Хирургияның даму тарихы

Хирургияның даму тарихы

Кез келген ғылымның қазіргі замандағы жағдайын дұрыс бағалап, болашағын дұрыс болжау үшін оның тарихын жете білу керек.

Хирургияны медицинаның ежелден келе жатқан саласы деп есептеуге болады. Хирургия өз бастауын сонау алғашқы адам дәуірінен алады. Хирургия алғашқы – қауымдастық құрылымның матриархат дәуірінде пайда болған деген болжам бар. Аң аулау жарақат алумен қатар жүрген. Сондықтан, көмек көрсету, жарақаттарды, сынықтарды, шығуларды емдеу қажет болған. Мұндай көмек көрсету патриархат дәуірінде, яғни қауымдастықтың басында әйел емес, еркек тұрған кезде, адамдар аң аулаудан мал бағуға көшу кезінде де, жиі қажет болған. Тайпалық, рулық қатынастарға көшуге байланысты тайпалар мен рулар арасында қақтығыстар болып тұрған. Мұның өзі емдеуді қажет ететін жарақаттардың күрт өсуіне әкеп соқты.

Хирургияның даму тарихын классикалық спираль түрінде көз алдына елестетуге болады. Оның әрбір айналымы медицина ойшылдары мен дағдыгерлерінің маңызды жетістіктерімен байланысты.

Хирургияның даму тарихы негізінен 5 кезеңнен тұрады:

1)Эмпириялық кезең, ол біздің эрамызға дейінгі 6-7-ші мың жылдықтан бастап, 16-шы ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтыды, оған:

а) ежелгі дүние

б) орта ғасыр хирургиясы жатады.

  1. Анатомиялық кезең – XVI ғасырдың соңынан ХІХ ғасырдың соңына дейін.

III. Ұлы жаңалықтар ашылу кезеңі – XIX ғасырдың аяғынан XX ғасырдың басына дейін.

  1. Физиологиялық кезең – XX ғасыр хирургиясы
  2. Қазіргі заман (заманауи) хирургиясы(қалпына келтіру – қайта құрастыру хирургиясының кезеңі, жоғарғы технологиялар кезеңі, ағза сақтайтын операциялар кезеңі).

Эмпириялық кезең.

а) Иероглифтерді, манускриптерді, сақталған ежелгі Египет мумияларын зерттеу, жүргізілген қазба жұмыстары б.э.д. 6-7-ші мың жылдықтардағы хирургия жөнінде бірқатар мәліметтер берді.

Ежелгі адамдар қан тоқтатуды білген: ол үшін жарақатты қысуды, қысып байлауды пайдаланған, жараға ыстық май құйған, күл сепкен. Байлап-таңғыш зат есебінде мүк пен жапырақты пайдаланған.

Жансыздандыру үшін арнайы даярланған апиын мен кенепшөпті (конопляны) пайдаланған. Жарақат ішінде болатын бөгде денелерді алып тастап отырған. Осы кезеңдерде операциялар (ампутация, бас трепанациясы, кастрация, қуық тасын алып тастау) жасалғаны жөнінде деректер бар.

Бұл кезеңде танымал болғаны ежелгі үнділердің хирургия мектебі. Ежелгі үнді дәрігерлері 120-дан астам хирургиялық аспаптар қолданған. Мұның өзі оларға күрделі операциялар жасауға; атап айтқанда, кесар тілігі операциясын жасауға мүмкіндік берді. Ежелгі Үндістанда пластикалық операциялар, оның ішінде «үнді ринопластикасы», кеңінен белгілі болды.

Ұрлық немесе басқа да қылмыстары үшін ежелгі Үндістанда құлдардың мұрнын кесу жазасы қолданылған. Кейін осы ақауларды жою үшін үнді

дәрігерлері маңдай терісінен алынатын жамауды пайдаланған. Пластиканың бұл тәсілі хирургияға берік орнығып, осы күнге дейін қолданылып келеді.

Ежелгі хирургия тарихын көз жүгірткенде, алғашқы атақты дәрігер Гипократтың есімін айтпасқа болмайды (б.э.д. 460-377жж). 2000 жылдан астам уақыт өтсе де, медицина оның алдында көп қарыздар. Оның айтып кеткен дәрігерлік өнердің негізгі принциптері осы күнге дейін мәнін жойған жоқ: «Дәрігер әрқашанда науқастың мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы тиіс. Медицинаның басты мақсаты – науқасты іс жүзінде емдеу, сондықтан бұл өнерге тек науқастың жанында ғана үйренуге болады. Тәжірибе – дәрігердің шынайы мұғалімі».

Кейін клиникалық медицинаның даму тарихымен дәлелденген, қандай данышпандық тұжырымы! Осы ауыр да, тамаша мамандыққа өзін арнаған адамдар Гиппократ антын текке бола қабылдамайды.

Гиппократ жарақаттарды іріңді процестермен асқынған және іріңсіз жазылған жарақаттар деп бөлген. Іріңді асқынудың себебі ауадан деп есептеген. Байлап-таңу кезінде тазалық сақтауды ұсынған және жарақатты тазартуға қайнатылған жаңбыр суын, шарапты пайдаланған. Сынықтарды емдеуге Гиппократ арнайы шиналарды, созуды, гимнастиканы қолданған. Йық шыққан кездегі Гиппократ әдісі осы күнде де қолданылады. Қан тоқтату үшін ол аяқ-қолды жоғары ұстауды ұсынған, б.э.д. плевра қуысына дренаж қойған. Гиппократ хирургияның әртүрлі аспекттері жөнінде ғылыми еңбектер жазып қалдырған. Гиппократтың бұл еңбектерін ізбасарлары оқулық ретінде пайдаланған.

Гиппократтың Ежелгі Римдегі танымал ізбасарлары Корнелий Цельс (б.э.д. 30ж. —б.э. 38ж.) пен Клавдий Гален (б.э. 130 – 210жж.).

К. Цельс өз заманының көрнекті өкілі болды. Ол хирургияның сол кезде белгілі болған барлық тараулары кірген хирургиялық трактат (энциклопедия) жазып шығарған. Оның ішінде сол кезде кең тараған операцияларды (трепанация, ампутация, литотомия, сынықтар мен шығуларды емдеу, қан тоқтату тәсілдері) сипаттап жазған. Дегенмен, оның еңбектерінің ішінде екі жетістігі жоғары бағаланады.

  1. Цельс алғаш рет тіндерге, оның ішінде қанап тұрған тіндерге жіп – байлама (лигатура) салуды ұсынды.
  2. Цельс бірінші болып қабынудың классикалық белгілерін сипаттап жазды: қызу, ауыру, ісіну, қызару, қызметінің бұзылуы. Бұларсыз қабыну процестерін зерттеу, хирургиялық дерттерді анықтау мүмкін емес болатын.

Энциклопедиядағы Цельс хирургтің жеке басының қасиеттерін сипаттайтын тарауы өте қызықты. Қойылатын басқа да талаптарды айта келіп, ол хирург жас, немесе жасамыс болуы, оның қолы сенімді де қатты болуы, оң, сол қолымен бірдей жұмыс жасауы, көзі өткір, ержүрек, аяушылықсыз болуын талап етеді. Аяушылық сезімі болмау керек деген тұжырым операциялар наркозсыз жасалатын болғандықтан, операция

кезіндегі науқастың өтініші хирургтің шешіміне, операцияны сәтті аяқтауына кедергі келтіруі мүмкін деген түсініктен туған.

Біздің эрамыздың екінші ғасырында өз заманының ұлы ойшылы Гален өмір сүрді. Ол хирургиямен аз айналысты, ішкі медицинаға көп көңіл бөлді. Ол кезде ғылымның дамуына сол кездегі философиялық көзқарастар елеулі әсерін тигізіп отырған. Галеннің өзінде Аристотель мен Платонның ықпалымен идеалистік философиялық көзқарас қалыптасқан. Сондықтан Гален хирургия тарихында жаңа бет аша алмады. Дегенмен, ол анатомия мен физиологиядан көп материал жинап, зерттеудің эксперименттік әдісін енгізді. Гален қоянжырықты операциямен емдеу әдісін үсынды және қан тоқтату үшін қанап тұрған тамырды бұрау әдісін уағыздады.

Рим империясы құлаған соң, хирургиялық ойдың Шығысқа ауысуы басталады. Шығыс медицинасының көрнекті өкілі Ибн-Сина (Авиценна) болып саналады. Ұлты – тәжік. Ол табиғаттанудан, медицинадан, философиядан білімі бар ғалым-энциклопедист болған. Ол артында өшпес мұра қалдырған. Оның «Дәрігерлік өнердің канондары» деген бес томдық еңбегін дәрігерлер үстелдік кітап ретінде XII ғасырға дейін пайдаланған. Авиценна хирургиямен айналысқан, шыққан сүйектерді салған, гипстеуді қолданған, жұмсақ қуық катетерін пайдалануды ұсынған.

Орта ғасырлар хирургиясы

Орта ғасырларда хирургияның дамуы едәуір баяулады. Бұл баяулау Еуропада көбірек байқалды. Шіркеудің билігінің белең алуы ғылыми зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік бермеді: «қан кетумен» байланысты операциялар мен мәйіттерді ашып зерттеуге тыйым салынды. Еуропаның көптеген университеттерінде медицина факультеттері ашылғанмен, ресми медицина ғылымына хирургия кірістірілмеді.

Дағдыланушы дәрігерлерге қарағанда хирургтерге қойылатын талап деңгейі төмен болды және оларды дайындау мерзімі анағүрлым қысқа болды. Хирургтер қолөнершілер, шеберлер, шаштараздар арасында қалыптасып, өздерінің толыққанды дәрігер екенін дәлелдеу үшін ұзақ жылдар бойы еңбек етуге тура келді.

Әскери дәрігерлер көп қажет болған прус армиясында оларды фельдшер деп атаған және бұл атау қазіргі кезге дейін сақталып отыр. Бұл сөз «далалық шаштараз» дегенді білдіреді. Негізгі хирургиялық жұмыстан басқа бұл мамандардың міндетіне офицерлер мен солдаттарды қырындыру кірген.

Осындай шаштараздар ортасынан атақты Амбруаз Паренің шыққанын атап айтқан жөн (1517-1590). Француздар армиясының әскери хирургы Амбруаз Паре жарақаттарды емдеу ісін жетілдірумен шұғылданды. Атап айтқанда, жарақатқа ыстық май құюға қарсы болып, қан тоқтатқыш қысқыш пайдалануды ұсынды. А. Паре ампутация техникасын жетілдіріп, жаңа акушерлік манипуляция – баланы аяғынан ұстап бұруды – енгізді. Әйтседе,

А. Паренің қызметіндегі басты бағыты атылған жарақаттарын зерттеу болды. Ол бул жарақаттардың уланбағандығын, соғылған жарақаттың бір түрі екенін дәлелдеді. Хирургияның әрі қарай дамуына үлес қосқан маңызды нәрсе – А. Паренің, бірінші ғасырда К.Цельс ұсынып, кейін ұмытылып кеткен, қан тамырларын байлауды қайта ұсынуы болды.

Анатомиялық кезең (XVI ғасырдың соңынан XIX ғасырдың соңына дейін)

Адам денесінің құрылысын зерттеген көрнекті анатом – зерттеуші Андреас Везалий (1515-1564) болды. 1563 жылы А. Везалий адам және жануарлар мүрделерін зерттеулер қорытындысын мазмұндаған «Бе согрогіз һитапі ІаЪгіса» деген кітабын жазды. Өзінің бұл кітабында ол адам денесінің құрылысын жаңаша тұрғыдан көрсетті. Оның бұл мәліметтері сол кезде ресми жалпылама қабылданған орта ғасырлық медицина қағидаларына және шіркеу заңдарына қайшы келді. Осы прогрессивтік еңбегі үшін ол Падуан университетінен қуылып, құдай алдындағы күнәсін жуу үшін Палестинаға жіберілді. Осы жолда А. Везалий қайғылы қазаға ұшырады.

Қайта өрлеу дәуіріндегі медицина дамуының ең бір елеулі жаңалығы 1628 Уильям Гарвей (1578-1564) ашқан қан айналысының заңдылықтары болды. Уильям Гарвей Везалий зерттеулеріне сүйене отырып, жүректің ерекше насос, ал қан тамырлары – артериялар мен веналар – біртүтас тамырлар жүйесі екенін көрсетті. Ол алғаш рет үлкен және кіші қан айналу шеңберін бөліп, Гален заманынан келе жатқан өкпе тамырларында ауа айналады деген ұғымды жоққа шығарды. Гарвейдің бұл жаңалығынан соң физиология тез дами бастады, әрі қарай тіндердегі ұсақ құрылымдарды зерттеу қажеттілілігі туды.

Осы орайда А. Левенгуктың (632-1723) қазіргі микроскоптың бастамасы, 270 есе үлкейтетін туындысын атап өткен жөн. Микроскоптың көмегімен М. Мальпиги (1628-1694) капиллярлық қан айналысын сипаттап, 1663 жылы қан түйіршіктерін ашты.

XVII ғасырдың маңызды жаңалығы 1667 жылы Жан Денидің адамға бірінші рет қан құюы болды.

Барлық аталған жаңалықтар хирургияның дамуын жеделдетіп, соңғысы хирургтерді дайындау ісінде қайта құрудың және олардың маман ретіндегі жағдайын өзгертудің қажеттігін көрсетті.

1731 жылы Парижде Францияның хирургиялық академиясы ашылып, ұзақ жылдар бойы хирургиялық ойдың орталығы болды.

Осының артынан Англияда хирургиялық госпитальдер мен хирургтерді дайындауға арналған медициналық мектептер ашылды.

Бұған сол кезде Еуропада басталған көп соғыстар әсерін тигізді. Топографиялық анатомияға негізделген операция техникалары шыңдалып, жасалған операциялардың саны мен көлемі өсті. Дегенмен, оперативтік

техника жедел дамығанмен, олардың нәтижелерінде елеулі өзгерістер болмады.

Бұл орайда Н.И. Пирогов былай деп жазды: «Қазір ғылымның тағдыры оперативтік хирургияның уысынан шығып кетті… Операцияның оң нәтиже беруі хирургтің шеберлігіне ғана емес, сонымен қатар науқастың бақытына да байланысты».

Бұл кезеңде хирургияның дамуына 3 мәселе бөгет болды:

  1. Хирургтердің операция кезінде жараға түсетін инфекцияның алдын – алудағы шарасыздығы, инфекциямен күресудің жолдарын білмеуі.
  2. Операциялық шоктың қаупін мейлінше азайтатын жансыздандыру тәсілдерінің болмауы.
  3. Қан тоқтату мен оны толықтырудың тиімді әдістерінің жоқтығы.

Бұл 3 мәселе XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында толық шешімін тапты.

XIX аяғы – XX ғасырдың басындағы ұлы жаңалықтар ашылу кезеңі.

Бұл кезеңде хирургияның дамуы 3 іргелі жетістіктермен байланысты болды:

  1. Хирургиялық практикаға антисептика мен асептиканың енуі;
  2. Жансыздандыру тәсілдерінің ашылуы;
  3. Қан топтарының ашылып, қан құю мүмкіндігінің пайда болуы.

Асептика мен антисептика ашылуы

Сол замандағы хирургтер үшін ең қорқыныштысы операциядан кейінгі инфекциялық асқынуларға қарсы шараның болмауы еді. Айтатын болсақ, виртуоз хирург Н.И. Пирогов 1850-1852 жылдарда операция жасаған 400 науқастың 159-ы инфекциялық асқынулардан опат болған. Сол 1850 жылы Парижде жасалған 560 операциядан кейін 300 науқас қаза болыпты.

Сол кездегі хирургияның жағдайын орыстың ұлы хирургі Н.А. Вельяминов дәл сипаттаған. Мәскеудегі ірі клиникалардың бірінде алған әсерін кейін ол былай деп жазды: «Мен тамаша жасалған операцияны да және … «өлім» патшалығын да көрдім. Осы аталған жағдайлар асептика мен антисептиканың пайда болуына септігін тигізді. Бұл ілім тақыр жерде пайда болған жоқ, оның дүниеге келуіне бірқатар оқиғалар себепші болды.

Асептика мен антисептиканың өзіндік тарихы мен даму кезеңдері бар. Даму тарихы 5 кезеңнен тұрады (толығырақ практикалық сабақ кезінде антисептика және асептика тақырыбын өткен кезде баяндалады).

  1. Эмпириялық кезең (ғылымға негізделмеген жекелеген әдістерді қолдану кезеңі)
  2. Листерге дейінгі кезең.
  3. Листердің антисептикасы.
  4. Асептиканың пайда болуы.
  5. Заманауи асептика мен антисептика.

Антисептиканың негізін қалаушы ағылшын хирургі Джозеф Листер (1822 – 1912). 1867 жылы Д. Листер француз химигі Луи Пастердің (1822 – 1895 жж.) ашу мен шіру процестерінің себептері жөнінде ашқан жаңалықтарына сүйене отырып, шіру процестеріне қарсы карбол қышқылын пайдалануды ұсынды.

Микробиологияның сол кездегі табыстары, Л. Пастер мен Р. Кохтың еңбектері хирургиялық инфекцияның алдын – алуға бағытталған шаралардың негізін қалайтын бірқатар принципті қағидаларды алға тартты. Олардың ішінде ең бастысы хирургтің қолы мен жарақатпен жанасатын құралдардың бактериялармен ластануын болдырмау.

Осылайша, хирургияға хирургтің қолын өңдеу, аспаптар, байлап-таңу материалдарын, жаймаларды залалсыздандыру енді.

Асептиканың негізін қалаушы Э. Бергман болды. 1890 жылы Берлинде өткен хирургтердің Х Конгресінде асептиканың негізгі принциптері жалпылама қолдау тапты. Осы Конгресте Э. Бергман Листер антисептикасын қолданбай, асептикалық жағдайда операция жасалған науқастарды демонстрация жасаған. Осы Конгресте «жарақатпен жанасатын барлық заттар залалсыздандырылуы тиіс» деген асептиканың негізгі постулаты ресми түрде қабылданды.

Жансыздандыру тәсілдерінің ашылуы

Медицинаның дамуының алғашқы қадамынан бастап хирургия және ауырсыну қапталдасып жүрді. Орта ғасырларда католиктік шіркеу ауырсынуды құдайдың күнә жуу үшін жіберген жазасы деп қарап, ауырсынуды басу туралы ойдың өзін құдайға қарсы әрекет деп қабылдамады. ХІХ ғасырдың ортасы мен аяғында анестезиология ғылымының жедел дамуына септігін тигізген бірқатар бетбұрыс оқиғалар болды.

1800 жылы Деви азоттың шала тотығының ерекше әсері барын анықтап, оны «көңілдендіргіш газ» деп атады. 1818-ші жылы М. Фарадей эфирдің есірткіш, сезімталдықты басатын әсері барын анықтады. Дэви мен Фарадей аталған газдардың хирургиялық операциялар кезіндегі аусырсынуды басуға пайдалануға болатынын болжап айтып кеткен.

1844 жылы тіс дәрігері Г.Уэллс азоттың шала тотығын ауырсынуды басу үшін пайдаланды және пациент оның өзі болды. Анестезиологияның пионерінің кейінгі тағдыры қайғылы болды. Бостонда Г. Уэллс азоттың шала тотығымен жансыздандыруды көпшілікке жария ету кезінде, сәтсіздікке ұшырады. Уэллс әріптестерінің мазағына шыдамай, 33 жасында өзіне қол жұмсап қаза болды.

1846 жылы американ химигі Джексон мен тіс дәрігері Мортон эфирдің буымен дем алғанда адам есін жоғалтып, ауырсыну сезімінен айырылатындығын көрсетіп, оны тіс жұлуға пайдалануды ұсынды.

1846 жылы 16 қазанда Гарвард университетінің профессоры Джон Уоррен 20 жасар Джильберт Эббот деген науқастың төменгі жақ асты аймағындағы ісікті наркозбен сылып тастаған. Науқасқа наркозды тіс дәрігері Уильям Мортон берген.

Аталған дата анестезиологияның туылған күні болып саналып, жыл сайын 16 қараша анестезиология күні ретінде атап өтіледі (анестезиологияның даму тарихы мен оның қазіргі кезеңдегі ахуалын анестезиологиядан лекция оқыған кезде толығырақ қарастырамыз).

Қан тобы мен қан құюдың ашылуы

Адамзат өзінің өмірінде қанның атқаратын маңызын ерте заманнан бағалаған және оны ем ретінде қолдану туралы ой біздің эрамыздан көп ерте пайда болған.

Ертеде қанды адамның өмірлік күшінің көзі санаған және оны көптеген дерттерге ем ретінде пайдалануға тырысқан. Көп мөлшерде қан жоғалтудың өлімнің негізгі себебі екені соғыстар мен табиғат апаттары кезінде дәлелденді.

Қан құюдың тарихында 3 негізгі кезең бар:

  • эмпириялық
  • анатомды – физилогиялық
  • ғылыми

Қан құюдың даму кезеңдеріндегі негізгі табыстар ретінде 3 жаңалықты айтуға болады:

  1. Гарвейдің 1862 жылы қан айналу заңдылықтарын ашуы
  2. Вена бактериологы Карл Ландштейнердің 1901 жылы 3 қан тобын және 1907 жылы чех ғалымы Янскийдің 4-ші қан тобын ашуы.
  3. 1910 жылы В.А. Юрьевич пен Розенгардтың – кальций иондарын байланыстыру арқылы қанның ұюына кедергі келтіретін қан стабилизаторы лимон қышқылды натрийді ашуы.

Қан құю ісінің дамуында К. Ландштейнер мен А. Винердің 1940 жылы резус-факторды ашуы баға жетпес жаңалық болды.

Физиологиялық кезең

Анатомиялық кезең өз кезегінде хирургиялық техниканың жетілуіне мүмкіндік жасады. Жансыздандыру тәсілдерінің, шокқа қарсы емнің, гомеостазды реттеудің мүмкіндігінің жоқтығына байланысты хирургтерге неғүрлым шапшаң жұмыс істеуге тура келді. Операцияның негізгі мақсаты патологиялық ошақты тез жою болды. Бұл кезде операция жасалған ағзаның физиологиясын қалпына келтіруді, яғни операцияның функциялық зардаптары жөнінде ойлауға мұрша болмады.

Антисептика мен асептиканың, анестезиологияның және қан құю туралы ілімнің пайда болуы, хирургияның жоғары да сапалы деңгейге көтерілуіне әкелген 3 көрнекті жаңалықтар болды.

Инфекция, шок сияқты асқынулардан жасқанбай, жоғалтқан қанның орнын толтыру мүмкіншілігін иелене отырып, хирургтер организмнің ішіне (қуысына) енуге, ұзақ операция жасауға, патологиялық процестердің табиғатын анықтап, әртүрлі ағзалар мен жүйелердің бұзылған функцияларын қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Осының нәтижесінде қауіпті асқынулар саны едәуір азайды. Хирургияның физиологиялық кезеңі туды.

Бұл кезеңде Б. Лангенбек, Ф. Тренделенбург және А. Бир сияқты неміс хирургтері өмір сүріп, жемісті еңбек етті. Т. Кохер, Ц. Ру сияқты швейцар хирургтерінің есімдері хирургия тарихында мәңгілік қалады. Кохер қан тоқтатқыш қысқышты ұсынды, қалқанша безге жасалатын операцияның техникасын өңдеп шығарды. Ру ішекке жасалатын бірсыпыра операцияларды, өңешті аш ішекпен алмастыру техникасын, шап жарығының пластикасын өңдеп шығарды.

Француз хирургтері қан тамыр хирургиясында озық болды. Р. Лериш аорта мен ірі қан тамырларының облитерациялық дерттерін зерттеумен айналысты.

А. Каррель 1912 жылы тамыр тігісін ойлап тапқаны үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

АҚШ-та хирургия басынан ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен тығыз байланыста болды. Сол себепті американдық хирургтер кардиохирургия, заманауи қантамыр хирургиясы, трансплантология сияқты салалардың бастауында болды. Американ хирургтерінің ірі мектебінің негізін қалаушы У. Мейо (1819-1911) болды. Оның ұлдары, ағайынды Мейолар, әлемдегі ірі Хирургиялық Орталық құрды.

Қазіргі заман хирургиясы саналатын, ХХІ ғасырдың басының хирургиясының ахуалына шолу жасау алдында, Ресей хирургиясына тоқталмау әрине, әділетсіздік болады.

Тарихи деректерге сүйенсек, медицина ісінің дамуы Ресейде VIII ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басынан басталады. Медицина халықтық немесе шіркеу -монастырьлық сипатта болды.

Ресейде хирургияның дамуы 2 кезеңге бөлінеді: 1-ші кезең – Ресейде хирургияны оқыта бастағаннан Пироговқа дейін, 2-ші кезең Пироговтан басталады. Кейбір хирургия тарихшылары Пироговқа дейін Ресейде хирургия болмады, болса да батыс хирургиясына еліктеуші, соның көшірмесі болды деп жүр.

Дегенмен, құжаттарды мұқият зерттегенде Пироговтың тақыр жерде пайда болып, өсіп шықпағаны анықталып отыр. Оған дейін де Ресейде И.Ф. Буш, И.В. Буяльский, Х.Х. Соломон, П.Н. Савенко, М.И. Шеин және т.б. сияқты тамаша хирургтер мен дәрігерлер болған. В.А. Оппель Пирогвқа дейінгілердің қатарына К.И. Щепин, И.А. Полетин, П.И. Подгорецкийді жатқызады.

К.И. Щепин -көрнекті хирург— Ресей хирургиясының алғашқы оқытушысы. Ол білімінің молдығымен ерекшеленген. К.И. Щепин өз ісіне шынайы берілген адам болған. оз көзқарастырының дүрыстығын тексеру үшін әркез ұрыс даласына ұмытылып отырған. Ол анатомия мен хирургияның бірінші талантты профессоры.

Дегенмен, орыс хирургиясының Пироговқа дейін және Пироговтан кейін деп бекерге бөлмейді. Пирогов хирургиядағы ұлы тұлға, данышпан. Оның данышпандығы тек отандық хирургия ғана емес, әлемдік хирургияға да жол ашты. Медицинада Пироговпен жаңа дәуір ашқан Листер ғана теңдесе алады.

Пироговтың Листерге дейін миазмалар мен ферменттер туралы айтып, табиғатта бактериялардың бар екенін анық болжап кеткен. Тек «микроб» деген терминнің қолданылмағандығынан ғана Пироговқа оларды ашу мәртебесі берілмеген. Пирогов тек орыс хирургиясы ғана емес, әлемдік хирургияның қорына да бағалы идеялар мен қағидалар енгізген.

Оның еңбектері мыналар:

  1. Артериалдық діңгектер мен фасциялар анатомиясы.
  2. Адам денесінің қолданбалы анатомиясының толық курсы (1843 – 1844).
  3. 4 бөлімнен тұратын топографиялық анатомия (атлас).
  4. Әскери-дала хирургиясының бастамалары – әлем ғылымының жетістіктерінің бірі болып саналады.

Топографиялық анатомия бұл саладағы түпкілікті еңбек болып саналады, әлемдік әдебиетте оған тең келетін еңбек жоқ.

Пирогов алғашқы болып жұмсақ тіндермен байланыстағы сүйек сынықтарының бітіп кететінін дәлелдеп, хирургияға жаңа бағыт – сүйек пластикасын енгізді. Бұл бағыттың бастамасын ол өзінің қазіргі кезеңге дейін қолданылып жүрген сүйекті -пластикалық ампутациясымен салып кеткен.

Пироговтың тағы да бір сіңірген ірі еңбегінің бірі – эфирмен наркоз беруді уағыздау және оны әскери-далалық жағдайда қолдану. Қазіргі кезеңде кең қолданылып жүрген наркоздың барлық түрлері: көктамырішілік, ингаляциялық, тік ішек, асқазан-ішек ішілік, субдуральдік егу сияқты қай түрі болмасын өзінің басын сонау Пироговтан алады.

Әскери-далалық хирург, әскери медицинаның ұйымдастырушысы ретінде ол жалпыға танымал, әлемдік маңызы бар тұлға. Пирогов ұсынған ұрыс даласында жаралыларды сұрыптау және оларды тиісті бағытта тасымалдау дүние жүзінің барлық армияларында әлі күнге дейін қолданылады.

Сыныққа гипсті таңғыш салу да осы ұлы ойшыл Пироговтың туындысы.

Пирогов бірінші рет жаралылардың күтіміне медбикелерді қатыстырды. Крест қозғалысы дружинасы жалпыға белгілі және осы үлгі

бойынша, әйелдердің медбикелік көмегін тек Ресейде ғана емес, Батыста да пайдалана бастады. Бұл келтірілген мысалдар, Пироговтың ашқан жаңалықтары мен жаңашылдық еңбектерінің бірсыпырасы ғана. Бір дәрісте жан-жақты педагогикалық, дәрігерлік, ғылыми және ұйымдастырушылық қызметтерін толығынан келтіру мүмкін емес, ол тек монографиялық еңбекке ғана сыйымды дүние.

Пироговтың аталған еңбектерін қай жағынан алсақ та, пайдалы, ғылымға үлес қосатын соны жаңалықтарға толы. Айталық, госпитальдік клиникаларды ұйымдастыру – таза Пироговтың еңбегі.

Індеттер мен жұқпалы дерттердің алдын – алу – ол да Пироговтің ойшылдығының нәтижесі. Ол хирургияда топографиялық анатомияны оқытуды енгізді.

Ресейде капиталистік қатынастардың даму кезеңіндегі Пироговтің ісін жалғастырушы хирургтер деп Н.И. Склифосовскийді, П.И. Дьяконовты, И.К. Спижарныйды, А.А. Бобровты, И.И. Насиловты, Н.А. Вельяминовты және т.б. атауға болады.

Осы орайда, бұрынғы Кеңес Одағының көрнекті хирургтері: А.В. Вишневский, Н.Н. Бурденко, П.А. Куприянов, Б.В. Петровский, П.А. Герцен, С.С. Юдин, Т.П. Краснобаев, Н.М. Амосов және басқаларды айтпай кетуге болмайды.

Қазіргі заман хирургиясы

Қолданбалы медицинаның табыстары, жалпы клиникалық пәндердің интеграциясы, анестезиология мен реаниматология жетістіктері, көптеген хирургиялық дерттердің патогенезін зерттеудегі қол жеткен табыстар қазіргі кезде консервативтік, «ағза сақтауыш» деп аталатын операциялардан бастап, аса түбегейлі операцияларға дейін жасауға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі заман хирургиясының негізгі бағыты – дерттің патогенезіне негізделген ағза сақтауыш операция мен көрсеткішіне сәйкестелген – қалпына келтіруші-қайта құрастырушы, құрама, кеңейтілген немесе симультандық операциялар.

Дегенмен, соңғы кездегі хирургиядағы прогресті анатомо – физиологиялық түсініктердің өзгеруі, дамуы немесе хирургтердің қол шеберлігінің артуының нәтижесі деп емес, ең алдымен техникалық жабдықталу дәрежесінің жақсаруының, қуатты фармакологиялық қолдаудың нәтижесі деп түсінген дұрыс. Сондықтан, хирургияның дамуының ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ басындағы кезеңін технологиялық кезең деп те атауға болады.

Қазіргі заман хирургиясының таңдаулы жетістіктері қандай?

  1. Транспланталогия
  2. Кардиохирургия
  3. Қан тамыр хирургиясы және микрохирургия
  4. Эндовидеохирургия және басқа аз инвазивті хирургия

Қазақстан хирургиясының тарихы

Көптеген ғасырлар бойы жергілікті қазақ жұртшылығының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Үлкен елсіз кеңістік оларға жыл бойы малмен бірге бір жайылымнан бір жайылымға көшіп жүруге мүмкіншілік берді. Қазақтар жер өңдеумен айналысқан жоқ деуге болады. Тек қана оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ғана, суарылатын жерлерде, өзен жағалауларында егіндік егілді.

Отырықшылықтың болмауы, бірыңғай көшпелі өмір медициналық мекемелерді жасақтауға, тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетуге кедергі келтіріп отырды. Сондықтан, науқастардың тағдыры бақсы-балгерлер, сиқыршылардың, тәуіптердің қолында болды.

Емшілік кәсіппен әдетте бақсылар, қожалар айналысқан және олар өнерлерін ұрпақтарына, оның ішінде тек ерлерге ғана беріп отырған.

Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік – шығыс аймақтарында емшілікпен айналысатын адамдарды тәбиб деп атаған. Олар орта азия халықтарының (тәжік, өзбек, қырғыз, түркімен) халықтық медицинасынан хабардар болған. Табибтердің бақсылардан айырмашылығы – олар дәрі – дәрмектерді, оның ішінде өсімдіктерден алынатын дәрілерді, жетік білген, мистикалық айлаларды пайдаланбайтын болған. Қазақтардың арасында арбаушы дейтіндер де болған. Олар дуалаумен, жылан, қарақұрт, сарышаян шаққандарды емдеумен айналысқан. Кейде емшілікпен әйелдер де айналысқан.

Әдетте, дерттің себебі белгісіз болған жағдайда (психикалық жүйкелік дерттер, безгек, босану патологиясы), оларды ашулы аруақтардың ісінің салдары деп қараған. Сондықтан, осындай науқастарды емдегенде әртүрлі магиялық әдістер қолданған: қарғау, құран оқу, аластау және т.б.

Хирургияның кейбір элементтері сынықшылардың әрекеттерінде орын алды. Олар жаңа шыққан сүйектерді салды, ашық, жабық сынықтарды емдеумен айналысты, иммобилизация мақсатында қарапайым әдістерді: шуданы, жіптерді, белбеулерді, ағаш қалқандарды қолданған.

Негізі, қазақ халқына медициналық көмек көрсету XVIII ғасырдың 30- шы жылдарынан Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін басталды.

Осы кезеңнен бастап әскери бөлімдерде, жер аудару басқармаларында жүмыс жасап, азаматтық жұртшылыққа қызмет көрсеткен орыс дәрігерлері, жергілікті қазақ халқының өмірі мен тұрмысын, аурушаңдығын зерттеп, ғылыми медицина идеяларын насихаттаумен және оны таратумен айналысты.

Көрсетілетін медициналық көмек жалпы терапиялық сипатта болды және бұл жағдай революциядан кейін де сақталып отырды. Бөлек хирургиялық бөлімшелер болған жоқ. Хирургиялық науқастар терапиялық аурулармен, жұқпалы дертті науқастармен бір бөлмеде болды.

Дербес хирургиялық бөлімшелер кейбір қалаларда ғана ашылды (Оралда -1920 ж., Семейде – 1922ж., Петропавловскіде, Фотр-Александровскіде -қазіргі Форт-Шевченкода).

Мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде хирургиялық көмектің пайда болуы, Қазақстанды әкімшілік-территориялық бөлудің және аудандастырудың аяқталуымен байланысты болды. Ірі өндіріс орындарының пайда болуы, олардың жұмысшыларына қызмет ететін медициналық орталықтардың дамуына әсерін тигізіп отырды.

Әйтседе, ғылыми медицинаның пайда болуы, оның әрі қарай дамуы, 1931 жылы Қазақстандағы бірінші жоғарғы оқу орны – Алматы дәрігерлік институтының ашылуымен сабақтасты. Аталмыш оқу орны 20 жыл бойы медицина қызметкерлерін, оның ішінде хирургтер даярлайтын бірден-бір оқу орны болды. Кейінірек, Қарағандыда (1950ж.), Семейде (1953ж.), Ақтөбеде (1957ж.), Целиноградта (1964ж.), Шымкентте (1971ж.) медицина институттары ашылды.

Алматы медицина институтының хирургиялық кафедраларының республикаға хирург мамандар дайындаудағы ролі зор болды.

1934 жылы жалпы хирургия кафедрасы ұйымдастырылып, оны 1963 жылға дейін А.Н. Сызганов басқарды. Ол тәжірибелі де дарынды хирург – клиницист болатын. Клиникадағы жұмысты, ғылымның соңғы жетістіктерін, өзінің ұсынған тиімді емдеу әдістерін пайдалана отырып, шебер ұйымдастыра білді.

А.Н. Сызгановтың хирургиялық қызметінің ауқымы кең болатын. Іш қуысы ағзаларының хирургиясымен қатар ол кеуде хирургиясымен де (өкпе, жүрек) айналысты. 1958 жылы Қазақ ССР-ы денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық және экспериментальдық медицина институтында Қазақстанда бірінші рет жүрекке операция – жүректің митралдық стенозына байланысты – саусақпен коммисуротомия жасады.

Ол алғашқылардың бірі болып, коллатеральдік лимфа айналысы туралы заманауи ілімді жасақтады, қан құю мәселелеріне көп көңіл бөлді. Республикалық қан құю бекетін құрды.

1935 жылдан бастап Қазақстандағы эндемиялық жемсау ауруын зерттеді. Ауыл шаруашылық, өндірістік травматизм мәселелеріне ден қойып айналысты.

А.Н. Сызганов 1945 жылы Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының тапсыруымен, өзі соның көп жыл бойы директоры болған, клиникалық және эксперименталдық хирургия институтын қүрды.

А.Н. Сызгановтың ізбасарлары К.Г. Чуваков, А.Б. Райз, М.И. Брякин болды.

А.Н. Сызгановтың оқушысы профессор К.Г. Чуваков Алматы медицина институтының жалпы хирургия кафедрасына 1963 жылға дейін жетекшілік етті. Қазақ ССР-ының клиникалық және эксперименталдық хирургия институтының директорының ғылым жөніндегі орынбасары, Семей медицина институтының ректоры болып қызмет етті. Қазақ ССР-ының еңбегі сіңген ғылым қайраткері.

Профессор К.Г. Чуваков көп жылдар бойы Қазақ ССР-ының денсаулық сақату министрлігінің Ғылыми кеңесінің төрағасы болды. 5 медицина институтында, дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында және тоғыз ғылыми-зерттеу институттарында орындалған ғылыми жұмыстарды үйлестіру ісіне көп еңбек сіңірді.

А.Б. Райз 1951 жылдан бастап Алматы медицина. институтының факультеттік хирургия кафедрасын басқарды. Кафедра ұжымы жедел аппендицит, асқазан мен ұлтабардың жара ауруының, асқазан, өңеш рагінің, кеуде хирургиясының, қан тамырлары пластикасының, өндірістік жарақаттардың мәселелерімен айналысты. А.Б. Райздың жетекшілігімен 3 ғылым докторы, 40-қа жуық ғылым кандидаты даярланды.

М.И. Брякин 1940 жылдан госпитальдік хирургия кафедрасына жетекшілік етті. Аталмыш кафедра жедел аппендициттің, асқазан мен ұлтабардың жара ауруының, кеуде хирургиясының, травматологияның, күйіктердің, өңеш пен кардия рагінің, бауыр циррозының, тік ішек, ұйқы безі хирургиясының, мезентериалдық тромбоздың, шоктың өзекті мәселелерімен айналысты.

М.И. Брякин «Ваготомия экспериментте және клиникада» деген монографияның авторы.

М.И. Брякиннен ертерек, 1935 жылдан 1956 жылға дейін госпитальдік хирургия кафедрасының меңгерушісі болып профессор В.В. Зикеев еңбек еткен. Оның тұсында кафедра балалар, бет – жақ хирургиясымен, нейрохирургиямен шұғылданды.

А.Б. Райздің алдында 1934 жылы ұйымдастырылған факультеттік хирургия кафедрасының меңгерушісі профессор И.С. Баккал болды. Бұл қызметте ол 1951 жылға дейін еңбек етті. оз тұсында ол хирургиялық қызметті ұйымдастыру, мамандар даярлау ісіне, іш қуысының жедел дерттеріне көп көңіл бөлді.

Қазақстан хирургиясының тарихында Г.К. Ткаченко, А.А. Сүлейменов, К. Макажанов сияқты хирург – ғалымдар жарқын із қалдырып кетті.

Бүгінде Республикамыздың әр аймақтарында бірнеше хирургиялық мектептер бар.

Қазіргі кезде Қазақстан хирургиясына академик, Халық Қаһарманы М.Ә. Әлиев басшылық етеді. Ол кісі көп жылдар бойы А.Н. Сызганов атындағы Ғылыми хирургиялық орталыққа жетекшілік етті.

Академик К.С. Ормантаев – отандық балалар хирургиясының мақтанышы.

Академик Ж.А. Досқалиев осы заманғы хирургияның шыңына жеткен шебер оташы ғана емес, есімі әлемге танымал денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы.

Академиктер Н.І. Ізімбергенов, С.В. Лохвицкий Қазақстандағы ірі хирургиялық мектептердің жетекшілері.

Елімізде Қазақстан хирургиясы тарихының жарқын беттеріне әлі де жазылатын хирургиялық клиникалардың талантты жетекшілері баршылық.

Антисептика және асептика

Хирургияның даму тарихын баяндаған алғашқы кіріспе дәрісімізде біз хирургияның ілгері дамуына әсер еткен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бастапқы кезіндегі үш үлкен жаңалықты айтып кеткенбіз.

Соның бірі жарадағы инфекциямен күрес және оның алдын алу, асептика мен антисептиканы хирургиялық тәжірибеге енгізу болатын.

Егер сол уақытта жарадағы іріңдеу процестерін қоздыратын микроорганизмдермен күресудің тәсілдері табылмағанда, хирургияның бүгінгі жетістіктері мүмкін болмаған болар еді. ХІХ ғасырдың ортасына дейін хирургияда инфекция індет сипатында болды. Бұл жөнінде Н.И. Пирогов былай деп жазды: “Операция жасамай-ақ жазылып кеткен жаралыларды көргенде, олар өзінің өмірі үшін тек біздің білместігімізге ғана қарыздар екенін еріксіз мойындаймыз”.

Жаймалар, жейделер мен бөлмелерді дезинфекциялау жайлы қарапайым түсініктер болған жоқ. Хирургиялық аспаптар мен хирургтердің қолдары операция алдында емес, операциядан кейін өңделген. Жара таңғыш ретінде ескі шүберектер пайдаланылған, оларды қайтадан бірнеше жаралыларға пайдалану орын алған. Мұның өзі госпитальдік инфекцияның өршіп, белең алуына әкеп соқтырған.

Бактериологиялық эра басталғанға дейін операция жасалған науқастардың жартысына жуығы пиемия, тілме, жара дифтериясы сияқты дерттерден қаза болды. Жара инфекциясы міндетті түрде болуға тиісті құбылыс деп қарастырылып, әртүрлі жара инфекцияларының ішінде жараның іріңдеуі ең қауіпсізі болып саналған.

Мұндай жағдай ХІХ ғасырдың соңына, хирургияда антисептика мен асептика жайлы ілім тарала бастағанға дейін, сақталып келді.

Бұл ілім тыңнан пайда болған жоқ, оның пайда болуына бірқатар оқиғалар себепкер болды.

Асептика мен антисептиканың пайда болуы мен дамуын 5 кезеңге бөлуге болады:

  1. Эмпириялық кезең
  2. ХІХ ғасырдың Листерге дейінгі антисептикасы
  3. Листердің антисептикасы
  4. Асептиканың пайда болуы
  5. Заманауи асептика мен антисептика

Эмпириялық кезең

Алғашқы «антисептикалық тәсілдер» ерте дүние дәрігерлерінің еңбектерінде сипатталаған.

Мысалы:

  • ежелгі хирургтер жарадағы бөгде денелерді міндетті түрде алып тастау керек деп санаған.
  • Байырғы еврейлер тарихында: Мойсейдің заңдарында жараға қол тигізуге тыйым салынған.
  • Гиппократ қол тазалығын уағыздап, тырнақты қысқа етіп алу керектігін талап еткен; жараны жуу үшін жаңбыр суын, шарапты пайдаланған; таңғыш заттардың таза болуына көңіл аударған.

Дегенмен, хирургтердің, іріңді асқынулардың алдын алуға бағытталған, мақсатты әрекеттері, көп кейін – ХІХ ғасырдың ортасында ғана басталды.

ХІХ ғасырдың Листерге дейінгі антисептикасы

“Антисептика”, яғни шіруге қарсы әдіс деген ұғымды алғаш рет, дәретханаларда қолданылатын минералдық қышқылдардың шіру процестерін болдырмайтын қасиетін байқау негізінде, енгізген ағылшын ғалымы Дж. Прингл (1750ж.). Бірақ, ол кезде инфекциямен күрестің әдістері өте қарапайым болатын.

Дегенмен, ХІХ ғасырдың ортасында, Листердің еңбектері жарыққа шыққанға дейін, бірқатар хирургтер күнделікті жұмысында инфекцияны жоятын тәсілдерді пайдалана бастаған. Бұл кезеңде антисептиканың дамуына И. Земмельвейс пен Н.И. Пироговтың қосқан үлесі зор болды.

Вена қаласында жұмыс жасаған венгр акушер-гинекологы И. Земмельвейс хирург қолының босанушы әйелдерге және жараның жазылуына қауіпті екенін интуиция арқылы болжаған.

Игнец Земмельвейс 1847 жылы босанудан кейінгі қызулаудың (сепсиспен асқынған эндометриттің) себебі студенттер мен дәрігерлердің қынапты тексергенде мәйіт уын жұқтыруында деген болжам жасаған.

Ол антисептикаға басқаларға қарағанда жақынырақ болды: қол, аспаптарды, туу жолдарын дезинфекциялау үшін хлор суын ұдайы пайдаланып отырды.

И. Земмельвейс Дж. Листерден 20 жыл бұрын қарапайым антисептикадан бастады: акушер мен көмекшілеріне қолдарын мұқият хлор суымен жууды ұсынған.

Үй қояндарының қанына босанудан кейінгі қызулаумен ауырған әйелдердің жатырынан алынған бөліндіні еге отырып, И. Земмельвейс бұл секреттерде жұқпалы агент бар екенін және ол аспаптар мен қызметкерлердің лас қолымен бір науқастан екінші науқасқа жұғатынын дәлелдеген.

Қолды босанушы әйелді тексерер алдында хлорлы әкпен жуу өзінің таңқаларлық нәтижесін берді: туудан кейінгі сепсистен өлу жиілігі 18 есеге азайды (18,3 пайыздан 1,3 пайызға).

Өкінішке орай, И. Земмельвейсті қолдаушылар болмады. Ол қуғынға ұшырап, ақыр соңында психиатриялық емханаға жатқызылды. Ұлы ғалым 1865 жылы операция кезіндегі саусақ жарақатынан күбіртке дамып, сепсистен қайтыс болды.

Н.И. Пирогов инфекциямен күресу ісінде тұтас дүниелер жасаған жоқ. Әйтседе, ол антисептика ілімін жасауға мейлінше жақын болды. 1844 жылы Н.И. Пирогов былай деп жазды: “Жарақат пен госпитальдік миазмаларды

мұқият зерттеудің хирургияға жаңа бағыт әкелетін күні де қашық емес” (миазма – гректің ластану деген сөзі). Н.И. Пирогов И. Земмельвейстің еңбектеріне кұрметпен қарап, Листерге дейін, өзі де жекелеген жарақаттарды емдеуге антисептикалық заттарды: азот қышқылды күміс, хлорлы әк, шарап пен камфора спиртін, күкірт қышқылды мырыш, карбол қышқылының ерітіндісін, йод тұнбасын пайдаланып отырған.

И. Земмельвейс, Н.И. Пирогов және басқалардың еңбектері ғылымда төңкеріс жасай алмады. Төңкеріс тек бактериологияға негізделген әдіс арқылы мүмкін болатын. Листер антисептикасының пайда болуына Луи Пастердің ашу мен шіру процестеріндегі микроорганизмдердің ролі жөніндегі жұмыстарының әсері болғаны сөзсіз (1863ж.).

Листер антисептикасы

Пиемиямен күрес ісіндегі нағыз «сең қозғалысы», ашу мен шіру процестерінің себебі, шарап өндірісіндегі шарапқа сырттан түскен микроорганизмдер екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген Луи Пастердің ұлы жаңалығынан (1863ж.) соң басталды. Хирург, я болмаса дәрігер емес Луи Пастер, өзінің жаңалығының хирургтер үшін маңызын дұрыс бағалаған. 1878 жылы Париждің хирургиялық академиясының мүшелері алдында сөйлеген сөзінде ол былай деді: « Егер мен хирург болу құрметіне ие болсам, айналадағы заттар үстіндегі, оның ішінде госпитальдердегі микробтар ұрығының қаупін сезіне отырып, мен тек қана аспаптар тазалығын сақтаумен ғана ғана шектелмеген болар едім; әрбір операция алдында қолымды мұқият жуған соң бір секундтай жалын үстіне ұстап тұрған болар едім; шүберектерді, дәкелер мен губкаларды алдын-ала кұрғақ ауамен 130-150 градусқа дейін қыздырар едім; Суды алдын-ала 110-120 градусқа дейін қайнатып алмай ешқашанда пайдаланбаған болар едім. Осылай еткенде ғана жараға тек науқас төсегінің айналасындағы ауадағы микробтар түскен болар еді. Бұл микробтардың саны айналадағы заттар үстіндегі және ең таза деген ауыз судағы микробтар санынан әлдеқайда аз…».

Кейінірек дүниеге келген хирургиялық асептиканың негізгі принциптерін ғана емес, сонымен қатар оның әдістерін, өзі химик бола тұра, данышпандықпен айтқан Луи Пастердің бұл сөздерінің тереңдігі мен мазмұндылығына тәнті боласың. Ол ауа мен жанасу арқылы жараға түсетін инфекцияның маңызының салыстырмалы екенін дәл айтып, микро- макроорганизмдердің өзара қатынасының хирургиялық инфекция патогенезіндегі ролін, өзінің ізбсарларынан гөрі өте дұрыс, заманауи түрде тұжырымдаған.

Антисептикалық әдісті ашуда бірінші болу құрметі ағылшын хирургі Джозеф Листерге (1829-1912 жж.) бұйырды. Листердің еңбегі оның Пастердің ашқан жаңалығын хирургияға көшіруінде: ол жаралардың

іріңдеуінің себебі сыртқы ортадан түсетін ауру қоздырғыш заттар деп санап, шіру мен іріңдеу процестерінің арасында параллель жүргізді.

Осы қағидаға сүйене отырып, Листер жараларды арнаулы ауа өткізбейтін таңғышпен жабуды, жарада шіру процестерін болдырмау үшін карбол қышқылының ерітіндісімен жууды ұсынды. Карбол қышқылын таңдау кездейсоқ болған жоқ, өйткені ол сол кезде жуынды құятын шұңқырларды өңдеу үшін қолданылатын деготьтің құрамына кіретін. Осыған дейін, бірнеше жыл бұрын (1860), париж аптекарі Лемер карбол қышқылының дезинфекциялық әсері барын анықтаған. Карбол қышқылын ашық сынықтарға пайдаланып Листер тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Екі жылға созылған зерттеулерден соң жаралардың іріңді асқынуларының алдын-алудың жүйесін жасап, 1867 жылы «Сынықтар мен іріңдіктерді емдеудің жаңа әдісі және іріңдеудің себептері жөнінде бірсыпыра ескертпелер» атты еңбегін жарыққа шығарды.

Дж. Листер микроорганизмдер жараға ауадан және хирургтің қолынан түседі деген қорытындыға келді. Сондықтан, инфекцияның алдын – алудың мәтіні ауадағы және контактілік инфекциямен күресте – ауадағы, хирургтің қолындағы, аспаптардағы бактерияларды карбол қышқылымен өңдеу арқылы жоюда деген тұжырым жасады.

Осылайша, Дж. Листер карбол қышқылының қасиеттерін пайдаланып қана қоймай, инфекциямен күрестің тұтас тәсілін ұсынды:

  • операция бөлмесінде карбол қышқылын ауаға шашу;
  • аспаптар, тігіс, байлап-таңу материалдарды, сонымен қатар, хирургтердің қолын карбол қышқылының 2-3 проценттік ерітіндісімен өңдеу;
  • аталған ерітіндімен операция алаңын өңдеу;
  • арнаулы таңғышты пайдалану: жараға әуелі карбол қышқылы сіңірілген жібек таңғыш салынады, оның үстіне канифоль қоспасы бар аталған ерітінді сіңірілген 8 қабат дәке, сонан соң резеңкеленген мата немесе клеенка жауып карбол қышқылы сіңірілген дәкелермен бекітеді.

Листер әдісінің кеңінен қолданылуы іріңді асқынулардың санын азайтумен қатар, оның кемшіліктерінің де бетін ашты.

Карбол қышқылын пайланаған кезде, оң өзгерістер мен қатар оның, организмнің жалпы улануы, жара маңындағы тіндердің күюі, бүйректің зақымдануы, хирург қолының тері аурулары (дерматит, экзема) сияқты кері әсерлері де анықталды. Карбол қышқылының антимикробтық әсері неғүрлым көп болған сайын, организмге улы әсері де соғүрлым көп болды.

Листердің әдісі сол заманның ірі хирургтері тарапынан қолдау тапты. Листер әдісін Ресейге тарату ісіне Н.И. Пирогов, П.П. Пелехин, И.И. Бурцев көп үлес қосты.

Листер антисептикасының жақтастарымен қатар, бітіспес қарсыластарының болғанын атап өтуге тиіспіз.

Белгілі хирург Теодор Бильрот антисептикалық әдісті «листерлеу» деп кекесінмен атаған. Әйтсе де кейінірек, улылығы аз химиялық антисептиктер пайда болған кезде былай деді: «Енді, бұрын хирургияның атақты профессорлары жете бермейтін жақсы нәтижеге, ұяты таза, қолы таза тәжірибесі аз хирург жетеді».

Карбол қышқылының улы екенін Листердің өзі де мойындаған. 1876 жылы ол «Антисептикалық зат улы зат болғандықтан, тіндерге зиянды әсер етеді» деп жазды.

Асептиканың пайда болуы

Л. Пастер мен Р. Кохтың еңбектері және микробиологияның жетістіктері хирургиялық инфекцияның алдын – алу ісіне негіз болған, бірқатар жаңа принциптерді алға тартты.

Оның ішінде ең бастысы – хирургтің қолы және жарамен жанасатын денелердің бактериялық ластануын болдырмау болды. Осылайша, хирургияға хирургтің қолын өңдеу, аспаптар мен таңғыш материалдарды залалсыздандыру кірді.

Біртіндеп Листердің әдісіне, оның түрлеріне деген қызығушылық жойылып, 25 жыл өткенде оның орнына, мәтіні жарамен жанасатын барлық денелерді залалсыздандыру болып табылатын, асептикалық әдіс келді.

Асептиканың негізін қалаушы Пастердің оқушысы – алғашқы уақытта Дерпт, кейін Берлин университетінің профессоры болып қызмет істеген Эрнст Бергман мен оның оқушысы К. Шиммельбуш болды. Соңғысының есімімен осы күнге дейін қолданылатын стерилизация жасауға арналған қорап – бикс аталады.

Э. Бергман 1890 жылы Берлинде өткен хирургтердің Х конгресінде жара инфекциясымен күрестін жаңа әдісі жөнінде баяндама жасап, асептикалық жағдайда операция жасалған науқастарды көрсетті.

Конгреске төрағалық еткен Дж. Листер Э. Бергманды табысымен құттықтап, асептикалық әдісті хирургияның тамаша жеңісі деп атаған.

Ұсынылған асептикалық әдістің негізіне, жарамен жанасатын барлық денелердегі микробтық флораны жоғары қызумен әсер ету арқылы жою принципі салынған (қайнату, ыстық булау). 1892 жылдан бастап асептика әдісі әлемнің барлық клиникаларында қолданыла бастады; Осы тәжірибенің нәтижелері айқын болғаны соншалық, антисептиканы (организмдегі инфекциямен күресуді) хирургиялық практикадан толық аластау керек деген ұрандар пайда бола бастады.

Заманауи асептика мен антисептика

Әйтседе, хирургияда антисептикалық заттарсыз жұмыс істеу мүмкін болмады: асептиканың негізгі әдісі болып саналатын жоғары температура тірі тіндерді, іріңдеген жараларды емдеуге пайдалануға жарақсыз болды. Хирургтің қолын, операция алаңын өңдеу мен іріңді қуыстарды тазарту

бактерияға қарсы препараттарсыз мүмкін болмады және уақыт өткен сайын улы әсері өте аз антисептикалық заттар пайда болып, антисептиканың әдістер тіке химиялық жолмен ғана емес физикалық әдістермен де толықтырылды (лазер, ультрадыбыс және т.б).

Қазіргі кезеңде асептика мен антисептикада залалсыздандырудың термиялық, ультрадыбыстық әдістері, рентген мен ультракүлгін сәулелер, әртүрлі химиялық антисептиктер, антибиотиктердің бірнеше ұрпақтары және т.б. көптеген инфекциямен күрес әдістері кеңінен қолданылуда.

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Хиругиялық инфекция, асептика және антисептика
  2. Хирургиядағы жаңа технологиялар
  3. Хирургиялық операция

 

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!