Асфиксия. Тұншығу, оттегі жетіспеу жағдайы

Асфиксия. Тұншығу, оттегі жетіспеу жағдайы

Асфиксия (грек. asphyxіa; a – жоқ және sphyxіs – тамыр соғуы) – оттек жетіспеушілігінен қанда және тіндерде көмірқышқыл газының көбеюінен болатын адам өміріне қауіпті патологиялық жағдай.

Асфиксия 3 сатыда өтеді:

  • 1-ші сатысында инспирациялық ентігу дамып, организмнің жалпы қозуы, симпатикалық жүйке жүйесінің қозуы байқалады (көздің қарашығы кеңиді, тахикардия, гипертензия, жалпы дірілдеу, еріксіз дәрет пайда болады).
  • 2-ші сатысында экспирациялық ентігу дамиды, парасимпатикалық жүйке жүйесінің қозуы байқалады (көз қарашығы кішірейеді, брадикардия, гипотензия байқалады).
  • 3-ші сатысында тыныс алу тоқтайды, артериялық қан қысымы, жүрек соғуы анықталмайды, мұны терминальдық үзіліс дейді, мидың қызметі тоқтайды, көз қарашығы кеңиді, рефлекстер шақырылмайды. Ұзақтығы 5-10 секундтан 4-5 минутқа дейін. Содан соң агониялық тыныс алуға ауысып, дем алу мүлдем тоқтайды.

Сот медицинасында тұншығуды екі топқа бөледі:

  1. механикалық тұншығу
  2. токсиндік тұншығу.

Механикалық тұншығу – тыныс алу жолдары сырттан басылып қалғанда не іштен тығындалып қалғанда, мысалы, адам асылып өлгенде, адамды (өлтіру мақсатында) арнайы тұншықтырғанда немесе дифтерия ауруында тыныс жолдарының қабынуына байланысты қабықшалармен тығындалып қалғанда, адам суға батып кеткенде, наркоз кезінде тіл тыныс жолдарын бітеп тастағанда дамиды.

Токсиндік тұншығу – тыныс алу ортасына әр түрлі улы заттар (стрихнин, кураре) әсер еткенде, тыныс алатын бұлшық еттер зақымданса, кейбір заттар қандағы оттекпен әрекеттескенде, ауадағы оттек мөлшері азайғанда (биіктікке көтерілгенде), т.б жағдайларда дамиды.

Механикалық асфиксияның түрлері:

  1. Обтурационды
  2. Странгуляциялық

Странгуляциялық асфиксия өз алдына келесідей жіктеледі:

  1. Асылу
  2. Тұзақпен буындыру
  3. Қолмен буындыру
  4. Кеуде мен қарынды басып жаныштау(компрессионды асфиксия)

Обтурационды асфиксия

  1. Ауыз бен мұрынды басып тұншықтыру
  2. Тыныс жолдарын бөгде заттармен бітеу

Асылу. Адамның мойнын оның бүкіл денесінің және бір бөлігінің салмағымен жаншып буындыруды асу деп атайды. Осыған байланысты ол толық немесе жартылай асу деп бөлінеді, соңғысы жиірек кездеседі. Бұл орайда өліктің әр түрлі сипатта болуы мүмкін. Адамды тұрған күйде, тізерлетіп, отырғызып, жатқызып асуға болады.

Әдетте, адам тұзақпен асылады, алайда мойынның ағаш бұтақтарының, шарбақ тақтайларының арасына, автомашина есігіне немесе кабинасына қысылып тұншығуы кездеседі.

Тұзақтар неден істелгеніне қарай жүмсақ (орамал, галстук, платок), жартылай қатты (белбеу, жіп) және қатты (цепь, сымтемір, трос ), комбинирленген тұзақтар болып бөлінеді.

Адамды асқан кезде тұзақтың түрлі жағдайда болуы ықтимал. Әдетте, түйініне қатысы жөнінен ол қиғашталып жасалады. Тұзақтардың түйіні өліктін желкесінде болады, бұл дағдылы жағдай; ал егер түйін сол немесе оң жағында болса, ол бүйір жақтағы тұзақ деп саналады; сондай – ақ түйіннің әдеттен тыс болуы мүмкін, бұл жағдайда түйін адамның иегі астында немесе бетінің төменгі жағында болады. Мойынды қысқан кезде тұзақтың қандай күйде болғанына қарай былай болуы мүмкін: өкпеге ауаның түсуі мүлде немесе ішінара тоқталады; мойының қантамырлары, ең алдымен күре тамыры мен негізгі артериясы жанышталады; бас сүйек ішіндегі қысым күрт көтеріледі; мойының нерв сабақтары жанышталады; жалпы күре тамыр артериясы тарамдалатын жерге орналасқан синокаротидтік түйіннің де жанышталуы ықтимал.

асылып қалу
Асылып қалу кезіндегі адамның әртүрлі жағдайлары.

Адамды асып өлтірген жағдайда негізгі белгі странгуляциялық сай болып табылады, өйткені ол тұзақтан түседі. Сайдың орналасуы мен бағытына, жекелеген жанышталу санына, аралық біліктердің болуы мен сипатына, әрбір жанышталған жердің ені мен тереңдігіне, оның түбіндегі бедердің түсіне, қалыңдығы мен ерекшеліктеріне назар аударылады. Асылғаннан қалатын сай көбінесе мойынның жоғарғы жағында неғұрлым айқын болады, ал төменгісі көмескі. Тұзақтың қанша орамнан тұратынына және олардың өзара қалай орналасқанына қарай странгуляциялық сайдың жалғыз, қос қабат, 3 қабат және одан да көп болуы, бір – бірімен қосарлас немесе бір – бірін қиып өтіп айқасып жатуы мүмкін. Сайдың ені негізінен тұзақтың жуандығына, сайдың тереңдігі тұзақтың жуандығына және мойынды қысу күшіне байланысты болады.

Тұзақтан алынған өлікті зертеген кездегі негізгі мәселелердің бірі – странгуляциялық сайдың адам тірі кезінде немесе өлгеннен кейін салынғанын анықтау. Тірі кезінде асылғандығын көрсететін белгілер:

  • аралық біліктің ұшындағы тері қабатына қан құйылуы;
  • мойынның шел клетчаткасы мен бұлшық еттеріне қан құйылуы;
  • асу кезінде күрт құрысып
  • тырысу салдарынан кеуде қуысы мен иық белдеуі бұлшық еттеріне қан құйылуы мен олардың үзіліп кетуі;
  • бифуркация жерінде жалпы күретамыр артериялары интималарының үізіліп, жиектеріне қан құйылуы;
  • көмей шеміршектерінің және тіл асты сүйектері мүйіздерінің сынып, айналасындағы жұмсақ ұлпаларға қан құйылуы;
  • тұзақ мойынды қатты, көбінесе бір жағынан қылқындырғанда анизокория болуы.

Странгуляциялық сайдың адам тірі кезіндегі түсуінің неғұрлым сенімді көрсеткіштері терінің нерв элементтері мен сабақтарының реактивті өзгерістері болып табылады.

Тұзақпен буындыру. Тұзақпен буындырғанда оны мойынға көбінесе басқа адам орап тартады немесе басқа әдіспен қылқындырады, бірақ адамның салмағымен қылқындырылмайды. Әдетте тұзақ мойынға салынады да, алдынан немесе артынан түйіледі, сирек болса да түйіннің бір бүйірінен түйілуі кезедеседі. Кейде түйіннің орнына бұрау – тұзаққа салынып бұрайтын таяқша немесе басқа бір ұзынша зат қолданады. Кейбір жағдайларда тұзақ отырған немесе жатқан адамның мойнына салынып, түйін түйілмей, тұзақтың ұшын арт жақтан тартып, мойынды алдыңғы немесе бүйір жағынан қылқындырады.

Буындыруға арналған тұзақтар әдетте жұмсақ және жартылай қатты материалдан жасалады, қатты материалдан жасалуы сирек кездеседі.

Буындырғанда тұзақтың мойынға әсер ету механизмі асқандағыдан айырмашылығы: көбінесе әуелі адамның жүрегі тоқтайды, жоғарғы көмей нервісінің рефлексті аймағы мен синокаротидтік қызарғаны байқалады. Мойынды баяу және біртіндеп қылқындырғанда асфиксиялық белгілер беттін көгеруі мен домбығуы, бет терісінің көп жерлеріне, көз бен ауыздың шырышты қабығтарына қан құйылуы түрінде айқындалады. Қалтырап қысылғанда көбінесе нәжіс пен несеп шығып кетеді.

Тұзақ салып буындырған жағдайда странгуляциялық сайдың асылғандағыдан айырмашылығы – ол көбінесе көлденең бағытта болып, бүкіл мойынды айналдыра түгел қамтиды. Мойынның алдыңғы жағында ол әдетте көмекейдің қалқан тәрізді шеміршегінен төменіректе болады. Тұзақпен қатты қылқындырған жағдайда странгуляциялық сайдың бойындағы шел клетчаткалары мен бұлшықеттерге қан құйылады, көмекейдің қалқан тәрізді шеміршегі мұйіздерінің, басқа шеміршектерінің де асылғандағыдан гөрі жиірек сынғаны анықталады.

Қолмен буындыру (тұншықтыру). Былайша буындырылған кезде мойын бір немесе екі қолмен қылқындырылады. Мойынның қан тамырлары мен нерв сабақтарын жаныштаумен қатар кеңірдек саңылауы тарылады, кейде көмейде екі бүйірінен қысқан кезде дауыс саңылауы мүлдем жабылып қалады. Саусақтардың қысыуынан жоғарғы көмей нервісі мен  синокаротидтік түйін күрт қызарып кетеді, ал жүрек мойынға алғаш әсер еткенде ақ тоқтап, тыныс болмай қалуы мүмкін.

Қолмен буындыру
Қолмен буындыру (тұншықтыру) кезіндегі көрініс

Қолдың қысымынан мойынға әр түрлі жарақаттар түседі. Адам тез есінен танып қарсылық көрсете алмайтын кезде саусақтармен тырнақтардан доға тәрізді немесе жарты ай сияқты жарақат және қанталаған дөңгелек із қалады. Мұндай іздердің орналасуы тұншықтырған сәтте қолдың мойынды қалай қысқанына байланысты болады. Әдетте, қанталаған іздер теріде емес, шел клетчаткасы мен бұлшықеттер арасында, көмей, өңеш, қалқанша без төңірегінде, күре тамыр артерияларының адвентициясында, мойынның бұлшықеттерінде жинақталады. Көбінісе тіл асты сүйектері мүйізшелерінің, көмей мен кеңірдек шеміршектерінің сынуы кезедеседі.

Құрбан болған адам қатты қарсылық көрсеткен жағдайда оның мойнымен қатар денесінің басқа бөліктеріне де тырналған, қанталаған жарақаттар түсуі мүмкін. Оның кеудесінен тіземен басқан кезде қабырғасы сынып, бауыры жарылып кетеді, ал мойыннан әлде бір жұмсақ нәрсемен ұстап қылқындырған жағдайда мойынның терісінен де жұмсақ ұлпаларынан да ешқанда жарақат табылмауы мүмкін.

Кеуде мен қарынды басып жаныштау(компрессионды асфиксия). Механикалық асфикцияның бұл түрі әлде бір ауыр затпен, мысалы, аударылған машинаның қорабымен, бетон тақтамен тек кеудені, тек қарынды немесе кеуде мен қарынды қоса басып қалу салдарынан болады. Кеуде мен қарынның жаншылуы тыныс алудың шектелуіне немесе толық тоқтауына және өкпе мен мидағы қан айналысының күрт бұзылуына әкеп соғады. Тұншығып өлу белгілерінің айқындығы қаншалықты қатты және қаншалықты ұзақ жаншылғанына байланысты. Дененің бұл жерлерінің қатты жаншылыуы көбінесе аз уақыттың ішінде тыныс алуы мен қан айналысының тоқталуына және адамның өлуіне әкеп соғады. Бұл орайда асфиксия белгілері мүлдем аз болуы мүмкін.

Кеуде қуысы мен қарын толық жаншылмай, ұзақ уақыт басылып жатқан жағдайда тыныс алу едәуір дәрежеде шектеліп, жоғарғы қуыс көк тамыр жүйесіндегі қан айналысы бұзылса, асфиксия белгілері ерекше айқын аңғарылады. Беті ісініп көгереді, терісі, көздің дәнекер қабығы мен белок қабығы ұсақ және ірі көк тамыры қанға толып тұрады. Көз алмасы кейде айналып, мойын көк тамыры қанға толып тұрады. Көкшілтім және ұсақ – ұсақ талаураған жерлер мойын мен кеуденің жоғарғы жағын қаптап кетеді. Мәйітті сойғанда жүрек қуыстарының қою қошқыл қанға толы екені, ішкі мүшелерде көк тамыр іркілісі, бастың терісінде, мойынның жұмсақ ұлпаларында ауқымды қан құйылған жерлер бары, сіріқауыз бен эпикард астына көптеген ұсақ қан құйылғаны анықталады, ондай құйылған қан кеңірдек пен қолқаның шырышты қабықтарында да болады. Өкпеден өзінше бір көрініс байқалады: көлемі ұлғайып, ісіп, ауа біршама қомпайып тұрады, беті және кесіп қарағандағы көрінісі ашық қызғылт түстес болып келеді.

Ауыз бен мұрынды басып тұншықтыру (буындыру). Ауыз бен мұрынды әдетте әлдебір жұмсақ нәрсемен: орамалмен, жастықпен, кейде алақанмен, т.б. жабу арқылы тұншықтырылады. Кейде сонымен бірге мойын мен кеуде қуысы қысылуы мүмкін. Мысалы, эпилепсиясы бар адамдар немесе алкогольден қатты мас болғандар жатқан жастығына және басқа да жұмсақ заттарға тұншығады.

Ауыз бен мұрын жабылып қалғанда асфиксияға дағдылы жағдай орын алатындықтан, өлікті сойғанда көбінесе тез өліп кету белгілері ғана айқын аңғарылады, ал ерекше белгілері мүлде болмауы мүмкін.

Адамды тұншықтыру
Қолмен немесе жұмсақ заттармен адамды тұншықтырып өлтіру кезіндегі көрініс

Жұмсақ заттармен тұншықтырылған кезде зардап шегуші жұтқан бөгде заттарының түйіршіктері(мамық, жіп үзіндісі, мақта түйіршігі) ауыз ішінен, кеңсіріктен, көмекей мен кеңірдектен шығуы мүмкін. Анасы баланы емізу кезінде емшегімен оның бетін тұмшалап тастайтын «ұйқтап жатқанда» өлімі кеткен жағдайдабаланың өлігінен тез өліп кету белгілерінен басқа ешқандай өзгерістер байқалмайды. Кейде баланың өлу уақыты жағынан оның әлдебір аурудан өліп кетуімен тұспа тұс келуі мүмкін.

Тыныс жолдарын бөгде заттармен бітеу. Тыныс жолдары саңылауының бітеліп – жабылуы салдарынан адам көмекей мен қолқаға әлдебір бөгде заттардың тығындалып қалуы, кеңірдек пен бронх саңылауларының әр түрлі сусымалы денелердің, кейде ұйыған қанның бітеп тастауы, сондай – ақ қатты мас кезде құсықтың кептелуі жағдайында өліп кетуі мүмкін. Тыныс жолдарына толық шайналмаған тамақтың кенеттен қорқып кеткенде сондай – ақ нерв жүйесі ауыратын адамдарда кептеліп қалатын кездері болады, ал кейде тыныс жолдарына тістің сынған протездері де түседі.

Бөгде заттардан тұншығу әсіресе балаларда жиі кездеседі, олар әдетте ауыздарына тиындар, түймелер, брандалар, т.б. Сияқты әр түрлі ұсақ заттарды салады да айқалаған, күлген немесе қорыққан кездерінде жұтып қойғандарын білмей қалады.

Адам жоғарғы шырышты тыныс жолдарына кептеліп қалған бөгде заттардың рефлекторлық әсер  етуі салдарынан әуелі жүрек соғысының тоқталып қалуы жағдайында өліп кетуі мүмкін.

Тыныс жолдары саңылауларының сусымалы денелерді – топырақты, дәндерді, ұнды, кұлді жұту салдарынан да бітеліп қалуы ықтимал.

Тыныс жолдары жабылуынан тұншығудың бір түрі, құсықтың тығындалуы. Адам ес түсін білмей мас болған кезде құсады да, жөтел рефлексі едәуір әлсіз болады. Сұйық және қоймалжын заттың тым тереңдеп енетіні сонша, ол өкпедегі тыныс тарамдарына дейін жетеді. Тамақтың қатты кесектері бронхқа кептеліп қалады. Жарып қараған кезде өкпенің қатты кебінкілігі, бұдырмақты екені аңғарылады. Өкпе ұлпасын кесіп, оны сыққан кезде бронхтардан асқазан заттарының элементтері шығады. Құсықта болатын асқазан сөлінің әсерінен жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығына қан толып, ісіп тұрады тұсі көкшіл- қызғылт болады.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!