Операциядан кейінгі асқынулар

Операциядан кейінгі асқынулар

Операциядан кейінгі кезеңде кездесетін асқынуларды сол асқынулар пайда болған ағзалар мен жүйелер бойынша бөледі. Асқынулардың жиі себептері науқастың қосымша дерттері жатады.

Асқынуларға негізінен 3 фактор себеп болады:

  • операциялық жара;
  • мәжбүрлік жағдай;
  • операциялық жарақат пен наркоздың әсері.

Операциядан кездесетін асқынулардың жіктелуі

  1. Жарада болатын асқынулар (инфекцияның дамуы, қан кету, тігістердің ажырауы);
  2. Жүрек-қантамыр жүйесіндегі асқынулар (тромбоз, эмболия, жедел жүрек шамасыздығы);
  3. Тыныс алу жүйесіндегі асқынулар (гипостатикалық, аспирациялық пневмониялар, тыныс шамасыздығы);
  4. Асқазан -ішек жолдарының салдануы (парезі), перитонит;
  5. Жүйке жүйесіндегі асқынулар (операциялық шок, ауырсыну, үйқы бүзылуы);
  6. Бауырдан болатын асқынулар (бауыр шамасыздығы);
  7. Несеп-зәр шығару жүйесіндегі асқынулар (бүйрек шамасыздығы, уроинфекция, кіші дәретке отыра алмау);
  8. Басқа асқынулар (ойылу, перитонит).

Операция мен патологиялық процестердің сипатына қарай, операция кезінде алдын алуға болатын сол операцияларға тән асқынулар болатынын баса айтқымыз келеді:

  • іш қуысы ағзаларына жасалған операциядан кейінгі перитонит, қан кету, жабысқақты ішек түйілуі;
  • кеуде ағзаларына жасалған операциядан кейінгі гемопневмоторакс, плеврит;
  • струмэктомиядан кейінгі тыныс пен дауыстың бүзылуы, тиреотоксикалық криз;
  • қан тамырларына жасалған операциядан кейінгі тромбоздар мен эмболиялар;
  • сүйекке жасалған операциядан кейінгі остеомиелит және т.б.

Жарадағы асқынулар

Операциядан кейінгі ерте кезеңде операциялық жарада мынадай асқынулар дамуы мүмкін:

  • қан кету;
  • инфекцияның дамуы;
  • тігістерінің ажырауы.

Операциядан кейінгі алғашқы сағаттар мен тәуліктердегі ауырсыну сезімі де осы жараға байланысты.

Қан кету – науқастың өміріне қауіпті және қайта операция жасауды қажет ететін асқыну. Операциядан кейінгі қан кетудің 3 түрі бар:

  • сыртқы қан кету (қан операциялық жарадан сыртқа ағады, байлаған дәке қанмен шыланады);
  • дренаждан қан кету (қан қуыста немесе жарада қалдырған дренаждан шығады);
  • ішкі қан кету (қан сыртқа шықпайды, организмнің ішкі қуыстарына құйылады);

Ішкі қан кетуді анықтау қиын, арнайы белгілері арқылы ғана анықтауға болады.

Инфекцияның дамуы. Жарадағы инфекцияның алдын алу шаралары операция үстінде басталады. Операциядан кейінгі дренаждардың қалыпты жүмыс істеуін қадағалап отыру керек, өйткені жарада жиналған экссудат микроорганизмдердің өсіп-көбеюіне қажетті орта болып табылады. Операциядан кейін келесі күні жараны байлап таңу кезінде қабыну процестерінің, гематоманың белгілері болса, тігісті шешіп экссудатты, гематоманы сыртқа шығару керек.

Тігістердің ажырауы. Бұл асқынудың іш қуысына жасалған операциялардан кейін дамуы аса қауіпті және эвентерация деп аталады. Мұндай асқынудың себептеріне операция кезіндегі тігістердің ақауы, іш қуысындағы қысымның артуы (ішек парезі, перитонит, пневмония, жөтел), жарадағы инфекция жатады.

Операциялық жараны тігу кезінде тігістердің ажырап кету қаупі күшті болса, іш қабырғасының жарасын ілгек немесе түтік салып тігеді.

операциядан кейінгі асқыну

Жүрек-қантамыр жүйесіңдегі асқынулар

Операциядан кейінгі кезеңде жүрек-қантамыр жүйесі жағынан негізінен үш түрлі асқынулар кездеседі:

1. Операциядан кейінгі жүрек және қантамыр шамасыздығы:

  • көктамырлық ағыстың жеткіліксіздігі, жүрек шамасыздығы,
  • жүрек-өкпе шамасыздығы, шок синдромы, қан айналысының кенеттен тоқтауы;

2. Жүрек өткізгіштігі мен ырғағының бүзылуы: операциядан кейінгі блокадалар мен аритмиялар.

3. Миокард инфарктісі.

Тромбоэмболиялық асқынуларды да шартты түрде осы топқа жатқызуға болады, өйткені алғашқыда қан тамырларында (көктамырлардағы ұйықтар (тромбтар), үлкен қан шеңберіндегі эмболдар) пайда болғанмен, кейін жүрек, тыныс шамасыздығына әкеп соғады.

Тромбоэмболиялық асқынулар жиі кездесетін науқастарды бөлек топқа жатқызады:

  1. 50 жастан асқан науқастар;
  2. Атеросклерозға шалдыққан науқастар;
  3. Төменгі қуыс көктамыр жүйесінің тамырлары кеңеййген науқастар;
  4. Миокард инфарктісіне шалдыққан науқастар;
  5. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастар;
  6. Қантты диабет, семіздікпен ауыратын науқастар;
  7. Кіші жамбас қуысына операция жасалатын науқастар;
  8. Жүрек-қантамыр жүйесіне операция жасалған, жүрек ырғағын реттейтін апппараты бар науқастар;
  9. Жүктілікке қарсы дәрілер, гормондар алған науқастар;

Тромбоэмболиялық асқынулардың алдын алу шаралары бейспецификалық және спецификалық болып екіге бөлінеді:

Бейспецификалық шараларға:

  1. Тромб қаупі бар науқастарды операциядан кейін белсенді түрде жүргізу (ерте түрғызу, тыныс гимнастикасы, «төсекте жүру»).
  2. Аяғындағы көктамырлары кеңейген науқастардың аяғын операция алдында созылмалы дәкемен бастырып байлау.
  3. Түрақты гемодинамиканы қамтамсыз ету.
  4. Су-электролит тепе-теңдігін түзету, қанды сүйылту (гемодилюция).
  5. Қанның реологиялық қасиеттерін жақсарту жатады. Тромбоэмболиялық асқынуларды болдырмау мақсатында жүргізілетін

Спецификалық шараларға тіклей әсер ететін антикоагулянттарды тағайындау жатады: қанның ұюын бақылай отырып гепарин, лимон қышқылды натрий, гирудин тағайындайды (қанның ұю уақыты, қан кетудің үзақтығы). Кейінірек тікелей емес антикоагулянттарға көшу керек. Олардың қатарына дикумарин, неодикумарин, фенилин, синкумар жатады. Тікелей емес антикоагулянттарды тағайындаған кезде несепті макро- микроскопиялық жолмен, протромбин көрсеткіші мен уақытын бақылап отыру қажет.

Тыныс жолдары жағынан кездесетін асқынулар

Наркоздың салдарынан болатын ең ауыр асқыну – тыныс шамасыздығынан өзге асқыну – операциядан кейінгі кездегі науқастар өлімінің жиі себептерінің бірі – операциядан кейінгі пневмонияның алдын алу шараларына баса назар аударған жөн.

Алдын алу шаралары мыналар:

  • науқасты ерте тұрғызу;
  • антибоитикопрофилактика;
  • төсекке дұрыс жатқызу;
  • тыныс гимнастикасы;
  • қақырықты суйылту, қақырық түсіретін дәрілерді қолдану;
  • қатаң науқастарға трахея-бронх тармақтарын тазалау;
  • горчичниктер, банкілер қою;
  • массаж, физиотерапия.

Ас қорыту ағзалары жағынан болатын асқынулар

Бұл асқынулар іш қуысы ағзаларына, іш пердесі артындағы кеңістікте орналасқан ағзаларға жасалған операциялардан кейін кездеседі. Салынған тігістер мен анастомоздар шамасыздығы, жабысқақты ішек түйілуі, қан кету сияқты асқынулар жиі кездеседі. Аталған асқынулардың әрқайсысы жеке хирургияда талқыланады және осы асқынуларды болдырмаудың негізі операция үстінде жүзеге асырылады.

Операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу мен емдеу принциптері:

  • науқасты ерте тұрғызу;
  • тамақтандырудың тиімді дағдысын сақтау;
  • асқазанға сүмбе қою;
  • перидуралдық блокада;
  • жел шығаратын түтік қою;
  • гипертониялық клизма;
  • асқазан-ішек жолдарының қозғалысын жақсартатын дәрілер жіберу (прозерин, церукал, убретид, 10% хлорлы натрий);
  • физиотерапиялық процедуралар (диадинамикалық ток).

Несеп шығару жүйесінде кездесетін асқынулар

Операциядан кейінгі кезеңде жүйелік гемодинамиканың жетіспеушілігінен жедел бүйрек шамасыздығы, қабыну процестері (пиелонефрит, цистит, уретрит) дамуы мүмкін. Кіші дәреттің рефлекторлық кідіруі жиі кездеседі. Оперциядан кейні түзілген несептің тәуліктік мөлшерін ғана емес, сағат сайынғы мөлшерін де қадағалап отыру керек.

Түтіктің қуықта ұзақ уақыт болуы, немесе жиі қайталап түтік қою өрлеу инфекциясына себеп болады. Сондықтан емдік шараларды қарапайым тәсілдерден бастау керек: науқасты ерте түрғызу, ауырғанды басатын дәрілер егу, қуық үстіне жылытқыш қою, краннан су ағызу, кейде жылы клизма қояды. Науқастарды жатып дәрет сындыруға операция алдында үйрету керек. Тек аталған шаралар нәтиже бермегенде ғана қуыққа түтік қойып, антисептикпен жуады.

Бауыр жетіспеушілігі (шамасыздығы)

Операциядан кейінгі жедел бауыр шамасыздығы бауыр тіні ауқымды зақымданған кезде дамиды. Оның себептеріне: ұзақ механикалық сарғаю, өңештің кеңейген көктамырларынан жиі-жиі қан кету, созылмалы гепатит, шок, көп мөлшерде қан құю жатады.

Операциядан кейінгі паротит

Құлақ түбіндегі сілекей безінің қабынуы (паротит) іш қуысы ағзаларына жасалған операциялардан кейін, ұзақ уақыт бой ауызбен тамақтанбаған науқастарда дамиды. Патогенезінде жалпы факторлар: организмнің қорғаныш күштерінің әлсіреуі, ұзақ интоксикация, зат алмасу процестеріндегі өзгерістер және жергілікті факторлар: микробтық флораның бас көтеруі, сілекей бөлінуінің бұзылуы, стенон өзекшесіне инфекция бар сілекейдің қайта түсуі роль атқарады. Осы аталған себептер нәтижесінде, әсіресе, ауыз қуысына тиісті күтім болмағанда инфекцияның лимфо- гематогендік жолмен, басым көпшілігіне стенон өзекшесі арқылы сілекей безінің паренхимасына таралуына жағдай туады. Бұл асқыну ауыр асқынулардың қатарына жатады. Клиникалық ағымына карап, бездің қабынуын 3 түрге бөледі: жәй, флегмонозды және гангренозды паротит.

Жәй паротит операциядан кейінгі жуық кезеңде дамиды: науқастың дене қызуы 38-39оС-қа көтеріледі, қүлақ түбі безінің түсында ісіну пайда болады, жүтыну қиындайды. Қабыну болған жерде қызу көтеріліп, терісі қызарады. Ауызды ашу, жүтыну ауыратындықтан мүмкін болмайды. 2-3 күн өткен соң қабыну процестері екінші безде де дамиды.

Емдеу: консервативтік ем жүргізіледі. Қабынуға қарсы ем қолданылады: антибиотиктер, ауыз қуысыны антисептикпен жиі шаю, сілекей бөлінуін күшейті үшін лимон сору, сағыз шайнау керек, пилокарпиннің 1%тік ерітіндісін 3-5 тамшыдан ішу керек. Қыздырғыш компресстерді, физиопроцедураларды қолданады. Толық дер кезінде жүргізілген ем нәтижесінде қабыну процестері 4-10 күн ішінде жойылады.

Паротит әрі қарай өршіген жағдайда оның флегмонозды, кейде гангренозды түрлері дамиды. Соңғысында ауыр интоксикация, сандырақтау пайда болады. Бадамша бездің маңында іріңдіктер пайда болуы мүмкін. Дерт тез өршиді, науқас өліп те кетуі мүмкін.

Паротиттің аталған деструктивті формалары хирургиялық жолмен емделеді. Хирургиялық операция наркозбен, алдын ала дайындағаннан кейін жасалады. Іріңдіктерді В.В. Войно-Ясенецкийдің тәсілімен жамаған тиімді.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!