Іріңді перикардит
Перикардит – жүректің сірлі қабатының қабынуы, жиі висцеральды қабаты зақымданады, әр түрлі аурулардың асқынуы әсер етуі мүмкін.
Этиологиясына байланысты бөлінеді:
- инфекциялық
- аутоиммунды
- жарақаттық
- идиопатиялық перикардиттер
Этиологиялық жіктемесі:
1.Инфекциялық:
- ревматикалық;
- туберкулезді;
- бактериальды (арнайы емес — коккті, пневмониялы, септикалы;
- арнайы — іш сүзегі, дизентерия, бруцеллез, сібір жарасы, тілме).
- суық тиюмен;
- саңырауқұлақты;
- вирусты;
- риккетсиялық;
2.Асептикалық перикардиттер:
- аллергиялық
- қан аурулары және гемморагиялық бөртпелер;
- дәнекер тіндердің аурулары;
- қатерлі ісіктер;
- жарақаттық;
- сәулелердің әсері;
- инфарктан кейін;
- зат алмасу бұзылысында (уремия, подагра)
- глюкокортикостероидтармен емдеу кезінде;
- гиповитаминоз С
3 Идиопатикалық перикардиттер
Клиникалық жіктемесі:
- Жедел перикардит
- құрғақ (фиброзды)
- экссудативты ( іріңді -фиброзды, геморрагиялық, іріңді, холестеринды)
- жүрек тампонадасымен;
- жүрек тампонадасынсыз;
- Созылмалы перикардит
- жабыспалы;
- симптомсыз;
- жүректің функциональды бұзылысымен;
- әктенген (беріштенген) – «сауытты жүрек» көрінісі байқалады
Жіктелуі:
- Созылмалы экссудативті перикардит;
- Созылмалы перикардит (тыртықты).
- Әктенген, беріштенген «сауытты жүрек» перикардит.
Этиологиясы:
Аурудың даму себебі, жиі көптеген аурулардың асқынуына байланысты болады.
Патогенез:
Қалыптыда перикард аймағында, перикардиальды сұйықтық болады. Сұйықтық мөлшері 5 -30 мл.Бұл сұйықтық жүректің еркін жиырылуын қамтамасыз етеді.
Перикардит кезінде бұл жүйе жұмысы бұзылады. Біріншіден, эксудативті перикардит дамиды. Перикард аймағында артық сұйықтық пайда болады, ол перикардтағы қысымның жоғарлауына әкеледі. Миокардтағы диастола қызметі бұзылады. Егер бұзылыс ақырын дамыса, науқастың шағымдары болмауы мүмкін, біртіндеп жүрек жетіспеушілік белгілері дамиды. Егер бұзылыс жедел сағат немесе күн ішінде болса, онда жүрек тампонадасы дамиды. Бұл өте қауіпті асқыну, перикард аймағындағы сұйықтық миокардты басып қан айдауын төмендетеді.
Екінші кезеңде, «құрғақ перикардит» дамуы мүмкін.
Іріңді перикардит (pericarditis purilenta) – жүрек қабының іріңді қабынуы.
Этиологиясы – стафилококтар, энтеробактериялар, гонококк, туберкулез таяқшасы т.б. патогенді микрофлора.
Патогенезі – көбінесе перикардит іріңді хирургиялық инфекциялардың асқынуы ретінде пайда болады. Іріңді медиастенит, бауыр абсцесі, іріңді плеврит, перитонит, тілме, остеомиелит, флегмоналардың көптеген локализацияларында инфекция көбінесе лимфа жолдарымен, кейде қан арқылы перикардты зақымдайды. Жүректің ашық жарақаттарында біріншілік перикардит дамиды. Қабыну қызарудан, ісінуден басталып, перикардта түзілген серозды экссудат іріңдейді. Жүрек қабында 500 – 1500 мл. экссудат түзілуі мүмкін. Инфекция миокардқа таралса, екіншілік миокардит дамиды. Эпикард пен перикард беттерінде фибрин түзілсе, олар бір-бріне жабысып, перикард қуысы бітеледі.
Клиникалық көріністері – жүрек қабына экссудаттың түзілуіне байланысты, жүрек жұмысының әлсіреуі және іріңді интоксикациямен сипатталады. Перикард қуысында экссудат көбейген сайын, науқастың жағдайы нашарлай түседі, жүрегі қағып, қысып ауырады, тынысы тарылады. Стенокардия ұстамасы сияқты аурсыну сезімі сол жақ қолға тарайды. Тамыр соғысы әлсірейді, ырғағы бұзылады. Науқас ентігіп, беті көгереді, мойынның көктамырлары ісініп, айқындала түседі. Ауа жетпегендіктен науқас басын көтеріп отырып, иығынан дем алады, денесі суи бастайды. Перикардтағы сұйықтық трахея мен өңешті артқа қарай ығыстырса, жөтел пайда болып, жұтыну қиындайды. Перкуссия кезінде жүректің тұйықтық шекарасы кеңейіп, үшбұрыштана түседі. Перикардиттің бастапқы кезеңінде жүрек аускультациясы перикардтың үйкелу шуын анықтаса, экссудат жиналғаннан кейін жүрек үні бәсеңдеп, жүрек түрткісі де анықталмайды. Іріңді перикардитте айтылып өткен белгілерден басқа іріңді интоксикация белгілері қатар дамиды: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, тәбетінің төмендеуі, қан анализдерінде лейкоцитоз, нейтрофилез. Рентгендік зерттеуде жүрек көлеңкесінің үшбұрышты кеңеюі – экссудативті перикардиттің белгісі. Диагнозды анықтауда электрокардиография, эхокардиография, ультрадыбыстық зерттеулер қолданады. Перикардтағы экссудаттың түрін, мөлшерін анықтауда және бактериологиялық зерттеу жасау үшін ең нәтижелі тәсіл – перикард пункциясы. Шалқайыңқырап отырған науқасқа, жергілікті жансыздандырудан кейін пункция жасалады.
Көрсетілген нүктелерден иненің ұшын төстің артына және жоғарғы бағытта жылжытып, үнемі шприцтің поршенін тартып отырып, абайлап перикард қуысына енеді.
Перикардитті сол жақтық экссудативті плевриттен және жүректің кеңеюінен ажырату мақсатында плевралды пункция, рентгендік зерттеу жасалады. Анамнез жинауда, ұзақ мерзім жүрегі ауыратын адамда жүрегінің кеңейгенін білуге болады, және жүрек кеңейгенде іріңді перикардиттегідей іріңді интоксикация болмайды.
Диагностика
Науқасты объективті қарау кезінде цианоз, мойын веналарының бүлеуленуі, аяқтарының ісінуі, бауыр көлемінің ұлғаюы, асцит, тахикардия байқалады.
Аускультативты жүрек тоны тұйықталған немесе перикардтағы үйкеліс шуы (құрғақ перикардитте) естіледі. ЭКГ да ST тісшесінің көтерілуі. Негізгі диагностикалық зертеу әдісі эхокардиография тамыр доплерографиясымен бірге. Бұл әдіс перикард аймағындағы сұйықтық көлемін анықтауға және жүректің жиырылуын анықтауға мүмкіндік береді.
Дифференциалды диагностика
Жедел перикардит | Кардиалгия |
Бұрын жүрек аймағында ауырсыну болмаған немесе қазіргі болған ұстамадан ерекшелігі бар. | Кезекті қысқа әсерлі ауырсыну |
Инфекциялық аурулармен байланысты болады. Науқас белгілі бір күнде ауырғанын атай алады | Шаршағыштықпен немесе толқумен байланысты. Ұстамалардың ішіндегі ең ауырын атайды. |
Ауырсыну сол жаққа аз беріледі, жиі оң жақта. Ауырсыну үнемі және бірқалыпты көріністе. Тыныс шығару кезінде және қозғалыста жиілейді | Ауырсыну әр түрлі беріледі Ауырсыну қысқа уақытты және тез қайтымды Ауырсыну қозғалысқа байланыссыз |
Тәбетінің төмендеуі, құрғақ жөтел, субфебрильді температура, лейкоцитоз | Аурудың анық көрінісі болмайды |
Кейде перикардта үйкеліс шуылы естіледі | Жүрек тоны анық |
ЭКГ да конкордантты өзгеріс S — Т немесе тұрақты Т инверсиясы | Қалыпты ЭКГ |
Зертханалық зерттеулерге материал алу ерекшеліктері.
Лабораторлы зерттеулер – науқасты зерттеу әдістерінің ішіндегі ең маңыздысы. Бұл зерттеу қорытындысы, науқастың жағдайына, диагноз қоюға, динамикада бақылауына, емнің нәтижесін бағалауға көмектеседі.
- Микробиологиялық зерттеулерге зерттеу материалын алу әдістері:
- Науқас адамдардан зерттеу материалын алу кезінде белгілі ережелерді сақтау керек:
- Аурулардың көп түрінде микробтар адам организмінде қан арқылы таралуына сәйкес көбінесе қан зерттеледі. Қосымша зәр, нәжіс, қақырық, асқазан сөлі, бронхы жуындысы, жұлын сұйықтығы, шырышты қабықшалардан алынған жұғынды зерттеледі. Заттарды алу және зерттеу тағайындалған тәртіпке сәйкес болу керек.
- Зерттеу материалын антибиотиктарды немесе басқа химиотерапевтикалық препараттарды қолданғанға дейін алу керек.
- Материалды жеткілікті көлемде алып және оған қоршаған орта микроорганизмдерін жұқтырмас үшін асептика ережелерін сақтау қажет. Стерильді материальды (қан) алуды оны микроорганизмдермен- адам организмінің қалыпты микрофлорасының өкілдерімен ластап алмай жүргізеді.
- Зерттелетін материал мүмкін болса қысқа мерзімде бактериологиялық, вирусологиялық, микологиялық немесе серологиялық лабораторияға жеткізу қажет. Оны жеткізу лабораторлық ыдыста немесе материалдың алғашқы температурасын сақтайтын немесе салқындататын, құрғақ мұзбен қатыратын арнайы контейнерде жеткізіледі. Лабораторияға бағытталған кез келген материал сәйкес бағыттамамен жеткізіліп, онда науқастың аты-жөні, материал түрі және оны алған күні, аурудың алғашқы клиникалық диагнозы көрсетілуі керек.
2.Зерттелетін материалдан жағынды дайындау.
Жағынды дайындау сатылары:
Шыныны дайындау. Шыныны майсыздандыру – кір сабын жағып, салфеткамен тазалау. Шыны көпіршеге қою.
Бактериологиялық ілмекті спирт жалынында толық қыздырғанша ұстай отырып, залалсыздандыру.
Егер жағынды тығыз ортадағы микробтардан дайындалса, алдын ала шынының бетіне бір тамшы физиологиялық ертінді тамызылады.
Бактериолгиялық ілгекті от жалыныңда қыздырамыз. Зерттелетін заты бар пробирканы сол қолымызбен ұстаймыз, ұстаған кезде қоректік ортаның беті толық көрінуі керек, тығынды екінші саусақпен қысу арқылы ашамыз, пробирканың шетін міндетті түрде қыздырылады. Бактериологиялық ілгекті сауыттың ішкі жағына суытып, зерттелетін затты аламыз және пробирка тығынын жабамыз.
Микробты ерітіндіге ерітеміз және біркелкі етіп шыны бетіне жұқа, диаметрі 1-1,5 см болатындай жағынды дайындаймыз. Препарат дайындалғаннан соң ілмекті спирт жалынында залалсыздандырып, орнына қоямыз.
Жағындыны ауада кептіреміз және спиртовка жалынында бірнеше рет өткізу арқылы фиксациялаймыз. Шынының төменгі жағынан карандашпен белгілейміз.
Жағындының бетіне 1-2 тамшы бояу тамызамыз. 2-3 мин ұстап, жағындыны жуып, сорғыш қағазбен кептіріп, иммерсиялық жүйемен микроскоптаймыз.
3.Микроскоптың иммерсиялық жүйесінің көмегімен жағындыны микроскопиялау.
Иммерсиялық объективпен препаратты микроскопиялағанда мына ережелерді сақтау керек:
Дайындалған және боялған жағындыға аздап иммерсиялық май тамшысын тамызып, препаратты заттық үстелге қою, жарық сәулесінің түсуін реттеу.
Револьверді бұрау және иммерсиялық объективті 90-ға қою, тубусты объективтің фронтальді линзасының майға батуына дейін төмен түсіру.
Макровинттің көмегімен бағдарлаушы фокусты қою, микровинтпен препаратты соңғы фокусқа келтіріп қою.
Жұмыс аяқталған соң микроскопты белгілі бір тәртіпке келтіру. Объективтелген майды құрғақ шүберекпен сүрту, револьвелді кіші, құрғақ 8 объективіне қояды.
4.Жағындыда бактерияларды морфологиясы бойынша ажырату.
Бактериялардың морфологиясын зерттеу үшін олардан нативті (тірі) және бекітілген жағындылар жасап, анилинді бояулармен бояйды. Бояудың негізінде күрделі химиялық және физико-химиялық реакциялар жатыр. Оларды бояу үшін негізгі бояуларды қолданады: метилен көгі, кристалды фиолет түсі т.б. Бактерия жасушасындағы әртүрлі құрылымдық элементтерді анықтау үшін нейтралды және қышқыл бояулар қолданылады. Бактерияларды қарапайым әдіспен бояғанда, оларды морфологиясы бойынша ажыратуға болады. Қарапайым бояу әдісінде бактериялардың диплококк, стафилококк немесе иректелген, таяқша т.б бактерияларға жататынын анықтаймыз. Сонымен қатар талшықтарды, жасуша қабырғасын, нуклеоидты және әртүрлі цитоплазмалық қосындыларды анықтауда қолданылатын арнайы бояу әдістері бар. Мысалы, Гинс-Бурри әдісімен капсуланы анықтау, Нейссер әдісімен валютин дәндерін анықтау, Циль-Нельсен және Ожешка әдісімен спораны анықтау, Лефлер әдісімен талшықтарды анықтау т.б.
- Жағындыда бактерияларды тинкториялды қасиеті бойынша ажырату:
Тинкториальды қасиеті – бояуларды сіңіру және ұстап тұру қабілеті, ол бактерия клеткасының құрылым ерекшеліктеріне және химиялық құрамына байланысты. Күрделі бояу әдістері осы көрсеткіштер бойынша бактерияларды салыстыруға мүмкіндік береді және диагностикалық маңызы бар. Мысалы:
Жағындыны Грамм бойынша бояу:
Бекітілген жағындыға сүзгі қағаз арқылы генциан фиолеттін карбол – спирттік ертіндісін тамызамыз. 1-2 мин кейін оны алып тастап, бояуды төгеміз.
1-2 минутқа Люголь ерітіндісін тамызамыз;
Этиль спиртімен 30-60 с бояудың күлгін түсі кеткенге дейін түссіздендіреміз.
Сумен шаямыз
1-2 мин фуксиннің сулы ертіндісімен бояп,сумен шаямыз, кептіріп, микроскоптаймыз.
Грамм оң бактериялар қою-күлгін түске, грамм теріс бактериялар – қызыл түске боялады. Бұл әдістің негізінде таңдамалы түссіздендіру жатыр – генциан фиолеттің йодпен кешенін спирт әсерінен жою. Грамм әдісі бойынша бояу нәтижесінде бактерияның клетка қабырғасының химиялық құрамы мен құрылыс ерекшеліктері анықталады және бояу процесі нәтижесінде түзілген генциан фиолеттің йодпен кешенін ұстап қалу қабілетіне байланысты.
Фирмикутты бактериялар грамм оң боялады, себебі тейхой қышқылымен байланысты көп қабатты пептидогликаны бар. Ол бояудың тығыз бекуіне және спиртпен түссіздендіруге резистентті болуға негіздейді.
Грамм он бактерияларда – жасуша қабырғасы жуан, пептидогликаны 90%, липополисахаридтер 10%, тейхой қышқылы бар.
Грациликутты бактериялар грамм теріс боялады. Грамм теріс бактерияларда пептидогликаны жіңішке 10%, липополисахаридтер 90%, тейхой кышқылы жоқ.
- Жағындыны қарапайым әдіспен бояу.
Қарапайым әдіспен бояуда бекітілген жағындыны қандайда бір бояумен бояу: фуксинмен, метилен көгімен немесе генциан фиолетпен бояу. 2 мин өткенен соң сумен жуу, сорғыш қағазбен сордыру және микроскопиялау.
- Шыны бетіндегі агглютинация реакциясы.
Шыны бетіндегі агглютинация реакциясын, диагностикалық агглютинерлеуші сарысуының бір ерітуімен қойылады, оның титрына байланысты 1:10, 1:25, 1:50 және 1:100 қатынасын құрайды.Заттық шыныны карандашпен 2 бөлікке бөледі.Бір бөлікке бір тамшы натрий хлориді изотоникалық ерітіндісін, екіншісіне – бір тамшы сарысуды тамызады. Сосын ілгекпен әрбір тамшыға бактерия дақылының біраз мөлшерін қосып, әрбір тамшыда біркелкі масса түзілгенге дейін шеңберлі қозғалыспен араластырады. Шыныны спиртовка бетінде жоғары ұстап, 2-4 мин қыздыруға болады. Реакция тез жүреді. Тамшыда агглютинт дәндерінің пайда болуын бақылайды. Нәтижені 3-5 минуттан кейін шығарады.
- Пробиркада агглютинация реакциясы.
Алдымен сары сулардың ерітулерін дайындайды, олар титрына байланысты 1:50, 1:100 немесе 1:1000 құрайды. Сосын сары сулардың ерітулер сериясын қатардағы алдыңғы пробиркадан келесі пробиркаға 1 мл-ді тасымалдау арқылы жасайды. Соңғы пробиркадан 1 мл ерітілген сары суды бірдей көлемді сақтау үшін алып тастайды. Бақылау пробиркасына 1 мл натрий хлоридінің изотоникалық ертіндісін құяды. Сарысу ерітілген әрбір пробиркаға және бақылау пробиркасына пастер пипеткасымен 1 мл 3 млрд микроб денелері бар 2 тамшы бактерия массасын енгізеді. Пробиркаларды шайқап, термостатқа 2 сағатқа 37С қояды, сосын 1 тәулік бөлме температурасында сақтайды. Агглютинация реакциясының нәтижесін бақылау пробиркасынан бастап, ақырын шайқап, әрбір пробирканы кезекпен бағалайды.
Зерттеу әдістері:
- Микроскопиялық
- Микробиологиялық
- Биологиялық
- Серологиялық
- Аллергиялық
Микроскопиялық әдіс – науқастан алынған материялдардан қоздырғыштарды анықтау үшін қолданады. Бұл әдіс мынадай ауруларға диагностика жасау үшін пайдаланылады: соз, туберкулез, қарапайымдылар тудыратын аурулар, безгек, лейгимониоз, амебиоз, балантидиялар т.б. Микроскопиялық әдістің мүмкіндігі мол, әсіресе кейбір аурулардың қоздырғыштарын табу үшін, диагноз қоюда қоздырғыштар маңызды рөл атқарады. Алайда микроскопиялық әдіс мынадай ауруларға диагноз қою үшін тиімсіз: іш сүзегі және паратифтер, дизентерия себебі олардың қоздырғыштары морфологиялық қасиеттері жағынан ұқсас микроағзаларды айыру үшін оларды таза себінді де және индентификациялау қажет, бұл тек микробиологиялық әдіс арқылы жүзеге асады.
Микробиологиялық әдіс – зерттелген материалдармен, сонымен қатар таза себінді де қоздырғышты және оның идентификациясын анықтаумен ерекшеленеді. Морфология, әртүрлі түске бояу, жасанды ортада өсуі, ақуыз және көмірсулар ферменттеріне қарай қоздырғыштардың түрі мен құрылымын осы белгілеріне қарай анықтайды. Қорытынды бөлінген себіндіні микроағзалардың антигендік құрылымын және иммунологиялық әрекетіне қарай жасалады.
Биологиялық әдіс – аурудың қоздырғыштарын немесе оның токсиндерін зертханалық жануарларға жұқтыру арқылы аурудың сезімталдығын анықтайды. Қоздырғыштардың идентификациясын қоздырғыштарының түріне қарай бактериологиялық әдіс қолданады. Биологиялық әдісті қоздырғыштардың вируленттігін табу үшін де қолданылады.
Серологиялық әдіс – науқастың қанының сары суындағы ерекшелікті иммундық антиденені табу үшін инфекциялық ауруларды диагностикалау үшін қолданылады. Бұл үшін иммунологиялық әрекеттер қажет. Іш сүзегіне агглютинация әрекеттері, бруцеллезге Райт әрекеттері, мерез ауруының комплементтік (Вассерман әрекеттері т.б.)
Аллергиялық әдіс – теріге және тері ішіне аллергиялық тәсіл арқылы инфекциялық ауруларға диагноз қою үшін қолданылады. Инфекциялық ауруларға қарсы ағзаның жоғары сезімталдығын анықтау әдісі теріге немесе тері ішіне аллергенді енгізу арқылы бруцеллез, туляремия, токсоплазмаларға т.б. ауруларға диагноз қою үшін пайдаланылады. Инфекциялық ауруларға дұрыс диагноз қою үшін комплексті лабораториялық әдіс қолданылады: қоздырғышты өлу, науқастың қанындағы антиденені анықтау және бояу сезімталдығын анықтау.
Іріңді перикардиттің емі. Антибактериалды терапия, пункция кезінде іріңді сорып алып, перикард қуысына тиісті антибиотиктер енгізу. Перикардқа іріңді экссудат жиналуына байланысты 3-5 күнде пункцияны қайталау қажет. 3-4 пункциялардан кейін нәтиже болмаса, перикардты жергілікті жансыздандыру немесе наркоз беру арқылы тіліп ашып, санациялайды. Перикардиотомияны төстің семсер тәріздес өсіндісінің бойымен тіліп, диафрагма үстінен жасайды. Іріңді перикардит сырқатына шалдыққан науқастардың тағдырын болжау қиын, бұл науқастарда көбінесе, ауыр жүрек-тамыр жетіспеушілігі орын алады.
Сонымен қатар тромболизис жайлы қараңыз
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Тредмил тест
- Жүрек абляциясы
- Жүрек гистологиясы
- Жүрек аускультациясы. Жүрек тондары, шулары
- Жүрек перкуссиясы. Жүрек пішінін анықтау