Іріңді артрит

Іріңді артрит

Іріңді артрит (arthritis purulenta) – іріңдіктерді тудыратын микрофлора әсерінен пайда болатын буындағы қабыну процесі.

Этиология және патогенезі. Көбінесе бұл ауру стафилококтармен шақырылады, басқа микробтар (стрептококк, пневмококк, энтеробактериялар, гонококк т. б.) сирек кездеседі.

Жедел іріңді артрит біріншілік және екіншілік деп бөлінеді. Буынға инфекция тікелей жаралануда түссе, біріншілік артрит дамиды. Екіншілік артритте буынға инфекция қан арқылы, алыстағы іріңді ошақтардан түседі немесе айналасындағы қабынған тіндерден енуі мүмкін. Буындағы өзгерістер қабыну кезеңіне байланысты болып келеді (серозды, іріңді, фибринозды). Процесс шеміршекке, эпифизге тараса остеоартрит  дамиды. Қабынуда буынның синовиалды қабатында экссудация, гиперемия, ісіну, лейкоцитарлық инфильтрация орын алып, синовит дамиды. Қабыну процесі  тоқтамаса, буын капсуласының флегмонасы, параартикулярлы флегмона, бұлшықетаралық іріңдіктермен асқынады. Көбінесе ірі буындар қабынады – тізе (гонит), жамбас  (коксит), иық (омартит).

Іріңді артрит
Іріңді артрит кезіндегі пункция.
а) жамбас буынына; б) тізе буынына; в) балтыр – табан буынына; г) иық буынына.

Клиникалық көріністері. Қабынған буында қатты ауырсыну, қызару, қимылдың шектелуі, тіндердің инфильтрациясы анықталады. Буынның пішіні өзгеріп, флюктуация симптомы пайда болады. Науқастың жалпы жағдайының төмендеуі: дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, қалтырау, бас айналу мазалайды, анемия орын алады. Диагноз қоюда анамнезін сұрастырып, буынның зақымдалғанын анықтау қажет, егер де буын жарақаты болмаса онда гематогенді артрит болуы ықтимал. Қарап тексеруді сау буынмен салыстырмалы түрде жүргізеді, айырмашылықтарына көңіл аударады. Пальпацияда жергілікті гипертермия, флюктуация симптомы, буын қимылының шектелуі, ауырсынуы байқалады. Буында сұйықтық болса пункция жасалып, экссудатты микробиологиялық, бактериологиялық тәсілмен зерттейді. Қабынудың қоздырғыштары және олардың антибиотиктерге сезімталдығы анықталады. Қан анализдерінде лейкоцитоз, нейтрофиллез, диспротеинемия, ЭТЖ өсуі сияқты қабыну белгілері нақтыланады. Іріңді артритте рентгнограммада буын сүйектерінің арасындағы саңылауы кеңейіп, жілік эпифизінде остеопороз орын алады. Іріңді артриттің емі жергілікті және жалпы болып келеді: 1) буынға пункция жасап, антисептиктермен жуып, соңында антибиотик енгізу.

Буын тазарғанша күнделікті санация жүргізіледі. 2) буын иммобилизациясы; 3) физиотерапия (УЖЖ, ультракүлгін сәулесі, трипсинмен электрофорез); Қабыну басылғанда буынның функциясын қалпына келтіру үшін емдік гимнастика, массаж жасалады.

Жалпы ем – микробиологиялық, бактериологиялық зерттеу нәтижесіне сай антибиотиктер беру, иммундық терапия, қан, плазма, белоктық қан алмастырушы сұйықтықтар құю, дезинтоксикациялық терапия, ақуызға, витаминдерге бай тағамдармен тамақтандыру. Осы атап өткен комплексті ем нәтижесіз болған жағдайда артротомия операциясы жасалады. Буынды тіліп ашып іріңнен, фибриннен толық тазартып, ұзақ мерзімді, белсенді санация жүргізу үшін буын дренаждалады.

Іріңді артрит параартикулярлы флегмонамен асқынғанда іріңдікті тіліп ашып, дренаждау, санациялау. Іріңді артриттің алдын алу шараларға: буын жараларына дер кезінде мұқият біріншілік хирургиялық тазарту жүргізу, ортопедиялық операцияларда асептика заңдылықтарын бұлжытпай орындау, буын айналасындағы тіндердің іріңді процестерін дұрыс емдеу.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!