Нәрестелердің некротикалық флегмонасы
Некрозды флегмона – терi астындағы майдың некроз түрiндегi шiрiген қабынуы. Ол көбiнесе құйымшақ тұсында, арқада, мойында жиi кездеседi. Ауру баланың терiсiнiң кiшкене iсiнiп, қызғылт түстес (бiрақ шекарасы айқын емес) түске боялып көрiнуiмен басталады. Алғашында кiшкене инфильтрат, бара-бара (5-6 сағаттың iшiнде) екi-үш есе ұлғаяды. Терiнiң түсi оның ортасында қою қызыл болғанымен, шет жағында қатты iсiнiп, бiлiнбейдi. Терiнi саусақпен басып қысып-жиыруға мүмкiндiк сақталады. Бала мазасызданып, қызуы көтерiліп, емшек емуден бас тартады. Қанда анемия үрдісi байқалады.
Емдеу, тек ауруханаға жатқызылып жүргiзiлуi тиiс. Аурудың алғашқы фазасында – жылдамдатып операция жасалуы керек. Ол үшiн 1/4% новокаин дәрiсiмен қабынған ауданның шетiнен, қатты инфильтрат жасамай, терiні жансыздандырады (А.В.Вишневскийдiң қысқа блокада тәсiлi). Негізі операцияны жалпы наркоз қолданып жүргізген жөн.
Егер қабыну ауданы тым үлкен болса, жалпы наркоз берiлуi керек. Қабынған ауданның терiсiне шахмат клеткасы сияқты тiлу жарасы салынады. Жараның ұзындығы 1,5-2,0 см, тереңдiгi терi қабаттарын түгелдей қамтиды, бiр-бiрiнен ара қашықтығы 1,5-2,0 см аралығында болады. Тiлу жарасы, қабынған ауданнан ары сау терiні де қамтуы керек. Жараларды кеңейтiп, оған резинадан дренаж қоюдың қажетi жоқ, ол терi некрозын одан әрi үдетуi мүмкiн. Жараға гипертониялық сұйықтар қойылып (10% натрий хлоридi, 25% күкiрт қышқыл магнезия) 6-8 сағатқа байланады. 6-8 сағаттан кейiн жараны қайта ашып, үрдіс барысын (жайылып бара ма жоқ па) анықтайды. Қажет болса терiнi тағы тiледi де, гипертониялық ерiтiндiлер қойып, қайта байлайды. Алғашқы күндерi жараны 3-4 рет қайта таңу қажет. Тiлу операциясынан кейiн балаға қан, плазма құйылады, антибиотиктер егiледi, витаминдер, сенсибилизацияға қарсы дәрiлер берiледi. Магистральдық веналарға түтiкшелер қойылып, қанға уыттануға (интоксикацияға) қарсы сұйықтар енгiзiлiп, қарқынды түрде ем жүргiзiледi. Баланың емшек емуге шамасы келмесе, 3-4 күн зондпен тамақтандырады. Қанға ақуызды заттарды, глюкоза ерiтiндiсiн құяды. Гамма-глобулиндер, стафилококке қарсы анатоксиндер пайдаланылады. Жараға, таңу кезiнде 2-ші күннен бастап УФО және ванна (бұлау) жасалынады. Жарадағы экссудация үрдісi тоқтаған кезде оны анилин бояуларымен немесе марганцовкамен бояп тастайды.
Егер науқас терiсiнде некроз болғаннан кейiн ауруханаға жеткізілсе, жараны некроздан тазалап, плацентамен немесе өзiнен бөлiнiп алынған терiмен жамайды.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Некроз және апоптоз
- Жедел эпидермальды некролиз, Лайелл және Стивенс Джонс синдромы
- Балалардағы іріңіді хирургиялық инфекциялардың ерекшелігі
- Ойылу (пролежень) алдын алу
- Қол ұшы флегмонасы