Цистоюностомия және цистогастростомия әдістері
Ұйқы безінің кисталарының емі тек хирургиялық болып табылады.
Радикальды операция –ұйқы безінің зақымдалған бөлігінің резекциясын тек ұйқы безінің құйрығында орналасқан кіші кисталарда ғана жасауға болады. Қабырғасы көрші мүшелерден түзілген жалған кисталарда бұндай операция жасау мүмкін емес. Сондықтан псевдокисталарда әртүрді дренаждаушы операциялар қолданылды.
Ішкі дренаждаушы операциялар қабырғасы қалыптасқан жетілген бір камералы псевдокисталарда және негізгі панкреатикалық өзектің кистозды кеңеюінде қолданылады.
Ішкі дренаждаушы операцияларға қарсы көрсеткіштер:
- Киста капсуласы толық қалыптаспаса
- Киста құрамының іріңдеуі
Ішкі дренаждаушы операциялар түрі кистаның орналасқан орнына байланысты таңдалынады:
- Цистодуоденостомия – ұйқы безінің басында орналасқан кисталарда
- Цистогастростомия – ұйқы безінің құйрығында орналасқан кисталарда
- Цистоеюностомия – ұйқы безінің басында және денесінде орналасқан ірі кисталарда
Цистогастростомия – ұйқы безіндегі патологиялық киста мен асқазан қуысы арасында ішкі жыланкөз салу. Ол негізінен ұйқы безінің құйрығында орналасқан кисталарда және кистаның алдыңғы қабырғасы мен асқазанның артқы қабырғасының арасында бітісу болған кезде қолданылады.
Цистогастростомия Jurasz бойынша (1931). Құрсақ қуысына жоғарғы ортаңғы лапоротомия арқылы енді. Асқазанның алдыңғы қабырғасында оның бойлық осіне параллельді, үлкен және кіші иірімінің ортасына 10см тілік жасалады. Асқазан құрамы сорып алынады.
Асқазандағы жара шеті кеңейтіліп, оның артқы қабырғасын ашамыз. Жуан инемен асқазанның артқы қабырғасы арқылы киста қуысына пункция жасалады. Егер ине киста қуысына дұрыс түссе сору кезінде мөлдір сұйықтық немесе детриттері бар қоңырқай түсті сұйықтық алынады.
Киста қуысына енгеніне көз жеткізгеннен кейін ине арқылы жасалған тесік арқылы троакар енгізіліп, құрамы толығымен сорылып алынады.
Ине енгізілген тесік бойымен асқазанның артқы қабырғасына 4-5 см тілік жасалады, ол кистаның алдыңғы қабырғасымен бітісіп жатқандықтан кистаның алдыңғы қабырғасы да кесіліп, қуысы ашылады. Қуысқа саусақты енгізіп қуыс ішін, киста мен асқазан қабырғасының бітісу деңгейі анықталады. Егер асқазан мен киста қабырғасы арасында айқын бітісу болса, асқазанның алдыңғы қабырғасына екі қатар тігіс салынады.
Егер асқазан мен киста қабырғалары арасындағы бітісу жеткілікті дәрежеде болмаса, асқазан құрамы мен ұйқы безінің сөлінің құрсақ қуысына ағу қаупі болады. Сондықтан мұндай жағдайда асқазанның артқы қабырғасы мен кистаның алдыңғы қабырғасы арасына тігіс салынады. Асқазанның алдыңғы қабырғасы жабылады.
Трансвентрикулярлы цистогастростомиядан кейін бірнеше күн бойы асқазан дуоденальды зонд арқылы босатылып отырады. Науқас парентеральды ем қабылдайды.
Киста құрамының асқазанға еркін өтуіне дұрыс жол салынса, құрсақ ішілік қысымның әсерінен киста қабырғасы қысылып, көлемі кішірейеді. Уақыт өте келе дәнекер тінді капсуласы бүрісіп, қуыс грануляциялық тінге толады. Сондықтан асқазан құрамы ұйқы безіндегі киста қуысына қарай өтпейді.
Цистоэюностомия
Құрсақ қуысы қабатпен ашылады.
Кистаның орналасқан орнына байланысты ұйқы безіне баратын жол анықталынады:
Ұйқы безінің басында орналасқан төмен қарай таралған кистада көлденең тоқ ішектің шажырқайын кесу арқылы кистаның ең төменгі бөлігіне анастомоз салуға болады. Бұл кистаның құрамының жіңішке ішекке түсуіне жақсы жағдай жасайды. Көлденең тоқ ішектің шажырқай қан тамырсыз бөлігінде кесіледі.
Ұйқы безінің кисталарының орналасуы
- асқазан-тоқ ішек байламына қарай таралған псевдокиста;
- бауыр асқазан байламына қарай таралған псевдокиста;
- көлденең тоқ ішектің шажырқайының екі жапырақшасының арасына қарай таралған псевдокиста;
- көлденең тоқ ішектің шажырқайының астына қарай таралған псевдокиста;
Ұйқы безіне жету жолдары.
Асқазан–тоқ ішек байламын кесу арқылы: киста жоғары қарай бағытталып орналасқанда немесе ұйқы безінің басында орналасқан кіші кисталарда қолданылады.
- Киста айналасындағы тіндерден төлініп алынады.
- Анастомоз салынатын жерді анықтағаннан кейін кистаны троакармен пункциялайды және құрамын сорып алады.
- Цистоеюноанастомозды көлденең тоқ ішектің алдынан немесе артынан салуға болады.
Hente бойынша цистоэюноанастомоз (1927).
Бұл әдісте кистаның алдыңғы қабырғасына жіңішке ішек ілмегі әкелінеді және серозды- бұлшықетті тігіс арқылы киста қабырғасына бекітіледі. Ішек пен киста қуысы 4—6 см бойында кесіледі. Алдымен артқы қабырғасына, содан кейін алдыңғы қабырғасына барлық қабаты бойына үздіксіз тігіс салынады. Алдыңғы қабырғасына екінші қатар серозды-бұлшықетті тігіс салынады. Ішек құрамының киста қуысына түсуының алдын алу үшін әкелгіш және әкеткіш ілмек арасына ішек аралық Braun анастомозы салынады.
Duncombe (1939) бұл тәсілдің басқа модификациясын ұсынды. Ол киста мен Ру бойынша У тәрізді бөлектенілген ішек ілмегі арқылы цистоеюноанастомоз салды.
Duncombe (1939) бойынша цистоеюноанстомоз. Ру бойынша бөлектенген жіңішке ішек ілмегінің дистальды бөлігінің ұшы екі қатар тігіспен жабылады және кистаның алдыңғы қабырғасымен бүйір-бүйіріне анастомоз салынады. Цистоеюноанастомоздан 50-60 см қашықтықта соңы-бүйіріне еюноеюнальды анастомоз салынады.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз: