Балалардағы теміржетіспеушілік анемиялар

Балалардағы теміржетіспеушілік анемия

Анықтамасы. Гемоглобин молекуласының синтезіне қажетті заттардың организмге түсуінің жетіспеушілігінің және олардың сіңірілуінің бұзылуының әсерінен болатын анемиялар жетіспеушілік анемиялар деп аталады.

Жалпы мәліметтер. Жетіспеушілік анемияларының көп бөлігін алиментарлық генездегі анемиялар құрайды. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша дамушы елдерде 60% балалар ауырады. Дұрыс тамақтандырмаудың әсерінен комплексті жетіспеушілік дамиды – белокты, витаминді және темір жетіспеушілігі. Соның ішінде темір жетіспеушілік анемиясы жиі кездеседі, ол басқаларға қарағанда 4-5 есе жиі кездеседі. Теміржетіспеушілік анемияның жиілігі бір жасқа дейінгі балаларда 20-50% дейін кездеседі, ал өмірінің 3-ші жылы 7-40% дейін төмендейді. Бірақ жасырын, латентті темір жетіспеушілігі теміржетіспеушілік анемиясына қарағанда екі есе көп кездеседі.

Этиология және патогенез. Темір жетіспеушілік анемиясының даму қаупі бар топқа жатады: шала туған балалар, көп жүктіліктен туған балалар, ірі, тез өсетін балалар, анасы темір жетіспеушілік анемиясымен ауыратын анадан туған балалар, экссудативті-катаральді диатезбен науқас балалар, диареямен жиі ауыратын, гипотрофиямен науқас балалар, ерте жасанды тамақтанатын балалар.

Темір гемоглобиннің, миоглобиннің, бірқатар ферментті жүйенің (цитохрома, пероксидаза, каталаза, дегидрогеназа т.б.) құрамына кіреді және ферритин мен гемосидерин комплекстері түрінде қорға жинақталады. Сондықтан теміржетіспеушілік жағдайлар гипогликемияға әкеледі, әр түрлі деңгейдегі ас қорыту жүйесінің бүзылуы мен сіңірілуінің бұзылуына әкеледі, иммунитеттің бұзылуына әкеледі.

Жастық аспектісі. Негізінен алғашқы 3 жастағы балалар және пубертатты жастағы қыз балалар жиі ауырады.

Әлеуметтік-тұрмыстық аспектісі: аурушаңдылық әсіресе әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары қолайсыз жанұяларда жоғары (күту, тұрмыс, тамақтану, тәрбиелеу ақаулары бар).

Диагностикалық белгілері:

Тірек белгілері:

  • тері жабындыларының бозаруы, құлақ қалқанының балауыз түстес болуы, шырышты қабаттардың бозаруы;
  • терінің, тырнақтың, шаштың, шырышты қабаттардың дистрофиялық өзгерістері (терінің құрғақтығы, тырнақтың сынғыштығы, шаштың жұқаруы, күңгірт болуы, түсуі);
  • тәбеттің төмендеуі;

Факультативті белгілері:

  • дене салмағы мен бой өсуінің тежелуі;
  • әлсіздік, шаршағыштық, есінен тану жағдайлары;
  • бұлшықет тонусының төмендеуі;
  • тіл емізікшелерінің жоғалуы, қызаруы;
  • ангулярлы стоматит;
  • ұзақ субфебрилитет;
  • функциональды систолалық шу;
  • дәм сезудің өзгеруі;
  • жедел вирусты инфекциялармен жиі ауруы;
  • гепато- және спленомегалия;
  • пубертатты жастағы қыз балаларда олиго- және аменорея;

Лабораториялық және инструментальды тексеру әдістері

Негізгі әдістер:

  • жалпы қан анализі, эритроциттер, ретикулоциттер, тромбоциттер санын және эритроциттердің морфологиясын, мөлшерін тексере отырып, түсті көрсеткішті анықтау (гемоглобин мөлшері төмендейді, кейде түсті көрсеткіш төмендейді, ретикулоциттердің мөлшері біраз ұлғаяды, анизо- және пойкилоцитоз, микроцитозға бейімділік);
  • қанның биохимиялық анализі: билирубин (сирек жағдайда жоғары), сары сулық темір (төмендеген), қан сары суының темірді байланыстыру қабілеті (жоғарылаған), протеинограмма (дис- немесе гипопротеинемия), қан сарысуындағы ферритин (төмендеген), зәрдің жалпы анализі (қалыпты мөлшерде);

Қосымша әдістер:

  • миелограмма;
  • сүйек кемігінде сидеробластарды тексеру;

Тексеру кезеңдері: анамнез жинау, онда анасының денсаулығы, жүктіліктің өту сипатын анықтау, туғандағы физикалық дамуы, баланың тамақтануы, мүшелер мен жүйелер бойынша жалпы клиникалық тексеру.

Емханада: жалпы қан және зәр анализі, қанның биохимиялық анализі.

Клиникада: миелограмма, сүйек кемігінде сидеробластарды тексеру.

Өтуі, асқынуы, болжам.

Клиникалық өтуінің түрлері қанда гемоглобин деңгейінің төмендеу дәрежесіне байланысты. Бірақ теміржетіспеушілік жағдайдың ұзақ өтуіне және организмнің үлкен компенсаторлық мүмкіндіктерінің арқасында науқас гемоглобиннің төменгі цифрларына бейімделіп алады және өзін қанағаттанарлық жағдайда сезінеді. Анемия кезінде жағдайдың ауырлығы гемоглобиннің мөлшеріне ғана емес, оның даму қарқынына да байланысты болады. Сәйкес ем жүргізілмесе ауру жылдар бойы созылады.

Жағдайдың ауырлығын бағалауда гемоглобин мөлшері, баланың көңіл-күйі, сонымен қатар ішкі мүшелер мен жүйелердің функциясының бұзылу дәрежесі ескеріледі.

Асқынулар: екіншілік иммундық жетіспеушілік жағдайының дамуы; физикалық дамуда артта қалу; асқазан-ішек трактісінің аурулары;

Болжам қолайлы.

Ажырату диагнозын этиологиясы басқа анемиялармен жүргізеді: витамин- және протеинжетіспеушілік, гемолитикалық, апластикалық, постгеморрагиялық және басқа аурулар кезіндегі анемиялар.

Диагноз қою үлгісі: Теміржетіспеушілік анемиясы, орташа ауырлықта, гипохромды, регенераторлы, микроцитарлы.

Емі

Амбулаторлық-емханалық кезең:

  • анемияны туғызатын себептерді жоққа шығару;
  • баланың жасына байланысты дұрыс, ұтымды тамақтандыру, рационға витамин мен темірге бай тағамдарды енгізе отырып (жұмыртқаның сарысы, етпен немесе бауырмен жемістер пюресі, жеміс-жидектер шырыны);
  • таза ауада көбірек болу қарастырылған дұрыс күн тәртібін ұйымдастыру, емдік массаж тағайындау, ЛФК;
  • тәулігіне 5-6 мг/кг салмаққа темір дәрілерін қолдану;

Негізінен анемияны емдеуде темір дәрілері пероральды жолмен қабылданады.

  • темір дәрілерін пероральды жолмен қабылдау гемоглобин деңгейін парентеральды енгізуге қарағанда 2-4 күнге ғана кеш көтереді;
  • пероральды қабылдау парентеральды қабылдауға қарағанда өте сирек жағдайда жанама әсерлер береді;
  • пероральды қабылдау теміржетіспеушілік анемия диагнозы дұрыс қойылмаған жағдайда гемосидерозға әкелмейді,

Темір дәрілері бөлінеді:

  • құрамында темір глюконаты бар;
  • құрамында темір фумараты бар: темір фумараты, ферретаб, ферронат, хеферол;
  • Құрамында темір сульфаты бар: 1. Көп компонентті: гемофер пролангатум, ферроград, ферроградумет; 2.Комбинирленген: актиферрин, ферроплекс, ферроград, сорбифер, дурулес, ферроплект және т.б.;

Соңғы кезде негізінен құрамында екі валентті тұздар бар темір дәрілері қолданылады (темір сульфаты, фумараты және глюконаты). Ерте жастағы балаларға темір дәрілерін сұйық – тамшы, сироп күйінде тағайындаған ыңғайлы. Үлкен жастағы балаларға тардиферон және ферроградумет дәрілерін тағайындаған дұрыс, олар баяу сіңіріледі, ұзартылған әсер көрсетеді, ішектен бірыңғай сіңіріліп, науқастар жақсы көтереді.

Темір дәрілерін тамақтан бұрын 1-2 сағат немесе тамақтан кейін тағайындау керек. Егер дұрыс көтере алмаса тамақпен бірге тағайындалады, бірақ бұл кезде темірдің сіңірілуі нашарлайды. Темір дәрілерін шаймен, сүтпен ішуге болмайды, ол темірдің сіңірілу нәтижесін төмендетеді. Темірдің сіңірілуін кейбір дәрілерде бұзады: тетрациклин, левомицетин, антацидтер, кальций дәрілері. Сондықтан оларды бірге тағайындауға болмайды.

Темір дәрілерінің емдік мөлшерін есептеу элементарлы (белсенді) темір бойынша есептеледі.

Темір дәрілерінің сипаттамасы

темір препараттары
Құрамында темірі бар. Теміртапшылық анемияны емдеуде қолданылатын препараттар, дәрілер тізімі

темір дәрілерімен бірге аскорбин қышқылын қабылдау қажет (0,1-0,2г бір қабылдауға) немесе оларды цитрусты дәрілермен ішу керек;Алғашқы мөлшер терапиялық мөлшердің 1/2-1/4 бөлшегінен басталып, 7-14 күн ішінде толық мөлшерге жету керек. Бұл баланың дәріні жеке көтерушілігін анықтауға және ферротерапияның жанама әсерлерін азайту үшін қажет.

  • жез (медь) дәрілерін қабылдау (0,2 мг/кг тәулігіне);

Емдеу дұрыстығының белгілері: қандағы гемоглобин мөлшерінің 3 аптадан кейін қалыптаса бастауы және диспепсиялық асқынулардың болмауы. Дәрі толық мөлшерде гемоглобин мөлшері және эритроциттер саны қалыптасқанға дейін қабылданады, одан кейін мөлшерін жартылай төмендетеді. Темір дәрілерін бала үш ай бойы қабылдауы керек, ал шала туған балалар 2 жасқа дейін.

Гематолог кеңесіне көрсеткіш: диагноз түсініксіз болғанда, темір дәрілерімен емдеу 3 апта бойы нәтиже бермесе.

Ауруханаға жатқызуға көрсеткіш: ауыр анемия, үй жағдайында емдеу мүмкін болмаса, жанұяның мәдениеті төмен болғанда, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары нашар, амбулаторлық ем нәтиже бермесе.

Ауруханалық кезең:

  • темір дәрілерін парентеральды енгізу (анемияның теміржетіспеушілік генезі нақты анықталғанда);
  • қан және қан алмастырғыш заттарды трансфузия жасау – темір жетіспеушілік анемиясы кезінде егер анемиялық кома мен анемиялық шок қаупі болғанда;
  • дегельминтизация, қосымша ауруларды емдеу;

Сауықтыру. Теміржетіспеушілік анемиясымен балалар қан анализдері қалыптасқаннан кейін 6 ай бойы диспансерлік есепте тұрады. Бұл кезде дұрыс тамақтануды ұйымдастыру керек және темір дәрілерінің демеуші мөлшері беріледі (емдеу мөлшерінің жартысы – 2-3 мг элементарлық темір 1 кг дене салмағына) диспансерлік бақылаудың барлық кезеңінде; таза ауада жеткілікті мөлшерде болу қарастырылған дұрыс күн тәртібі; басқа қосымша ауруларды емдеу және т.б.

Баланы күтуге байланысты ата-аналарға нұсқаулар:

  • баланың жасына сай ұтымды тамақтану (темірдің жақсы сіңірілу үшін еттің жемістермен, бобалармен бірлесе берілуі);
  • аскорбин қышқылы 0,1-0,2 г қабылдауға күз-қыс айларында;
  • бір жасқа дейінгі балаларда 3-4 сағат таза ауада қыдыру;

Алдын алу

Біріншілік және екіншілік профилактикаға кіреді:

  • ұтымды тамақтану;
  • суық тиіп аурулар мен асқазан-ішек жолдарының ауруларының алдын алу;
  • гелминтоздарды, дисбактериозды, гиповитаминозды, аллергиялық ауруларды анықтап, емдеу;
  • репродуктивті жастағы әйелдерде темір жетіспеушілігінің алдын алу (жүкті әйелдер мен емізетін әйелдерге темір дәрілерін тағайындау);
  • қатер тобындағы әйелдерге темір дәрілерін профилактикалық мақсатта тағайындау;

Диспансерлік бақылау

Диспансерлік бақылау кезінде педиатр жедел кезеңінде айына 1-2 рет, ремиссия кезінде 3 айда 1 рет қарайды, гематолог көрсеткіш бойынша.

Бақылау кезінде назар аудару керек: жалпы жағдайына, шағымдарына, (әлсіздік, тәбетінің жағдайы), тері жабындыларына, гемоглобин көрсеткіштеріне, бауыр мен көбауыр жағдайына, асқазан-ішек трактісінің жағдайына, жүрек-қан тамыр жүйесінің жағдайына.

Қосымша тексеру әдістері: жедел кезеңінде қан анализі 2 аптада 1 рет, ремиссия кезінде 3 айда 1 рет; мүмкін болса –сары сулық темірді анықтау;

Сауықтыру шаралары: ұтымды тамақтану; темір дәрілерімен емдеу, таза ауа; витаминотерапия; интеркурентті аурулардың алдын алу; созылмалы инфекция ошақтарын санациялау;

Диспансерлік есептен гемоглобин мөлшері қалыптасқаннан кейін 1 жылдан кейін шығарылады; профилактикалық егулер 6 айдан кейін жүргізіледі.

Жазған: Еркебулан Молдаханов

Семей мемлекеттік медицина университетінің 6 курс интерн -дәрігері

 

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!