Жүкті әйелдің (босанушы) жамбасын өлшеу
Жүкті әйелдің жамбас өлшемін, босану үшін станционарға жатқызбас бұрын өлшейді. Бұл өлшем негізінен тар жамбасты әйелдерді ерте анықтау үшін маңызды болып келеді.
- Жүкті (босанушы) әйелге тексеру барысын түсіндіреміз. Қолды жуамыз, бір реттік орамалмен сүртеміз. Бір рет қолданылатын қолғапты киеміз.
- Жүкті (босанушы) әйелді биік қатты кушеткаға екі аяғын қосып, жамбас-сан және тізе буындарын жазып жатқызамыз.
- Жүкті (босанушы) әйелге қарап оң жағынан тұрамыз немесе отырамыз. Жамбас өлшегіштің тармақтарын үлкен және сұқ саусақпен ұстап, саусақ ұштарын жамбас өлшегіштің түймешіктеріне дұрыс тұратындай етіп орналастырамыз.
- Жамбас өлшегіштің түймешіктерін мықын сүйегінің сыртқы алдыңғы-жоғарғы остеріне екі жақтан қойып, олардың ара қашықтығын өлшейміз distantia spinarum, (қалыпты жағдайда 25-26 см).
- Осыдан кейін жамбас өлшегіштің түймешіктерін остерден мықын сүйегінің сыртқы жиегінің қырқасымен жылжытып, ең алшақ қашықтығын анықтаймыз – distantia cristarum (қалыпты жағдайда 28-29 см).
- Әйелден аяқтарын қимылдатуын сұраймыз, ұршық басының ең көп кимылдайтын нүктелерін тауып, оған жамбас өлшегішті қоямыз және distantia trochanterica анықтаймыз, (қалыпты жағдайда 30-31 см).
- Содан кейін әйелден бүйірімен жатуын сұрап, астыңғы аяғын жамбас-сан, тізе буындарында бүгіп, үстіңгі аяғын жазып жатуын сұраймыз.
- Жамбас өлшегіштің бір тармағының түймешігін симфиздің жоғарғы-сыртқы жиегінің ортасына, екінші ұшын сегізкөз шұңқырына қойып, сыртқы конъюгатаны өлшейміз (20-21 см).
- Соловьев индексін (білезік-буын өлшемі) сантиметрлік лентамен өлшейміз. Қалыпты жағдайда индекс 14,5-15 см-ге тең. Анықталған сыртқы конъюгата өлшемінен 9 см алып, шынайы конъюгата өлшемін табамыз.
- Осы алынған мәліметтер бойынша әйел жамбас сүйектерінің ерекшеліктері туралы қорытынды жасаймыз. Қолғапты шешіп, утилизацияға арналған контейнерге тастаймыз және қолды жуамыз.