Тіршіліктің құрылымдық деңгейлері

Тіршілік деңгейлері

Тіршіліктің құрылым деңгейлері. Тіршіліктің мынадай құрылым деңгейлерін ажыратады: модекулалық, жасушалық, организмдік, популяциялық – түрлік,биогеоценоздық және биосфералық деңгейлер.

Молекулалық деңгей. Тіршіліктің бұл алғашқы құрылым деңгейі жасушада болатын нуклеин қышқылдары, көмірсулар, майлар және стероид молекулаларымен сипатталады. Осы аталған қосылыстардың қатынасымен жасушада аса маңызды тіршілік процестері жүріп жатады. Ол процесстер тұқым қуалау ақпаратының кодталуымен жүзеге асырылуы, тыныс алу, зат жэне энергия алмасу, өзгергіштік т.б. Зат алмасудың механизмдері бұл деңгейде барлық организмдер үшін біркелкі болады. Мысалы, нуклеин қышқылдарының, аминқышқылдарының, ақуыздың биосинтезі, май қышқылдарының тотығуы, гликолиз және басқа да реакциялар біркелкі схема бойынша жүреді.Сонымен қатар молекулалық деңгейде күн сәулесінің энергиясы химиялық энергияға ауысып көмірсулар, майларда қорға жинақталады және осы энергияның есебінен АТФ синтезделеді.

Тіршілік деңгейлері
Тіршілік деңгейлері

Жасушалық деңгей. Жер бетіндегі барлық тірі организмдердің құрылымдық – функционалдық бірлігі және дамуының бастамасы – жасуша. Бұл деңгейде жасушалардың жіктелуі, арнайы қызмет атқаруы, тұқым қуалау ақпаратының ұрпақтарға берілуі, зат және энергияның алмасуы жүреді. Сондықтан жасушаның биологиясын, оның сыртқы орта жағдайларымен өзара әрекеттесу заңдылықтарын зерттеп білмейінше тіршілікті түсіну мүмкін емес.

Организмдік деңгей. Бұл деңгейдің элементарлық бірлігі – жеке особь. Мұнда особьтың зиготалық кезеңінен бастап тіршілігін жоюына дейінгі аралықта өтетін даму заңдылықтары қарастырылады. Даму барысында тұқым қуалау ақпаратының жүзеге асырылуы нәтижесінде оның тіршілігін қамтамасыз ететін түрліше қызмет атқаруға бағытталған ұлпалар мен мүшелер қалыптасады.

ІІопуляциялық-түрлік деңгей. Бір түрге жататын особьтар жалпы бір аумақтың жеке учаскелерін ұзақ уақыт оқшаулана мекен етіп көптеген популяциялар құрайды.Бұл деңгейде популяция особьтары элементарлық эволюциялық факторлардың әрекетіне байланысты өзгерістерге ұшырап, адаптивтік жаңа формалар қалыптасады.Қазіргі кезде жер бетін мекендейтін 500 мыңға жуық өсімдік түрлері белгілі. Түр-тірі организмдерді классификациялаудың бірлігі.

Биогеоценоздық деңгей. Тіршілік ету жағдайлары біршама ұқсас болып келетін белгілі бір аумақты мекендейтін әр түрдің популяциялары өлі табиғат факторларымен тығыз байланыса отырып биогеоценозды немесе экосистеманы құрайды. Экосистемадағы әр түрлі жүйелік топтарға жататын организмдер бірлесіп тарихи дамуы барысында өзін-өзі реттей алатын салыстырмалы тұрақты бірлестіктерді қалыптастырады. Кез келген экосистема мынадай негізгі компоненттерден тұрады: продуценттер, консументтер, редуценттер. Осы аталғандардың өзара әрекеттесуіне сай экосистеманың негізгі қасиеті оның өздігінен реттеліп, тұрақтануы қамтамасыз етіледі.

Биосфералық деңгей. Барлық биогеоценоздар жиынтығы, жер бетіндегі ең жоғарғы жүйе биосфера болып табылады. Бұл деңгейде барлық тірі организмдердің тіршілік әрекеттерімен байланысты биосфералық зат және энергия айналымы жүреді. Тіршіліктің осы аталған құрылым деңгейлерінің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі,заңдылықтары, зерттеу әдістері бар. Осыған байланысты тіршіліктің әр құрылым деңгейінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы ғылым салалары қалыптасқан.Тіршілік осы аталған бірнеше құрылым деңгейлерге бөлінгенімен олар өзара байланысты және бірінен-бірі туындайды, ал мұның өзі тірі табиғаттың біртұтастығын көрсетеді.

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!