболизация әдісін қолданады. Бронхиалдық артерия өзегіне түтік енгізгеннен кейін артериографияны жасағаннан соң қан тамырының өзегіне полиглюкин мен тұзды суға малынған комбутек дәрісін енгізеді. Осы дәрінің ұзындығы 0,5-1 мм. Болса, жуандығы 1-2 мм-ге жуық келеді. Қан тамырының ішіне бірден 3-5 мл. комбутек дәрісі енгізіледі. Эмболизацияны жасау үшін тефлонның бөлшектерін, силикон резеңкесінің бөлшектерін де енгізуге болады.

Өкпе тіні қатты өзгерістерге, деструкцияға шалынса, хирургиялық операция яғни өкпеге резекция керек болған жағдайда жасалынады. Қансырау кезінде құйылған қан бронхтардың өзегіне ағып, оны бітеп тастайтын болғандықтан, қансырауды тоқтатқаннан кейін бронхоскопия әдісімен бронхтардың өзектерін қаннан тазарту керек. Операция кезінде бронхтардың өзектерін құйылған қаннан тазарту үшін интубациялық түтік арқылы енгізілген фибробронхоскоп аспабының көмегі пайдаланылады.

  • Егер бронхиальды өткізгіштік қалпына келмесе, онда қанды катетр немесе бронхоскоп арқылы сорады.
  • Келесі бронхылардың обтурациясын алдын алу мақсатында м-холинолитиктерді (сульфат атропина 0,5—1 мл 0,1% ерітіндісін терістылық) енгізеді және β-адреномиметиктерді (алупент, салбутамол, беротек) ингаляция түрінде береді. Асфиксия кезінде шұғыл трахея интубациясын, қанды сору және өкпені жасанды желдету керек.
  • Жаңа мұздатылған плазманы (150-250 мл), аминокапрон қышқылын( 100 мл 5%), 5-10 мл 10% кальций хлорид ерітіндісін Көктамыр ішіне енгіземіз.
  • 1 мл 1% викасол, 1 мл 5% аскорбин қышқыл ерітінділерін бұлшықетішілік енгізіп, ішке рутин (0, 02 г) беріледі. Егер өкпеден қан кеткен науқаста АҚҚ жоғарлаған болса, оны төмендету керек. Осы мақсатпен 8-10 мл 0, 5% дибазол ерітіндісін көктамырішілік енгіземіз.

Гемостатикалық терапия. Егер өкпеден қан гемодинамиканың бұзылуынсыз болса, көктамырішілік протеаза ингибиторларын (контрикал 10 000—20 000 ЕД немесе гордокс 100 000 ЕД) және фибринолиз (аминокапрон қышқылы — 100 мл 5% ерітінді) енгізеді.

Болжамы. Науқас адамның келешегі негізгі ауруына, жоғалтқан қанының көлеміне байланысты болмақ.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!